АЙЫПТАУ АКТІСІ
Айыптау актісіне сәйкес, 30 жастағы алматылық тұрғын Әсет Нұржаубай биыл наурыздың 8-і күні "Алға ДВК, Шал Кет" деген сөз жазылған плакат дайындап, "ҚДТ қозғалысына қосылуға үгіттеу мақсатымен" оны Алматыдағы Назарбаев және Райымбек даңғылдары қиылысына іліп қойған. Бұған қоса, құжатта сәуірдің 5-і күні Нұржаубай тұрып жатқан үйге жүргізілген тінту кезінде осындай тағы бір плакат, оны әзірлеу үшін пайдаланылған қылқалам және гуашь табылғаны айтылған.
Бұған қоса, ресми айыптау ұйғарымына сәйкес, Әсет Нұржаубайды алдын-ала "Алға ДВК, Шал Кет" деп жазылған трафарет дайындап, наурыздың 18-і күні Назарбаев даңғылы бойындағы бірнеше автобус аялдамасына ілді деп айыпталған. Айыптау актісінде "Нұржаубай терроризмді насихаттау мен терроризм актісіне жария түрде шақыруды көздейтін қылмыстық келісім жасасқан" деп көрсетілген.
Айыптау актісінде Әсет Нұржаубайдың бұл әрекеттерді ҚДТ қозғалысына тыйым салынғанын әрі оны құрған Мұхтар Әблязовке қылмыстық айыптар тағылғанын біле тұра жасаған деп жазылған. Бұдан бөлек, Нұржаубайға "бірге тұрып жатқан әйелді алдау және сеніміне кіру арқылы 2016-2017 жылдары оның үш миллион 600 мың теңгесін (шамамен 10 мың доллар) ұрлаған" деген айып тағылған.
Нұржаубайдың бұл әрекеттері "ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды, қылмыстық қоғамдастықты, трансұлттық ұйымдасқан топты, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты немесе банданы қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын біле тұра ақпараттық және өзге сипаттағы қызмет көрсету" деп бағаланады.
Алматы тергеу абақтысында қамауда отырған Әсет Нұржаубай өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Бұған қоса, ол "қысым жасалғанын, сол үшін өз-өзіне қол салмақ болғанын" айтты.
Қазақстан мен шетелдегі бірқатар құқық қорғау ұйымдары Нұржаубайды "саяси тұтқын" деп таныған.
"ҚДТ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҚОЛДАҒАНДАР" ІСІ
Әсет Нұржаубай - ҚДТ қозғалысының әрекеттеріне қатысты деген күдікпен қылмыстық жауапқа тартылған алғашқы қазақстандық емес.
Шілденің 31-і күні Ақтау қалалық соты "әлеуметтік араздық тудырды" және "билікті күшпен басып алуға шақырды" деп айыпталған жергілікті тұрғын Абловас Жұмаевтың ісін қарауға кірісті. Ол "Тelegram" әлеуметтік желісіндегі ҚДТ қозғалысының чатында белсенділік танытты деп айыпталған. Жұмаев сот шешімімен мамырдың 11-інде сот қамауға алынған.
Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық топты қаржыландырды" және "сот тыйым салған ұйымның қызметіне қатысты" деген күдікпен шілденің 7-сінен бері қамауда отыр. Астананың талабымен Бішкекте тұрып жатқан жерінен мамырдың 10-ы күні ұсталып, маусым айында Қазақстанға экстрадицияланған блогер Мұрат Тұңғышбаевқа да осы іспеттес айып тағылған.Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы "елінде азаптау мен саяси астармен қудалауға ұшырауы мүмкін" деп мәлімдеп, Қырғызстан билігін Тұңғышбаевты Қазақстанға бермеуге шақырған.
Бұған қоса, Алматы тергеу абақтысында қамауда отырған, "терроризм актісін жасауға жария түрде шақырды" деп айыпталған ақын Кенжебек Әбішев пен азаматтық белсенді Алмат Жұмағұловтың соты басталатын күн әлі белгіленген жоқ. Полиция екеуін 2017 жылы қарашада Алматыда ұстаған. Жұмағұлов ҚДТ қозғалысын қолдайтынын растаған. Әбішев оған "қатысым жоқ" деп мәлімдейді.
Бірқатар құқық қорғау ұйымдары Нұржаубай, Жұмағұлов, Әбішев, Тұңғышбаев және Жұмаевты саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Қазақстан билігі олардың ісінде саяси астар барын жоққа шығарады.
Биыл наурызда Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.