ПРОКУРОРДЫҢ СҰРАҒАНЫНА ЖАҚЫН ЖАЗА
10 сәуірде Алматыдағы Бостандық ауданының №2 соты тіркелмеген "Демократиялық партияның" лидері Жанболат Мамайға үкім шығарды. Онлайн режимде өткен сот отырысында судья Елена Кван 34 жастағы Жанболат Мамайды жалған ақпарат тарату, билік өкілін қорлау және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру қылмыстарына айыпты деп танып, бұған дейін прокурор сұраған мерзімнен алты ай кем жаза кесті.
2022 жылғы 12 наурыздан бастап тергеу абақтысында қамауда отырған Мамай былтыр 2 қарашада үйқамаққа ауыстырылған. Судья оның үйқамақта өткізген екі күні бір күн жаза мерзіміне, ал тергеу абақтысында отырған әр күні бір жарым күн жаза мерзіміне есептелетінін айтты. Сот Мамайға жаза мерзімі біткенше тиісті мемлекеттік органның бақылауында болатынын, оның келісімінсіз тұрғылықты жерін ауыстыруға және өзі тұратын елді мекеннен тыс жерге шығуға болмайтынын ескертті.
Алты жыл шартты түрде бостандығынан айыру жазасына қоса сот Мамайға сонша мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына, әлеуметтік желіні пайдаланып хабар таратуына тыйым салды. Бұған қоса, сот шығынын өтеуге міндеттеді.
Судья Кван іс бойынша шығарған ұйғарымын оқып болғаннан кейін Мамай үкімге толық келіспейтінін мәлімдеді.
– Кінәсіз екеніме бұлтартпайтын дәлелдер ұсындық деп есептеймін. Жаппай тәртіпсіздікке шақырмағанымды сотта сөйлеген ондаған куә толық растады. Бірақ соған қарамастан, осындай үкім еттіңіз. Толығымен саяси астары бар үкім деп санаймын. Әрине, келіспеймін, – деді Мамай.
Судья оған "үкімге келіспесеңіз, 15 күннің ішінде шағым бере аласыз" деп жауап қатты. "Әрине, шағымданамыз" деді сотталушы.
– Жанболатқа кескен жазаның өзі оған тағылған айыптардың саяси астарын анық көрсетіп отыр. Алты жыл шартты жазамен қатар алты жыл журналистік, саяси және тіпті әлеуметтік желіде парақша жүргізуге тыйым салып отырғандағы биліктің ойлағаны Жанболатты түрмеге қайтарудан немесе басқаша шартты жазалаудан бұрын оны саяси тұрғыдан жан-жақты шектеу болған, – деді белсендінің әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Инга Иманбай Азаттыққа.
БІР РЕТ АЛЫНЫП, ҚАЙТА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП
Авторитар билікті сынаумен танылған саяси белсенді Жанболат Мамай кейінгі бірнеше жыл бойы "Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркеуге тырысқанын, бірақ билік кедергі келтіргенін айтқан. Билік Мамайды былтыр 25 ақпанда қамауға алды: бастапқыда Алматыда Тәуелсіздік монументі алдында өткен Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамады. Кейін оны "билік өкілін қорлау" және "жалған ақпарат тарату" баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына ауыстырды. Бірнеше айдан соң Мамайға "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылды. Мамай сол кезде "билік мені 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп айыптамақшы" деген. Мыңнан астам адам жиналған ол митингіні қаңтардың 5-іне қараған түні полиция күштеп таратқан еді. Мамай тәртіпсіздікке қатыспағанын мәлімдеп, өзіне тағылған айыптарды саяси қудалау деп атаған.
2022 жылы қаңтардың басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауына тұрғындардың қарсылығы елдің өзге аймақтарына да тарап, жаппай наразылыққа ұласқан. Әлеуметтік мәселелермен бірге саяси талаптар да көтерілген бейбіт шеру дүрбелеңге айналып, ондаған мемлекеттік және жекеменшік нысан бүлініп, қиратылған. Қазақстан президенті елге "қарулы террористер" шабуыл жасағанын мәлімдеп, күш құрылымдарының ескертусіз оқ атуына бұйрық берді. Елде азаматтар жаппай ұсталып, қамалды. Кейін тұтқында азапталғанын айтқан 100-ден астам адам билік орындарына жүгінді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам мерт болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Республика алаңындағы қырғын. Билік Қанды қаңтар құрбандарының ісін құпия қылдыБылтыр қазанда Мамайдың әйелі Инга Иманбай Еуропарламенттегі сөзінен бір күн бұрын күйеуіне тағылған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабымен алмастырылғанын хабарлаған. Иманбай күйеуіне тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп есептейді. Ізінше Мамай сегіз ай отырған тергеу изоляторынан үйқамаққа шығарылды.
Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House сынды халықаралық адам құқын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
Жанболат Мамайдың ісі бойынша сот былтыр 7 қарашада басталған. Биыл 26 қаңтар күнгі сот отырысында айыптау актісін оқыған прокурордың сөзінен белсенді Жанболат Мамайға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып қайта тағылғаны белгілі болды.
6 сәуірде сотта сөйлеген соңғы сөзінде Жанболат Мамай "менің орнымда елді Қаңтар оқиғасына жеткізген, халықты 30 жыл тонағандар отыруға тиіс еді" деп мәлімдеді.
Қазақстанда 19 наурызда кезектен тыс өткен парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауынан кейін құрылған "Халық парламентіне" енген бір топ қоғам белсендісі Жанболат Мамайға араша түсіп, толық ақтауды талап еткен. "Алты жыл жаза – бұл қазіргі президенттің өкілеті аяқталғанша, оған қарсы тұратын адамды саяси алаңға жібермеу ниетінен туындаған айла-шарғы" және оған "бөгет жасау арқылы билік өздерінің теріс әрекеті ашылғанын қаламайды" деп мәлімдеді олар.
МАМАЙҒА ҚАТЫСТЫ КЕЗЕКТІ ҮКІМ
Жанболат Мамай осыған дейін де бірнеше рет тұтқындалып, билік қылмыстық айыптар таққан.
Мамай көпшілікке 2011 жылы Жаңаөзен қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін танылған. Сол жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айдан астам уақытқа созылған бейбіт ереуілінде полиция Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанына 20 жыл толған күні – 16 желтоқсанда жаппай оқ атты. Ереуіл ел тарихында бұрын-соңды болмаған қантөгіспен аяқталды (ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 17 адам мерт болды).
Билік Жаңаөзендегі ереуілге қатысқан мұнайшылармен бірге олардың талабын қолдаған бірқатар қоғам белсендісіне де айып тақты. Солардың арасында режиссер Болат Атабаевтың, тіркелмеген оппозициялық партия жетекшісі Владимир Козловтың (кейін жеті жарым жылға сотталды), белсенді Жанболат Мамайдың үстінен "әлеуметтік араздық қоздыру" бабымен іс қозғалды. 2012 жылы маусымда Атабаев пен Мамайды алдымен ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамап, кейін Ақтаудағы тергеу абақтысына жеткізді. Ал шілденің басында екеуі қамаудан босап шықты. Жанболат Мамай өткен ісіне өкінетінін айтқаннан кейін билік оны жауапкершіліктен босатты.
2012 жылы Жанболат Мамай "Трибуна" басылымының бас редакторы қызметіне кірісті. Ол басқарған кезде басылым бірнеше рет сотқа тартылып, атауын өзгертіп шығуға мәжбүр болды, кейін біржола жабылып қалды.
2017 жылы ақпанда Жанболат Мамай "БТА Банктен" қаржы жымқыру ісі бойынша күдікті ретінде тұтқындалды. Тергеу орындары Мамайға "БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен ымыраласып, "қылмыстық жолмен табылған қаржыны газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген айып таққан. Сот Мамайды кінәлі деп танып, 3 жылға бостандығын шектеп, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етті және үш жыл журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Еркін емес авторитар ел". Freedom House Қазақстандағы адам құқығы мен бостандығы ахуалын тағы да теріс бағаладыҚаңтар қырғыны болған елдегі адам құқының ахуалыТалпыныс пен тосқауыл. Ақорда партия тіркеуді жеңілдету жайлы уәдесін орындауға асығар емес"Қудалаушы ел". CIVICUS Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстанда адам құқығы "қатты нашарлағанын" айтады"Жаңа Қазақстанның" ескі әдістері. Реформаға бет бұрғанын жариялаған елде белсенділерді қудалау тыйылмады