Accessibility links

«Саяси тұтқындарға» жаңаша анықтама берілді


Евгений Жовтис, құқық қорғаушы. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.

Қоғамдық белсенділер мен құқық қорғаушылар «саяси тұтқындар» деп аталатын тізім жасап, Қазақстандағы кейбір қылмыстық істердің ерекше сипатына бола жаңа категория ойлап тапқандарын айтты.

Өткен аптада шығысқазақстандық құқық қорғаушы Александр Харламовқа қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни араздық қоздыру») айып тағылғаны белгілі болған еді.

Александр Харламовтың адвокаты Мәншүк Медиханова Азаттық тілшісіне құқық қорғаушыға тергеу кезінде «діни араздық қоздыруы мүмкін» атеистік көзқарасын насихаттады деген айып тағылғанын айтқан.

Ал белсендінің әйелі Марина Каплунская күйеуінің дін тақырыбы бойынша жазғандары оның қамалуына себеп болған негізгі фактор емес деп тұспалдайды. Оның ойынша, мұндай әрекетке Харламовтың құқық қорғаушы ретіндегі қызметі түрткі болуы мүмкін. Каплунскаяның айтуынша, күйеуі қамаларынан сәл бұрын бір полицейге қатысты шыққан сот үкімін сынап, судья мен прокурордың қызметіне теріс баға берген. Ал өзінің діни көзқарасын Харламов «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялап келген.

Жергілікті ресми органдар Харламовтың қамалуына байланысты әлі ресми түрде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл - Қазақстанда соңғы жылдары жиілеп кеткен қылмыстық іс қозғау практикасының бір көрінісі.

Бақытжан Төреғожина, "Ар.Рух.Хақ" ұйымының төрағасы. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл
Бақытжан Төреғожина, "Ар.Рух.Хақ" ұйымының төрағасы. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл

Наурыздың 26-сы күні Алматы қаласында құқық қорғаушылар мен қоғамдық белсенділер өткізген баспасөз мәслихатында түрлі айыптар тағылып, істі болған "саяси және ар-ұждан тұтқындарының" тізімін жаңарту сөз болды.

Жиынға "Ар.Рух.Хақ" ұйымының төрағасы Бақытжан Төреғожина, «Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы» қорының президенті Зәуреш Батталова, заңгер Амангелді Шорманбаев пен құқық қорғаушы Евгений Жовтис қатысты.

«ЗАҢНЫҢ ӨЗІ ЗАҢСЫЗ»

Мәслихаттың модераторы Бақытжан Төреғожина журналистерге тәуелсіз сарапшылар мен құқық қорғаушылардың Қазақстандағы саяси тұтқындарды анықтаудың шарттары мен саяси тұтқындардың тізімін жасағанын хабарлады.

«Қазақстандық саяси тұтқын» статусын анықтауға қатысқан құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, саяси тұтқындар жөніндегі ПАСЕ-нің (Еуропа парламентаралық ассамблеясы) өлшемдері мен шарттарына мұндай «толықтырулар» енгізуге Қазақстандағы қазіргі жағдай мәжбүрлеген.

Евгений Жовтистің сөзіне қарағанда Қазақстан заңдарында сөз және саяси бостандық, көзқарас, іс-әрекет еркіндігі мәселесі бойынша халықаралық стандарттарға қайшы келетін баптар жеткілікті. Құқық қорғаушы мұның айқын мысалы ретінде «әлеуметтік араздық туғызу» атты қылмыстық кодекстің 164-бабын атады. Оның сөзінше, қылмыстық кодекстің кейбір баптары тікелей саяси айып тағуды көздейді. Ал кейбір баптар бойынша тағылатын айыптар, яғни «қызмет бабын асыра пайдаланды», «мемлекеттік құпияны жариялады» деген айыптар тікелей болмағанымен жанама түрде саяси мақсаттар үшін пайдаланылады.
Амангелді Шорманбаев, заңгер. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл
Амангелді Шорманбаев, заңгер. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл

- Саяси тұтқындарды анықтау шарттары мен олардың тізімдері бізге бас бостандығынан айырылған «саяси тұтқындар» жайында халықаралық қауымдастықты құлағдар етуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы саяси тұтқындар қатарына Арон Атабек (кісі өлтіру бабы бойынша сотталған қоғамдық белсенді - ред.), Владимир Козлов (әлеуметтік араздық туғызу және конституциялық құрылымды күшпен өзгерту бабы бойынша сотталған оппозициялық саясаткер - ред.), Владимир Курамшин (бопсалау бабы бойынша сотталған құқық қорғаушы- ред.), ұзақ мерзімге сотталған сопылар мен ваххабистерді жатқызуға болады. Яғни ол адамдар қоғамдық белсенді бола ма, саяси қайраткер ме, діни қызметкер ме, бәрібір - бір статусқа ие. Саяси тұтқын қатарына тек қана «зорлық-зомбылыққа шақырғандар» жатқызылмайды, - деді ол.

Тағы бір құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев «саяси мақсатта» қолданылатын Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің бірқатар баптарына тоқталды. Оның айтуынша қылмыстық кодекстің 337-бабы (жиналыстарды, митингілерді, көше шерулерін және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзу - ред.) бойынша қоғамдық акцияға қатысқан кез-келген адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады.
Зәуреш Батталова, "Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы" қорының төрағасы. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл
Зәуреш Батталова, "Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы" қорының төрағасы. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл

Ол сонымен қатар қылмыстық кодексте «Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғу» жөніндегі 371-баптың да Қазақстан конституциясына қайшы келетінін, яғни азаматтардың бәрі заң алдында тең екенін айтады.

Амангелді Шорманбаев «Заңсыз қоғамдық және басқа да бірлестіктер құру немесе олардың қызметіне қатысу» жөніндегі 337-баптағы «заңсыз қоғамдық бірлестіктер» деген терминнің өзі «заңсыз екеніне» тоқталды.

- Өйткені азаматтық саяси құқықтар туралы халықаралық пакт бойынша адамдардың заңды түрде тіркеліп те, тіркелмей де бірлестік құруына құқығы бар. Ал біздің заңымыз бойынша қандай да бір ортақ мақсаттарға біріккен адамдардың тобы заңсыз ұйым болып саналады. Қажет болған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарта салу оп-оңай, бұл - анық саяси бап, - деді ол.

«САЯСИ ТҰТҚЫНҒА ҚАТЫСЫ БАР ТҰТҚЫН»

Баспасөз мәслихатының соңына қарай құқық қорғаушылар қазақстандық «ноу-хау» ойлап тапқандарын хабарлады. Евгений Жовтистің сөзінше Қазақстанда «саяси тұтқындарға» байланысты істі болып жатқандар да жеткілікті.

- Бірақ оларды қалай атауды ұзақ ойланып, ақыры «саяси тұтқындарға қатысты тұтқындар» деген қазақстандық ноу-хау ойлап табуға мәжбүр болдық. Халықаралық практикада мұндай атауды кездестірген емеспін. Бұл адамдарға тағылған айыптардың да басқа біреулерге қозғалған істің жалғасы екенін көруге болады. Сондықтан оларды «саяси тұтқындар» тізіміне қосымша енгіздік. Бұған БТА банк ісі бойынша сотталғанды мысалға алуға болады, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, «саяси тұтқындар мен оларға байланысты тұтқындар» туралы тізімге қойылатын шарттар Қазақстанда 1930 жылдары болған саяси қуғын-сүргін кезіндегі шарттарға ұқсайды.

- Совет кезінде "халық жауының баласы, інісі, әйелі" деген сияқты тікелей айып тағылатын еді. Қазір ашық айтылмайды, бірақ соған (саяси тұтқынға - ред.) байланысты екені өзінен-өзі түсінікті болып тұрады, - деді ол.

Баспасөз конференциясына қатысқан Зәуреш Батталова «Қазақстан халықаралық құжаттарды ратификацияласа да, оны ұстанбай отырғанын, өз заңдарын халықаралық құқықтық нормаларға сәйкестендіргісі келмейтінін» сынға алды.

Оның cөзінше, қазір Қазақстандағы 60-тан астам адам «саяси тұтқын» қатарына жатқызылған. Бірақ олардың барлығы бірдей өздерін саяси тұтқындар қатарына жатқызуға келісе бермеуі мүмкін.

Бақытжан Төреғожинаның сөзіне қарағанда «саяси тұтқындарға байланысты тұтқындардың» кейбір туыстары бұл істі саясаттан аулақ ұстағысы келетінін айтады.

- Мәселен, "БТА банк ісі" бойынша сотталғандардың кейбірі енді аз уақытта жазасын өтеп шыққалы отыр. Сондықтан олар бұл іске саяси реңк бергенімізді қаламайды, - деді Төреғожина.

Баспасөз мәслихатына қатысқандар «саяси тұтқындар» мәселесіне арналған «Тірек» сайты ашылғанын хабарлады. Олардың ойынша, осы сайт арқылы «саяси тұтқындар» туралы азаматтық қоғамның пікірі де жинақталып, ескеріліп отырады.

2000 жылдардың ортасынан бастап Қазақстанда жандана түскен "жемқорлықпен күрес" акциясының аясында жүздеген адам "әлеуметтік және діни араздық тудыру", "қаржылық алаяқтық жасау", "мемлекет мүлкін талан-таражға түсіру" және "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" сияқты айыптармен түрлі мерзімге сотталып жатыр. Кейбір жергілікті сарапшылар мен құқық қорғаушылар мұндай іс қозғаудың түпкі себебінен саясат көреді немесе қамауға алынғандарды "кланаралық тартыстың құрбаны" деп сипаттап жатады.

Ал қазақстандық ресми органдар сотталған азаматтардың барлығын "саясатқа қатысы жоқ, қылмыстық әрекеті бойынша істі болған айыптылар" деп таниды. "Саяси тұтқындар" туралы БАҚ сауалдарына жиі жауап беретін Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев барлық дерлік айыптауларды теріске шығарып келеді.
XS
SM
MD
LG