Азаттық: Ересек адам аяқ астынан "ақылынан адасуы" мүмкін бе?
Айгүлім Әбетова: "Ақылымнан адасатын шығармын" деген қорқыныш қала халқының арасында кең таралған. Бірақ көбіне мұндай уайым психиканың стресс пен артық салмаққа реакциясынан туады, яғни ешқандай психикалық ауру болмайды.
Кез келген жағдайда психотерапевт немесе психиатр не істеу керегін айтып, демалып, күш жинау, психика сыр берсе, психотерапиядан өту немесе дәрі ішу сияқты кеңестер береді.
Адам психикалық кілтипанмен туады деген пікірмен келіспеймін. Науқастың туабітті пайда болған эндогенді кінәраты болса да, бәрібір зат алмасудың бұзылуы, ми жарақаты, тамыр ауруы, стресс сияқты ауруды қоздыратын басқа себептер болады.
Азаттық: Қазір адамдар көбіне өзіне депрессия немесе биполярлы кінәрат деген диагноз қойып алады. Мұндай диагноздар шынымен көп кездесе ме?
Айгүлім Әбетова: Иә, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде депрессияға шалдыққан адам саны артып келеді. Кей адам депрессияда жүргеніне қарамастан, дәрігерге бармай, өз бетінше немесе жақындарының көмегімен ауруды жеңіп шығуға тырысады. Депрессия жеңіл болса және психологиялық фактордың әсерінен туса, бұдан стреске себеп болған оқиғаға қарым-қатынасыңды өзгерту арқылы арылуға болады. Бірақ депрессияның анық байқалатын белгісі көп болса, кәсіби маманның көмегіне жүгінген дұрыс. Өйткені депрессияның салдары ауыр болуы мүмкін. Ең ауыр салдарына суицид пен оның күрделі формасы (бірінші жақындарын, таныстарын, кейін өзін өзі өлтіру) жатады.
Өз бетінше диагноз қойып, емделу тиімсіз. Кейде "депрессияда жүрмін" деп келген адамды тексеру кезінде дәрігердің көмегін қажет ететін басқа да психикалық кінәраты барын анықтаймыз. Сондықтан кәсіби маманға барған дұрыс: республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында онлайн-кеңес беру қызметі бар.
Азаттық: Ал биполярлы кінәрат ше?
Айгүлім Әбетова: Ол да дәл осы сияқты: депрессия мен мания алма-кезек ауысып отырады. Мания "маньяк" дегенді емес, көтеріңкі көңіл-күйді білдіреді. Бұрын көңіл-күйі жақсы кезде өзін ерсі ұстап, "мен – ұлымын, баймын" деп ойлап, өзінде барын тарата бастайтын адамның ессіздігін "мания" деп атайтын. Мұндай адамдардың ойлау жүйесі жылдам жұмыс істейді, іс-қимылы да тым жылдам болады. Бізде биполярлы аффективті кінәраты бар адамдар көп емес, бірақ бұл аурудың әртүрлі формасы кездеседі: шамалы көтеріңкі көңіл-күй артынша жеңіл депрессияға ұласатын амбулаториялық нұсқалар бар, оларды басқаша "циклотимия" деп атайды. Мұндайда адам жұмыс істеу қабілетінен айырылмайды. Бірақ өкінішке қарай, биполярлы кінәраты барлар өте ауыр маниакалды, депрессивті кезеңді бастан кешіреді. Кейінірек мұның басқа да белгілері байқалып, адам "өте үлкен күнә жасадым, өмір сүруге құқығым жоқ" деп, өзін өзі айыптай бастауы мүмкін.
Азаттық: Сарапшылардан басқа адамдар науқастың психикалық кінәрат белгісін ажырата ала ма?
Айгүлім Әбетова: Адам өзіне жат қылық көрсете бастаса, сыртқы фактордың әсерінен өзгерсе, зерттеп көру керек. Бұл міндетті түрде адамда шизофрения басталды дегенді білдірмейді, мүмкін ол депрессияға түсіп, болып жатқан оқиғаларға негативті қарай бастаған шығар. Аяқ астынан адамның мінез-құлқы өзгерсе, мұқият қарау керек. Нақты диагнозды науқаспен жұмыс істеген кәсіби маман ғана қоя алады.
Азаттық: Ал бір адамның бойынан әдеттен тыс өзгеріс байқалса, бірақ ол дәрігерге баруға көнбесе ше?
Айгүлім Әбетова: Өкінішке қарай, психоз басталған кезде адамның сыни ойлау қабілеті төмендейді. Ол өз әрекетіне баға бере алмайды. Ондай өзгеріс оған оғаш болып көрінбейді. Оған барлық ой-санасы, айналада болып жатқанды қабылдауы ақиқат сияқты, сондықтан науқастың мінез-құлқы да осыған сай өзгере бастайды. Бірақ туыстары, достары бұған назар аударып, кәсіби маманға баруды ұсынса, ол келісуі мүмкін. Агрессия адамның өзіне бағытталатын аутоагрессия жағдайында науқас өзін кінәлі сезінеді. Бұл депрессияның белгісі болуы мүмкін. Көбіне адамдар дәрігерге өзі барады. Кейде туыстары қоймай жүріп, тексеруге ертіп апарады. Барлық жағдайда психиатриялық тексеру ерікті түрде жүреді, яғни, дәрігерден кеңес алуға ол адамның келісімі болу керек. Тексеруді науқастың рұқсатынсыз жүргізуге тура келетін кездер де болады. Бұл өзіне немесе айналасындағы адамдарға қауіп төндіретін ауруға шалдыққан науқасқа қолданылады. Бұл жағдайда емдеу шарасы мәселенің негізі жойылғанша жалғаса береді.
Күштеп емдеу сот қаулысы бойынша жүргізіледі. Емдеудің бұл түрі құқық бұзған, қылмыс жасаған кезде ақыл-есі дұрыс болмағаны дәлелденген азаматтарға ғана қолданылады.
Кәмелетке толмаған балаларды тексеріп, емдеуге қамқоршыларының рұқсаты керек. Олар баланы еркінен тыс емделуге әкеле алады. Бірақ бұл күштеп емдеуге жатпайды.
Өкінішке қарай, қоғамда антипсихиатриялық түсінік бар, бірақ адамдардың көбі ерікті түрде келеді.
Азаттық: Психиатрияға деген сенімсіздік Совет одағында және қазіргі постсоветтік елдерде психиатрия қызметін кейде билікке қарсы шыққан азаматтарды жазалау үшін қолданумен байланысты болса керек. Құқық қорғаушылар осылай дейді. Стационарға ақыл-есі сау адамды әкелген, психиатрия жазалау әдісі ретінде қолданылған кездер болды ма?
Айгүлім Әбетова: Психиатрияға деген сенімсіздік бұл термин пайда болған 19-ғасырдың басынан бері жалғасып келеді. Бұл психиатрияның тарихымен тікелей байланысты. Тарихта психикасында кінәрат бар адамды шынжырмен байлап, емдеу ісінде лоботомия, центрифуга және басқа да әдістер қолданған. Қазір науқастың аяқ-қолын байлап "жуасытатын" жейде мен ұрып-соғу әдісі жоқ.
"Жазалау" сөзі психиатриялық көмек көрсетудің ерекшелігіне сәйкес келмейді. Психиатриялық көмек көрсету кезінде азаматтардың құқығын бұзу фактілері туралы айтуға болады. Бірақ бұл мұндай құқықбұзушылықтардың астарында қандай да бір теріс пиғыл жатыр дегенді білдірмейді. Комиссия тәуелсіз сарапшыларды шақырып, әрбір факті мен шағымды қарайды.
Мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін құрылған арнайы органдар мен ұйымдар бар. Әрине, постсоветтік кеңістіктегі психиатрия қызметі әлемдік тенденциялардан артта қалып келеді, бізге әлі көп даму керек. Біз науқастардың құқығын қорғау бағдарламасын сәтті жүзеге асырған елдердің тәжірибесін көріп отырмыз. Бірақ кей науқас мұны асыра пайдаланады. Осыдан шағым көбейіп, жас мамандар психиатриядан кетіп қалады.
Азаттық: Бірақ науқастарға қатыгездік таныту фактілері туралы ақпарат жиі шығады ғой…
Айгүлім Әбетова: Бірде ауруы қозған әйелді туыстары аяқ-қолын байлап, таяққа іліп, оны екі шетінен ағалары көтерген күйде әкелді. Психоз қайтқаннан кейін әлгі әйел денесіндегі көгерген, ұрынған жерлерді, жіптің ізін көрді. Туыстары ұрыс-керістен қашып, әйелді психоздан шығарып, шынайы өмірге оралуға көмектескен медицина қызметкерлерін кінәлай бастады.
Біз көбіне ем туралы айтылған негізсіз, ақылға қонбайтын айыптауларға кезігеміз. Психиатриялық емге мұқтаж адамдар мен олардың туыстары "емделуге барсақ, дәрі-дәрмек беріп, ештеңеге дәрмені жоқ құр сүлдеге айналдырады", "есепке қояды", "әрекетке қабілеттіліктен айырады", "балаларымды тартып алады", "созылмалы психикалық ауруы бар адамдардың үйіне жібереді", "жұмыстан босатады" деп қорқады.
Сондықтан жасырын түрде күмәнді мамандарға, көріпкел, тәуіп, емшілерге барады. Күмәнді әдіспен "емделіп", сырқатын созылмалы ауруға айналдырып жібереді. Созылмалы ауру кезінде қалыпты өмірге оралу қиын.
Біз, психиатр дәрігерлер, сирек болса да, мұндай "емнің" салдарына тап боламыз: денесі көгеріп, бүйрегі төмен түсіп кеткенше таяқ жеген, тамақтағы шеміршек сүйектің сынуынан тұншыққан, тақыр басына ұстараның жүзімен Құранның сүресі жазылған, арқасы жусанға күйген, тамырына иіссу салғандықтан, ішкі органдарына аса қатты зақым келген науқастар болды. Бір қызығы, мұндай жағдайда не жапа шеккен адам, не оның туыстары науқасты емдеймін деп, денсаулығынан айырған адамдарға қарсы шағым айтпайды.
Азаттық: Қазан қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін ақыл-есінде кінәраты бар адамдарға қысым күшейетін шығар...
Айгүлім Әбетова: Қазандағы қарулы шабуыл туралы айтсақ, әзірге тұтқындалған азаматта психикалық кінәрат бар ма, жоқ па, белгісіз. Сараптама қорытындысы әлі жарияланған жоқ. Іс жүзінде барлық қылмыстың небәрі екі пайызын ғана психикалық ауытқуы бар адамдар жасайды. Әдетте мұндай адамдар агрессивті болмайды. Көбіне олардың өзі зардап шегуі мүмкін. Психиатриялық диагноз – әлеуметтік бейімделу мен адамның заңды құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіретін стигма екенін бүкіләлемдік психиатрия қауымдастығы да растаған. Бұған қоғамның психикалық кінәрат туралы жеткілікті білмеуі және бейсаналы қорқынышының болуы себеп болып отыр.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.
ПІКІРЛЕР