НАЗАРБАЕВТЫҢ ОТСТАВКАСЫНАН КЕЙІНГІ НАРАЗЫЛЫҚ ПЕН БИЛІК РЕАКЦИЯСЫ
"Елді отыз жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы наурызда президент қызметінен кетуі – Орталық Азияда бірінші рет мемлекет басшысының ерікті түрде барған отставкасы" деп жазған Amnesty International. Сонымен бірге халықаралық құқық қорғау ұйымы Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойына төрағасы, биліктегі "Нұр Отан" партиясының басшысы және "тұңғыш президент" мәртебесіне ие тұлға ретінде бұрынғы ықпалын сақтап қалғанына да назар аударған.
Ұйым отставкаға кеткен Назарбаев өз орнына қалдырған парламент сенатының бұрынғы төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент қызметіне кіріскен бойда ел астанасына бірінші президенттің атын беруді ұсынғанын еске салады. Шолу авторларының пікірінше, Қазақстанның жаңа президенті екі ықпалды көршісі – Ресей және Қытаймен тығыз қарым-қатынас құруға талпынамын деп, Мәскеудің Қырымды аннексиялағанын қолдаған және Шыңжаңдағы ислам дінін ұстанатын аз ұлттардың құқығы бұзылғаны туралы хабарларды "әсіре ақпарат" деп атаған.
Тоқаев былтыр маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған. ЕҚЫҰ бақылаушыларының миссиясы сайлауда "дауыс санау кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін анықтап, сайлаушыларда шынайы альтернатива болмағанын атап көрсеткен".
Шолуда "Бұл сайлауда нағыз саяси бәсеке болған жоқ және халық соған жауап ретінде бұрынғыдан да тың әрі жаңаша наразылықтар білдірді" делінген. Баяндамада бейбіт наразылық пен оған биліктің репрессивті реакциясы көшеге шыққан азаматтар қатарын көбейтті деп көрсетілген.
Қазақстанда жаңа қозғалыстар пайда болды, бірақ билік азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қатаң шектейді, тіпті жалғыз адам пикетін өткізу үшін де биліктің рұқсаты керек деп жазады шолу авторлары. Amnesty International ұйымы заңда шектеу тым көп екеніне назар аударған: көбіне билік азаматтардың митинг өткізу туралы өтінішін орындамайды, рұқсат берген күннің өзінде қаланың шет жағынан орын береді; билік келісім бермеген акцияларға қатысқан азаматтарға айыппұл салып, түрмеге жабады. Шолуда жол жиегіне "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген сөз ілгені үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған Ася Төлесова мен Бейбарыс Толымбековты атаған. Бұл жағдай қоғамда резонанс туғызып, ондаған жас азамат алматылық белсенділерге қолдау көрсетті.
Маусым, қыркүйек, қазан және желтоқсан айларында Қазақстанда наразылықтар толастамады. Маусымның 9-ына кезектен тыс өткен президент сайлауы кезінде мыңдаған адам халықты сайлауға бойкот жариялауға шақырып, көшеге шықты. Наразылыққа шыққандардың көбі ұсталып, олардың ісі түнгі соттарда қаралды деп жазады шолу авторлары. Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның дерегінше, "наразыларды полиция бөлімшесінде 10 сағаттан артық уақыт ас-сусыз ұстап, қайда екенін жақындарына хабарлауына мүмкіндік бермеген", көп жағдайда оларды адвокаттармен кездестірмеген.
Your browser doesn’t support HTML5
БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ
Amnesty International "билік өзгеше ойлайтындарды бұрынғысынша басып-жаншып, белсенді азаматтарды қудалайды" деп жазады. 2016 жылы жер реформасына қарсы шеруден кейін ұсталып, бес жылға бас бостандығынан айырылған атыраулық азаматтық белсенді Макс Боқаев әлі түрмеде отыр. Боқаевқа тағылған айыптардың бірі – "араздық тудыру" бабын билік өзін сынағандарға қарсы қолданудан танбай келеді дейді құқық қорғаушылар. Былтыр осы бап бойынша Қытайдағы аз ұлттардың қудалауға ұшырағаны туралы алғашқылардың бірі болып хабарлаған "Атажұрт еріктілері" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшқа айыппұл салынды. Билік белсендіні жеті жылға қоғамдық ұйымды басқару құқығынан айырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Туысы қысым көріп жатқан барлық қазақтың аузын жаба алмайды"Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қылмыстық кодекстің сот тыйым салып, экстремистік деп таныған ұйым қызметіне қатысқаны үшін жауапкершілік жүктейтін 405-бабын билік "өзгеше бейбіт саяси көзқарастағы адамдарды қудалауға" белсенді түрде қолданады. Өткен жылы "қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысын жақтағаны үшін немесе қолдайды деген күдікпен" 21 адамға шартты жаза кесіліп, тағы 150 адам күдікті ретінде тергеуге алынды деп жазылған ұйым есебінде.
AI бұған қоса Қазақстанда кәсіподақ белсенділері де қуғынға ұшырайтынын айтып, былтыр шілде айында қаржы жымқыру айыбымен жеті жылға түрмеге қамалған отын-энергетика кешені тәуелсіз салалық кәсіподағының төрағасы Ерлан Балтабайдың ісін мысалға келтірген. Тамызда президенттің рақымшылығынан кейін босатылған Балтабайдың жаза мерзімі айыппұлға ауыстырылған. Бірақ белсенді айыппұл төлеуден бас тартқан соң, қайта түрмеге жабылған (2020 жылдың наурызында Балтабай бостандыққа шықты).
Баяндамада маусым айында Халықаралық еңбек ұйымының нұсқаулары мен конвенцияларын қолдану жөніндегі сарапшылар комитеті "алдын ала рұқсатсыз кәсіподақ құруға заңда және тәжірибе жүзінде елеулі кедергі барын, жұмыс берушілер бірлестік еркіндігіне араласуын тоқтатпағанын" айтып, алаңдаушылық білдіргені жазылған.
АЗАПТАУ МЕН БАСҚА ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАР
Құқық қорғаушылар Қазақстанда алдын ала қамау және бас бостандығынан айыру орындарында азаптауға қатысы барлардың жазасыз қалуы қалыпты құбылысқа айналғанын, елде азаптау фактісін тергеудің тәуелсіз механизмі жоғын айтады. Мамыр айында Ұлттық превентивті механизм Бас прокуратураға 2018 жылы пенитенциарлық мекемелердегі азаптау мен қатыгездік таныту туралы 176 шағым өткізгенін хабарлады. Бас прокуратура тексеру қорытындысы бойынша 31 іс қозғаған, оның 29-ы жыл соңына қарай доғарылып, тек екі іс бойынша тергеу жалғасқан. Ұйым баяндамасында бұл істер бойынша ешкім жауапқа тартылмағаны айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сайын өзі құлады деп айт". Бұрынғы тұтқынның азаптау жайлы әңгімесіФизикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтары сақталмайды, бұған заң тұрғысынан қойылған шектеулер мен инфрақұрылым тапшылығы әсер етеді. Елде ақыл-есінде ауытқу бар адамдарды іс-әрекетке қабілеттігінен айыру әдетке айналған. Қазақстанда әрекет қабілеті шектелген немесе одан толық айырылған 35 мың азамат бар. Наурыз айында БҰҰ-ның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар бойынша комитеті "өмірдің көптеген саласында мүгедек адамдарды әлеуметтік ортадан шеттету, тең құқықтардан айырып, дискриминация жасау доғарылмай келе жатқанын" айтып, алаңдаушылық білдірген.
Елдегі кез келген үкіметтік емес ұйым әділет органдарында ресми тіркеуден өтуі керек; тіркелмеген бірлестікті басқару әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Әділет министрлігі лесби, бисексуал және квирлерді қолдау мақсатында құрылған Feminita қоғамдық ұйымын тіркеуден бас тартып отыр.
Amnesty International халықаралық ұйымы жыл сайынғы дәстүрлі баяндамасында Еуропа мен Орталық Азия елдерінде өзі және өзге азаматтардың құқығын қорғау үшін көшеге шығып жүрген батыл адамдардың әрекетін жоғары бағалаған. Бұған қоса ұйым билік өкілдерінің "қорқытып-үркітіп, қоқан-лоқы көрсетіп, сотқа тартып, қудалап, полицияның асыра күш қолданып, дискриминация көрсету арқылы" адам құқығын өрескел бұзатынын және бұл әрекеті үшін жазасыз қалатынын айтады. "Әйткенмен батыл адамдардың күш біріктіруі болашаққа үміт сәулесін сыйлайды" дейді Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Мари Струтерс.