Бәрі бәз-баяғы қалпында қалған өзгеріс.
Елді отыз жылға жуық билеген бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда кенет отставкаға кететінін мәлімдегенде, жергілікті және шетелдік бақылаушылардың түрлі пікірлері осындай бағаға тоғысқан.
Назарбаев биліктен кеткенімен, саяси өмірден алыс кетпеді. Ол кезектен тыс президент сайлауына дейін елді басқару тізгінін өзіне адал, саяси тәжірибесі мол дипломатқа тапсырды.
Сол жылы 9 маусымда президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлауда жеңіске жеткенде, Қазақстан тарихындағы ең ірі наразылық болды. Астана мен Алматы қалаларында полиция мыңдаған адамды ұстады.
Бірақ 2022 жылдың қаңтарында одан әлдеқайда ауқымды наразылықтың аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, кемінде 238 адам қаза тапқан. Сол шақта Тоқаев жағдайды тұрақтандыру үшін Ресейдің үлесі басым бітімгерлік күштерін шақырып, билік тізгінін уысынан шығармай, сақтап қалды.
Қазақстан президенті 2029 жылы қазіргі 7 жылдық өкілет мерзімі аяқталған соң, қайта сайлауға түспеуге уәде берген. Бірақ Тоқаев әкімшілігі президенттік мерзімнің екінші жартысында Қанды Қаңтардың қайталанбауын қамтамасыз ете ала ма?
ЕСКІ ЖӘНЕ ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ТІРЕКТЕРІ
Халық арасында Қанды Қаңтар аталып кеткен 2022 жылғы оқиғаларға дейін Тоқаев біртіндеп Назарбаевтан іргесін аулақ салуға тырысты. Ол кезде бірінші президент "елбасы – ұлт көшбасшысы" мәртебесі мен маңызды лауазымдарға ие еді.
Тоқаев билікке келген алғашқы айларда "еститін мемлекет" саясатын қолға алды.
Ағылшын тілінде азаматтардың әр қадамын бақылау сияқты әбестеу мағынасы болғанымен, қазақша және орыс тілінде бұл сөз мемлекет халықтың үніне құлақ асуға дайын екенін білдіретін ұғымға айналуы керек-тұғын. Бұл бір жағынан, бұрын халықтың жанайқайын естімей келгенін биліктің мойындауына ұқсайды.
2020 жылы Тоқаев бейбіт жиын өткізу туралы жаңа заң қабылдады. Оған сәйкес, биліктің рұқсатынсыз өтетін демонстрациялар заңсыз деп танылды.
Президент әкімшілігі бұл заңды елеулі өзгеріс деп көрсетті. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы мұны "ескі жүйедегі болмашы прогресс" деп бағалады.
Бұл рас. Өйткені заң қабылданғалы 4 жыл өтсе де, әлі күнге дейін билік саяси астары бар бейбіт жиындарға түрлі сылтау тауып, рұқсат бермейді.
Қанды Қаңтар мұнайға бай болғанымен экономикасы жүдеу Маңғыстау өңірінде сұйылтылған газ бағасының күрт қымбаттауынан басталды.
Жаппай тәртіпсіздік Қазақстанның басқа өңірлеріне тез тарап, саяси сипат ала бастады. Наразылық соңы қарулы қақтығысқа ұласты. Бақылаушылардың көбі бұл оқиғаларды бұрынғы президенттің туыстары мен Тоқаев арасындағы билікке талас деп түсінді.
Тоқаев Қаңтар оқиғасын пайдаланып, Назарбаев пен оның отбасын биліктен біржола ысырып тастады. Енді халық Тоқаевты жаппай тәртіпсіздік кезінде бейбіт тұрғындарға қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берген шенеунік деп таниды.
– 2019 жылы Тоқаев жүйені өзгертеді деп сену – ақымақтық дегенмін. Оның өзі – осы жүйенің өнімі. Жоғары шенді шенеунік бола жүріп, осы жүйені құруға Тоқаев та үлес қосты, – дейді тәуелсіз саяси сарапшы Досым Сәтпаев.
– Енді Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанына" сенген адамдар тиімсіз бюрократия мен олигархтар орнында қалғанын, саяси қуғын-сүргін тоқтамағанын, президенттің жанында реформаторлар командасы жоғын көріп отыр, – дейді ол.
Сәтпаевтың пікірінше, ең үлкен мәселе – елді болашақ дағдарыстардан алып шығатын мықты институттардың жоқтығында.
– Назарбаев сияқты Тоқаев та қолдан басқаруды жөн көреді. Назарбаев жүйесі билеуші отбасы, қауіпсіздік блогы, тиімсіз бюрократия және олигархтар сияқты төрт тірекке сүйенді. Тоқаевтың жүйесі де дәл сондай, тек билеуші отбасы ғана жоқ. Режим тұрғысынан алғанда, үш аяғы бар орындыққа қарағанда, төрт аяғы бар орындық әлдеқайда тұрақты болады.
Былтыр Германияның қаржыландыруымен Алматыдағы Demoscope әлеуметтік орталығы сауалнама жүргізген-ді. Оның қорытындысына сәйкес, халықтың 70 пайызы Тоқаевты қолдайды.
Бірақ әлеуметтанушылар азаматтардың 87 пайызы 2019 жылы отставкаға кеткеннен кейін Назарбаевтың билігін жақсы бағалаған.
ГЕОСАЯСИ ШИЕЛЕНІС
Қанды Қаңтар басталғанда, Тоқаев шешім қабылдайтын көп тұлғаның бірі ғана еді. Жасы 82-ден асқан Назарбаев түсініксіз себеппен "ұлт көшбасшысы" болып қалды.
Бұрынғы президенттің туыстары танымал мемлекет қайраткерлері болды. Ал Назарбаевтың сенімді тұлғалары билік органдарында жоғары қызметтерде істейтін.
Наразылық кезінде өршіген саяси тіресте жеңіске жеткен Тоқаев шынайы президенттікке қол жеткізді.
Бірақ Тоқаевтың билігі өзі басқара алмайтын жағдайларға толы болды.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдері Мәскеуге қарсы санкция салды. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Сондықтан соғыс қазақ дипломатиясы мен экономикасы үшін үлкен сынақ болды.
Кремль Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевқа қол ұшын созғаны үшін Астана да Мәскеудің Украинаға қарсы соғысын ашық қолдайды деп күтті.
Бірақ олай болмады. Ресейлік сарапшылар мен депутаттар Астананың "бейтарап позициясын" сынап, "көрші елде русофобия артып барады" деп байбалам салып, Украинадан кейін Қазақстанға кезек келуі мүмкін дегенге меңзеді.
Осы қысымға қарамастан, Астана Қытаймен, Ресеймен және Батыс елдерімен қарым-қатынасында тепе-теңдік сақтап қалды. Геосаяси шиеленістен жол табу – Тоқаевтың мықты тұстарының бірі.
Өткен айда бұрынғы сыртқы істер министрі және БҰҰ бас хатшысының бұрынғы орынбасары Тоқаев Euronews агенттігіне "орта державалардың" халықаралық әріптестікті қолдаудағы рөлі туралы үміт сыйлайтын мақала жазды.
"Ұлы державалардың саясаты мен біздің икемділігіміз қиын дипломатиялық жағдайдан шығып, ортақ келісім мен бітімгерлікке жол ашады", – деді ол.
Тоқаев дәл осы ойын Қазақстан ішінде жүзеге асыра ала ма? Оны алдағы уақыт көрсетеді.
ПІКІРЛЕР