Accessibility links

Онлайн-петиция көбейді. Не өзгерді?


Утилизация алымына қарсы митингіге жиналғандар үкіметке талабы жазылған қарарға қол қойып жатыр. Алматы, 17 сәуір, 2022 жыл.
Утилизация алымына қарсы митингіге жиналғандар үкіметке талабы жазылған қарарға қол қойып жатыр. Алматы, 17 сәуір, 2022 жыл.

Үкіметтің арнайы сайтында жарияланған көліктің утилизация алымына қарсы петиция 50 мыңнан астам азаматтың қолын жинап, тиісті мемлекеттік органның қарауына түсті. Оны қарастыратын жұмыс тобы құрылып, оның отырысына петиция авторлары шақырылып, жиынның форматы, жоспары көп дауға негіз болды.

Бір қарағанда, қоғам мен үкімет арасында қызу диалог жүріп жатқандай. Шынымен солай ма? Осыдан төрт жылдай бұрын ұсынылып, биыл ғана жүзеге аса бастаған онлайн-петиция бастамасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай "азаматтардың реформаға бастамашы болуына" мүмкіндік жасады ма? Әлде бұл халықаралық адам құқықтары ұйымы "орныққан авторитаризм" деп сипаттайтын Қазақстандағы демократияның бутафориясы ма?

"ЕСТИТІН ҮКІМЕТТЕН" ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНА ДЕЙІН

Онлайн-петиция туралы Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында айтқан. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әлі Қауіпсіздік кеңесінің және биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы болып тұрған тұста жарияланған жолдауда президент: "Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петицияның бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуы тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс" деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев"Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 23 сәуір, 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев"Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 23 сәуір, 2019 жыл.

Бір жарым жылдай бұрын ғана билікке келіп, одан соң елде әлеуметтік, саяси талаппен көшеге шығатындар көбейген тұста Тоқаев қоғаммен диалог орнатуға уәде беріп, ұлттық сенім кеңесін құрып, "еститін үкімет" концепциясын да енгізген.

Дегенмен ол кезде Азаттық сөйлескен сарапшылар жаңа президентті Назарбаев ықпалынан шыға алмады, саяси-экономикалық реформаның нақты бағытыны ұстана алмады деп сынаған.

Оппозициялық топтар саяси партия құруға ұмтылып, белсенділер күн құрғатпай митингіге шақырып жатты. Бірақ олар түрлі кедергіге тап болып, қуғындалды, құқық қорғау ұйымдары "саяси тұтқын" қатарына қосқан адамдар саны артты.

Қымбатшылық пен жемқорлыққа наразы болған халық басқа тақырыппен бірге утилизация алымының көптігін, оның артында Назарбаевтың кіші қызы Әлияға қарасты компания тұрғанын да жиі айтты.

УТИАЛЫМ, ЛГБТ, ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТЫЙЫМ

"Қоғамдық бақылау және әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталған заң жобасы 2021 жылы-ақ жасалып, талқыдан өтіп жатқан. Бірақ президент оған араға екі жыл салып, тек былтыр 3 қазанда ғана қол қойды.

Ал петиция жазатын ресми портал тек биыл 4 сәуірде іске қосылды. Аз уақытта "Қазақстан халқы утилизация алымы мен алғашқы тіркеуге қарсы" деп аталған петиция 50 мың адамның қолын жинады.

Утилизация алымына қарсы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы. Астана, 13 маусым, 2024 жыл.
Утилизация алымына қарсы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы. Астана, 13 маусым, 2024 жыл.

Петицияны талқылау бойынша жұмыс тобының отырыстары басталғаннан-ақ мәселе көбейді. Оның авторы – белсенді Санжар Боқаев бастаған топ отырысқа телефон алып кіруді және оны тікелей эфирден көрсетуді талап етті.

Олардың айтуынша, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилалымға қарсы белсенді топты жиынға қатыстырып, мәселені "жабық есіктің ар жағында" өткізіп, өздеріне қажет шешімді шығартып алмақ болған.

Утилалымды талқылау комиссиясы өзара келісе алмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Бұған наразы болған белсенділер енді бұл мәселе бойынша референдум өткізу жөнінде петиция бастаймыз деді. Олардың айтуынша, утилалымды сақтап қалу үшін күрестің артында автокөлік өндірісінің алпауыттары тұр.

Осы аралықта бұл петицияға қарсы "Халықтың табысын арттыру үшін! Өндірісті дамыту үшін!" деген петиция пайда болып, оған да 10 мыңдай адам қол қойып үлгерді.

Кей телеграм-арналар оған "Қарметтің" (бұрынғы Arcelor Mittal) қызметкерлерін күштеп қол қойғызып жатыр деген дәлелденбеген ақпарат тарады. "Қармет" жақында көлік утилизациялайтын зауытқа ие болған деген хабар тараған.

Утилизация алымын жоюды талап еткен адамдар әкімдікке келіп тұр. Ақтөбе қаласы, 27 наурыз, 2024 жыл.
Утилизация алымын жоюды талап еткен адамдар әкімдікке келіп тұр. Ақтөбе қаласы, 27 наурыз, 2024 жыл.

Бұдан соң электронды петиция порталында бірыңғай сағат белдеуін алып тастау, ЛГБТ-ны "насихаттауға" тыйым салу және шенеуніктердің құмар ойын ойнауына шек қою туралы петициялар көп қол жинай бастады. Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ "насихатына" қарсылық туралы петицияны қарайтынын мәлімдеді, ал министр Аида Балаева петицияға қажетті қол санын 50 мыңнан көтеру ықтималдығын қарайтынын да айтты. Петиция порталы іске қосылған бір жарым ай уақыт ішінде біраз мәселе қозғалып, қоғамда белсенділік артқандай болды.

"МҮМКІНДІКТЕР ТЕРЕЗЕСІ"

Дұрыс пайдалана алса, петиция азаматтардың саяси өмірге қатысуына мүмкіндік беретін негізгі құрал бола алады дейді сарапшылар. Мәселен, Eurasian center for people management ұйымының жоба жетекшісі, әлеуметтанушы Айман Жүсіпованың айтуынша, петицияның арқасында "қоғам ішінде талқы жүріп", жұрт жаңа ақпарат пен идеялар ала бастайды.

"Аманат" партиясы атынан сайланған мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бұл заңды "әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және басқа мәселелер бойынша қоғамның уәждерін мемлекетке жеткізетін жаңа тетік" деп сипаттайды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров

– Петиция институты еліміздегі қордаланып қалған экономикалық, экологиялық мәселелерді шешуге, қалыптасып келе жатқан әртүрлі экономикалық топтардың мүдделерін қорғауға, белгілі бір дәрежеде заңға әсер етуге берілген мүмкіндіктер терезесі деп айтуға болады, – деді Сайыров Азаттыққа.

Бұл мүмкіндікті Қазақстан қоғамы қалай пайдаланып жатыр? Әлеуметтанушы Айман Жүсіпованың пікірінше, жалпы бағыт дұрыс.

– Пікірталас жаңа деңгейге шықты: азаматтардың саяси сауаты еселеп өскені анық, қоғам қайраткерлері, белсенділер эмоцияға емес (бірақ бұған да негіз бар), нақты да түсінікті сараптамалық тұжырымдарға сүйеніп әрекет етіп жатыр, ал бұл елдегі шынайы жағдайды көрсетіп тұр. Демек бұл норманы енгізу елдегі демократияның дамуына оң әсер етері сөзсіз. Бірақ толық диалог туралы айту әзірге ерте, – дейді Жүсіпова.

Депутат Сайыровтың сөзінше, петиция институты "тікелей демократия механизмі ретінде қалыптасып жатыр деуге барлық негіз бар және ол қазір іс жүзіне асып жатыр". Оның пікірі бойынша, петицияда талабын қойып отырған азаматтардың көзқарасын сыйлау керек, бірақ екі тарап та "компромиске баруды үйренгені жөн, себебі демократия дегеннің өзі – компромисс".

"БУ ШЫҒАРУ" ЖӘНЕ "САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР"

Кей пікір бойынша бұл петиция ережесі халықтың ішіндегі "буды шығару" әдісі не "қоғамдық талқы" деңгейіндегі нәрсе болып қалуы мүмкін. Себебі онлайн-петицияны жариялау, оны қарастыруға қабылдау тәптіштелгенімен, оның әрі қарайғы нормативтік-құқықтық актіге айналу механизмдері, қарастыру тәсілдері пысықталмаған.

Саясаттанушы Дос Көшімнің сөзімен айтсақ, заңда "тек оны "талқыға салады" дегеннен басқа ештеңе жоқ".

– Ол (петиция – ред.) осы мәселені шешуге қандай деңгейде көмектесе алады? Әлде сол мәселеге көңіл аударумен шектеле ме? Онымен шектелсе, ол әрине жеткіліксіз. Заңда соның шешілу жолдарын нақты көрген жоқпын, – дейді Дос Көшім.

Санжар Боқаев
Санжар Боқаев

Утилалым бойынша жиындарға қатысудан бас тартып, талаптарын қойып жүрген белсенді Санжар Боқаев та осы жайтқа жиі назар аударады. Боқаевтың сөзінше, жұмыс тобына кіретін 36 адамның 30-ы – мемлекеттік органға не автокөлік өндірісіне қатысы бар адамдар. Сарапшылардың айтуынша, петиция қабылданғанан кейінгі ойын ережесінің бәрін үкімет анықтайды, мұнда азаматтық қоғамның аяғы тұсаулы.

Саясаттанушы Шұғыла Қилыбаеваның пікірі де осы оймен үндес. Оның айтуынша, петицияны қарастыру процесінің ашықтығы – петицияның толыққанды демократиялық механизм болуының басты кепілі.

– Петицияны қарастыру процесі мүмкіндігінше ашық болуы керек, петицияны қарастыру бойынша ақпаратқа қоғамның қолы жетуі қажет әрі петиция бастамашыларымен кері байланыс орнауы тиіс. Петиция формал нәрсе болып қалмай, оны қарауға жауапты адамдар жұрттың сұраныстарына жылдам әрі кәсіби түрде жауап беріп, нақты әрекетке айналуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Билік азаматтардың пікірін расымен ескеріп, соның негізінде шешім қабылдағаны маңызды. Бұл үшін петицияда көрсетілген талаптарды жүзеге асыруға құлшынған саяси ерік-жігер болуы қажет, – деді Шұғыла Қилыбаева Азаттыққа сұхбатында.

Оның айтуынша, осы факторлар ескеріліп, іс жүзінде қолданылса заң Қазақстан азаматтарының талаптарын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Болмаса, "оның әлеуеті кәдеге жарамай қалады".

"ДИАЛОГ ИМИТАЦИЯСЫ"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл заңды жай ғана жалған "бу шығару" әдісі емес, "саяси қатысу мен диалогтың нағыз имитациясы" деп сипаттайды. Оның айтуынша, Тоқаев өкіметі осы заң арқылы "халық үніне құлақ асатын үкімет" концепциясын жүзеге асырып жатырмыз деп көрсетуге талпынады.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт

– Азаматтар түрлі тақырыптарда онлайн-петиция бастап, қол қойып, қол жинау арқылы, халықаралық қауымдастық алдында да, қазақстандықтар алдында да азаматтарға саяси белсенділікпен айналысып жатқандай мүмкіндік жасағандай көріну [мақсаты тұр], – дейді Шалқар Нұрсейіт.

Дегенмен, теория жүзінде қоғам пікірін ескеру елдегі наразылықты басуға септігін тигізеді деген пікір бар. Дұрыс іске асса "бұл соңында биліктің легитимдігіне, шешім қабылдау процестерінің ашықтығына алып келеді, бұл жемқорлықты азайтып, ел басқаруды тиімді ете түседі" дейді Айман Жүсіпова. "Пікірді ескеру кезінде түрлі көзқарастар назардан тыс қалмайды, соның арқасында шенеуніктер біршама теңдестірілген, негізделген шешім қабылдайды".

Депутат Ерлан Сайыров заңның кемшілігі болуы мүмкін екенін, оның қоғам талаптарына, сыни пікірлерге қарай, өзгеруі де ықтимал екенін айтады, себебі заңды қабылдау – "перманентті процесс" дейді ол.

ӘКІМ ОТСТАВКАСЫН, ҰҚШҰ-ДАН ШЫҒУДЫ ТАЛАП ЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ

Ресми онлайн-петиция алаңы пайда болғанға дейін азаматтар басқа платформаларда петиция толтырып, қол жинап жүрді. Олардың арасында кезіндегі Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен қазіргі әкім Ерболат Досаевтың отставкасын талап еткен петицияларды мыңдаған адам қолдады. Сонымен бірге құрамында Ресей бар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және Еуразия экономикалық одағы сияқты ұйымдардан шығу туралы петицияны да ондаған мың адам жақтады. Бірақ ол арыздардың заң күші болмады.

Әкім Бақытжан Сағынтаевтың қызметтен кетуін талап еткен жазу қаладағы көше қиылысындағы көпірге ілулі тұр. Алматы, 15 қаңтар, 2022 жыл.
Әкім Бақытжан Сағынтаевтың қызметтен кетуін талап еткен жазу қаладағы көше қиылысындағы көпірге ілулі тұр. Алматы, 15 қаңтар, 2022 жыл.

Жаңа заң ережелері бойынша, мұндай саяси талаптар қойған петициялар қарастырылмайды. Заңда петицияға енгізуге болмайтын 17 мәселе бар. Олардың арасында, мәселен, мемлекеттік органдардың құзыреті, сайлау және референдум заңдарымен реттелетін мәселелер, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық келісімдерінің шарттары петицияға арқау бола алмайды деп жазылған. Бұл халықтың саяси өмірге қатысу еркін шектей ме? Дос Көшім ең алдымен петицияға енгізуге болмайтын талаптардың көптігінен секем алады әрі бұл азаматтық қоғамның шынайы дамуына әсер ете алмай ма деп қауіптенеді.

Ал депутат Ерлан Сайыровтың айтуынша, бұл заңдағы нормалардың барлығы қазіргі ішкі-сыртқы жағдайға, геосаяси ахуал мен мемлекеттің мүддесіне негізделіп дайындалған, бірақ онда "мемлекет өз мүддесін күштеп қорғамауы керек".

"ОФФЛАЙН БЕЛСЕНДІЛІКТІ ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАНУ"

Сарапшылар ең көп қауіп ететін нәрсе – заңның азаматтардың жиылу бостандығына әсері. Себебі митингіге шығудың орнына халық бұл мәселені электронды жолмен үкіметтің алдына қоя алады деген түсінік қалыптасады. "Бұл адамдардың митингіге шығуын тоқтатуға көмектесетін бір құрал сияқты" дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы Дос Көшім
Саясаттанушы Дос Көшім

– Менің ойымша, мұның артында режимнің әкімшіліктен рұқсат сұрамай, азаматтардың өз конституциялық құқықтарын пайдаланып жасаған митингілері мен пикеттерін, яғни оффлайн белсенділікті толығымен "заңсыз" деп тану мақсаты тұр. Яғни, "онлайн-петиция бойынша арнайы заң қабылдадық, осыдан төрт жыл бұрын митингілер бойынша заң шығардық, сондықтан заң шеңберінде саясатпен айналысуға барлық жағдай жасалған, сендерге одан басқа не керек?" деген желеумен биліктен тәуелсіз азаматтардың оффлайн белсенділігін барынша заңсыз деп тану, биліктің өзі сызып берген шеңбер ішінде белсенділікті жалғастырғысы келетін азаматтарға ғана саясатпен айналысуға мүмкіндік беру мақсаты тұр, – дейді Шалқар Нұрсейіт.

"САЯСИ ШИЕЛЕНІС" ПЕН "МЕНТАЛ ШАРШАУ"

Сарапшылар петиция институты дұрыс қолданылмаса, оның салдары да болуы мүмкін деп ескертеді. Мәселен Айман Жүсіпованың айтуынша, бұл ереже "қоғамды азаматтардың көзқарасы ескерілетініне сендіріп, іс жүзінде қарапайым адамдардың белсенділігін арттырып алған соң жеме жемге келгенде оған көз жұма қараса, бұл бәлкім керісінше әлеуметтік шиеленісті арттырып, билік пен қоғам арасын алшақтатып жіберуі де ықтимал".

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталығына жиналған адамдар. 5 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталығына жиналған адамдар. 5 қаңтар, 2022 жыл.

Дос Көшім де дәл осындай болжам айтады. Оның ойынша, механизм дұрыс жұмыс істемесе, бұл "адамдарды одан сайын толқытып жіберуі әбден мүмкін".

Ал Шалқар Нұрсейіт онлайн-петиция заңының дұрыс жүзеге аспауының психологиялық салдары да болады деп болжайды. Оның айтуынша, қол қойған петициясынан нәтиже шықпаған азаматтар түбінде "болдырып, күдер үзеді".

"Яғни, азаматтар онлайн-петицияға бір рет, екі рет, он рет қол қояды, бірақ оның барлығы нақты шешімге ұласады дегенді білдірмейді. Психолог мамандардың айтуынша, онлайн белсенділік оффлайн белсенділікке ұласпағаннан, нақты шешімдерге жол ашпағаннан кейін азаматтар саясаттан көңілі қалып, жалпы қоғамдық белсенділіктен алшақтай береді. Менің ойымша, біздің авторитар режим осы мақсатты көздейтін сияқты", – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG