Freedom Housе халықаралық құқық қорғау ұйымының ақпанда жарияланған баяндамасында Қазақстан 2018 жылдың қорытындысы бойынша бұрынғыдай "еркін емес" елдердің тізімінде қалған.
Ал қаңтарда жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде 180 елдің ішінде 124-орында тұр.
Human Rights Watch ұйымы 2018 жылғы есебі бойынша "Қазақстанда адам құқығы бойынша ешқандай елеулі өзгерістер болмады, жағдай әлі нашар" деген қорытынды жасады.
Былтыр Қазақстан әлем елдеріндегі бизнеспен айналысу қолайлығын бағалайтын Дүниежүзілік банктің "Doing Business" рейтингінде отыздыққа (28-орын) енді.
Қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер түрлі халықаралық рейтингілерге күмәнмен қарайды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша "Шекарасыз тілшілер" жариялаған баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 158-орын алғанда ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бұл бағалауды "субъективті" деп атаған.
ЭКОНОМИКАҒА БАСА МӘН БЕРЕ МЕ?
Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында экономикалық рейтингілер ғана сөз болған. Адам құқығына қатысты рейтингілер туралы сөз жоқ.
Бұл стратегияны президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың ақпанында бекіткен еді.
Қазақстанның 2025 жылға арналған стратегиясында аталған рейтингілер:
- Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісі
- Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБҚИ)
- TIMSS (бастауыш білім беру сапасы)
- PISA (орта білім беру сапасы)
- QS WUR (ЖОО-да білім беру сапасы)
- Transparency International ұйымының сыбайлас жемқорлық индексі.
Стратегияның "Күтілетін нәтижелер" бөлігінде Қазақстан билігі бірнеше рейтингілердегі жағдайды жақсартуға уәде берген:
- 2025 жылға қарай "Кешенді шаралар" арқасында Қазақстан "The World Justice Project" заңының үстемдігі индексінде (заң үстемдігін ілгерілетумен айналысатын халықаралық үкіметтік емес ұйым – ред.) 55-60 орынға көтерілуі тиіс. Қазір Қазақстан бұл рейтингіде 113 елдің ішінде 64 орында тұр.
- "Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстанның көрсеткіші 35 ұпайға жетуі тиіс". Қазір Қазақстан бұл индексте 100 елдің ішінде 31 орында тұр.
- Негізгі капиталдағы инвестиция өсімі ЖІӨ-ден 19,4 пайызға артады.
Қазақстан билігі 2025 жылға дейінгі стратегияны "жалпы мемлекеттік прогрестің" бағалау индикаторы деп қарайды. Стратегия авторлары Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингіндегі Қазақстанның позициясын жақсартуды жоспарлайды. 2018 жылдың нәтижесі бойынша Қазақстан форум рейтингінде 140 елдің арасында Қазақстан 59 орында тұр. Стратегиядағы жоспар бойынша, Қазақстан 2021 жылы – 46 орынға, 2025 жылы – 40 орынға, ал 2050 жылы 30 орынға көтерілуі тиіс.
Алдағы бес жылға арналған мемлекеттің басым мақсаттарын анықтайтын 135 беттік құжатта "демократия" және "адам құқығы" жайлы көп айтылмайды. Стратегиялық жоспардың "Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет" бөлімінде Қазақстанда "азаматтар құқығын қорғау тетіктері жақсартылады, сот жүйесінің тәуелсіздігі күшейтіледі" және құқықтық қорғау жүйесі "халықаралық стандарттарға барынша жақындайды" деп қысқаша жазылған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Қазақстанға айтқан сындарынан қорытынды шығару жоспары туралы айтылмайды.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан экономикалық зерттеулер институтының талдау және әлемдік экономика орталығының жетекші сарапшысы Мұхтар Құлжанның пікірінше, Қазақстан билігі "ірі рейтинг агенттіктердің" елеулі ұсыныстарын "елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды" жүзеге асыру кезінде ескереді және пайдаланады.
Сарапшының айтуынша, "жаһандық нарық жүйесінде бұл рейтингілер шетелдік инвесторлардың Қазақстан туралы ақпарат алуына көмектеседі. Экономикалық рейтинг – инвесторларға капитал салудың мүмкіндігі мен тәуекелі туралы түсінік беретін құрал".
- Экономикада рейтинг маңызды, бірақ олар нарықтың жағдайы туралы ақпарат беретін жалғыз дереккөз емес. Кейбір рейтингілердің жасалуына және есептердің әзірлеу әдістеріне қатысты сарапшылардың сауалы көп. Әдістердің көбі белгілі бір елдердің тәжірибесі негізінде әзірленген, оны оңды-солды үлгі ретінде қолдана беруге болмайды. Әр елдің әлеуметтік-саяси және мәдени ерекшеліктерін ескеру керек. Рейтинг жасаушы агенттіктер егемен елдерге ықпал ету құралы болмау керек, - дейді Мұхтар Құлжан.
"Өркениеттер диалогы" зерттеу институтының сарапшысы Алексей Малашенко халықаралық рейтингілердің ықпалын талқылай келе, Ресейдегі жағдаймен салыстырады. Сарапшы бұл есептер мен зерттеулер Ресейде "шындап қабылданбайтынын, көбіне әзіл-сықаққа айналатынын" айтады. Малашенконың айтуынша, оны Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінен де, кремльшіл телешоулардан да байқауға болады.
Сарапшы "әзіл-сықақтарға қарамастан Ресей халықаралық рейтингілермен бәрібір санасуға мәжбүр" дейді.
- Рейтингілерді мүлдем елемей қоюға болмайды. Билік рейтингілерді есепке алмай отыра алмайды. Биліктегі тап үшін рейтингілердің белгілі бір маңызы бар. Оның үстіне, ресейлік жоғары лауазымды шенеуніктер, бизнесмендер мен олигархтардың Батыста бейресми байланыстары көп. Рейтингілерді елемей қою олардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Санкцияларды соған мысал етсек болады (2014 жылы Ресейдің Украинадағы әрекетіне қатысты Батыс елдері Мәскеуге санкция салған – ред.), - дейді Малашенко.
Құқық қорғаушы Виктория Тюленева "Қазақстан билігі түрлі халықаралық рейтингтерге мән береді, салмақты қарайды" деп санайды. Оның пікірінше, мұндай рейтингілер әлемдік сахнадағы елдің имиджін қалыптастырады. Дегенмен Тюленова рейтингілер елдегі жағдайға айтарлықтай өзгеріс әкелмейді деп санайды.
- Билік рейтингтегі позициясын жақсарту үшін өзгерістер жасауға бастама шаралар жасайды, бірақ нақты проблеманы шешуге тырыспайды. Қызу іс-әрекет жасағансып, оның салдарымен күреседі, нәтижесінде қажетті жүйелік өзгерістер болмайды. Сондықтан халықаралық рейтингілер қарапайым қазақстандықтың өміріне оң өзгеріс әкелмейді, - дейді Тюленова.