Қордай ауданында қазақ-дүнген жанжалы болған уақытта қызып тұрған әлеуметтік желідегі көңіл-күй Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысы әкімі болып тағайындалғанын екіұдай қабылдады. Бірі Сапарбаевты күрделі мәселені шешетін "дағдарысқа қарсы менеджер" деп бағаласа, екінші жағы "бұл – зейнет жасынан асқан Сапарбаевтан өзге облыс басқаруға лайықты кадр қалмағандығының белгісі" деп санайды.
Төрт жылдан астам уақыт Ақтөбе облысының әкімі болған Бердібек Сапарбаев 2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында бес сәбидің қазасынан кейін көп балалы әйелдер наразылығы күшейген тұста екінші рет еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Ол 2007-2009 жылдар аралығында да осы министрлікті басқарған еді. Әйелдердің Ақордаға және үкіметке жәрдемақыны өсіруді және баспана беруді талап етіп барған кездері Сапарбаев шығып, наразыларға түсіндіру жұмысын жүргізуге тырысқан. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап еткен әйелдерді шетелдік сарапшылар жиыны өтіп жатқан Астана экономикалық форумы ғимараты алдынан қалай да Нұр-Сұлтан әкімдігіне алып кету үшін еріксіз өзі де автобусқа мініп, әкімдікке барған. Сапарбаевтың автобустағы бейнесі жұртшылық есінде қалды.
Наразы аналар Назарбаевпен кездесуді талап етті. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Әйелдер наразылығынан кейін Қазақстанда тұңғыш рет берілген атаулы әлеуметтік көмек Сапарбаев министр болып тұрған тұста белгіленді. Көп ұзамай премьер-министрдің орынбасары болғанда да үкіметтің әлеумет саласына жауап берді.
Ал 2020 жылы ақпанның 7-і кешке Қордай ауданы Масанчи, Ауқатты, Сортөбе ауылында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал шыққанда Сапарбаев оқиғаны тексеретін комиссия жетекшісі болып тағайындалды. Ол ауыл жұртымен кездескенде кінәлілердің "ұлтына қарамай заңға сай жазаланатынын" айтқан. Бірнеше күннен кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов "өз арызымен қызметінен" кетіп, орнына Қордайда жүрген Сапарбаев облыс басшылығына тағайындалды.
Совет кезінен бері жоғары лауазымды қызметтер атқарып келе жатқан Бердібек Сапарбаевты сарапшылардың кейбірі "ірі саяси менеджер, іскер әкім" десе, кейбірі "тозған саяси жүйенің ескі тетігі" деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сапарбаев «облыс имиджі бүлінгенін» БАҚ-тан көрді"БИЛІКТЕ БҰРЫННАН КЕЛЕ ЖАТҚАНДАР ҚЫЗМЕТТІ ҚИМАЙДЫ"
"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім "Сапарбаевтың бесінші рет облыс әкімі қызметіне тағайындалуы – билік резервіндегі кадр тапшылығының көрінісі" деп санайды.
- Меніңше, тағы бір басты себебі – билікте бұрыннан келе жатқандар жаңа кадрларға орын бергісі келмейді, жайлы қызметті қимайды. Ол қызметтің жауаптылығы да шамалы. Қордайдағы оқиғадан кейін қызметінен кеткен Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов тағы бір үлкен қызметке баратынына күмән жоқ. Шенеуніктердің бір қызметтен екіншісіне ауыса беретініне көзіміз үйренді, - дейді ол.
Халықаралық құқық саласының маманы, заңгер Руслан Түсіпбековтің пайымдауынша, Сапарбаевтың бесінші рет облысқа әкім болып баруы – оның артықшылығы емес, бүгінгі саяси жүйенің кемшілігі.
- Сапарбаев қаншалықты іскер болса да, соңғы отыз жылда қалыптасқан саяси-әкімшілік жүйенің ескірген тетігі. Ол – осы саяси жүйеге бастан-аяқ қызмет еткендердің бірі. Басқару жүйесін жаңартылып, билік жаңа буынға өтуі керек, - дейді заңгер.
Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылардың кейбірі Сапарбаевтың іскерлігін жоққа шығармайды. Саясаттанушы Дос Көшім Бердібек Сапарбаев 1999-2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі – Түркістан облысы) әкімі болып тұрғанда Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын реттеу кезіндегі дауды (Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара келісіміне 2002 жылы қыркүйекте қол қойылған. Дау тудырған Бағыс сияқты бірнеше елдімекен Қазақстанға беріліп, есесіне бірнеше ауыл Өзбекстанға өткен), 2009-2014 жылдағы Шығыс Қазақстан облысы әкімі болғанда оралмандарға байланысты даулы жағдайларды ретін тауып шешкенін айтады.
Биліктегі кадр өзгерістері жайлы сарапшылардың бірі, GR Consulting Group компаниясының басқарушы директоры Ербол Еділов Сапарбаевты 1990 жылдардан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келе жатқан іскер басшы ретінде бағалайды.
- Сапарбаев – биліктегі ықпалды шенеуніктердің бірі. Ол үкіметтің еңбек және әлеуметтік қорғау саласына маманданды, қызметке тағайындағанда осы қыры ескерілетін болуы керек. Бірақ ол – қай қызметке барса да, командасын ертіп жүретіндердің бірі. Меритократия, командамен баруды тоқтату туралы ұдайы айтылып келе жатса да, арнайы заңмен бекітпесе іске аспайтын сияқты, - дейді сарапшы.
Ербол Еділов "Сапарбаев өз көмекшісі Ержан Жылқыбаевты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі етті" деп санайды. Сапарбаевтың "ұлымды Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанына әсер етпедім" деген сөзіне де сенбейтінін айтады (былтыр сәуірде Сапарбаевтың 28 жастан асқан ұлы Жансұлтан Сапарбаевтың Есіл ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Кейін Бердібек Сапарбаев ұлымның қызметке орналасуына өзінің қатысы жоғын айтқан - ред.).
2020 жылы ақпанның 17-і күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары қызметінен кеткен Ержан Жылқыбаевтың лауазымы көбіне Бердібек Сапарбаевпен бірге өрлегені байқалады. 1982 жылы туған Жылқыбаев Сапарбаевпен Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде жұмыс істеген, 2019 жылы Сапарбаев еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болғанда Жылқыбаевты өзінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары етіп тағайындады.
"ОБЛЫС ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚ САЙЛАУЫ КЕРЕК"
"Жергілікті өзін өзі басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы" деп аталатын зерттеу авторы Дос Көшім жаңа қызметке командасымен бірге баратын шенеуніктерге таңғалмайды. Оның сөзінше, командасын ертіп барған шенеунік сол командасының ісіне жауап бере ала ма, мәселе сонда.
Дос Көшім "жоғарыдағылар жіберген әкімдер жергілікті мәселелерді толық шеше алады" дегенге күмәнмен қарайды. Саясаттанушының пайымдауынша, қандай талантты басшы болса да, жергілікті жердегі мәселелерді жалғыз өзі, тіпті командасымен де түбегейлі шеше алмайды, жергілікті мәселелерге жауапкершілікті жергілікті тұрғындардың өздеріне жүктеген дұрыс.
- Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – демократияның бір институты. Бұрын Конституцияның 89-бабында жергілікті өзін-өзі басқару туралы жазылған еді. Кейін алынып қалды да, арнайы заң қабылданбай қалды. Қазір жергілікті өзін-өзі басқару жоқ. Жергілікті өзін-өзі басқару тұрғындарға белгілі бір міндет жүктейді. Мысалы, Қордай ауданында өзекті болып отырған ұлтаралық мәселемен әкімдіктің ішкі саясат бөлімі айналысады. Одан қалса, Қазақстан халқы сияқты ассамблея шұғылданғансиды. Ал жергілікті халыққа жауапкершілік жүктелмейді, - дейді ол.
Ал заңгер Руслан Түсіпбеков Қазақстанда билікті орталықсыздандыру процесі тоқтап қалғанға ұқсайды деп есептейді.
- Ауыл, аудан әкімдерін сайлауды біртіндеп енгізу туралы билік жоспары болғаны есімізде. Бірақ ол жоспар күйінде қалды. Ауыл, аудан әкімдерін қалай сайлағанын көрдік, шын мәнінде оны сайлау деуге болмайды. Меніңше, ауыл, аудан, облыс әкімдерін халықтың өзі сайлайтын уақыт әлдеқашан жетті, - дейді ол.
ПРЕЗИДЕНТТІК РЕЗЕРВ КАДР ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШЕ МЕ?
Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда құрған, 300 адамнан құралған президенттік кадр резервіне де назар аударды. Сарапшы Дос Көшім жастар арасынан президенттік кадр резервін іріктеп алып, әмбебап сарбазға айналдырудың тиімділігіне күмәнмен қарайды.
- Кадр белгілі бір деңгейде табиғи жолмен өсуі тиіс. Жұмысын көрсетсін, халықтың сынынан, тәжірибеден өтсін. Ал емтихан алып, әмбебап сарбаз секілді іріктеуді өз басым түсіне алмаймын. Онда президенттің резервіне ілікпеген жастар не істейді? – дейді ол.
Заңгер Руслан Түсіпбековтің пайымдауынша, президенттік резерв – популизмнің көрінісі.
- Бәлкім іріктелген жастар лайықты да шығар. Бірақ оларға билік жоғары қызмет беруге ешқандай кепілдік берген жоқ. Жоғары қызметке тағайындалу үшін элитамен байланыс болуы керек, - деді сарапшы.
Президенттік кадр резерві Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдың соңында құрылған. Ресми ақпараттарға қарағанда, төрт айлық іріктеуге 13 мыңнан астам жас азамат қатысып, президенттік резерв қатарына 300 адам өткен.
Қордайдағы жанжал
- Ақпанның 7-і кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Кейін жанжал болған Масанчи ауылында қираған ғимараттан тағы бір адамның мүрдесі табылды. Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді.
- Жанжал салдарынан 23 мыңнан астам адам көрші Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.
- Қордайдағы қақтығыс – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қанды ұлтаралық жанжалға айналды. Ол оқиғалардың себебі аталған жоқ. Билік жанжал қарт ер адамның жаралануымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Кикілжіңнен соң қазақтар жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.
- Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бірақ қанша адам ұсталғанын ашып айтпай отыр.