Астанадағы "алтын шаршы" аталатын ауданда бой көтерген көпқабатты қос мұнаралы Talan Towers бизнес орталығының үлкен терезелері Бәйтерек монументі мен сол жағалаудағы ғимараттарға, оның ішінде президент резиденциясы Ақордаға қарайды. Ғимарат құрылысы енді басталғанда, осы жобаға инвестиция құйған компания иесі ақпарат құралдарына берген сұхбатында "атқарылған шаруаның бәрі билік орталығына жақын маңда, президенттің көз алдында жүзеге асып жатқанын" айтқан. Компания иесі – Болат Өтемұратов. Бұрын президент істері басқармасының басшысы және Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған адам қазір миллиардер және бірнеше саладағы әртүрлі компанияның меншік иесі.
13 қарашада Болат Өтемұратов 63 жасқа толды. Қазақстан азаматтары бұл жаста зейнетке шығады. Ұлыбритания соты Орталық Азиядағы ең дәулетті адамдардың бірі саналатын Өтемұратовтың туған күніне "ерекше" сый жасап, оның батыс банктеріндегі есепшоттарын, бесжұлдызды қонақүйлер, Қазақстандағы фастфуд желілері франшизасын басқаратын компанияларды қосқанда біраз активін бұғаттап тастады. Бұл шешім осы аптада америкалық Wall Street Journal басылымында жарияланған материалдан кейін белгілі болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ WSJ: Британ соты Өтемұратовтың активтерін бұғаттады. Бұған Әблязовтың не қатысы бар?Өтемұратовтың активтерін бұғаттау туралы шешімге бір кездері Қазақстандағы ең ірі несие беру мекемесі болған, 2009 жылы қаржы ұйымының басшысы Мұхтар Әблязов шетелге қашып кеткеннен кейін мемлекет қолына өткен БТА банктің арызы себеп болған. БТА бірнеше рет қайта құрылымдаудан өтіп, соңында басқа банктің құрамына кірген. Ал қалған бөлігі жалдамалы заңгерлер мен кеңесшілер арқылы "Мұхтар Әблязовтың директорлар кеңесінің төрағасы болған кезде заңсыз жолмен шетелге шығарған" активтерін қайтарумен айналысады. Бұл сот істері Батыста бірнеше жылдан бері жүріп жатыр. Қазақстан билігі Әблязовты миллиардтаған доллар қаржы жымқырды деп айыптап отыр. Биыл Франциядан саяси баспана алған Әблязов бұл айыптауларды жоққа шығарып, мұны өзінің елді 30 жыл басқарған авторитар басшыға қарсы шыққаны үшін "режимнің кек қайтаруы" деп бағалайды. Бұл тірес 11 жылдан бері жалғасып келеді. Жақында осы істе жаңа дерек пайда болды: БТА Британия мен Уэльс сотында Болат Өтемұратовтың бірнеше тұлға мен компанияның көмегін пайдаланып, банктен шығарылған қаржыны жасыруға атсалысқанын мәлімдеді.
Сотқа тапсырылған құжаттар туралы толық дерек жоқ. БТА банкі Азаттыққа "аталған істі әділ қарауға кедергі келтірмеу мақсатында енгізілген заңды шектеулерге байланысты" толық пікір бере алмайтынын айтты.
Сырты әйнектен жасалған Talan Towers ғимаратында Британия соты шығарған шешімнен кейін ештеңе өзгермегенге ұқсайды. Ritz-Carlton мейманханасы бұрынғыдай қонақ қабылдап, кеңселер әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Өтемұратовтың иелігіндегі банктердің де қызметі тоқтаған жоқ.
Бурабай курорт аймағына, Мәскеу мен Венадағы бесжұлдызды қонақүйлерге иелік ететін, жылжымайтын мүліктен бөлек, телекоммуникация, медиа, металл өндірісі, банк ісі, транспорт пен логистика саласында жұмыс істейтін "Верный капитал" компаниясы 2 желтоқсанда активтерді басқаруды шектеу туралы шешімнің Болат Өтемұратовтың үлесі бар компаниялар қызметіне әсер етпейтінін айтқан. Осыған дейін компания ағылшын сотының шешімін алғанын мойындағанымен, арыздың "жалған құжаттар негізінде берілгенін" айтқан. Компанияның бас директоры мәлімдемесінде "шағым дайындап жатқаны, сотта банк талаптарына қарсы шығу үшін уақыт керек екені" айтылған.
Оның алдында "Верный капитал" "Болат Өтемұратов Нұр-Сұлтанда қоғамдық бағыттағы жұмысын жалғастырып жатыр" деген хабар таратқан еді. Компания бұл хабарламасы арқылы Мұхтар Әблязовтың мәлімдемесіне жауап бергендей болды. 20 қарашада БТА банктің қуғындағы бұрынғы басшысы Facebook парақшасына "Өтемұратовты үйқамақта ұстап отырған болуы мүмкін, өйткені оған Мұхтар Әблязовқа, яғни, маған активтерді жасыруға көмектесті деген айып тағылып отыр" деп жазған. Әблязов бұл істің артында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов тұр деп есептейді. Оппозиционердің айтуынша, Мәсімов Өтемұратовты билік үшін күресте бәсекелесі көреді, сондықтан "Әблязовқа жұмыс істеді" деген айыппен оның көзін жойғысы келеді.
Өтемұратов өзіне қарсы берілген арыз бен Әблязовтың мәлімдемесіне байланысты пікір білдірген жоқ.
Азаттық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хат жолдап, "Қазақстанда Болат Өтемұратовқа немесе оның компанияларына қатысты қандай да бір тергеу жүріп жатыр ма?" деп сұрады. Бірақ ҰҚК редакция сұрақтарына осы мақала жарияланғанға дейін жауап берген жоқ.
Өтемұратовтың активтері бұғатталды. Бұл нені білдіреді?
Your browser doesn’t support HTML5
ГАСТРОНОМ ДИРЕКТОРЫНАН ПРЕЗИДЕНТ ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНА ДЕЙІН
Болат Өтемұратов – Совет одағы кезінде беделді саналған Алматыдағы халық шаруашылығы институтының түлегі. Ол 26 жасында Қазақ ССР-і астанасы Алматы қаласындағы ең ірі сауда орындарының бірі – "Юбилейный" гастрономының директоры болды. Дүкен сөресінде кездесе бермейтін сирек тауарды тамыр-таныс арқылы "алдыратын" тапшылық жылдары сауда саласындағы жұмыс табысты саналатын. Ол кезде Коммунистік партия қызметкерлерін қосқанда, көп адам дүкен директорларымен дос болғысы келетін.
Өтемұратов 29 жасында Алматы қаласы аудандарының бірінде атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Төрт жылдан кейін Қазақ ССР-і сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі мемлекеттік комитетіне жұмысқа қабылданды. Ол кезде комитетті көп жастың кәсіби тұрғыдан өсуіне жәрдемдескен (оның қолдауын көрген жастардың көбі Совет одағы тарағаннан кейін де жақсы лауазымдарда қалды) Сыздық Әбішев басқарған еді. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін сыртқы экономикалық байланыстар министрі және премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Әбішев Нұрсұлтан Назарбаевтың заңды некедегі әйелі Сара Назарбаеваның ағасы саналады.
35 жасында Өтемұратовты Қазақ сауда үйін басқаруға Австрияға жіберді. Шикізатқа бай жас республиканың әлсіз экономикасына тұрақты валюта қажет еді. Ал бұл үшін сыртқы әлеммен байланысты нығайту керек болды. Өтемұратов Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында бастапқыда Еуропаға сапарын "жер аудару" деп қабылдағанын, бірақ сол кездегі бастығы Сыздық Әбішев жаңа қызметтің көп мүмкіндікке жол ашатынын түсіндіріп, райынан қайтарғанын айтқан. Өтемұратов бастығы айтқан мүмкіндігін жіберген жоқ. Бір жылдан кейін Қазақстанға оралып, сыртқы экономикалық байланыстар министрінің орынбасары, кейіннен өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары болып қызмет атқарды.
1996 жылы Болат Өтемұратов Қазақстанның Швейцариядағы елшісі болып тағайындалды. Ол бұл қызметінен үш жылдан кейін, 1999 жылы "Қазақгейт" жанжалы басталған кезде кетті. Ол кезде Қазақстан билігінде отырған тұлғалардың Швейцария банктеріндегі шотында жатқан ондаған миллион доллар қаржы бұғатталды (АҚШ-та жүргізілген тергеу нәтижесінде Назарбаевтың кеңесшісі Джеймс Гиффен деген америкалық азаматқа "Қазақстандағы мұнай кен орындарына қол жеткізу үшін пара берді" деген айып тағылды. 2010 жылы Гиффенге айыппұл салынып, бұғатталған қаржы Қазақстанға қайтарылып, қайырымдылық қорына аударылды).
Өтемұратовтың мемлекеттік қызметтегі мансабы жоғарлай берді. Ол президенттің сыртқы саяси және экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды. 2004 жылы парламент сайлауынан кейін оппозиция "дауыс беру нәтижесі бұрмаланды" деп қарсылық білдірген кезде елде президент жанынан демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Оны басқару Өтемұратовқа жүктелді. Билік ұсыныстар дайындау үшін диалог алаңы керегін алға тартса, реформа жүргізуді талап еткен бұрынғы жас шенеуніктерден тұратын оппозиция өздерінің сөзіне ешкім құлақ аспай отырғанын, мемлекеттің авторитаризм жолына түскенін айтты.
2006 жылы Өтемұратов президент пен оның отбасын, мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттарды материалдық-техникалық, медициналық және көлік қызметімен қамтуға жауапты президент істері басқармасына басшы болып, президентке ең жақын тұлғалардың біріне айналды. Ол президент істер басқармасында үш жылдай жұмыс істеді.
БИЗНЕС ИМПЕРИЯСЫ БАР МИЛЛИАРДЕР
Болат Өтемұратовтың сайтындағы оның өмірбаянында "Жас мемлекеттің экономикасы Болат Өтемұратов пен ол сияқты мықты, амбицияға толы адамдардан басталған" деп жазылған. Онда Өтемұратовтың Қазақстандағы ең ықпалды, мол табысқа жеткен адамдардың бірі екені айтылған.
2013 жылы Bloomberg басылымына берген сұхбатында Өтемұратов "биліктегі мансабымды немесе Назарбаевпен достығымды ешқашан заңсыз баюға пайдаланған жоқпын" деген. Бірақ дерекке жүгінер болсақ, Өтемұратов бизнес империясының іргесін мемлекеттік қызметте жүргенде қалаған. Кейін ол билікте жүрген кезде империяның активтері еселеп көбейді.
1990 жылдардың ортасында Өтемұратов елдегі алғашқы жеке меншік банктердің бірі – Алматы сауда-қаржы банкін (АТФ Банк) құрды. Осы банкте Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев пен қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып отырған Кәрім Мәсімов жоғары қызметте істеген.
2007 жылы АТФ Банктің бақылау пакетін Италияның UniCredit тобы 2,1 миллиард долларға сатып алған соң Болат Өтемұратов Forbes журналының асқан бай адамдар тізіміне енді. Банкті сату туралы мәміле Батыс инвесторларының Қазақстан нарығына назар аудара бастағанының нышаны ретінде сипатталды. Бірақ алты жылдан соң UniCredit тобы шығыны көп банкті жарты миллиард доллардан аз ақшаға сатуға мәжбүр болды. Банкті Қазақстан президентінің туысы әрі жоғары лауазымды шенеунік Ахметжан Есімовтің күйеубаласы Ғалымжан Есенов сатып алды.
Өтемұратовтың қолында түрлі-түсті металл өндірісіне қоса алтын мен күміс өндейтін Kazzinc компаниясы сияқты "тәтті күлше" де болған еді. 2013 жылы бизнесмен оны швейцариялық Glencore трейдері мен Қазақстанның квази-мемлекеттік саласындағы компанияларды біріктіретін "Самұрық-Қазына" қорына сатты. Glencore компаниясы Өтемұратовқа ақшамен қоса өзінен үлес те берді.
2020 жылы нарықта алтынның бағасы шарықтаған тұста Glencore Kazzinc-тегі үлесін сататынын және алтын өндіру бизнесін дамыту жоспары жоғын мәлімдеді.
Қазір Болат Өтемұратов Қазақстанда көлемі жағынан үшінші орындағы коммерциялық банк саналатын Forte bank-тің мажоритар акционері. Биыл жыздың соңында Өтемұратовтың компаниясы иелігіндегі басқа бір банкті – Kassa Nova-ны Freedom Finance атты брокерлік компанияға сату туралы келіссөз жүргізді.
"Верный капитал" арқылы Өтемұратов Қазақстан мен Қырғызстандағы байланыс операторы Beeline компаниясына, алтын өндіретін RG Gold компаниясына, мейманханалар желісіне, тез тамақтану ресторандарының франшизасына, девелопер ұйымына иелік етеді, Қарағанды әуежайында да үлесі бар. "31 арна" мен informburo.kz сайты тәрізді медиа құралдар да Өтемұратовтың қолында.
Американың Forbes басылымының есебінше, оның байлығы 2,8 миллиард доллар, Bloomberg болса Өтемұратовтың капиталы үш миллиард доллардан астам дейді.
Батыс басылымдары Ұлыбритания сотының Өтемұратовқа тиесілі бес миллиард доллар тұратын активтерді бұғаттағанын хабарлаған.
ЭЛИТА ІШІНДЕГІ ТАРТЫСТЫҢ ҚҰРБАНЫ МА?
Болат Өтемұратов мемлекеттік қызметте жүргенде және одан кеткеннен кейін де билікпен араздасқан емес. Әйтеуір жұртқа "төрт құбыласы сай" тұлға болып көрінетін. Былтыр наурызда Назарбаев президенттіктен кетіп, өз орнына қалдырған екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге жүргені жұрт көзіне бірнеше рет түскен.
Биыл Өтемұратовтың қайырымдылық қоры Алматыдағы ботаника бағын қайта жөндеуді аяқтады. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың "жөндеу жұмысының барысымен танысқаны" туралы хабарлаған.
Бірнеше айдан соң, 23 қарашада Қарағандыдағы теннис орталығында болған кезде Тоқаев атқарылған жұмысқа ризашылығын білдіріп, Өтемұратовқа алғысын айтқан. Өтемұратов Назарбаевтың сүйікті спорт ойындарының бірі – теннис федерациясының президенті міндетін атқарады.
Алматылық саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев "билік транзиті" тұсында Өтемұратов бірінші және екінші президенттер командалары мүшелерінің арасында қыза бастаған бәсекелестік отының ортасында қалмаса да, бұл тірес оны іліп әкетуі әбден мүмкін дейді.
Сәтпаевтың пікірінше, Назарбаевтың төңірегі көрші Өзбекстанда екінші президент Шавкат Мирзияевтың тұсындағы өзгерістерді көріп, "саяси, қаржы және басқа тетіктерді пайдаланып қандай да бір сақтық амалын жасауға" тырысуы да мүмкін. Мирзияев билікке келген соң кезінде елдің бірінші президенті Ислам Каримовпен жұмыс істегендердің лауазыммен қоштасып, ал Каримовтың отбасы мүшелері бизнес құрылымдарынан айырылған.
– Ондай тетіктің бірі – қаржы саласында, сондай-ақ саяси салада, соның ішінде Назарбаевтың өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясы арқылы бәсекелестерді залалсыздандыру. Олар Тоқаевты тежеп отыруға пайдалану үшін парламентті толық бақылауына алғысы келеді. "Өтемұратов ісін" бұдан кейін өрбитін саяси процестерден, элита ішіндегі көп жылдан бері жалғасып келе жатқан, ал қазір шиеленісуі мүмкін қазіргі тірестен бөле-жара қарамау керек деп ойлаймын. "Нұр Отан" партиясының тізіміне Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның енгізілуін жұрттың оны [саяси сахнаға] Тоқаевты тежеу үшін қайта әкелді деп қабылдауы таңданыс тудырмайды, – дейді сарапшы.
Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис Өтемұратовтың басындағы жағдай меншікті қайта бөлісудің белгісі болуы мүмкін деп санайды.
– Барлығын әлдеқашан бөліп алған. Яғни енді тек меншікті қайта бөліске салу ғана қалды, ал ондайда міндетті түрде саяси ықпал саласы да қайта бөліске түседі. Немесе, бізде айтатындай "тіреуішің" үшін күрес жүріп жатыр. Кімнің "тіреуіші" мықты әрі "басты тіреуішке" неғұрлым жақын болса, онда оның "адал тапқан" дүние-мүлкін сақтап қалумен шектелмей, әлінен айырылған бәсекелесінің меншігіне де қол сұғуына кепілдік ұлғая түседі. Қазіргі жағдайда сондай әлсіздің кебін Өтемұратов киген болуы мүмкін, – дейді Жовтис.
Досым Сәтпаев Өтемұратовқа соққы қалай жасалғанына назар аударады.
– [Өтемұратовқа] соққы жасау үлгісінің өзі қызық. Яғни формальды түрде соққыны элита өкілдерінен ешкім емес, қаржы институты жасаған болып тұр. Қаржы институтына бұйрықтың жоғарыдан берілгені даусыз. Және де оны шетелдегі барлық құрылымдардың жұмысын үйлестіретін әрі негізі міндеті – қазіргі биліктің басты қарсыластарын жоюды көздейтін адамдар бергені түсінікті. Ең басты қарсылас – [Мұхтар] Әблязов, – дейді Сәтпаев. – Әңгіме Қазақстаннан тыс жерде басталған ақпараттық соғыс жайлы болып отыр. [БТА талабы туралы] халықаралық ақпарат көздері жазып жатыр. Бұл осы арнайы операцияның халықаралық деңгейде дүбір тудыру мақсатын көздеп жасалуы да ықтимал екенін білдіреді. Әу бастан бұл істі жұрттың бәрі білсін деп, көпшіліктің назарына шығаруы Өтемұратовтың қарсы амал қолдануын қиындату мақсатымен жасағандай. Егер бұл көпшіліктің көз алдында соғысқа айналып, оған Қазақстан мен халықаралық қауымдастықтың назары ауатын болса, онда бұл биліктің қарсыластарын залалсыздандырумен айналысатын белгілі бір мемлекеттік ұйымның жұмысының нәтижесі деп ойлаймын.
Досым Сәтпаев Назарбаевтың төңірегінде жүргендердің көбі өзгені әшкерелейтін ақпаратты білетіндіктен, Өтемұратовты оңай құрбан бола салатын бейшара деп қарастыруға болмайды деп есептейді.
– Бұл қатерлі ойын. Ондай қатер бары бұған дейін де көрінген. Рахат Әлиевке, Әблязовқа қатысты істер кезінде. Сайып келгенде, тұңғыш президенттің маңайында жүрген элита өкілдеріне соққы жасалғанда, оларды тығырыққа тіреген кезде оңдырмайтын қарсы соққы жасалуы да мүмкін екенін бәріміз көргенбіз. Егер бұл соғыс Өтемұратовты залалсыздандыру мақсатымен жасалып жатқан болса, онда құрбандық саналған адамның өзі қорамсағына қол салуы мүмкін, – дейді Сәтпаев.
Саясаттанушының сөзінше, "ойын ережесін жақсы білетін" бизнесменнің қатерден құтылуға әлі мүмкіндігі бар. Алайда Өтемұратовтың болашағы оған қазір тағылып отырған айыптарға емес, Қазақстандағы "билік транзиті" кімнің пайдасына шешілетініне және сол кезде бизнесмен жеңімпазды қолдаушылар қатарынан табыла ма, жоқ па – соған байланысты болмақ дейді Досым Сәтпаев.