Түркістан бөлімі жиілігінен – әлеуметтік желіге дейін. Азаттық медиафорумы

Азаттық радиосының операторы Санат Нұрбеков Азаттық медиафорумында. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Алматыда Азаттық радиосының 70 жылдығы құрметіне өткен медиафорумда Орталық Азиядағы сөз бостандығы талқыланды. Оны Азаттықтың бұрынғы – Түркістан, қазіргі Орталық Азия аймақтық редакциялары ұйымдастырды. Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизоды осы туралы.

Алматыда 14 қыркүйекте Азаттық радиосының 70 жылдығына орай "Уақыт кедергісінен тыс цензурасыз жаңалықтар" тақырыбымен медиафорум өтті. Жиынға Қырғызстан депутаты және АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы, жергілікті және халықаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз журналистер, қоғам белсенділері және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Құрылтайда қазіргі қалыптасқан геосаяси жағдайға орай тәуелсіз баспасөздің жұмыс істеу мүмкіндіктері және пропаганда мәселелері талқыланды. Әлбетте, Азаттықтың тарихы да баяндалды.

Подкасты тыңдаңыз:

Your browser doesn’t support HTML5

"Түркістандықтар" Алматыда не талқылады? Азаттық медиафорумы

ФОРУМНЫҢ ФОНЫ

Медифорумның Алматыда өтуінің де өзіндік себебі бар десті ұйымдастырушылар. Азаттық Орталық Азияның бес тілінде хабар таратқанымен, аймақтағы елдердің бәрінен өкілдік аша алмай келеді. Мәселен, Түркіменстанда Азаттықтың өкілдігі мүлде болған емес. Радионың Өзбекстандағы бюросы 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін жабылған. Президент ауысқанда бюроны қайта ашу туралы мәміле болғанымен, әзірге шешілмеді.

Бұл күндері Азаттық радиосының Қазақстанда, Тәжікстанда және Қырғызстанда өкілдіктері бар. Дегенмен осы елдердің өзінде Азаттық жұмысы түрлі кедергілерге ұшырап келеді. Азаттықтың қырғыз сайты былтырғы Қырғызстан-Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстан кейін сот шешімімен бірнеше ай бойы жабық тұрды. Тәжікстанда соңғы кездері журналистерді қудалау жиіледі. Азаттықтың сайты Қазақстанда да бұғаттаудың небір амалын өткеріп келеді. Медиафорум осындай жағдайда өтіп отыр.

Совет одағы ыдырағанда аймақ елдері демократияға қадам басады деген үміт оянған. Алайда бұл елдерде әлі күнге дейін сөз еркіндігі шектеліп, адам құқығы жиі аяқасты болады. Оны баянды ету – Азаттық радиосының негізгі миссиясы. Ал аймақ елдерінің билігі әзірге автократиялық жүйе мен сипаттан ажырай қойған жоқ.

"ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ КЕЗІНДЕ ӘРБІРІМІЗ ТОЛҚЫП ЖҮРДІК"

Азаттық медиафорумын радионың Орталық Азия аймақтық редакцияларының басшысы Хамид Исмаилов сөз сөйлеп ашты.

"Сталиндік репрессияның құрбаны болған қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев өз өлеңінде "Тіршіліктің көзі – ерік" дейді. Егер біз ерік (еркіндік) азаттық сөздерінің синоним екенін ескерсек, Мағжанның бұл сөзі Азаттық радиосына толықтай қатысты екенін аңғарамыз. Азаттықты және Қазақстанның тәуелсіз журналистикасын 70 жылдығымен құттықтаймын!" деді Хамид Исмаилов.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орталық Азия аймағы бойынша директоры Хамид Исмаилов Азаттық медиафорумында сөйлеп тұр. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Осыдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті қызметін атқарушы Джеффри Гедминнің жиын қонақтарына арналған видеожолдауы қойылды. Ол совет коммунизмі құлағалы бергі аралықта өріс алған Ресейдің Украинадағы соғысы мен пропагандасына меңзеп, әлемдегі демократия, либерализм және сөз бостандығына дәл бүгінгідей қауіп-қатер төнбегенін айтты.

Медиафорумда Азат Еуропа/Азаттық радиосының Таяу Шығыс аймақтық директоры Андрес Илвес өзі айтқандай бұрын Орталық Азия редакциясында қызмет еткен ақсақал ретінде сөз алды. Ол бұрын Азаттықтың Тәжік және Ауған радиосында қызмет атқарған. Ол қысқа толқынды радионы тыңдау СССР аумағындағы адамдар үшін қанша қиын болса да, Азаттық сол кезде еркін сөздің саңылауы болғанын айтты.

Ол Совет одағында үлкен үміттің басы болған Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасын айрықша еске алды.

"Біз әуелде шынайы өзгеріс әкеледі деп ойлаған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі әлі есімде. Мен сол кезде Мюнхенде едім. Сонда біз әр сағат сайын не болатынын тебірене күтіп, сондағы өзгерістерді көргіміз келген еді. Әрбіріміз толқып жүрдік. Бүгінде содан басталған өзгерістерді көріп отырмыз, - деді Андрес Илвес.

Азаттық радиосында 40 жылдай қызмет атқарған Андрес Илвес соған қарамастан қазіргі таңда да еркін ақапарат таратуда кейбір есіктердің жабыла бастағанын, кедергілер барын, соны талқылау үшін де осы медиафорум өткізіліп жатқанын айтты.

"70 ЖЫЛ ІШІНДЕ ӨЗГЕРМЕГЕН ЖАЙЛАР ДА БАР"

АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркін ханым Азаттық медифорумында радионың Семей ядролық сынақ полигонында Совет одағы атом бомбасын жарып, Сталин қайтыс болғаннан кейін құрылғанын еске алды.

"Азаттық радиосы Орталық Азия редакциясы өз жұмысын 1953 жылы бастады. Сол жылы Сталин қайтыс болды, Совет одағы сол кездегі Қазақ ССР аумағында, Семей ядролық полигонында атом сынағын жасап жатқан. Совет кезеңінде ақпарат бұрмаланатын кезде Азаттық радиосы Орталық Азия халқына объективті ақпарат таратып отырды. Совет одағы ыдыраған кезде Азаттық радиосы сенімді ақпарат құралы ретінде Орталық Азия халқына хабар таратуын одан әрмен жалғастырды. 70 жыл ішінде кей нәрселер өзгерді, өкінішке қарай өзгермеген жайлар да бар. Мәселен, Ресейдің пропагандасы мен жалған ақпараты ғаламдық деңгейде теріс әсер етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз" деді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркін.

Дипломат бүгінде Орталық Азия аймағында түрлі кедергіге ұшырап отырған тәуелсіз ақпараттың азаматтық қоғам үшін маңызын атап өтті.

Алматыда өткен Азаттық радиосы Орталық Азия аймақтық редакциясы ұйымдастырған медиафорумның жалғасында қазақстандық азаматтық белсенді, журналист Рысбек Сәрсенбай құрылтайға ақ жол тілеп, Азаттық қызметкерлеріне ықыласын білдірді.

Азаттық радиосының бұрынғы тілшісі Досан Баймолда (сол жақта) мен азаматтық белсенді, журналист Рысбек Сәрсенбай (ортада) Азаттық медиафорумында. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

"Ақиқат қайда, заңдылық қайда, демократия қайда болса, Азаттық сонда. Сонысымен де құнды. Азаттық 2011 жылы Жаңаөзенде қақтығыс болған кезде бірден іліп алып, телефон арқылы тікелей байланысқа шықты. Тілшілерін оқиға орнына жіберді. Тікелей репортаж жүргізді. Шынайы ақпарат, деректер таратты. Кешегі қасіретті Қаңтар кезінде де Азаттық журналистері оқиға ортасында жүрді. Қаңтар оқиғасы ақиқатын жеткізу үшін бүгін де Азаттық үлкен үлес қосып келе жатыр. Қазір Орталық Азия елдерінде жағдай соншалықты жақсы деп айтуға болмайды. Демократия әлі толық орныққан жоқ. Қудалау мен журналистерге төнген қауіп-қатер сейілген жоқ" деді Рысбек Сәрсенбай.

ТҮРКІСТАН РЕДАКЦИЯСЫ СОЛАЙ ҚҰРЫЛҒАН

Медиафорумда Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің директоры Венера Жұматаеваның зерттеуінің нәтижесі – Түркістан редакциясының тарихы туралы деректі фильм көрсетілді. Осы арқылы Азаттықтың Түркістан редакциясын ұйымдастырып, алғаш басшылық еткен және қызмет атқарған Орталық Азия елдерінен шыққан эмигрант журналистердің архивте сақталған бейнекөріністері тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылды.

Азаттықтың Қырғыз қызметін басқаратын Венера Жұматаева 70 жыл бұрын "Түркістан редакциясы" атымен құрылған Азаттықтың Орталық Азияға хабар тарату бөлімінің тарихы жайында баяндады. Ол бірнеше мәрте Гувер институтының архивінде болып, Азаттық радиосы Түркістан редакциясының тарихын зерттеді.

"Архив құжаттарын парақтай отырып, саяси жүйенің кесірінен біз адам ретінде, халық ретінде қаншама нәрседен айрылып қалғанымызға көз жеткіздім. Бірақ соны соңына дейін түсінбей отырған сияқтымыз. Біз тарихи санадан айрылғанбыз. Біз ұзақ жылдар бойы халқымыздың басынан кешкен трагедиялары, 1916 жылғы ұлы көтеріліс, Қырғызстандағы Ұлы үркін, Қазақстандағы Ашаршылық, саяси-діни репрессия құрбандары туралы үндемей келдік. Біз әлі күнге бетпе-бет отырып осының бәріне қалай көніп келгеніміз жайлы айтуды үйренбедік" деді Венера Жұматаева.

Азаттық медиафорумында Азаттық радиосы Орталық Азия редакцияларының тарихы туралы видеофильм көрсетілді. Авторы – Азаттықтың Қырғыз қызметінің директоры Венера Жұматаева. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Азаттық сол кезде Орталық Азия туралы жазған шетел басылымдарына шолу, әлемдегі басты оқиғалар, 1954 жылғы Венгриядағы көтеріліс, 1968 жылғы Чехословакиядағы совет әскеріне наразылық, 1954 жылғы совет түрмелеріндегі бүлікті тұншықтыру, 1959 жылғы – Теміртаудағы, 1969 жылғы Ташкенттегі жаппай тәртіпсіздік және басқа да тақырыптарды көтерді. Редакциялар Совет одағынан жүздеген газет, журнал, кітаптар алдыртып, сол кездегі жасырын ұйымдардың мәліметімен салыстырып, сараптама жасады. СССР-ден келген жаңа эмигранттардан, ұлттық және діни топтардың мүшелерінен сұхбат алды, атыс елдеріне түрлі халықаралық фестиваль, конкурс, жарыстарға келген советтік делегациялармен тілдесті. Орталық Азияда айтуға тыйым салынған тақырыптарды талдады. Өзін-өзі ұлт ретінде көрсетудің құқықтық мәселесі, саяси және азаматтық еркіндік, сөз бостандығы, ой еркіндігі, жүріп-тұру еркіндігі, діни наным-сенім туралы сөз етті. Түркістан редакциясының хабарларында совет репрессиясының құрбандары туралы бағдарламалар ерекше орынға ие болды. Жер аударылған, өлтірілген, тұтқындалған адамдардың, ұлттық және мемлекеттік қайраткерлердің өмірі мен қызметі туралы баяндады. Советтік Түркістанда олардың есімін атауға тыйым салынған еді...

"ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІ АУЫСТЫРУҒА НЕГІЗ ҚАЛАДЫ"

Алматыда өткен Азаттық медиа-форумында Азаттық радиосы Өзбек қызметінің директоры Әлішер Сыдықов "Азаттық радиосының Орталық Азиядағы журналистік зерттеулері" тақырыбында әңгімелеп берді.

Азаттық радиосының Орталық Азия елдеріндегі журналистік зерттеулері осы елдердегі билік пен соның айналасындағы түрлі топтардың бет-пердесін ашып, қоғамда әділеттің орнығуына септігін тигізіп жатыр. Бұл туралы медиафорумға қатысқан бірден-бір ресми қонақ – қырғызстандық депутат Дастан Бекешев айтып берді. Азаттықтың Қырғыз қызметінің кедендегі ахуал туралы журналистік зерттеуі елді, билікті өзгертуге ықпал етті деді ол.

"Сол топтар билікпен байланысын пайдаланып, Қырғызстаннан қомақты қаржы шығарып алып кетті. Осыдан кейін журналистерге шабуыл басталды. "Журналистердің кесірінен Қытайдан келетін арзан тауар тоқтады, Iphone 50 долларға қымбаттады" деген айыптаулар айтылды. Мұндай айыптаулар бот, фейк-аккаунттар арқылы қатты трансляцияланды. Бірақ осы журналистік зерттеу біздің президентімізді ауыстыруға негіз қалады" деді қырғыз парламентінің депутаты Дастан Бекешев.

"ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕГІ КӨРІЛІМ 100 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІ"

Сайт бұғатталса, оны қалай реттеуге болады? Бұл туралы медиафорумда Азаттық радиосы Түркімен қызметінің директоры Фаррух Юсупов айтып берді. Ал Азаттық радиосы Тәжік қызметінің директоры Салим Аюбзод аудиторияны тартуға арналған инновациялық жобалар жайында әңгімеледі.

Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Төреқұл Дооров Орталық Азиядағы төңкеріс немесе жаппай наразылықты тікелей эфирден көрсетудің тәжірибесімен бөлісті. Ол оқиға ортасындағы тәуелсіз журналистің бастан кешкен оқиғаларын мысалға келтіре отырып, хабар таратудың жедел жолдары жайында айтты. Ол Азаттықтың Қазақ қызметінің әлеуметтік желі арқылы оқиға ортасынан тікелей трансляция таратудағы ерекшелігіне тоқталды.

Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Төреқұл Дооров Азаттық медиафорумы кезінде баяндама жасап тұр. Алматы. 14 қыркүйек, 2023 жыл.

"Біз бір кезде үлкен оқиғаларды радиодан тікелей эфирден беріп келген болсақ, бұдан 8-9 жыл бұрын Youtube және Facebook желілерінде оқиға орнынан алғаш тікелей эфирге шыға бастадық. Қазақстандағы жер дауына байланысты митингілер, Қытай экспансиясына қарсы шерулер, сайлаудағы наразылықтар, ереуілшілердің жаппай ұсталуы және ең үлкен оқиғалардың бірі – 2019 жылы Астанадағы өртте бес сәби мерт болғаннан кейінгі көпбалалы аналардың митингілері еді. Ал соңғы Қаңтар оқиғасы моральдық-психологиялық тұрғыда ең ауыр трансляция болды. 2022 жылдың қаңтарында Азаттықтың Youtube арнасында бір айдағы көрілім 100 миллионнан асып, жалпы Азат Еуропа/Азаттық радиосының тарихында болмаған рекордқа жетті" деді Төреқұл Дооров.

"ПРОПАГАНДАҒА ҚАРСЫ АНТИПРОПАГАНДА – АЗАТТЫҚТЫҢ МІНДЕТІ ЕМЕС"

Азаттық медиафорумында панельдік талқылар да болды. "Жаңа медиа және технологиялар Орталық Азиядағы тәуелсіз журналистиканың дамуына қалай әсер етеді?" Бұл тақырыптағы талқыны Азаттықтың Орталық Азиядағы орыс тіліндегі контенті бойынша бас редакторы Толқын Умаралиев жүргізді. Онда спикерлер: Түркіменстаннан - Руслан Мятиев, Тәжікстаннан - Рустам Ғулов, Қазақстаннан - Жәмила Маричева және Қырғызстаннан Азат Рузиев қатысып, әркім өз елдерінде қалыптасқан жайлар туралы айтты, сұрақтарға жауап берді.

Тағы бір панельдік талқыға ұсынылған тақырып "Пропаганда және журналистика. Украинадағы соғыс тұсында Орталық Азиядағы тәуелсіз журналистиканың жұмысы". Бұл талқыны Азаттықтың Алматы бюросының жетекшісі Қасым Аманжол жүргізді. Онда спикерлер: Қазақстаннан - Дархан Өмірбек, Өзбекстаннан - Анора Содиқова, Қазақстаннан - Шалқар Нұрсейітов, Қырғызстаннан - Эмилбек Жураев, Тәжікстаннан - Ражаб Мирзо және Қазақстаннан Думан Смақов осы тақырып туралы түйгендерімен бөлісті. Қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Ресейдің Қазақстандағы пропагандасы элитаға, нақты айтқанда олардың карьерасына да әсер етіп отырғанын айтты. Саясаттанушы сондайда белгілі шенеунік Дәурен Абаевтың "үңгірдегі ұлтшылдық" туралы айтқаны оның Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметіне тез тағайындалуына әсер еткеніне тоқталды. Абаев бұл туралы "Қазақстанда орыстарға жеккөрініш бар" деген Мәскеу мәлімдемесінен соң айтқан еді.

Оқи отырыңыз: "Үңгірдегі ұлтшылдықтың" авторы Дәурен Абаевты Тоқаев Қазақстанның Ресейдегі төтенше елшісі етті

Бұл жағдайды медиа-маман Думан Смақов та қуаттады. Элита не десе, жергілікті ақпарат құралдары да соған бейім келеді. Ол Ресейдің Украинадағы соғысы басталған кезде Қазақстандағы көпшілік медиа оны Мәскеу медиасы хабарлағандай "арнайы операция" атап келгенін еске алды. Тек президент әкімшілігінің сол кездегі бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің Батыс басылымына сұхбатынан кейін ғана жергілікті ақпарат құралдары соғысты соғыс атай бастаған.

Азаттық медиафорумындағы талқы

Ал Азаттық радиосы Қазақ қызметінің редакторы Дархан Өмірбек пропагандамен күресу Азаттықтың түпкі міндетіне кірмейтінін айтты. "Азаттықтың міндеті – тәуелсіз медиа ретінде жұмыс істеп, күнделікті оқиғадан хабар тарату. Сол жұмыс арқылы пропагандаға тойтарыс беруге болады. Пропагандаға қарсы антипропаганда науқанын жасау – Азаттықтың міндетіне кірмейді" деді ол.

"ӘЛІ ДЕ АЙТАТЫН ШЫНДЫҚ ЖЕТЕДІ"

Тұңғыш рет өткізілген Азаттық медиафорумын Азаттық радиосы Орталық Азия аймақтық директоры Хамид Исмаилов қортындылап, құрылтайда талқыланған мәселелердің өзекті екенін айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта Азаттық медиафорумын өткізу дәстүрге айналуы мүмкін.

Алматыдағы осы медиақұрылтай туралы жергілікті интернет басылымдар мен әлеуметтік желіде де кеңінен хабарланып жатты.

Осы медиафорумда Азаттықтың байырғы тыңдаушысы, авторы болған Жұмаш Кенебай өзінің Азаттықтың қызметіне тілегін былай жеткізді.

"Менің өмірімде Азаттық радиосының орны ерекше. Азаттық қазір де сол биігінен түскен жоқ. Әлі де айтатын шындық жетеді. Сондықтан тәуелсіздігін алғанымен, ары қарай қалай жүрерін білмей Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік, тіпті орысқа да осы Азаттық керек. Құрылғанына 70 жыл толған бұл радиомен тоқсаныншы жылдардан бастап араласқанымды мақтан тұтамын" деді ол.

Азаттық радиосының тыңдарманы, авторы болған қоғамдық белсенді Жұмаш Кенебай Азаттық медиафорумында сұхбат беріп тұр. Алматы. 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Азаттық тоқсаныншы жылдары Жұмаш Кенебайдың Желтоқсан оқиғасы туралы "Зобалаң" поэмасын сол кездің мүмкіндігіне орай радиоинсценировка жасап, тыңдарманға ұсынған.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы демократиялық құндылықтарды баянды ету және адам құқығын қорғау миссиясын атқарады. Азаттық әзірге демократия дамымаған және сөз бостандығы шектелген аймақтарға хабар таратуын тоқтатқан жоқ. 1953 жылы наурызда Азаттық алғаш құрылған айда іске қосылған Түркістан редакциясы бүгінде Орталық Азия елдеріне хабар таратып отыр. Жалпы, Азаттық радиосы әлемнің 27 тілінде хабар таратады.

Осынша тілде хабар тарату үшін 2023 жылы радио бюджеті 146 млн 600 мың доллар болып бекітілген. Азаттық радиосының өзі хабар тарататын тілдердегі апталық аудиториясы 40 млн адамды құрайды.

"Азаттық радиосына – 70 жыл" аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.