Accessibility links

Польша депутаттары Козловпен жүздесе алмады


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Польшалық екі депутат Қазақстанға «экономика мен адам құқығы мәселелерін талқылауға» келгендерін айтты.

Ақпанның 13-і күні Петропавлдағы ЕС 164/3 колониясына Польша сеймінің (төменгі палатасының) депутаттары Томаш Маковски мен Малгожата Марчинкевич келді. Олар былтыр 7,5 жылға сотталып, осы түрмеде жазасын өтеп жатқан оппозициялық саясаткер Владимир Козловпен кездесуді көздеген.

«ІШІМІЗ СЕЗДІ»

- Біз колония бастығымен кездестік. 10 минутқа созылған кездесуде «Козловпен кездесуге келгенімізді» айттық. Бірақ ол бұл мәселені өзі ғана шеше алмайтынын, ішкі істер министрлігі мен прокуратураның рұқсаты керектігін айтты, - деді ақпанның 13-і күні Азаттық тілшісіне Малгожата Марчинкевич.

Кездесе алмайтынымызды «ішіміз сезді» деген депутат көктемде тағы келетінін жеткізді.

- Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Евгений Голендухинмен кездестік. Оған сәуір айында тағы келетін ниетіміз бар екенін айтып, Козловпен кездесуге рұқсат алу үшін қандай құжаттар қажет екенін сұрастырдық, - деді Марчинкевич.

Польшалық депутат Қазақстанға екі елдің арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және адам құқықтары жайын бақылауға келгенін айтты. Ақпанның 12-15 күндері олар Владимир Козловпен жүздесіп, Астанада мәжіліс депутаттарымен кездесіп, Алматыда азаматтық қоғам өкілдерімен әңгімелесіп, соңында баспасөз мәслихатын беруді жоспарлапты.

«АРНАЙЫ РҰҚСАТ ҚАЖЕТ»

Польша депутаттарының Владимир Козловпен кездеспек болғаны жайлы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің хатшысы Ғалымжан Хасенов бейхабар екенін айтты. Оның сөзінше, сотталған азаматпен кездесу үшін кез-келген адамға, шетелдік депутаттар ғана емес, одан да жоғары шенділерге де арнайы рұқсат алу қажет.

Польша депутаттарының қазақстандық оппозиция саясаткері Владимир Козловпен кездесу ниеті бар екенін оның әйелі Әлия Тұрысбекова ақпанның 13-і күні Facebook желісі бойынша хабарлаған болатын.

2012 жылғы қазанның 8-і күні Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловты 7,5 жылға соттап, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған болатын. Жаңаөзен оқиғасынан соң қамауға алынған оған «әлеуметтік араздықты қоздырды», «конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған еді. Оның жақтастары Козловты «саяси тұтқын» деп атайды. Алайда билік өкілдері «Козлов ісінде» ешқандай саясат жоқ деп мәлімдеп келеді.
XS
SM
MD
LG