Қарсылық. Утилизация алымын жұрт не үшін төлеп жатыр?

Алматыдағы ескі көліктерді утилизация жасайтын орындың бірі.

Қазақстандық шенеуніктер шетелден келген көлікті қайта өңдеуге деп алынатын қымбат алымды арзандатуды ұсынған белсенділердің сөзін қабылдамайтын сияқты. Ал премьер-министр елді импортқа тәуелсіз "көлік державасы" болуға үндеді. Бірақ утилизация алымы мен қазіргі жағдайдан үлкен пайда көріп отырған көлік құрастыру зауыттарына қарсы қозғалыстың қарқыны күшті.

Facebook, Instagram немесе Tik Tok әлеуметтік желілерінің қазақстандық сегментіндегі саяси бөлімдерін қарасаңыз, утилизация алымы жайлы айтып жүрген бір адамның видеосына кезігесіз.

Бұл кісі – бұрынғы шенеунік, кәсіпкер, қазір "Қайта өңдеу алымдары жойылсын" (Nyetutilsboru) деген қозғалыстың белсендісі Санжар Боқаев.

Your browser doesn’t support HTML5

Утилалым петициясы. Дау немен бітті?

Көлікті қайта өңдеуге жиналатын алым деген не? Бұл төлем түріне қарсы қозғалысты қолдаушылар неге көп?

Бірінші сұрақтың жауабы қарапайым.

Көп елде көлікті қайта өңдеуге ақша жиналады. Сонда әлгі көлік тозып, іске жарамай қалғанда, оны утилизация жасап, жоюға кететін шығын алдын ала өтеледі.

Нидерланд елінде Auto Recycling Netherlands үкіметтік емес ұйымы Голландия нарығына шеттен келген автокөліктерден бірінші жолы 20 еуродан (22 доллар) жинайды.

Қазақстанда қозғалтқышының көлемі 1,5 литр болатын импорт көліктер 60 есе, ал қозғалтқыш көлемі 2-3 литр болатын шетелдік автокөліктер 90 есе көп құн төлейді.

Көлік бағасының қымбаттауы осы жүйеге байланысты болып отыр. Екінші сұрақтың жауабын осыдан-ақ түсінуге болады.

Утилизация алымына қарсы митингіге жиналғандар үкіметке талабы жазылған қарарға қол қойып жатыр. Алматы, 17 сәуір, 2022 жыл.

Билік осы төлем түрін алып тастауға шақырған үндеулерге құлақ аса қойған жоқ.

Санжар Боқаев бастаған утилизация алымына қарсы петицияға 50 мың адам қол қойып, бұл мәселе бойынша қоғамдық талқылау өткізуді талап еткеннен кейін, 15 шілдеде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шенеуніктері төлем құнын азайту мүмкін емес дегендей пікір айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өнеркәсіп министрлігі утилалымды алып тастау талабын қабылдамады. Петицияға 50 мың адам қол қойған еді

Қоғамдық талқылауға шақырту алған Боқаев оған қатысудан бас тартты. Боқаевқа талқының "олигархтар қақпасының ішінде" – Hyundai Trans Kazakhstan көлік құрастыру зауытында өтетіні ұнамады.

Аталған зауыт – Қазақстан нарығына шетелден көлік әкелуге мүмкіндік бермейтін салықтың тікелей бенефициары.

Боқаев пен белсенді адамдардан тұратын топ үкімет қандай шешім қабылдаса да, утилизация алымына қарсы науқанды жалғастыруға уәде берді.

Санжар Боқаев (ортада) пен өзге де белсенділер утилизация алымына қарсы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр.

Биыл утилизация алымдарына қарсы Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткен шағын әрі тұрақты наразылықтар мен әлеуметтік желідегі жаппай резонансқа қарағанда, Боқаевтың қозғалысын қолдайтындар көп.

ТАЗА АУА МА, ТАЗА ТАБЫС ПА?

2016 жылы утилизация алымы қолданысқа енгізілгелі, Қазақстан билігі көлік сатып алушының қалтасына әсер ететін қымбат салық түрін ақтап алу үшін неше түрлі себеп ойлап тапты.

Утилизация алымдарынан пайда көретін негізгі тарап – үкімет тағайындаған монополист "Оператор РОП" мекемесі. Бұл компания бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаевамен байланысты.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев пен оның отбасынан іргесін аулақ салған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымдарына қарсы қоғам қарсылығын мойындап, "Оператор РОП" монополиясын тоқтатуды тапсырған-ды. Президент бұл туралы Қаңтар оқиғасынан кейін бір аптадан соң халыққа арнаған алғашқы үндеуінде айтқан еді.

Тоқаев утилизация алымының көлемін азайтуды ұсынды. Қазір бұл салықты мемлекеттік компания жинайды.

Бірақ президент утилизация алымын мүлде алып тастауды қолдаған жоқ. Ол көлік құрастырумен айналысатын отандық зауыттарды қолдау үшін салықты қалдыру керегін айтты. Қазақстандық көлік құрастырушы зауыттар утилизация алымдарын төлемейді және мемлекет оларға басқадай да қолдау көрсетеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Сексеуілді сексеуілмен ұру ма?

"ДАЙЫН БӨЛШЕКТЕН ҚҰРАСТЫРҒАННАН БАСҚА НЕ ІСТЕЙДІ?"

Утилизация алымы әу бастағы мөлшерінен қазірге дейін екі есе арзандады. Бірақ мамырда үкіметтің петицияларға арналған сайтында жарияланған утилизация алымына қарсы петицияда салық көлемі әлі де халықтың қалтасына ауыр тиіп отырғаны айтылған.

"Бұл бәсекені жойып, көлік, ауыл шаруашылығы және арнайы техника бағасының шарықтауына әсер етті. Одан бөлек, көлік пен механизацияға қатысты күллі дүниенің: жүк тасымалы, механизация және қоғамдық көлік қызметі, азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, баспана мен басқа да шығын бағасы өсті", – делінген петицияда.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлия Назарбаева "жаңа Қазақстанға" қауіп төндіріп тұр ма?

Әлия Назарбаева мен оның компаниясы ойыннан шыққаннан кейін утилизация алымының ірі бенефициары – көлік құрастыратын зауыттар болды. Оларға ұлттық автокөлік нарығын монополизациялап, көрші елдердегіден қымбат баға қоюға рұқсат берілді.

Импорттық көлік салығынан пайда көретін бенефициарлар деп отырғанымыз – Allur өнеркәсіп тобының басшысы Андрей Лаврентьев пен осы аптада қоғамдық талқы өткен Hyundai Trans Kazakhstan компаниясына иелік ететін Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов сияқты "олигархтар".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үкімет көлік шығаруға қойылатын талапты жұмсартты, біреулер оны "ұят" санайды

Биліктің дерегінше, Қазақстанда көлік құрастыру саласында кемі 20 мың адам жұмыс істейді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен компаниялар үшін жаңа сынақ басталды: көбі "Отандық зауыттар шетелден келетін дайын бөлшектерден автомобиль құрастырғаннан басқа не істейді?" деген сұрақ қоя бастады.

Боқаев өткен айда Allur компаниясына экскурсияға барып, бұл күмәнді одан әрі күшейтті. Компания блогерді зауытқа шақырғанына өкініп қалса керек.

Боқаевтың Allur зауытынан түсірген видеосында трактор құрастыратын кәсіпорындағы дәнекерлеуші күнделікті жұмысын дұрыс атқара алмайды.

Facebook пен Instagram-дағы миллионнан астам көрермен пікірі екіге жарылды: не зауыт қызметкері видеода бұрын істеп көрмеген жұмысын істеп жатыр, не ол күнделікті жұмысын осылай нашар істейді, ал бұл көлік сапасы мен жолдағы қауіпсіздікке күмән туғызады.

Утилизация алымына қарсы митинг. Алматы, 17 сәуір, 2022 жыл.

ЕЛЕС ФАБРИКАЛАР ЖӘНЕ ҚАРАЛАУ НАУҚАНЫ

Санжар Боқаевтың видеолары әлеуметтік желіні бұрын да шулатқан.

Белсенді былтыр қазанда біреудің ескі тракторын сатып алып, оны кезінде үкімет 11 миллион долларға салып, 2021 жылдың аяғында іске қосқан зауытқа апарып, көлікті қалай өңдейтінін көргісі келген.

Бірақ зауыт жұмысшылары кәсіпорында әлі бірде-бір көлік өңделмегенін айтып белсендіні шығарып салған. Мемлекеттік ақпарат құралдары жарыса мақтаған кәсіпорын көлік өңдеуге жақын арада кіріспейтінге ұқсайды.

Кезекті зауытқа барып, тракторын утилизациядан өткізе алмаған Боқаев президент Тоқаевқа: "Қазақстан азаматтары қайта өңдеуге не үшін ақша төлеп жатыр?" деген заңды сұрақ қойған еді.

Бұрын "Оператор РОП" атқарған қызмет түрі мемлекеттік "Жасыл Даму" компаниясына өтті. Жаңа компания зауыттар жұмыс істемейтінін, өйткені кәсіпорынды іске қосу туралы актіге әлі қол қойылмағанын, ал мемлекет РОП активтерін 2 жыл бұрын алып қойғанын мойындады.

Утилизация алымын арзандату туралы түпкілікті шешімді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қанат Шарлапаев қабылдайды.

Бірақ министр 15 шілдеде Алматыда өткен қоғамдық талқыға қатыспады. Шарлапаев сол күні министрлік алдына жиналып, наразылық білдірген белсенділермен сөйлесуге де шықпады.

Көп адам қатыса алмаған қоғамдық талқыда ештеңе өзгермеді. Шенеуніктер бірінен кейін бірі шығып, утилизация алымдары не үшін керегін түсіндіруге тырысты. Олар Боқаевтың петициясындағы дәйектерге күмән келтірді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев "Халықтың 80 пайызында көлік жоқ. Олар жақсы қоршаған ортада тұрып, таза ауа жұтуға құқылы" деді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев (оң жақта) утилалым жөніндегі петицияны талқылап тұр. Алматы, 15 шілде, 2024 жыл.

Шенеуніктің сөзінше, 2022 жылы утилизация алымы арзандағалы, Қазақстанға ауаны ластайтын ескі көліктер көп келе бастаған.

Nyetutilsboru тобының белсенділері мұны шындықты бұрмалау деп атайды.

Белсенділердің сөзінше, жаңа көлік қымбат болғандықтан, адамдар көлік ауыстырудың орнына ескі көлігі әбден тозып, жүрмей қалғанша мінеді. Көлік алғысы келгендердің ақшасы ескі автомобиль сатып алуға ғана жетеді.

Қоғамдық талқылаудан бірнеше күн бұрын премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан көлік державасына айналуы тиіс деген идеяны қолдап, елдегі көлік өнеркәсібін өндірістік процестер тізбегін кеңейтіп жатқаны үшін мақтады.

Бірақ 20 миллион халқы бар Қазақстан Қытай, Ресей, Өзбекстан сияқты сыртқы нарыққа көлік шығаратын елдермен көрші орналасқан.

Биліктің оптимистік мәлімдемелерімен қатар, үкіметті жақтайтын Telegram арналарда Боқаевты сынау науқаны жүрді.

Оларға ілік болатын бірнеше дерек бар.

Алматы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Санжар Боқаев (сол жақта) Қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл толуына арналған "Ұлы дала жаңғырығы" көрмесін ашу шарасында тұр. Алматы, 3 шілде, 2015 жыл.

Санжар Боқаев 2019 жылы билікті сынайтын белсенділер қатарына қосылмай тұрып, Алматы әкімдігінде әртүрлі қызмет істеген. Тіпті, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның кеңесшісі болған.

2015 жылы Боқаев Алматы әкімдігі ішкі саясат департаментінің басшысы қызметінен кетті.

Департамент құзырына саяси демонстрацияларға рұқсат беру де кіреді.

Боқаев былтыр Азаттыққа берген сұхбатында саяси тәуелді органда жұмыс істегеніне өкінбейтінін мәлімдеген.

Ол жауынгер ретінде өз рөлін атқарғанын, бірақ сол арқылы жүйені ішінен көріп, тәжірибе жинағанын айтады.