"Су тасқынынан бүлінген үйді бағалау комиссиясының есебімен келіскен тұрғындарға қаражат уақыт күттірмей төлене береді, ал келіспеген жағдайда өтініш негізінде қайтадан қарастыратын боламыз. Егер техникалық қадағалау мамандарын өзіңіз жалдайтын болсаңыз, ол сізге 1,5 млн теңгеге түседі. Даулы жайттар бойынша келісімге келуге дайынбыз, тек ең бастысы, аспандағы айды сұрайтындай баға болып кетпеуі керек". 21 мамырда таң мезгілінде Жылыой ауданы әкімі Жұмабек Қаражанов су тасқыны бүлдірген үйлеріне өтемақы төлеуді талап етіп, әкімдік алдында біріктіріліп тігілген үш шатырда отырған адамдарға осылай деген.
Шамамен 66 мыңдай адам тұратын Құлсары қаласында биылғы тасқын салдарынан, қазіргі мәлімет бойынша, үш мыңға жуық үй құлап-бүлінген, 570-ке жуық үй апатты жағдайда деп танылған.
"ҮЙДІҢ ШАРШЫ МЕТРІНЕ 400 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ТӨЛЕНСІН!"
Баспанасымен қоса жиған-терген мүлкінен айрылғанын айтқан Құлсары тұрғындары үкіметтен тасқын құлатқан үйінің әр шаршы метрін 400 мың теңгеден есептеуді сұрайды. Олар үйі ғана емес, өзге де дүние-мүлкі: қора-қопсы, көлікжай, киім-кешек, тұрмыстық техникалары мен жиһаздарынан да айрылғанын алға тартып, әлгі 400 мың теңгенің ішіне сол шығынның бәрі кіреді деп түсіндірді. Бірақ билік олардың талабы орынсыз дейді.
Баспанасыз қалып, күйі әбден кеткеніне наразы жұрт 15 мамырдан бері аудандық әкімдік алдына күнде жиналып, шығынды бағалау жұмыстарын әділ жүргізуді және өтемақыны сөзбұйдаға салмай тезірек төлеуді талап етіп жүр.
Олар 19 мамырда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеуінде: "Құлсары қаласы мұнай мен газдың үстінде отырып, тұрғылықты халқының 21-ғасырда, технология дамыған заманда мынадай сорлы күйде өмір сүруі әділетті ме? Әрине, жоқ!" деп мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Алғашқы кездегідей емес, кейінгі күндері алаңға жиналатын адам қарасы азая бастағанымен, түгел тарап кетпеген.
16 мамырда Құлсарыда олармен кездескен Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов мүлікті техникалық сараптау қорытындысы жөніндегі құжатқа сүйеніп, тасқыннан зардап шеккен үйдің әр шаршы метрі нарықтағы бағамен 200-240 мың теңгеден есептелетінін мәлімдеді.
Ол егер тұрғындар 400 мың теңгеден есептеу туралы талабын тиісті құжатпен негіздеп, дәлелдей алса, ол мәселені жеке қарастыруға дайын екенін де жеткізді. Облыс әкімінің бұл сөзінен кейін кейбір тұрғындар әлгіндей шығын көлемін есептеп, негіздей алатын сарапшы іздей бастады.
Облыс әкімі мен наразы тұрғындардың әңгімесі екі сағатқа созылды. Үй-жай, дүние-мүлкінен айрылғанына қапалы жұрт "400 мың!" деп айқайлады. Алаңға жиналған жұрттың бір бөлігі әкімнің көнбейтінін байқаған соң, "мәселені шеше алмасаңыз, бізге сіз емес, Тоқаевтың өзі келсін!" деп және бір талап айтты.
20 мамыр күні премьер-министр Олжас Бектенов онлайн қатысқан жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов жылжымайтын мүлікті бағалау комиссиясына барлығы 2727 өтініш түсіп, 1000-ға жуық үй апатты деп танылғанын хабарлады. Тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлерден келген шығынды өтеу жөнінде 301 өтініш түскен.
– 500 тұрғынға бағалау қорытындысы туралы ақпарат берілді. 105 тұрғын өтемақы сомасына келісіп, келісім-шартқа отырды (53 үй апаттық жағдайда, 52 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді деп танылған). Бағалау апта аяғына дейін жүргізіледі. Құлсары қаласының "Болашақ" ықшам ауданында 150 үй салынады деп жоспарланды, қазір 70 үйдің құрылысы басталды, – деді облыс әкімі Шәпкенов.
"ӨТЕМАҚЫ ӘДІЛ ЕСЕПТЕЛСІН"
Құлсары тұрғыны Қайрат Әбуев – кәмелетке толмаған бес баланың әкесі. Бір ұлының мүгедектігі бар, тағы екі баласы – ұстамаға (эпилепсия) шалдыққан. Құлсарыда тасқын басталғалы бері бала-шағасы туыстарын паналап отырғанын айтады.
Жылжымайтын мүлікті бағалау комиссиясы Қайрат Әбуевтің тұрғын алаңы 72,6 шаршы метр үйін 7 млн 93 мың теңгеге бағалаған. 14 мамыр күні оның қолына бағалау комиссиясының қорытындысы тиген. Онда үйді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарына кететін шығын – 6 млн 49 мың теңге деп көрсетілген. Қайрат олардың есебіне келіспей, келесі күні арыз жазған.
– 7 млн теңге үй жөндеуге жетпейді. Аулада суға кеткен дүние-мүлкімнің өзі – 8 млн теңге тұрады, қаншама ағаш материалдарым су болып, бүлінді. Үлкенді-кішілі үш жылыту жабдығымның өзі 3 млн теңге тұрады. Оларды монша, басқа да ғимараттарды жылытуға жалға беретінмін. Қазір үйді жөндеуге құрылысшылар бригадасы 2,5 млн теңге сұрайды. Есептеп қарасам, үйді жөндеуге 15 млн теңгедей ақша керек екен. Маған үйімді жөндегеннен гөрі, бұзып, қайта салған тиімді. Ал қайта салуға 20 млн теңге қажет болады. Үйімнің шығынын қалай бағалағанын, неге сүйенгенін түсінбеймін, – дейді Қайрат Әбуев.
400 мың теңге деген талап қайдан шықты? 17 мамыр, 2024 жыл
Your browser doesn’t support HTML5
Бағалау комиссиясы құлсарылық Гүлнәр Ысқақованың тұрғын алаңы 121 шаршы метрге тең үйін техникалық апатты жағдайда деп танып, үй шығынын 21 млн 406 мың теңгеге бағалаған. Оған қосымша үй тұрған жер телімінің нарықтағы құны 2 млн 652 мың теңге деп есептеген. Ысқақова дәл өзінікіндей көршілерінің үйлері 28-31 млн теңгеге бағаланғанын айтады. Ауласындағы суға кеткен сарайы мен басқа да бүлінген дүние-мүлкінің шығыны есепке алынбағанына наразы.
– Қазіргі отырған үйімнің жертөлесінде үш метр су толып тұр. Үйдің іші көгеріп, иістеніп кетті. Мен жаңа үйге көшуім керек. 21 млн теңгеге үй сала аламын ба? Үйімде бір емес, мүгедектік топтағы екі адам бар. Үйдің артынан тездетіп, биыл күзге дейін баспана тұрғызып алуымыз керек, – дейді әкімдік алдына наразылығын айтып шығып жүрген Гүлнәр Ысқақова.
Тұрғындар тасқыннан кейін Құлсарыда үй бағасы қымбаттап кеткенін, бұрын айына 50-60 мың теңгеге жалға берілетін пәтерге қазір 140 мың теңге сұрайтынын айтады. Сатуға қойылған жеке үйдің бағасы да күрт өсіп кеткен. "Бұрын пәтерін 6 млн теңгеге сата алмағандар қазір 13 млн теңгеге де бермей отыр. Ал 18 млн теңге тұрған жеке тұрғын үйдің ең арзаны қазір 35 млн теңгеге өтіп жатыр", – дейді Азаттық тілшісі сөйлескен жергілікті адамдар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Топан су зардабы. Үкімет шығынды қалай өтейді?ӘКІМ АЙТҚАН ӨТЕМАҚЫҒА КЕЛІСЕТІНДЕР БАР
Құлсары тұрғындары арасында "құлаған үйдің шаршы метріне 400 мың теңгеден өтемақы берілсін" деген талапты "тым көп, орынсыз" деп сынағандар да болды. Облыс әкімі Құлсарыда халықпен кездескеннен кейін кей адамдар үйдің шаршы метрін 200-240 мың теңгеден бағалауға келісетінін айтты. Осындай пікір білдірген адамдардың сөзі жазылған видеоларды Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы да таратты.
Азаттық тілшісі сөйлескен жергілікті тұрғындардың бірі (аты-жөнін атамауды өтінді) су бұзып тастаған үйінің шаршы метрін үкімет 240 мың теңгеден есептеп, өтемақы беретін болса келісетінін, ондай ақша бүлінген үйін бұзып, қайта салуға жетіп қалатынын айтты. Оның пікірінше, көлемі шағын үйде тұрған адамдарға бұл тиімсіз.
– Мысалы, көлемі 80 шаршы метр үйдің иелері ұтылып қалайын деп тұр. Олар енді үй сала алмайды да, бірақ дайын үй сатып ала алады. Оның өзінде де 14-15 млн теңгенің арзан, кішігірім үйін сатып алуға ғана жетеді. 240 мың теңге – өзім үшін жақсы ақша. Негізі, әу баста біздің ықшам аудан тұрғындары жиналыс жасаған кезде, үйдің әр шаршы метрін 200-250 мың теңге деп есептегенбіз. Бірақ, үкімет бәрібір түсіреді ғой, сондықтан 400 мың теңге деп белгілеп қояйық деп ойладық. Енді сол бағаны айтып тұр ғой үкімет, сол себепті келістім, – дейді ол.
ӘКІМДІК АЛДЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Құлсарыдағы Жылыой аудандық әкімдігі алдында наразылық білдіріп тұрған адамдардың жартысы түнде сол жерге түнеп, жартысы күндіз келіп тұрып, бір-бірін алмастырып жүр.
Қалада интернет жиі өшіп қалатынды шығарған: кешке өшіп, таңертең қосылып жүр. Атырау қаласы мен аудандарда да интернет жұмысына шағым айтқандар көбейді. "Қазақтелеком" компаниясы "интернет жұмысында ақау жоқ" деп жауап берді. Ал қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген облыстық цифрландыру және архивтер басқармасынан жауап ала алмай отырғанын айтты.
19 мамыр күні тұрғындар Құлсарыдағы әкімдік жанына арнайы жасақ мінген екі автобус келгенін хабарлаған. Олардың бірі мұны "қорқыту амалы" деп атады.
Әкімдік пен прокуратура өкілдері наразылық білдіріп тұрғандарды әкімдік маңайында тігілген шатырларды алып тастауға, алаңнан тарауға көндірмек болған. 20 мамыр таңертең алаңда тұрғындардың арасынан бір адам әлсіреп, құлап қалған. Полиция тексеріп барып әрең өтізген жедел жәрдем көлігі ол адамды ауруханаға жеткізді деп хабарлады алаңда тұрған адамдар.
Әкімдік 18 мамыр күні Құлсарының алғашқы 15 тұрғынының қолына баспанасын жөндеуге бөлінген өтемақы тигенін хабарлады. Ал келесі күні Құлсарының 250 тұрғыны тасқыннан мүлікке келген залалды бағалау қорытындысымен танысқаны жөнінде ақпарат тарады.
Жергілікті биліктің дерегінше, төрт түліктің шығынын есептеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Тасқыннан қырылған мал басына өтемақы төлеу 21 мамырда басталды. Жылыой ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне тасқыннан малы қырылған тұрғындардан 101 өтініш түскен. Ауданда барлығы 876 бас ұсақ және ірі қара мал шығын болған.
150 АЕК мөлшеріндегі мүліктік залалды өтеу жөнінде 2707 өтініш түсіп, оның 416-ның қорытындысы дайын деп хабарлады билік орындары.
Your browser doesn’t support HTML5