Accessibility links

"Кедейлік артқан", "адам хақысы шектелген", "билік сыншылары қамалған" Қазақстан


Алматыда полиция оппозиция митинг өтеді деп белгілеген жерге келгендерді ұстап жатыр. 25 қазан, 2023 жыл.
Алматыда полиция оппозиция митинг өтеді деп белгілеген жерге келгендерді ұстап жатыр. 25 қазан, 2023 жыл.

АҚШ-та орналасқан Human Rights Watch (HRW) ұйымы әлемдегі адам құқығына байланысты 2024 жылғы есебінде "Қазақстан билігі 2023 жылы жиі бұзылған адам құқығы мәселесін шешу үшін конструктивті шара қабылдамады және адам құқығын бұзғандарды жауапқа тартпады" деді. Адам құқығы саласындағы беделді ұйым 11 қаңтарда жариялаған құжатында Қазақстанда кедейшілік өскенін де айтады.

HRW 2023 жылғы оқиғалардың негізінде жариялаған есебінде Қазақстан қанды Қаңтар оқиғасынан екі жыл өтсе де "наразыларға күш қолданып, негізсіз қамаған, азаптаған жауапты қызметкерлердің көбі жауапқа тартылмағанын" жазады. Бұған қоса, ұйым Қаңтар оқиғасы бойынша "тергеу істері бір жақты болды" деп бағалай келе, наразылыққа шыққан 1200-ден аса адам сотталғанын, ал орган өкілдерінен тек ондаған адам ғана жауапқа тартылғанын атап өткен.

"Билік Қаңтар оқиғасы кезінде Тараз, Қызылорда, Шымкентте ондаған адамның өлімі бойынша істерді офицерлердің ісінде қылмыс әрекеті жоқ деп жауып тастады. Бұған қоса, қаза тапқан кемі 15 адамды соттады, осылайша сотта өзін қорғау ережесі бұзылды" деп жазылған ұйымның есебінде.

Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алу шарасы. Алматы. 5 қаңтар 2024 жыл.
Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алу шарасы. Алматы. 5 қаңтар 2024 жыл.

HRW Қазақстанда бейбіт митингілер өткізуге, сөз бостандығына және діни наным сенімге заң жүзінде қатаң шектеулер әлі сақталғанын айтады.

Human Rights Watch Қазақстанда 2023 жылы кедейлік өскенін, кедейленген адамдар тобы экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын жүзеге асыра алмай отырғанын атап өткен.

"Қазақстандың әлеуметтік көмек көрсетіп жатқанымен, елдегі негізгі көмек бағдарламасы "Атаулы әлеуметтік көмек" алудың талабы қиын, тексерісі көп. Осының салдарынан тұрмысы төмен адамдар бұл көмектен қағылып отыр. Табысы аз отбасылар бұл жеңілдікті аларда алалауға тап болады" дейді ұйым.

"ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ТОПТАР КЕДЕРГІГЕ ҰШЫРАП ЖАТЫР"

Есепте Қазақстан 2023 жылы 19 наурыздағы парламент сайлауын "демократиялық стандарттарға сай өткізе алмағаны", "оппозициялық топтар партия болып тіркелуі жолында көп кедергіге ұшырап жатқаны" жазылған.

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы былтырғы парламент сайлауы "саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар" деп мәлімдеген еді.

Шымкент тұрғыны Ақлима Пернеева сайлаудың ресми қорытындысына қарсылық білдіріп тұр. 12 сәуір 2023 жыл.
Шымкент тұрғыны Ақлима Пернеева сайлаудың ресми қорытындысына қарсылық білдіріп тұр. 12 сәуір 2023 жыл.

Сайлау қорытындысы бойынша мәжілістегі басым орынды биліктегі "Аманат" партиясы иеленсе, қалған орындарды билікке жақын "Ауыл", Respublica, "Ақ жол", Қазақстанның халық партиясы (коммунистер), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары өзара бөлісті. Бірмандатты сайлау учаскелерінен өткендердің көбі – "Аманат" партиясының мүшелері. Мәжіліске өте алмаған тәуелсіз кандидаттар сайлау нәтижесін мойындамады.

HRW Қазақстанда қамау орындарында адамдарды азаптағандарды дұрыс жауапқа тартпай отырғанына да алаңдайды. Қаңтар оқиғасында адамдарды азаптау фактісі бойынша органдардың 23 қызметкері ғана жауапқа тартылғанын, ал азаптау күдігімен қозғалған ондаған іс "дәлел жоқ" деп жабылып қалғанын да атап өткен.

Қазақстан түрмелеріндегі азаптау фактілеріне қатысты халықаралық ұйымдар жиі айтады. Мәселен, былтыр сәуірде БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің делегациясы Қазақстанға келіп, түрмелерді, уақытша қамау изоляторларын, тергеу изоляторларын, полиция бөлімшелеріндегі қамау орындарын аралаған. Комитет Қазақстан түрмеге қамалғандарды азаптаудан қорғауды күшейтуі керек деген.

HRW биылғы есебінде билікті сынаған белсенді Тимур Дәнебаевтың түрмеде азапталғанын, билік сыншыларының, соның ішінде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамайдың, белсенді әрі журналист Әйгерім Тілеужанның, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық тобының жетекшісі Марат Жыланбаевтың сотталғанын атап өткен.

Марат Жыланбаев сот залында.тұр. 2 қараша 2023 жыл.
Марат Жыланбаев сот залында.тұр. 2 қараша 2023 жыл.

Мамайдың "билік өкіліне бағынбады, жалған ақпарат таратты" деген айыппен 6 жылға бас бостандығы шектелсе, Тілеужан "Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алмақ болды" деп 4 жылға түрмеге кесілді. Ал Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген айыппен 7 жылға сотталды. Үшеуі де сот үкімімен келіспейді және істің саяси астары бар деп санайды.

"БЕЙБІТ ЖИЫНҒА ШЕКТЕУ ҚАТТЫ, ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ КҮШТІ"

HRW Қазақстанда бейбіт жиын өткізуге шектеу әлі қатты екенін, биліктің рұқсатынсыз наразылыққа шыққандар ұсталып, айыппұл алып я 10-15 күнге қамалатынын айтады. Есепте Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп наразылыққа шығып жүрген қазақтардың да қамалғаны көрсетілген.

Oyan, Qazaqstan белсенділері 16 желтоқсанда билікке талап айтып шыққан бейбіт митингілері үшін жазаланды.
Oyan, Qazaqstan белсенділері 16 желтоқсанда билікке талап айтып шыққан бейбіт митингілері үшін жазаланды.

Ұйым 2023 жылы Қазақстанда журналистерге қысым күшейгенін, тілшілердің көліктері мен үйлеріне шабуыл жасағанына алаңдаушылық білдірген.

Есепте Қазақстанда жұмысшыларға тәуелсіз кәсіподақ құруға кедергі жалғасып жатқаны, діни еркіндік әлі шектелгені, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған қарақалпақ белсенділері босқын статусын бермегені айтылады.

Құқық қорғау ұйымы Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық іске жатқызбай отырғанын, отбасындағы зорлық кең тараса да, көп айтылмайтынына алаңдайды. Бұған қоса, HRW Қазақстан билігі 8 наурызда әйелдер мәселесін көтеру үшін ұйымдастырылмақ болған Әйелдер маршына рұқсат бермей қойғанына назар аударған.

2023 жылы қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынған. Осы жағдайдан соң елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатаңдатып, қылмыстық статус беру талабы қайта күшейген. БҰҰ есебінше, елде жыл сайын 400 әйел күйеуінің я серіктесінің қолынан қаза табады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметкен 2024 жылдың алғашқы жартысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын дайындауды тапсырған.

HRW Қазақстан ЛГБТ өкілдеріне заңды түрде қорғау тетігін ұсынбай отырғанын атаған. Бұған қоса, есепте мүгедек балалар қоғамнан оқшауланып отырғаны, олардың инклюзивті білім алуына әлі толық мүмкіндік жасалмағаны көрсетілген.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау, цензура, саяси тұтқындар жоқ деп біледі. Мәселен, биыл Қазақстан президенті Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында "Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ... Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалау­шы органдар болуы керек" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG