Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында он күннен бері мыңдаған адам алаңда тұр. Олар халықтың тіршілігіне кері әсер еткен жемқорлыққа қарсылық білдіріп шыққан. Бірақ жұртты көшеге шығарған жалғыз бұл мәселе емес. Азаттық қазір Моңғолияда не болып жатқанын сұрап, Jargaldefacto онлайн басылымының негізін қалаған жергілікті журналист Жарғалсайхан Дамбадаржаамен сөйлесті.
"НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕПТЕРІНІҢ БІРІ – ИНФЛЯЦИЯ"
Азаттық: Наразылық неден басталды? Ақпарат құралдары оған "көмір экспортына байланысты жемқорлық дауы себеп болды" деп жазып жатыр. Расымен солай ма?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Көмір ғана емес. Саясаткерлер мен олардың айналасындағы адамдар кен орындарының көбін иеленіп алып, Ұланбатырдың іргесіндегі жерді үлестірген. Көп ресурс биліктегілердің қолына өтіп кетті. Шыңғыс-бондтарға (халықаралық облигациялар) қатысты алаяқ схема көп болды. Бұл туралы бірнеше рет жаздым. Осылардың салдарынан Моңғолия даму банкінен алынған несиенің жартысы қайтарылған жоқ.
Осыған дейін билікте болған төрт президент судьяларды өз адамдары арасынан таңдап, сот жүйесінің түбіне жетті (Моңғолияда судьяны парламент тағайындайды, бірақ кей адамдарды президент те ұсына алады. – ред.).
Халық әділдік пен теңдік көрмеді. Жылдар бойы ашу-ыза қордалана берді. Covid-тен кейінгі қымбатшылық, төгрөг (моңғол ақшасы – ред.) бағамының әлсіреуі, жемқорлық дауы мыңдаған адамның (елде барлығы 3,4 миллион адам тұрады – ред.) көшеге шығуына ықпал етті.
Азаттық: Неге көмір саудасына қатысты дау халықтың шамына тиді?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Өйткені ішкі өнімнің 25 пайызы, экспорттық кірістің 40 пайызы көмірден түседі. Қалған 40 пайызы – мыс концентраты. Бәрі Қытайға сатылады. Барлық салада билікке етене жақын адамдар отыр. Олар бюджетті жұлмалап, салық төлемейді.
Ұлы хуралда (Моңғолия парламенті – ред.) 76 депутат бар. Олардың жартысы жемқорлық схемаларына, оның ішінде көмір ұрлауға қатысқан сияқты. Ресми статистикада Қытаймен шекарадағы 20-30 мың жүк көлігі бос тұрған деп көрсетілген. Бірақ оларда көмір болған.
Мұндай қылмысты жалғыз адам жасай алмайды. Бұл жерде тұтас бір жүйе жұмыс істеген. Қазір Қытай мен Моңғолияның статистика деректерін салыстырып жатыр: неше тонна көмір жөнелтіп, қаншасын қабылдап алғанын білсек, жымқырылған шикізат көлемі белгілі болады.
Азаттық: Кейінгі бір жылда Моңғолияда өмір сүру деңгейі қаншалық төмендеді?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Қазір бір доллар 3500 төгрөг тұрады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 16 пайыз жоғары. Инфляция – 15 пайыз. Орташа жалақы мөлшері қазіргі бағам бойынша 250 долларға дейін түсіп кетті. Моңғолияда өндірілетін және импорт тауарлар 15 пайыз қымбаттаған. Жаппай наразылықтың негізгі себептерінің бірі – инфляция соққысы.
Азаттық: Жемқорлық фактісін кім анықтады?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Журналистер, қоғам белсенділері бұл мәселені бірнеше рет көтерген. Жаңа үкімет осы тақырыпта зерттеу жүргізе бастады. Қазір күдіктілер тізіміне ілінгендер халықтың наразылығын пайдаланып, сүттен ақ, судан таза болып шығуға тырысып жатыр. Олар демонстранттар күшімен өзіне қарсы қылмыстық іс ашқан үкіметті орнынан тайдырғысы келеді.
Сонда олардың орнына өз адамын қойып, қара басын байыту механизмін жалғастыра береді.
Азаттық: Моңғолия парламентіндегі депутаттар тобы басшысы Одон Цогтгерел "Эрдэнэс Тауан-Толғой" АҚ (наразы жұрт осы көмір компаниясының басшыларын бюджет қаржысын жымқырды деп айыптаған – ред.) қаржы бөлімі басшысының бай болғаны соншалық, Қазақстанда тұтас бір квартал салғанын айтты. Бұл туралы не білесіз?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Бұл жерде Нұрлат Қожарберген туралы сөз болып отыр. Ол – көмір компаниясы басшысының қауіп-қатерді басқару жөніндегі орынбасары (жергілікті ақпарат құралдары оның тергеуге алынғанын жазып жатыр – ред.). Нұрлат – моңғолиялық қазақ. Қазақстандық олигархпен бірге атауы Garden дегенге ұқсайтын тұрғын үй кешенін салған деген ақпарат бар. Бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталған, қазір екіншісі салынып жатыр. Бірақ бұл әлі дәлелденген жоқ. Бұл туралы Қазақстан елшісімен (Ғабит Қойшыбаев – ред.) сөйлестім, ол депутаттың сөзін жоққа шығарды.
"ШЕНЕУНІКТЕР КҮН САЙЫН НАРАЗЫЛАРДЫҢ АЛДЫНА ШЫҒЫП, ЕСЕП БЕРЕДІ"
Азаттық: "Демонстранттар президент әкімшілігі ғимаратын басып алмақ болды, бірақ кейін аяқ астынан тарап кетті" деп айтылды. Не болғанын білесіз бе?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Наразылардың алдына премьер-министр мен министрлер шықты. Олар халықпен сөйлесіп, жұмыс тобын құрды. Оған наразылар арасынан адамдарды, қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосты. Сондықтан бірнәрсені сындырып, қиратудың мәні қалмады.
Халық алаңда әлі тұр. Бұрынғыдай он мың адам емес. Күндіз үш мыңға жуық адам келеді, кешке наразылар саны бес мыңға жетеді. Мыңдаған адам алаңға қонып жүр. Он күн ішінде билік көп іс атқарды, 10 жоғары шенді шенеунік пен кәсіпорын басшысы ұсталды. Жемқорлық нысанына айналған кәсіпорындарды жан-жақты тексеріп жатыр. Шенеуніктер күн сайын наразылардың алдына шығып, есеп береді, соңғы жаңалықтарды хабарлап тұрады. Яғни, мықты процесс жүріп жатыр.
Азаттық: Моңғолдар елдегі мәселелерді шешу үшін наразылыққа жиі шыға ма?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Бұрыннан тек осылай шешеміз. Сухэ батыр (Моңғолия астанасындағы Шыңғысхан алаңы деген атпен белгілі негізгі алаң – ред.) алаңына шығамыз.
Халық жиналып, ұрандатып, тарап кетеді. Күні бойы тұрады, кейде наразылық екінші күні де жалғасады. Бірақ он күнге дейін тұру көптен бері болмаған еді. Халықтың шыдамы таусылды. Алда талай қызық оқиға, ірі әшкерелеу болады деп ойлаймын. Бәрі Конституцияны өзгертумен аяқталуы мүмкін. Парламенттің шешім қабылдаудағы рөлін күшейткіміз келеді.
Азаттық: Алаңда тұрған наразыларды сипаттап беріңізші.
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Алаңда тұрғандардың жартысынан көбі – отызға толмаған жастар. Олар жалақысы жақсы жұмыс таба алмайды. Көбі Оңтүстік Кореяға барып, қара жұмыс істеп, Моңғолияда алатын жалақысынан екі-үш есе көп табыс табады.
Азаттық: Видеодан алаңда жүргендер арасында әйел көп екенін байқадым. Моңғол әйелдерінің еркіндігі мен белсенділігі туралы не айтасыз?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Наразылардың 30 пайызы – әйелдер. Моңғол әйелдері еркін, тіпті шектен тыс еркін сияқты (күлді). Барлық жерде бізді әйелдер басқарып жүреді.
"ӘР АЗАМАТ ОЙЫН АШЫҚ АЙТУҒА ҚҰҚЫЛЫ"
Азаттық: Моңғолияда наразылыққа қатысқан адамдарды жауапқа тарта ма? Жұмыстан шығармай ма?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Ол заңсыздық болар еді. Жұмысқа шықпай қойса, қызметінен босатуы мүмкін. Ал жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін наразылыққа барса, оған шектеу қоюға ешкімнің хақы жоқ. Ондай шектеу қолданғанға қылмыстық жаза қарастырылған. Заңда "Әр азамат өз ойын айтуға және қалаған формада пікір білдіруге құқылы" деп жазылған. Қоғамдық тәртіпті бұзған, бірнәрсені қиратып, бүлік шығарған адамдар жауапқа тартылады.
Азаттық: Моңғолияда мемлекеттік телеарна жоғын білемін. Елде ақпарат тарату жүйесі қалай жұмыс істейді?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Ұланбатырдың өзінде 60-қа жуық арна бар. Өңірлерде одан да көп. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде белсенділік жоғары. Сөз бостандығына қатысты мәселе жоқ.
Бірақ медиаресурстардың көбі билікте отырған адамдарға, депутаттарға тиесілі. Сондықтан олар қожайынның көзқарасын насихаттайды. Халық қай арнаның кімге тиесілі екенін жақсы біледі, сондықтан алған ақпаратын қоғамдық сүзгіден өткізеді. Мен сияқты бірде бір саяси партияға кірмеген адам көп.
Заң бойынша, мемлекет ақпарат құралын аша алмайды. Қоғамдық телевидениенің директорлар кеңесіне кіруі мүмкін, бірақ ол шешуші дауысқа ие болмайды. Кеше телеарнадағы дебатқа қатыстым. Алаңда тұрған халықтың атынан, қоғамдық ұйымдардан, биліктен адамдар келді. Қызу талқылау болды. Билікпен диалог көшеде басталып, ақпарат құралдарында жалғасып жатыр.
Азаттык: Моңғолияның қазіргі президенті Ухнаагийн Хурэлсух (2021 жылы президент сайлауында жеңіске жетті) орнында қала ма? Халық оның отставкаға кетуін талап етіп жатқан жоқ па?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Халық президенттің отставкаға кетуін талап етсе, бұл қазір тергеуге алынған адамдарға пайдалы болады. Біз керісінше, қазіргі үкіметті жақсырақ жұмыс істеуге итермелегіміз келеді. Халықтың талабын орындасын!
"ҚАЗАҚСТАНМЕН ЖАҚЫН БОЛҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ"
Азаттық: Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Моңғолияға ресейлік босқындар ағылды. Көбіне буряттар барды. Олар жергілікті қоғамға бейімделіп кете алды ма?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Олардың барлығы дерлік Моңғолия арқылы басқа елдерге кетіп қалды. Негізгі мәселе – тіл. Моңғолияда ешкім орысша сөйлемейді. Не моңғол, не ағылшын тілін білуің керек. Мен және өзім қатарлы бірнеше адам ғана орысша сөйлейміз (Жарғалсайхан Совет одағы тұсында Мәскеуде оқыған – ред.). Кейінгі кездері "Апта шолуын" ағылшын тілінде жүргіземін. Ресейдің Украинадағы басқыншылығы бізге қатты әсер етті. Әзірге 100 пайыз Ресей жанармайына тәуелді болып отырмыз. Билік Моңғолияда мұнай өндейтін зауыт салуға тырысып жатыр.
Азаттық: Қазақстан халқы Моңғолия туралы аз біледі. Ақпарат кеңістігіміз бөлек. Неге деп ойлайсыз?
Жарғалсайхан Дамбадаржаа: Біріншіден, тіл жағынан қиындық бар, екіншіден, арамызды Ресейдің 60 километр жері бөліп жатыр. Негізі Қазақстанмен жақын болғымыз келеді.
ПІКІРЛЕР