"Ақталмағандар әлі көп". Совет кезіндегі көтерілістер тарихын зерттеуші Тұрғанбек Алланиязовпен сұхбат

Совет өкіметі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған "Қақ айырылған жұлдыз" ескерткіші. Ақмола облысы Ақмол кенті, 30 мамыр, 2019 жыл.

Тарихи деректер бойынша, Қазақстанда 1929-1931 жылдар аралығында совет билігі мен ұжымдастыруға қарсы бес жүзден аса көтеріліс болып, жүз мыңнан астам адам қатысқан. Соның 25-і – қарулы көтеріліс болды дейді тарихшы Тұрғанбек Алланиязов. Совет өкіметі көтерілісті аяусыз басып-жаншып, оған қатысқандарды атып, түрмеге қамап, жер аударған. Бұл көтерілістер әлі толық бағасын алған жоқ дейді ғалым.

25 монографиялық еңбектің авторы, тарих ғылымдарының кандидаты Тұрғанбек Алланиязов Қазақстанның әр өңіріндегі болған көтерілістер тарихын отыз жылдан бері зерттеп келеді. Төрт монографиясы 1929-1931 жылдардағы көтерілістерге арналған. 68 жастағы ғалым 2021-2024 жылдары "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия" құрамында жұмыс істеді. Ол совет өкіметі Қазақстанда жүргізген ұжымдастыру саясатына қарсы бас көтергендер жөнінде тың деректер тапқанын, оны тереңірек зерттеп, бөлек жариялауды жоспарлап отырғанын айтады.

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ КӨТЕРІЛІСТЕР ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР

– Тұрғанбек мырза, Мемлекеттік комиссия 311 мың адамның тізімі ақтауға берілгенін айтты. Оған 1929-1931 жылдардағы ереуілдер мен оған қатысушылар толық кірді ме? Мысалы, сол кездегі оқиғаларға қатысқан ата-бабасын әлі күнге дейін ақтай алмай жүргендер бар.

– Алматы, Қарағанды мен Қызылорданың ішкі істер департаменті архивтерінде жұмыс істедім. Ол жерде 1930 жылдардағы Қызылорда мен өзге өңірлердегі ереуілдердің ақталмаған қатысушыларын іздедім. Шамамен 100-120 адам табылды. Олар бұған дейін 1956-1994 жылдар аралығындағы реабилитация кезінде де ақталған жоқ. "Жасаған қылмыстарының ауырлығына" байланысты 1993 жылы [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаев қол қойған жарлыққа да ілікпеген.

1989-1992 жылы академик Манаш Қозыбаев басқарған комиссия жұмыс істеді. Менің дерегімше, ол тізімнің 30 пайызы ақталмады.

Сталин билігі тұсында атылған адамдар көмілген жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш. Жаңалық ауылы, Алматы облысы.

Мәселен, өзім танысқан құжаттар бойынша, ереуілге 25-30 адам қатысса, оның жартысы ақталып, жартысы ақталмаған. Ақталмағандар – молда, ишандар, мемлекетке қарсы ереуілдердің басшылары. Солардың арасында Қызылордадағы ереуілдің жетекшісі – молда Жұмағазы Байымбетов, ишан Ақмырза Тосов пен оның бауыры бар. Мен оларды және басқа да жүз шақты адамның тізімін жасап, ақтауға ұсындым.

Аталарын ақтай алмай жүргендерге келсек, ондайлар бар екені рас. Біз қазір мемлекеттік комиссияның жұмысынан соң президенттің саяси ақтаулар туралы жаңа жарлығын күтіп отырмыз. Онда қандай критерийлер болатынын білмейміз. Өйткені, ақтауға ұсынылған тізім ауқымды.

– Қандай тың деректерге, жабық құжаттарға қол жеткіздіңіз?

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы архивімен жұмыс істеп отырып, Маңғышылақтағы ереуілге қатысты бұған дейін белгісіз болып келген көп материал таптым. Маңғыстаудағы көтеріліс туралы көп зерттеу жарияланып, кейінгі жиырма жылда қаншама кітап шықса да, бәрі бірдей ашылмаған. Ереуілді басып-жаншыған 1931 жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айлары қамтылмай қалған. Әсіресе, билікке қарсы қозғалыстың тарихы жинақталған құжат қатты назарымды аударды.

Совет өкіметі өзіне бағынғысы келмеген көтерілісшілерге (билік "басмашы" деп атаған) қарсы шығарған қарулы топ. Орталық Азия, 1920 жылдар. Украинаның кинофотоқұжаттар орталық мемлекеттік архивіндегі фото.

1931 жылдын 2-10 шілдесі аралығындағы "ОГПУ отрядын жедел пайдалану журналында" ереуілді басып-жаншудың толық нұсқауы жазылған. Шматков басқарған ОГПУ құрамы, бағыты, әрекеті мен көтерілісшілермен қарулы қақтығыстары толық баяндалады.

Маңғыстаудағы аймақтық ОГПУ бастығы Ефименко мен Гурьев оперсекторы жетекшілерінің бірі Письменный арасындағы қысқа радиограммалар да жағдай өте мүшкіл болған 1931 жылғы 20 маусымда Александров форты ауданында жүргізілген әскери жедел шараларды көруге мүмкіндік береді.

Советтік ОГПУ (қауіпсіздік мекемесі) қызметкерлері "басмашылар жансызынан" жауап алып отыр. 1929 жыл. Қырғыз тарихшысы Гүлзада Абдалиеваның архивіндегі фото.

Ал "1931 жылғы Маңғыстау ауданындағы бандиттік ереуілдерді жою туралы" деп аталатын 15 беттен тұратын, Белногов деген қол қойып, Қазақстандағы ОГПУ басшысының орынбасары Мироновқа жолданған баянхат жөні бөлек әңгіме. Олардың бәрін жинақтап қойдым. Денсаулығым мүмкіндік берсе, кітап етіп шығарамын.

Ал жалпы осы комиссия жұмысы барысында жарық көрген 33 томның 4-томы 1928-1931 жылдардағы көтерілістерге арналды. Онда СССР кезіндегі КГБ-ның (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – ред.) ереуілдер туралы жазған анықтамалары топталды. Көтерілісшілердің аты-жөні ғана емес, олардың әлеуметтік портреті, яғни атқарған қызметі толық жарияланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Советтік қуғынға ұшырағандарды ақтауға моральдық құқық керек"

ҚАҢТАРДЫ ҚАЛАЙ АТАЙМЫЗ?

– Мұндай ереуілдердің зерттелуі тарих үшін несімен маңызды?

– Өте маңызды. Ереуілдерді зерттей келе, Қазақстан тарихындағы қарулы көтерілістер бұрынғы комиссия айтқандай 372 емес, 25 деген шешімге келдім. Кейінгі мемлекеттік комиссия қоймаларға шабуыл, билікке наразылықтар саны 545 деп есептеді. Қатысқандардың саны 100 мыңнан асады.

Ереуілдерді масштабына қарай бөлек зерделеу керек. Сол кезеңдердегі жаппай ұжымдастыру, үстеме салықтар мен бай-кулактарды кәмпескелеуден бас сауғалап көшуге бекінгендердің қарулы қақтығысы көп болды. Бірақ мен оларды ұлт-азаттық қозғалысы деп атамас едім. Ал қарулы қақтығыс деп ауданды басып алу, билікті басып алуға ұмтылу, маңызды нысандарды, милицияны, қызыл армияны тонау әрекеттерін жатқызуға болады.

Ашаршылық кезінде босып бара жатқан қазақтар. 1932 жылы Дмитрий Багаев түсірген фото.

Қазіргі ереуілдерді алайық, 1986 жылғы халық наразылығын ұлт-азаттық деп атауға болады. Ал Қаңтарды (2022 жылғы қаңтардың басындағы оқиғалар – ред.) қалай атаймыз? Әлі күнге дейін ғалымдар арасында ұлт-азаттық қозғалысы элементтерін нақтылау методологиясына қатысты талас көп.

Әрине, 1929-1931 жылдардағы үш жүзден астам ереуілде еркіндікке, бостандыққа ұмтылу элементі болды, оған сөз жоқ. Өйткені, олар өзінің жүздеген жылдардан бері келе жатқан тұрмыс-салтын сақтап қалғысы келді. Ал ұжымдастыру мұның барлығының быт-шытын шығарды.

Совет билігі байлар мен дін өкілдерін абырой-беделінен айырды. Осылайша 1928 жылы Алаш пен оның күрескерлерін тып-типыл еткеннен кейінгі наразылықтарды байлар мен молда, ишандар, халық жағына шыққан кейбір коммунистік партия өкілдері басқара бастады.

– Тарихты түгендеуге үш жыл жеткілікті ме? Жалпы, Қазақстанның объективті тарихын жазу ісі қалай жүріп жатыр?

– Үш жыл, әрине, тарих үшін аз. Қазір ғылыми жұмыстарға білім министрлігі қайта конкурс жариялады, оның жеңімпаздары анықталған соң жұмыс жалғасатын болады.

Тәуелсіздік жылдары, 1996-2005 жылдары 5 томдық "Қазақ тарихы" шықты. Қазір тағы да "Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы" академиялық басылымының жеті томдығы дайындалып жатыр. Оның авторлық құрамы әр алуан, шетелдік ғалымдар да бар. Қашан шығатыны белгісіз, бірақ осы томдарда Қазақстаннның объективті, ғылыми тарихы айтылады деп үміттенемін.

– Онда Қазақстанның тарихына қатысты барлық дерек жинақталған ба?

– Қазақстан тарихына қатысты деректің басым бөлігі Ресейде. Әлі алынбаған дерек көп. Ресейдегі Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың шамамен 10-20 пайызының ғана көшірмесі алынды дер едім. Ол бір-екі жылда бітетін шаруа емес. Ол өте ауқымды жұмыс. 2000 жылдан бері Ресей архивтерінде жұмыстар қарқынды жүріп келді. Бірақ олардың бәрі бір мәрте жасалған қысқа жұмыстар болды.

2000 жылдарға дейін Ресей архивтерінен құжаттарды көптеп көшіріп алуға мүмкіндік болды, кейін мұның бәрі 2010 жылдарға қарай қысқарып қалды. 2000-2006 жылдары мен де Мәскеуде жұмыс істедім. Шынын айтқанда, бәрі қаржыға тіреледі. Арнайы барып қонақ үйде айлап жату, архивтен көшірме жасау, жүріс-тұрыс, ас-су, оның бәрі көп ақша қажет етеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей архивтерінде әлі де қол жетпеген материалдар бар"

"ҒЫЛЫМ МӘКЕ, СӘКЕГЕ КӨНБЕЙДІ"

– Ресей тарапынан архив мәліметіне қол жеткізуде кедергі бар ма?

– Ондай кедергі жоқ. 1993 жылдары [Ресейдің бұрынғы президент Борис] Ельцин тұсында "архив революциясы" болып, Федералдық қауіпсіздік комитеті (ФСБ), Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитеті қорларын ашып, қазақстандықтар да, шетелдік ғалымдар да ағылып барып жұмыс істей бастады. Жапониядан да зерттеушілер келді. Ал 2010 жылы әлдебір шешім қабылданды ма, құжатқа қол жеткізуге шектеу қойылды. Мұның екі қыры бар: ғылыми тұрғыдан бұл жақсы емес. Ал мемлекеттік саясат тұрғысынан мұндай шектеу дұрыс та көрінуі мүмкін.

Өйткені, ондағы тергеу материалдары арасында "донос" деп аталатын құжаттар бар. Олардың жабық болғаны дұрыс. Қазақстанда бұл материалдар жабық. Қалай десек те, бір кездері баррикаданың екі жағында тұрғандардың ұрпақтары бар. Олар архивті оқып, "сенің атаң менің атамды атқан" демесіне кім кепіл? Ол қоғамда коллизияға әкеледі. Біздің қоғамда адамдар 90 жыл бұрынғыны ұмытып, тарихты ашық зерделеу үшін бәрін қайта бастауға әлі әзір емес.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі "Қызыл террор құрбандары" фотосы. Қарағанды облысы Долинка кенті, 31 мамыр, 2011 жыл.

– Жаңа бір сөзіңізде "бәрі ақшаға тіреледі" деп қалдыңыз. Тарихты зерттеуге қолдау аз ба?

– Тарих ғылымына салмақты қаржылай қолдау, жақсы жалақы болмай сапалы, үлкен жұмыс күтудің қажеті жоқ. Өзім туралы айтайын, еңбектерімнің басым бөлігін өз есебімнен жинап, жарияладым. Өз қаражатыма архвитерге барып, зерттеумен айналыстым. Тек Степлаг, Карлаг, Қазақстан мен Ресейдегі ерекше лагерьлер туралы зерттеулерімді қарағандылықтар қаржыландырды. Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков 2010-2017 жылдары ғылыми топқа жетекшілік жасап, қаржыландырды. Ал ашығын айтқанда, Қазақстанда тарихшы ғалымдар тапшы. Тарих үшін жанын беріп жұмыс істейтіндер аз. Зейнетақым қанша екенін білгің келе ме?

– Енді құпия болмаса...

– 150 мың теңге, оның 30 мыңын бірыңғай зейнетақы қоры төлейді. 40 жылымды ғылымға арнадым. Жезқазған университетінде жарты ставкаға жұмыс істеймін, сол үшін 120 мың теңге төлейді. Астана мен Алматыда кандидаттар мен профессорлар 300-400 мың теңге жалақы алатын шығар, ал аймақтарда олай емес. Егер қаржы болса, қай жердегі архивке болсын барып жұмыс істеуге болады.

– Жағдайды түзеу үшін не істеу керек?

– Ол үшін жаңа кәсіби жас маман тарихшылар тәрбиелеу керек. Олар алдымен патриот болуы керек. Содан соң салмақты қаржылай қолдау керек. Мемлекетік комиссия елде жас мамандар мүлде жоқ екенін көрсетті. Орта буын жоқ, кәрілері кеткен. Қазақстанда кейінгі отыз жылда тарих ғылымы ғана емес, ғылымның көп саласы деградацияға ұшырап, кәсіби мамандардан айрылды деп айта аламын. Бізде бірде бір монография жазбаған, кеше шенеунік немесе депутат болған тарих ғылымының кандидаты көп. Ғылым Мәке, Сәкеге көнбейді ғой.

– Мемлекет ел тарихын жазуға мүдделі болуы керек емес пе?

– Мемлекет көрсетті ғой мүдделігін. Үш жыл гранттың арқасында талай материал жинадық. Бұл да жақсы ғой. Егер бұрын сүйікті ісіммен өз есебімнен айналысам, бұл жолы менде қаржылай қолдау болды. Ғылымның арқасында 2015 жылы Жапонияға, 2017 жылы Украинаға бардым. Украин, жапон тұтқындары туралы зерттеулерім сол тілдерге аударылып, соны талқыладық. Ал жуырда Балтық елдерінде болып келдім. Еңбегімді бағалайтындар шақырады.

– Сұхбатыңызға рақмет.