Accessibility links

"Советтік қуғынға ұшырағандарды ақтауға моральдық құқық керек"


Совет кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 31 мамыр 2016 жыл.
Совет кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 31 мамыр 2016 жыл.

Қазақстан билігі совет кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды "толық ақтап алу" туралы мәселе көтерді. Ал белсенділер мен құқық қорғаушылар билік әуелі бүгінгі саяси тұтқындарды ақтап, босатуы тиіс деп санайды.

"ТАРИХИ ӘДІЛДІКТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ"

21 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" жарлығының жобасы жарияланды.

Бұл жобаны Қазақстан билігінің совет кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау әрекетінің жалғасы деуге болады.

Мұндай комиссия құрылатынын Тоқаев биыл 31 мамырда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жасаған үндеуінде айтқан. Тоқаев совет кезіндегі күштеп колхоздастыру мен "Үлкен террор" барысында жазаланғандар және Қазақстанға күштеп депортацияланғандар жайлы айта келе, комиссия жұмысының ауқымы "20 ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу" болатынын меңзеген.

Сталин билігі тұсында атылған азаматтар көмілген жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш. Жаңалық ауылы, Алматы облысы.
Сталин билігі тұсында атылған азаматтар көмілген жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш. Жаңалық ауылы, Алматы облысы.

Тоқаевтың жарлығы бойынша, зерттеушілерден, мемлекеттік органдар мен архив жетекшілерінен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралатын комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды заң жүзінде толық ақтап, саяси баға беру үшін ұсыныс әзірлейді.

Әдебиет тарихын зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың айтуына қарағанда, жұмыс тобы Совет одағы тұсында, яғни 1991 жылға дейін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық анықтап, зерттеумен және оларға баға берумен айналысады. Жұмыс тобының нәтижесі бойынша президент актісі қабылданады.

Президенттің сөзінше, бұл әрекет "тарихи әділдікті қалпына келтіру" үшін жасалмақ.

"РЕВОЛЮЦИЯҒА ҚАРСЫ КҮРЕСКЕН "БАНДА"

Журналист, өлкетанушы Серік Әбікенұлы "тарихи әділдікті қалпына кетіру" бастамасын қолдайды, өйткені "совет өкіметі қуғын-сүргінге салғандар арасында әлі күнге ақталмағандар жеткілікті" дейді ол.

– Тарихшылардың есебіне қарағанда, 1920-1931 жылдар аралығында совет өкіметіне қарсы 300-ден астам көтеріліс болған. Көтеріліске қатысқандар туралы архив мәліметтерінде оларды "банда" деп атайтынын көріп жүрмін. Біз оларды большевизмге қарсы күрескен қаһарман ретінде насихаттай алмаймыз. Өйткені олар ақталмаған, – дейді ол.

Серік Әбікенұлы атаған "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң 1993 жылғы 14 сәуірде, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан көп ұзамай қабылданған.

Заңның 6-бабында "қарулы көтерiлiс немесе қарулы бандылар құрамында республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кiру және олар жасаған кiсi өлтiруге, басқа да күш көрсету әрекеттерiне; терроризм актісі, бүлдiру әрекеттерiне қатысқандар" ақталмайды деп көрсетілген.

Заңда "революцияға қарсы мақсатта" деген тіркестің қолданылуынан тәуелсіз Қазақстанның СССР Компартиясының аясында карьера жасаған жаңа саяси элитасының советтік ұғым-түсініктен 1993 жылдың өзінде арыла алмағаны байқалады.

Қазақстанда совет кезінде саяси ұстанымы үшін қуғындалғандарды ақтау жұмыстары СССР президенті Михаил Горбачев жариялаған қайта құру саясатынан соң, 1988 жылдары басталған.

Көтеріліске қатысқандар туралы архив мәліметтерінде оларды "банда" деп атайтынын көріп жүрмін. Олар әлі ақталмаған.

Қазақстан билігі совет заманындағы қуғын-сүргінді тоталитаризм зұлматы ретінде еске алып, жаңа дәуірде мұндай болмайтынын, Қазақстан демократиялық жолға түскенін айтумен келеді.

2005 жылғы жолдауында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Сөз бостандығы – Қазақстанның аршынды демократиялық дамуының негізгі шарттарының бірі. Тәуелсіз Қазақстанда саяси себептер бойынша сотталған адамдар жоқ" деп мәлімдеген және билік орындары осы пікірді кейінгі жылдары ұдайы қайталаумен келген.

ЖАҢА ДӘУІРДЕГІ "ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ"

Ал қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар "бір қолымен өзіне қарсыларды қудалап, екінші қолымен тарихтағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға тырысқан" билік әрекетінің қисынын түсінбейтінін айтады. Олардың пікірінше, совет заманындағы баптардың аты өзгерген, бірақ саяси көзқарасы үшін қудалау тоқтамаған.

БҰҰ-ның Нұр-Сұлтандағы өкілдігі алдында "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" деген жазу ұстап тұрған белсенділер мен полиция өкілі. 7 тамыз 2019 жыл.
БҰҰ-ның Нұр-Сұлтандағы өкілдігі алдында "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" деген жазу ұстап тұрған белсенділер мен полиция өкілі. 7 тамыз 2019 жыл.

Белсенділердің сөзінше, бұрын "революцияға қарсы банда" десе, "қазір ұлттық, әлеуметтік, тектік, топтық араздықты қоздырушы" деген айып тағылады. Бұрын "революция идеяларына қарсы көтеріліске шықты" десе, қазір "заң жүзінде тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыптайды.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау үшін де моральдық құқық керек. Өзің біреуді қуғынға салып отырып, бұрынғы қуғынды айыптау қалай болар екен?

"Өкіметке жақпайтын пікір айтқаным үшін жұмысқа да тұра алмай, тіпті банктен есепшот аша алмай жүрмін" дейтіндер бар.

Солардың бірі, құқық қорғаушы белсенді Ринат Рафхат "саяси тұтқындары бар ел" билігінің "саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтауға" кіріскеніне таңырқайды.

– Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау үшін де моральдық құқық керек. Өзің біреуді қуғынға салып отырып, бұрынғы қуғынды айыптау қалай болар екен? Егер қазіргі саяси тұтқындарды да ақтайтын болса, онда құптауға болар еді. Оған қазіргі биліктің саяси ерік-жігері жете қояды деп ойламаймын. Тоқаевтың президент болғанына бір жылдан асса да саяси жылымық бола қойған жоқ, – дейді ол.

Ринат Рафхат Қазақстанда "түрлі саяси көзқарасы мен ұстанымы үшін сотталған адам көп" деп есептейді.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев (сол жақта) жер мәселесі туралы митингіде сөйлеп тұр. Оң жақта - Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев. Атырау қаласы, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев (сол жақта) жер мәселесі туралы митингіде сөйлеп тұр. Оң жақта - Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев. Атырау қаласы, 24 сәуір 2016 жыл.

– Саяси тұтқынның жарқын мысалы – түрмеде отырған Макс Боқаев. 2016 жылы көктемде жерді шетелдіктерге сатуға жол бермеу мақсатында Атырау қаласында митинг ұйымдастырғаны үшін сотталды. Билік бірінші кезекте осындай көзі тірі саяси тұтқындарды босатуы керек. Өзінің саяси бет-бейнесін, моральдық құқығын көрсетуі қажет, – дейді ол.

Атыраудағы 2016 жылғы жер реформасына қарсы митингіден кейін Макс Боқаевпен бірге сотталып, екі жылдан соң шартты жазамен түрмеден босатылған белсенді Талғат Аян құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар тізіміне" қосылған.

Қамалғанға дейін түрлі мекемелерде 10 жыл заңгер болған ол қазір бұйырған жұмысты істеуге мәжбүр.

Экстремизм мен терроризмді қолдаушылар тізімінде тұр екенмін. Сондықтан жұмыс табу қиын.

– Маған банктен есепшот ашуға тыйым салынған. Экстремизм мен терроризмді қолдаушылар тізімінде тұр екенмін. Сондықтан жұмыс табу қиын, кейбіреулер жұмысқа шақырғанымен, жалақы төлей алмайды, – дейді Талғат Аян.

Таяуда пробация қызметі түн ішінде келіп, әңгімелесіп кеткенін айтқан Аян "саяси қысым түрлі деңгейде жалғасып жатыр" деп санайды:

– Билік саяси қуғын-сүргінді тоқтатып, саяси тұтқындарды бүгін ақтамаса, олардың болашақта бәрібір ақталатынын өз әрекеті арқылы көрсетіп отыр. Келешекте қазіргі саяси көзқарасы үшін қуғындалып жатқандарды толық ақтау туралы заң шығып, оларға тарихи баға берілеріне сенемін.

Құқық қорғаушылар соңғы жылдары Қазақстанда саяси көзқарасына бола қуғындалып, түрмеге түскендер саны артып келеді дейді.

Бұрынғы парламент сенаты депутаты, құқық қорғаушы Зәуреш Батталованың дерегі бойынша, 2013 жылы Қазақстанда саяси көзқарасы үшін қуғынға ұшыраған 60-қа жуық адам болған.

Құрамына Евгений Жовтис, Бақытжан Төреғожина сияқты құқық қорғаушылар кіретін "Тірек" қоғамдық альянсының биылғы дерегі бойынша, Қазақстанда түрмеге қамалмаса да, саяси көзқарасы үшін қудаланып жатқан 158 адам бар. Және 16 адам саяси ұстанымы үшін басқа баптармен сотталып түрмеде отыр. Олардың айтуынша, Тоқаев билікке келген бір жылдың ішінде тізімге тағы алты адам қосылған.

Amnesty International, Freedom House сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда былтыр президент ауысып, билікке Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі репрессия күшейді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG