Accessibility links

Апелляциялық сот Жанболат Мамайдың үкімін өзгеріссіз қалдырды


Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұрған Жанболат Мамай. 13 ақпан 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұрған Жанболат Мамай. 13 ақпан 2023 жыл.

Алматы қаласының апелляциялық соты тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының лидері Жанболат Мамайға қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде оның жары Инга Иманбай Facebook парақшасында жариялады.

"Бүгін Жанболаттың изоляцияда отырғанына 499 күн болды. Біз күресуді жалғастыра береміз. Біз енді Жоғарғы сотқа, БҰҰ-ның комитетіне шағымданамыз", - деп жазды 29 маусымда Инга Иманбай.

Жанболат Мамай 10 сәуірде Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген еді. Үкімге сай, оған осы уақыт аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. 29 маусымда үкім ресми түрде күшіне енді.

Мамай сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым берген.

Саяси белсенді Жанболат Мамай 2022 жылдың ақпан айында ұсталған. Ол сол жылдың қараша айына дейін тергеу абақтысында отырды. Кейін үйқамаққа шығарылған.

Мамай өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саясиланғанын айтқан. Кейбір қоғам белсенділері Мамайға тағайындалған жазаның мақсаты – "президент мерзімі аяқталғанша саяси аренаға президентке қарсы тұратын, биліктің қылмысын әшкерелейтін адамды жібермеу" деп санайды.

Биыл көктемде БҰҰ-ның жұмыс тобы "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен алты жыл шартты жаза алған Жанболат Мамайдың ісі бойынша есеп әзірлеп, оны "жөн-жосықсыз бостандығынан айырған" деген қорытындыға келген еді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Жанболат Мамайға шыққан үкімді сынаған.

XS
SM
MD
LG