"МЕКТЕПТЕ ТАЛЫП ҚАЛДЫ"
38 жастағы Ырысгүлдің (аты өзгертілді – ред.) алты баласы бар. 2018 жылы ауылдан аудан орталығына көшкен соң, үйдің үлкені – 13 жасар қызының үлгерімі нашарлап, мінезі өзгере бастаған.
– Жаңа ортаға дұрыс бейімделе алмады ма, ауылдан көшіп келген соң сабағы нашарлап кетті. Ештеңеге зауқы соқпай, үндемей отыра беретін болды. Бірдеңе сұрасақ, жауап бермейді, – дейді Ырысгүл.
Анасының айтуынша, оқушы қыз оған дейін сіңлілерімен, туыстарымен жақсы әңгімелесіп, ортаға оңай кіретін. Бірақ жаңа мектепке ауысқалы тұйықталып, ашылып сөйлесуден қалған, түнде үнемі жылап отыратынды шығарған.
– Мектептен үйге келгенде, көзі ісіп, жылағаны білініп тұрды. "Не болды қызым?" деп сұрағанымда: "Ештеңе болған жоқ. Жай құлап қалдым" деді. Сосын бөлмеге барыпты да, мерзімі өтіп кеткен дәрілерді уыстап ішіп алыпты. Құтқарып қалдық, – дейді анасы.
Мектепте оқушылардың топтасып әлсіз сыныптасын жәбірлеуін, жанды жеріне тиюін буллинг немесе әлімжеттік дейді. Интернет келгелі осы бір әлімжеттік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер арқылы да жасалатын болған, оны кибербуллинг деп атайды.
Мамандар кибербуллингтің дәстүрлі әлімжеттіктен қауіптірек екенін айтады және оны суицидке итермелейтін факторлардың біріне жатқызады. Ырысгүлдің сипаттауына қарағанда, қызы дәл осы кибербуллинг нысанына айналған.
– [Әлеуметтік желідегі] әртүрлі топқа қызымды жамандап жазыпты. Жаманатты қылып тастаған. Мектептегі балалар да оған жоламайтын болған. Балалардың қылығын жүрегіне қатты алып, талып қалған кезі де болды, – дейді Ырысгүл.
Анасының айтуынша, осы оқиғадан кейін қызымен мектеп психологы жұмыс істеген, бірақ одан ешқандай пайда бола қоймаған, қызы күйзелістен арылмаған.
– Кибербуллингті кім бастағанын анықтамадық. Қызым бір жылдай аптасына 1-2 рет психологқа барып жүрді. Кейін "күйзелісті өзім жеңемін" деді. Бірақ арылғанын әлі көрмедім. Қазір де тұйық, ашылып ештеңе айтпайды. Құрбылары жоқ, жақын араласатын ешкімі жоқ. Түнде жылайды. Не үшін жылап жатқанын сұрасам, үндемейді. Биыл колледжге оқуға түседі, ол жақта қалай болатынын білмеймін, – дейді Ырысгүл.
Мамандар кибербуллингтің дәстүрлі әлімжеттіктен қауіптірек екенін айтады. Мәселен, жай буллингтің өзінде ондайға тап болған адам тұрғылықты жерін ауыстырса, жеңілдеп қалуы мүмкін. Ал кибербуллингте ондай шекара жоқ, жәбірлеуші(лер)ден қашып құтылу қиын. Сондай-ақ, буллинг интернетте жылдам тарайды. Оның үстіне интернеттегі жәбірлеу оңайшылықпен өшпейді, ұмытылмайды. Ал мектеп жасындағы балалардың жағдайында, кибербуллинг ата-ана мен мұғалім назарынан тыс жасалады, іс-әрекеттің бәрі онлайн болғаннан кейін жәбірленушінің жақындары не болып жатқанын білмей қалады.
Журналист әрі қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова осыдан бірнеше жыл бұрын Нұр-Сұлтан мектептерінде 8-11 сынып оқушылары арасында кибербуллинг жөнінде сауалнама жүргізгенін айтады.
– Таңғалғаным, кибербуллингпен көбі таныс болып шықты. Бірақ "Мұндай жағдайда кімге хабарласасыз?" дегенде, бірде-бір оқушы "мектеп психологына" деп жауап бермеді. Кейбірі ата-анасы мен мұғалімді белгілепті. Көбі достарына айтады екен. Оқушылар кімнен көмек сұрарын білмейді. Біз жүргізген сауалнамада көбі буллинг жасаған болып шықты, бірақ буллинг жасап жатқанын өздері де сезбеген, – дейді Бэлла Орынбетова.
Бірақ бұдан кибербуллингке тек балалар ғана ұшырайды деп қорытуға болмайды дейді Орынбетова. Оның айтуынша, ересектердің өзі де виртуал әлемге енді ғана үйреніп жатыр, олар да онлайн жәбірлеуге қалай жауап беруді біле бермейді.
"КИБЕРБУЛЛИНГКЕ ТАП БОЛҒАНЫМДЫ БІЛМЕДІМ"
Кейде жапа шеккендер де кибербуллингке ұшырағанын байқамай қалады. 20 жастағы Айымгүл (есімі өзгертілді – ред.) әлеуметтік желіден түрлі пікір мен хабарламаны көргенде жанын қоярға жер таппағанын айтады.
– Суретімді салсам, астына бет-әлпетімді сынап кететін. "Түрің жаман", "киімің жараспайды", "кәрі көрінесің" деген сияқты. Басында неге олай жазады деп көңіліме қатты алатынмын. Қайырымдылықпен айналысамын. Оны да жасандылыққа балағандар болды. Неше түрлі аудиохат, смс келетін, – дейді бойжеткен.
Айымгүл мұның кибербуллинг екенін кейін түсінген.
– Бар жетістігіңді ата-анаң сатып әперген дейді. Жақында көлік жүргізу куәлігін алдым. Оны да сатып алғансың, енді сен көлікпен жүрсең, көшеге шықпайтын болдық қой деп жазатын. Instagram-да оқырманым көп емес, бірақ жалған аккаунттар көп. Оларды кім ашып, артында кім тұрғанын үнемі білгім келетін. Бірақ кейін іздеуден пайда жоғын түсіндім. Әсіресе, бет-әлпетіме және ата-анама қатысты сөздер ауыр тиді. Психологым жақсы болды, ата-анаммен жақын болдым. Соның арқасында қатты күйзелмей, ондайға онша мән бермеуді үйрендім, – дейді Айымгүл.
Ол жақында блогер болғысы келген бір танысы әлеуметтік желідегі осындай жазбаларға шыдай алмай, 25-қабаттан секіріп кеткенін айтты.
– Адамдар айтып-жазған сөзі қаншалықты ауыр болатынын түсінуі керек деп ойлаймын. Ойнайтын зат емес. Өлімге дейін апаруы мүмкін ғой, – дейді ол.
Отбасы психологы Ержан Мырзабаев кибербуллинг көбіне әзілден басталатынын айтады.
–Егер мұндай әзілді уақытында тоқтатпаса, адамның садомазохистік ерекшеліктері көрінуі мүмкін. Өзгелердің ашу-ызасына тиген қалай күшті деген ой қалыптасуы мүмкін. Мұндай садимазохистік мінез-құлық адамда жүре пайда болады. Басқа адамға зақым келтіруден ләззат ала бастайды, – дейді ол.
Психологтың сөзінше, қисынды сыннан айырмашылығы, әдетте буллинг ұйымдастырған іс-әрекеттен өрбиді.
– Мысалы, бір танымал адам пост жазып, әйел құқықтарын таптаған болса, оған аудитория қарсы шығып жатса, бұл буллинг емес. Бұл – аудиторияның сол кісінің жағымсыз әрекетіне реакциясы. Бұл жерде ұйымдасқан әрекет жоқ. Буллингте ұйымдасқан әрекет болады – дейді ол.
КИБЕРБУЛЛИНГ ҚҰРБАНЫ КІМ?
Ержан Мырзабаев кибербуллинг құрбандарының психологиялық портретін жасау өте қиын екенін айтады.
– Кибербуллингке кез келген адам тап болуы мүмкін. Әр адамның психологиялық тұрғыдан әлсіз тұсы, психологиялық жарасы болады. Егер қарсы тарап соған тиіп кететін болса, бұл кез келген адамға жағымсыз әсер етеді. Тіпті, өзіне сенімді, өзін жоғары бағалайтын адамның да психологиялық жарасы болуы мүмкін. Кибербуллерге қандай да бір реакция білдірудің өзі оның құрбанына айналу деген сөз, – дейді ол.
Ержан Мырзабаев кибербуллинг құрбанына айналатындардың мінез-құлық ерекшелігі, әлеуметтік жағдайы да оншалықты рөл ойнамайтынын айтады.
Десе де, түрлі дерекке қарағанда, онлайн жәбірлеуге, қорлауға көбіне әйелдер жағы душар болатын көрінеді. Мәселен, 2016 жылы британдық The Guardian басылымы өз материалдарының астындағы 70 миллион комментарийді зерделеп, мейлінше көп жәбірленген немесе троллингке тап болған 10 авторды анықтаған. Оның сегізі әйел болып шыққан. Ал қалған екеуі ер азамат болса да, олардың нәсілі қара болған. Басылым қорлауға мейлінше аз тап болған 10 авторды анықтаған, оның бәрі – ер адам.
"Қазақстан ннтернет қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі де осыған ұқсас дерек келтіреді. 2011-2019 жылдары бірлестікке кибербуллинг жасалғаны туралы 19 048 шағым түскен. Оның 70 пайызы қыз-келіншектен түскен.
Орталық Азиядағы гендер мәселелерін зерттеуші, профессор Молдияр Ергебеков мұның себебін патриархал мәдениеттен іздеу керек дейді.
– Патриархал мәдениетте жақсы қасиеттің бәрі ер адамға, жаман қасиеттер әйел адамға телінеді. Психологияда селекциялық қабылдау (Selective perception) деген ұғым бар. Патриархал мәдениет бізді селектив қабылдауға итермелейді де, нәтижесінде әйелдер қандай да бір қателік жасаса, дәл сол әрекетті жасаған ер адаммен салыстырғанда көбірек зардап шегеді. Кибербуллингке де жиірек ұшырайды, – дейді Ергебеков.
Оның сөзінше, кибербуллингтің өршуіне қоғамдағы "ұят" ұғымының белгілі бір топтарға ғана қолданылуы да әсер етеді.
– "Ұят" деген ұғым бар. Оны екі түрлі қоғам екі түрлі қабылдап жатады. "А" деген қоғам үшін ұят деген адамгершілік, әділет, жемқорлыққа жол бермеу мағынасында қабылдаса, "Б" деген қоғам оны белгілі бір топтар немесе таптар үшін қолдануы мүмкін. Мысалы, әйелдер үшін немесе әлеуметтік осал топтар үшін. Мысалы, "Кім айтты сендерге он бала ту деп!" деген сияқты айыптаулар болады. Бірақ осыны айтқан адам жемқорлыққа көз жұма қарайды. Бұл – көбіне консерватив қоғамда болатын жағдай, – дейді ол.
Молдияр Ергебеков адамдар "ұят" деген ұғымды дұрыс мағынада қолдануды үйренуі керек дейді.
– "Ұят" деген менің киімім, ешкімге залалсыз өмір сүру салтым емес, "ұят" деген – қоғамның әл-ауқатына нұқсат келтіретін іс-әрекет. Мысалы, жемқорлық, қоғамды алдау. Осы мағынаны әлдеқайда жоғары дәрежеге көтерсе, бұл жерде адамның өзіне деген сенімі де артады. Кибербуллинг жасап жатса, оны аса елемейтін де болады. Екіншіден, әрине, басқа біреуге кибербуллинг жасап жатқанда оны тоқтатуға тырысу маңызды, оның дұрыс емес екенін, адамның жеке өміріне өзі ғана жауапты екенін айту керек. Бізде осы нәрсе жетіспей жатады, – дейді ол.
"ТЕРІС ПІКІРГЕ ЛАЙК БАСҚАНДАР ДА КИБЕРБУЛЛЕР"
Жастардың интернетке, кибербуллингке және құмар ойынға тәуелдігін азайтумен айналысатын ReStart жобасының жетекшісі Бағлан Серік те адамдар интернеттегі этиканы үйреніп, кибербуллинг құрбандарын барынша қолдауы керек дейді.
– 17 өңірде Telegram топтар аштық. Бір адамға кибербуллинг жасап жатса, бейресми топтар оған қолдау танытып, тығырықтан шығуына көмектеседі. Бір адамға жаман пікір жазылғанын байқаса, сол жерге барып жақсы нәрсе жазып кетеді. Кибербуллингке ұшырағандарды қолдау өте маңызды. Ал теріс пікірге біреу "лайк" басса, біреудің жеке басына қатысты жазбаны бөліссе, ол да кибербуллинг жасағанға жатады. Оның барлығы да кибербуллингке үлес қосушы, кибербуллинг жасаушы болып есептеледі, – дейді Бағлан Серік.
Оның сөзінше, кибербуллингке ұшырағандар бірден оны жақынына айтып, балағат пікірді өшіріп, кибербуллерді бұғаттағаны дұрыс. Ал біреудің жеке басына қатысты жазбаны ары қарай таратпаған жөн.
– Бұл әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Кез келген видеоны тарата беруге болмайды. Ертең сен де қылмыскер болып есептелесің. Әркім өз ісіне жауап беруі керек. Интернетте шекара жоқ болғандықтан, жай буллингке қарағанда кибербуллингті анықтау қиын, – дейді Бағлан Серік.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан заңнамасында "кибербуллинг" ұғымы жоқ, бірақ буллингтің бұл түріне жататын іс-әрекет үшін әкімшілік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жаза бар.
– Біреудің рұқсатынсыз фотосын тарату, жазған хатын жариялау үшін де жаза қарастырылған. Бірақ біреудің ар-намысына тигендерді сотқа беру үшін кімнің тіл тигізгенін нақты білу керек. Кибербуллингтің фейк аккаунттардан жасалуы да жағдайды қиындата түседі, – деді құқық докторы Халида Әжіғұлова 2020 жылы кибербуллингке арналған брифингте. – Ішкі істер министрлігі қанша киберқылмыс жасалғанын, қаншасы ашылғанын айтпайды. Елімізде суицид бойынша статистика бар да, оның қаншасы кибербуллинг кесірінен болғаны туралы статистика жоқ. Яғни, осы жағын қолға алуымыз керек.
Сол брифингке қатысқан "Қазақстан интернет қауымдастығы" бірлестігінің президенті Шавкат Сабиров адамдардың санасын өзгертпей, заңды өзгерте берудің пайдасы жоғын айтады.
– Біздің проблема – кибербуллингке ұшырағандардың көбі құқық қорғау органдарына арыз жазбайды. Кибербуллинг туралы заңда миллион бап болуы мүмкін, бірақ халықта құқық қорғау органдарына деген сенім болмай, (ештеңе өзгермейді). Егер тиісті органдарға бара алмаса, анонимді түрде болса да, арнайы орындарға хабарласқан жөн, – дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Соңғы сәтке дейін өзгеден көмек күтеді". Суицидке кім, не үшін барады? Алдын алуға бола ма?"Ол сөзді көтере алмады". Жазушы Аягүл Мантайдың қазасы жайлы жақындары мен таныстары не деді?"Лох", "черт", "тоқылдақ". Әскердегі психологиялық әлімжеттік басылмай тұр"Топ бала өлімші етіп сабаған". Төбелес салдарынан мерт болған жасөспірімнің туыстары не дейді?"Әлімжеттік көрген оқушы кімнен көмек сұрарын білмейді"