"Назарбаевсыздандыру" науқаны, "Отбасын шетелде қудалау ықтималдығы" һәм жүйені бейімдейтін Тоқаев

Тәуелсіздік ескерткішіндегі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесіне наразылар балшық жағып тастады. Алматы, 11 қаңтар 2022 ж.

Қаңтар оқиғалары кезінде көпшілік алдына мүлде шықпаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кейін жасаған видеомәлімдемесі нені көрсетеді? Қызметінен айырылған Назарбаевтың ет жақын туыстарын не күтіп тұр? Тоқаевтың Назарбаевтармен "тартысы" шетелдердегі сот процестеріне ұласуы мүмкін бе? Экс-президенттің 30 жыл бойы құрған жүйесі мен мұрасын Тоқаев өзгерте ме? Және ең бастысы, бұл оқиғалар осымен аяқталды ма? Азаттық АҚШ-тағы Барнард-колледждің саясаттану профессоры, Колумбия университетіндегі Харриман институтының директоры Александр Кулимен Қазақстандағы кейінгі оқиғалар туралы сұхбаттасты.

НАЗАРБАЕВПЕН КЕЛІСІМ ЖӘНЕ ОТБАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Азаттық: Қаңтардағы оқиғалар кезінде көпшілік алдына мүлде шықпаған, көптен бері көрінбей кеткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтар күні алғаш рет видеомәлімдеме жасады. Ол елде элитарааралық күресті жоққа шығарып, өзі астанада екенін айтты. Сонымен қатар Тоқаевқа президент өкілетін 2019 жылы тапсырғалы бері зейнеткер екенін мәлімдеді. Назарбаевтың үнсіздікті үзіп, енді ғана видеомәлімдеме жасауының себебі неде?

АҚШ-тағы Барнард-колледждің саясаттану профессоры, Колумбия университетіндегі Харриман институтының директоры Александр Кули.

Александр Кули: Бұл − Назарбаевты оның отбасы мүшелерінен және одақтастарынан бөліп алу, оның мұрасының жағымды жақтарын билікті баю үшін пайдаланған айналасындағылардан бөліп көрсетуге талпыну. Назарбаевтың видеомәлімдемесі бізге келісім жасалғанын және Назарбаев алда жасалатын келісімдерге қатысатынын көрсетеді.

Азаттық: Назарбаевтың етжақын туыстарын не күтіп тұр?

Александр Кули: Оны тап басып айту қиын. Меніңше, [Назарбаевтың жақындары] бір жағынан елде назарбаевсыздандыру жүріп жатқанын көрсету үшін, мысалы, утилизация алымы бизнесіндегі немесе ұлттық әл-ауқат қорындағы аздаған табысқа қол жеткізуге тырысады. Бірақ Назарбаевтың отбасы активтерінің басым бөлігі шетелде, бұл байлықты үшінші бір тұлғалар немесе араағайындар арқылы жасырған, сондықтан оны қолға түсіру қиын.

Тіпті шетелдегі жылжымайтын мүлік, активтер мен қандай байлықтың бары жайлы толық есеп алу қиын. Ал бұл келісімнің орындалуын қиындатады. Яғни, қазақ үкіметі шетелдегі байлық туралы толыққанды мағлұмат біле алмайды, бірақ ерекше айтатын жайт, барлық тарап келісімнің орындалуына, оның арты дау-дамайға айналмағанына мүдделі. Өйткені Назарбаевтардың расында да шетелде ірі активтері бар.

Назарбаев қандай зейнеткер?

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаев қандай зейнеткер?

Азаттық: Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың етжақын туыстары бірінен кейін бірі қызметінен айырылды. Атап айтсақ, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды, экс-президенттің күйеубалалары да қызметінен кетті. Мұның астарында не жатыр? Мұны қалай түсіндірер едіңіз?

Александр Кули: Меніңше, [Назарбаев] отбасы мүшелерінің мемлекеттік энергетика компанияларының басшылығы тәрізді стратегиялық маңызды қызметтен алынғаны отбасының экономикадағы жетекші қызметтерден ығыстырылғанын көрсетеді. Мәселе бұл отбасы билік пен байлықтың белгілі бір бөлігінен бас тартқаны үшін оларды жайына қалдыру жайлы келісім аясында жасалды ма, әлде бұл Тоқаевтың экономикалық империяны қайтару әрекетінің басы ма, соған келіп тіреледі.

Болжамым бойынша, келіссөздер нәтижесінде белгілі бір келісім жасалған, оған сәйкес, отбасы мен оның жақтастарының қауіпсіздігіне және заңмен қудаланбайтынына кепілдік берілген. Бірақ тағы бір балама нұсқа бойынша, Қазақстан Назарбаевтар мен оның жақын жақтастарын бүкіл әлемде соңына шам алып түсіп, қудалауы мүмкін. Мұхтар Әблязовты дәл солай қудалағанда мұндай әрекет өте қымбатқа түсетінін және лас тірлік екенін байқадық. Бірақ Тоқаевқа назарбаевсыздандыру науқанында көзге көрінетіндей жеңіс керек.

Азаттық: Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзияев келген соң [бұрынғы президент Ислам] Каримовтың жақындарының кейбір байлығы тартып алынды, Гүлнара Каримова түрмеге қамалды. Тоқаев Назарбаевтың жақындарын Өзбекстандағыдай сценарий бойынша қудалауы мүмкін бе?

Александр Кули: Әрине, олардың өмірін [Қазақстан] қатты қиындата алады. Бір ғана мысал келтірейін. Дариға Назарбаеваның Лондондағы шығу төркіні белгісіз байлығы жайлы іс сотта қаралғанда судьяның оған жақ болып, шешім шығарған себебі (Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Назарбаева мен Нұрәли Әлиевтің Лондондағы екі зәулім үй мен қымбат пәтерін "шығу төркіні белгісіз байлыққа алынған үш жылжымайтын мүлік" деп бұғаттау туралы ордер шығарған, бірақ Лондон жоғарғы соты бұғаттау ордерінің күшін жойған еді – ред.) Қазақстан оның байлығының шығу төркіні туралы материалдар жіберген еді. Шығу төркіні белгісіз байлықтың соңына түсіп қудалаудың кемшілігі, ненің заңды, ненің заңсыз екенін анықтауға келгенде [Ұлыбритания] сол азаматтардың елінің үкіметтері жіберген ақпаратқа сүйенеді. Міне сондықтан олар саяси қарсыластарға қарсы қару ретінде үкіметтерді пайдаланады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Иесін анықтау қиынға соқты". Назарбаевтар мен өзгелердің Ұлыбританиядағы мүлкі

Егер тиісті министрліктер Назарбаев заңсыз жолмен жиған активтер жайлы құжаттар жариялап, оны дәлел ретінде ұсынса, бұл Назарбаевтардың Ұлыбританиядағы өмірін адам төзгісіз етуі мүмкін. Бұл бағытта іс-әрекет жасала ма және жасалса қаншалықты алысқа баратынын тап басып айта алмаймын, бірақ қалай болғанда да Назарбаевтар өте дәулетті, Forbes-тың миллиардерлер тізіміне кіретіні анық. Мемлекеттік аппаратты басқаратындар көптеген бизнес келісімшарттар мен мәмілелерді қайта қарауы мүмкін. Сондықтан мұны мұқият бақылау маған да қызық.

"БИЛІК ҮШІН ІШКІ КҮРЕС" ЖӘНЕ "ҚАЗАҚСТАНДЫ РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫНА КІРГІЗУ"

Азаттық: Қаңтардағы оқиғалар туралы Батыс сарапшысы ретінде не айтасыз? Тоқаев бұл оқиғалардың артында "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған, шетелде дайындықтан өткен террористер тұр" деп мәлімдеді. Сарапшылар элита арасындағы тартысты алға тартты.

Александр Кули: Елдегі тұрақтылықты шайқаған сыртқы қауіпті алға тарту − наразылық неліктен басып-жаншылғанын ақтаудың жолы. Бұл − көшедегі митингілер [жұрт] шын мәнінде наразы болғандықтан емес, сыртта әлдебір қаскүнем күштер қаржыландырғандықтан болды дегенді көрсететін идея.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевты ұмыт қалдыру" немесе экс-президенттердің тағдыры

Осындай мәлімдеме жасау арқылы Тоқаев ҰҚШҰ аясында Ресей әскерінің кіруін ақтап алғандай болды. Егер бұл жемқорлыққа, саяси-экономикалық ахуалға көңіл толмағандықтан бұрқ ете қалған көшедегі наразылықты басу үшін болса, онда әскердің кіруін ақтап ала алмас еді. Сондықтан Ресей президенті Владимир Путин де тұрақтылықты шайқайтын сыртқы элементтер дегенді бекіте түсіп, түрлі-түсті төңкеріс туралы айтты.

Ал шын мәнінде не болған еді? Меніңше, бір мезетте болған бірнеше себепті қатар келтіруге болады. Бір жағынан батыста сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған митинг елдегі қымбатшылық, теңсіздік, елді басқару проблемалары мен мемлекеттік секторларды пайдаға кенелу үшін басқарып отырған, халыққа есеп бермейтін элитаға қарсылыққа ұласты. Сөйте тұра белгілі бір элементтер зорлық-зомбылыққа арандатқандай болып көрінеді. Енді мұның мақсаты не деген екінші элементке тоқталсақ, бұл – билік үшін ішкі күрес. Бұл – Тоқаев пен Назарбаевтың отбасы мүшелерінің, Назарбаевтың саяси жақтастарының арасындағы күрес. Бұған Назарбаевтың тікелей өзі қаншалықты қатысы болғанын білмеймін, бірақ ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовті "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен қамау – өте тегеурінді саяси қадам. Сондықтан бұл жерде наразылықпен бірге ішкі күрес қатар жүрген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығын жаңарту нені білдіреді?

Азаттық: Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік әскерінің көмегін сұрағанда Путин жедел қимылдады. Путиннің бұл жердегі мүддесі қандай?

Александр Кули: Путиннің Қазақстандағы оқиғаларға алаңдауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол Қазақстандағы наразылықтың салдары өз еліне қалай әсер етеді деп алаңдайды. Путин наразылықтан, саяси оппозициядан қорқады.

Оның үстіне Путиннің өзі де осыдан он жыл бұрын Медведевпен қос билік жүргізіп, билікті ауыстырудың әдісін қолданған. Сондықтан Ресейде Қазақстандағыға ұқсас әрекет тудыруы мүмкін кез келген тұрақсыздық Путинді алаңдатады.

Екіншіден, Путин Тоқаевты қолдап, тез арада әскер жіберуге келісіп, Тоқаев ізінше сыртқы күштерден келген қауіп жайлы мәлімдемені қайталаған себебі, ол бұдан Қазақстанды Ресей ықпалына кіргізу мүмкіндігін көрді. Сонымен қатар Ресей тұрақтылық үшін режимдерді қолдайтынын, сыртқы арандатуға қарсы екенін көрсеткісі келді. Ал бұл Ресей өзіне адал постсоветтік және Орталық Азиядағы елдер үшін сенімді одақтас деген сигнал.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 ж.

Бұл жерде тағы мынадай қайшылық байқалады: ҰҚШҰ әскері Қазақстанға тез, шапшаң кірді де, өзге елдердегі басқа оқиғалар кезінде ҰҚШҰ әрекетсіз болды. Мысалы, 2010 жылы Қырғызстанда Құрманбек Бакиевтің режимі құлаған соң елдің оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасындағы жанжал зорлық-зомбылыққа ұласты. Сол уақытта президент міндетін атқарған Роза Отынбаева сол кездегі Ресей президенті Медведевке Ресейден әскер жіберуін, ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ал ҰҚШҰ болса "біз – ішкі дау, ел ішіндегі мәселелерге араласпаймыз" деген уәжді алға тартты. Кейін ұйым жарғысына тиісті өзгеріс енгізді.

Бірақ, меніңше, бұл жерде шын мәніндегі мәселе заңдық негізге келіп тірелмеген. Ресей Өзбекстан араласуы мүмкін аймақтағы қақтығысқа қатысқысы келмеді. Каримов сол уақытта әскер енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқан.

Былтыр Армения мен Әзербайжан арасында да осыған ұқсас қақтығыс болды. Пашинян ҰҚШҰ Таулы Қарабақ пен оған жақын аумаққа таласта Арменияға жақтасқанын қалады. Ресей тағы да "біздің оған өкілетіміз жоқ, бұл біздің міндетімізге жатпайды" дегендей сан мәрте сылтауды алға тартты. Себебі Ресей бұл қақтығыста да бір тарапқа жақ болғысы келмеді.

Ал Қазақстандағы оқиға үкімет пен оған қатер төндіруі мүмкін топтар арасында өрбіді. Бұл ҰҚШҰ күштеріне аймақтағы қақтығыстар тәрізді екі ел арасынан кімге жақтасатынын таңдамай-ақ елге кіру мүмкіндігін берді.

Азаттық: Көпшілік ҰҚШҰ әскерін Қазақстанға жіберу Путиннің аймақтағы ықпалын күшейтті деп санайды. Бұл расында да солай ма? Кремль бітімгершілік күштерін жіберудің өтеуі ретінде Тоқаевтан не сұрауы мүмкін?

Александр Кули: Шынында да, бұл әрекет бүкіл аймаққа әсер ететіні сөзсіз. Өйткені бұл аймақта бір-біріне қарау, демонстрациялық әсер аса маңызды. Бір үкімет басқа елдің үкіметі Ресеймен, Қытаймен қандай қарым-қатынас ұстанатынын, көшедегі наразылықты қалай реттейтінін бақылайды. Лукашенконың Қазақстандағы оқиғаларды Өзбекстан есепке алуы керек деген мәлімдемесі де бұл ретте қызық. Демек мұның бәрі – ҰҚШҰ мен оған кірмейтін постсоветтік кеңістіктегі мемлекеттерге Ресей аймақтағы қауіпсіздіктің кепілі және негізгі саяси ықпал етуші деген сигнал.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кемел мырза". Тоқаев отбасын Ресеймен не байланыстырады?

Ал енді сахна сыртында Тоқаевтан мұның қарымтасына не сұралды дегенге келсек, бірнеше нәрсеге тоқталғым келеді. Біріншіден, Қазақстан Украина дағдарысында ресейшіл позиция ұстана бастауы мүмкін. Беларусьтегі [наразылықта] Путин жария түрде Лукашенконы қолдап, қажет болса Ресей әскері араласатынын мәлімдеген. Бұған дейін Украина мен Ресей арасында араағайын болып жүрген Лукашенко енді Украина мәселесінде Мәскеуді 100 пайыз қолдап шыға келді. Меніңше, енді Украинаға қатысты Тоқаев билігі қалай өзгеретінін бақылау керек.

Екіншіден, қазір жария етілмесе де, бәлкім, бірнеше айдан кейін Қазақстанда ҰҚШҰ нысанын орналастыру жөнінде келісім жасалуы мүмкін бе? Яғни, Қырғызстандағы әуе базасы немесе Тәжікстандағы базаға ұқсас нысан Қазақстанда құрылуы мүмкін бе? Тоқаевтан осы нәрселерді [қарымта ретінде] талап етуі ықтимал.

Үшіншіден, Қазақстанның ішкі саясаты, тіл саясаты, кириллица қарпін ауыстыру тәрізді ішкі мәселелерге қандай да бір сигналдар бола ма? Олай деп ойламаймын. Себебі бұл Путинге анау айтқандай басымдық бермейді. Сонымен қатар мұнай-газ холдингтері Ресей компанияларына өтеді деп те ойламаймын. Мұны іске асыру қиын.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ МҰРАСЫ ЖӘНЕ "НҰР-СҰЛТАН" АТАУЫНАН АРЫЛУ

Азаттық: Жалпы Батыс сарапшылары үшін Қазақстандағы оқиғалар күтпеген жайт болды ма, әлде алдын ала болжанды ма?

Александр Кули: Меніңше, бұл мүлде күтпеген дүние болды. Қазақ үкіметі сырт көзге елді тұрақтылық аралы, ал басқарушы элитаны өте технократ, білікті және кәсіби етіп көрсететін имиджді ілгерілету үшін көп жұмыс атқарды. Қазақстан Қырғызстан немесе Ауғанстанмен шектесетін елдер тәрізді емес деген түсінік қалыптастыруға барын салды.

Оның үстіне имиджді қалыптастыру үшін сараптама орталықтарына демеушілік ету, тіпті стратегиялық бағыт-бағдар бойынша кеңес алу үшін Тони Блэр (Ұлыбританияның экс-премьері – ред.) тәрізді адамдарды жалдады. Қазақстан қашанда да Батыс алдындағы бет-бейнесінің қамын жеп жүрді. Соңғы оқиғалар бұл имиджге сызат түсірді. Қазақстандағы жұмсақ авторитаризмді дәл осы тұрақтылық ақтайтын. "Иә, Назарбаев пен оның отбасы билік басында отыр, алайда ол өте тәжірибелі және тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр" деген нарративтің күл-талқаны шықты.

7,8 миллиард доллар. Назарбаев дәулетін қалай басқарып отыр?

Your browser doesn’t support HTML5

7,8 миллиард доллар. Назарбаев дәулетін қалай басқарып отыр?

Қазір Назарбаев, оның отбасы және Тоқаев пен оның жақтастары арасындағы шиеленіс Қазақстаннан тыс жерге, Назарбаевтар өз дүние-мүлкі, банк есепшоттары мен жылжымайтын мүлкін сақтайтын жерге ауысуы мүмкін. Мемлекеттен ұрланған делінетін активтерді қайтару талабы бойынша сот істері ашылуы мүмкін. Джон Хизершоумен бірге жазған "Шекарасыз диктаторлар" атты еңбегімде Орталық Азиядағы элита активтерін тұрақсыздықтан қорғау үшін шетелде сақтайды, ал бұл оларды әлемдік элита етеді деген қорытындыға келгенбіз. Сондықтан Қазақстандағы қақтығыстар Ұлыбритания, АҚШ, Брюссельдегі сот процестерінде жалғасуы мүмкін.

Азаттық: Ислам Каримов те дәл Назарбаев тәрізді жеке басқа табынуды қалыптастырды. Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзияев келген соң Каримовтың жеке басына табынуды жоя бастады. Каримов туралы естеліктерді жою үшін оның бейнесі салынған сувенир, күнтізбе мен өзге тауарларды сатуға тыйым салды. Каримов туралы балабақша, мектеп, университет пен өзі негізін қалаған мекемелерде сирек айтылады. Қазақстанда да Назарбаевтың жеке басына табыну кең етек жайғаны белгілі. Назарбаевтың жеке басына табыну жойыла ма? Тоқаев Назарбаев туралы естеліктерден арылу үшін Мирзияев тәрізді әрекет ете ме?

Александр Кули: Меніңше, бұл ретте Тоқаев бірнеше мәселемен бетпе-бет келеді. Біріншіден, Тоқаев расында да Назарбаевтан алшақтай ала ма? Яғни, оның карьерасы Назарбаевпен қабысып жатқандықтан, оны легитимді саяси билігі бар тұлға деп санай ма? Бұдан арылу үшін ондаған жыл керек.

Екіншіден, Каримовке келсек, оның билігі шексіз автократ болған. Ол Өзбекстанды сырт әлемнен жапқан, ал мұны элитаның көпшілігі қаламаған. Сондықтан Каримовтан арылу оңай еді, ол үшін әлемнен оқшауланбаймыз, әлемге ашықпыз дегенді айту жеткілікті болатын. Назарбаевтың кезінде Қазақстан әлемнен оқшауланбады. Назарбаев мұрасының бір бөлігі де осы болатын. Қазақстан жаһандық бағыттағы ел, шенеуніктері мен бюрократтары жақсы дайындықтан өткен, ал қоғамның көзі ашық және жоғары білімді деген идея ұстанды. Өзбекстанның сырттан оқшаулануы Каримовке қарсы жорық ашуға түрткі болды. Ал Назарбаевтың билігі саяси тәртіп пен тұрақтылықты сақтау алғышартына сүйенді, бірақ кейінгі оқиғалар бұған қатты соққы болғаны анық.

Сонымен қатар, меніңше, Каримов пен Назарбаевтың отбасында бірқатар айырмашылық бар. Гүлнара Каримоваға бизнес-холдингтер берілгені рас, алайда Швейцария тәрізді елдерде жемқорлық, адал емес жолмен табылған ақшаны заңдастыру тәрізді айыптар тағылып, дау халықаралық деңгейге шыққанда бұл оның имиджіне үлкен соққы болды. Осы кезде оның әкесі қауіпсіздік қызметі басшысына жақ болып, қызын қамауға алуды бұйырды. Яғни, Каримова әкесі қайтыс болған соң емес, оған дейін, әкесінің көзі тірісінде қамауға алынды.

Қазақстандағы отбасы бір-бірімен тығыз байланысты, дүние-мүлкі мен байлығы бір-бірімен байласып, матасып жатыр. Сондықтан бұл жердегі тазартылатын алаң анағұрлым үлкен. Әрине, алаңды тазалауға тырыспайды дегенді айтып тұрған жоқпын, бірақ бұл Гүлнара мен оның бизнес серіктеріне жемқорлық айыбын тағып, түрмеге қамау тәрізді іс емес, өйткені Қазақстандағы бизнес және қаржы империясы ауқымы Өзбекстаннан анағұрлым ауқымды.

Азаттық: Назарбаев мәлімдемесінде өз есімі берілген Нұр-Сұлтан қаласын "астана" деп атады. Бүгінде мемлекеттік телеарналар да астананы экс-президенттің атымен атамайды. Бұл нені көрсетеді?

Александр Кули: "Нұр-Сұлтан" атауы өзгерсе, бұл таңғалатын нәрсе емес. Бұл атауға жұрттың көп бөлігі қарсы болды, тіпті көпшіліктің көңілін қалдырды. Олар мұны [экс-президентті] дәріптеу деп қабылдады. Сондықтан астана атауын ауыстыру – Тоқаевтың қолынан келетін, белгілі бір дәрежедегі символдық мәні бар іс. Мекемелердің атын ауыстыру жиілеуі мүмкін. Билік ауысқан шаққа мұндай нәрселер тән.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "күйреген беделі", Тоқаевтың мүмкіндігі және "автократия қақпаны"

Азаттық: Назарбаев бір адамға негізделген саяси экономиканы құрды. Кейінгі отыз жылда жүйедегі ойыншылардың арасында балансты реттеп, тепе-теңдік пен тежеу жүйесін орнатты. Кімнің жоғары өрлеп, кімнің ығысатынын, өзіне кімнің жақындайтынын Назарбаев шешіп отырды. Ол 30 жылда құрған осы жүйе енді қалай өзгереді?

Александр Кули: Формалды және формалды емес билік мәселесі әлемнің көптеген еліндегідей Қазақстанда да бар. Бюрократия мен белгілі бір мемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдар отбасының саяси серіктеріне беріледі. Сондықтан Қазақстанда әлеуметтік, банк ісі, энергетика, уран саласы, тағы басқа табысты секторлардағы пайда олигархтарға үлестіріледі.

Кез келген билік өзіне адал адамдармен ымыраға келеді. Бұл ретте Тоқаев олигархтарға қаншалықты еркіндік беру керек және оларды қаншалықты тежеу керек деген дилемма алдында тұр. Ең бастысы, тазалау ауқымы қаншалықты болмақ? Мұны нақты білмеймін. Десек те жүйенің толықтай өзгеруі екіталай. Өйткені бұл жүйе ондаған жыл бойы тамырын тереңге жайған. Ол [Назарбаевтың] бұрынғы одақтастарын "сатып алуға" тырысатын шығар.

Азаттық: Демек Тоқаев жүйені өзіне бейімдей ме?

Александр Кули: Иә дегім келеді. Жүйе көпшілік көргісі келетін демократияландыру немесе орталықсыздандыруды бастан өткереді я либерализация реформаларын жүргізеді деген белгі көріп тұрған жоқпын. Тіпті бұған қайшы белгілерді байқаймын. Бір анығы, Тоқаев мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыпты өз билігі мен беделін күшейту үшін пайдаланады.

Азаттық: Жоғарыда Ресейдің күшеюі туралы сөз қозғадық. Назарбаевтың кезінде Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанып, Қытай, Ресей, Батыс, басқа да ойыншылардың арасында баланс сақтауға тырысты. Енді сыртқы саясаттағы көпвекторлық өзгере ме?

Александр Кули: Көпвекторлық расында да Қазақстанның сыртқы саясатының айрықша белгісі болатын. Барлық есікті айқара ашып, Батыс, Ресей, Қытаймен ғана емес, Парсы шығанағы, Түркия және аймақтағы өзге елдермен белсенді қарым-қатынас ұстады. Көпвекторлы саясаттың проблемасы – сыртқы ойыншылардың бәріне бірдей қарау, тепе-теңдікті ұстау керек. Белгілі бір кезеңде осы баланс сақталды. "Жаһан ережелерінің бұзылуы" кітабымда 2000-жылдары көпвекторлықты мүмкін еткен шарттарды келтіргенмін. Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстанда көпвекторлы сыртқы саясаттың іске асу себебі – Батыс Ауғанстандағы қауіпсіздікті сақтауға араласты. Ол уақытта аймақта АҚШ базасын орналастыру, ұшақтардың жанармай құюға аялдауы, аймақ арқылы транзит, қауіпсіздік күштерімен терроризмге қарсы бірігіп күресу тәрізді мүмкіндіктер бар еді. Әлбетте Кремль бұған күмәнмен қарайтын және ұнатпайтын.

Ал қазір АҚШ пен Батыстың қауіпсіздік саласына араласу тәрізді ықпалы жоқ, сондықтан мұндай жағдайда көпвекторлықты іске асыру қиын. Себебі Қазақстан Батыстан гөрі Қытай мен Ресейге жақын. 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін, әсіресе Еуразия экономика одағы құрылып, АҚШ әскері шыға бастаған соң Ресей ықпалының күшейгенін көріп отырмыз. Сондай-ақ Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы іске аса бастады. Осылайша Ресей және Қытаймен қарым-қатынас күшейді де, Батыстың аймақпен араласуы азая бастады. Сондықтан үкімет көпвекторлыққа тырысса да, оны мұндай жағдайда, әсіресе конфликт пен дағдарыс кезінде іске асыру қиын. Мәселе режимнің сақталу-сақталмауына келіп тіреліп, биліктің сыртқы ойыншыдан көмек сұрауы әсте көпвекторлыққа жатпайды. Бұл жерде қауіпсіздікке кепілдік беретін қамқоршы туралы сөз болып тұр. Осылайша мұның белгілі бір әсері болады, Қазақстан көпвекторлыққа тырысса да, Ресеймен негізгі стратегиялық мәселеде келіспеу қиын болады деп есептеймін.

Азаттық: Қазақстанда төтенше жағдай аяқталды. Елдегі оқиға осымен тәмам ба?

Александр Кули: Жоқ. Билік пен негізгі мемлекеттік активтердің, өнеркәсіп пен қаржы саласының бір қолдан екінші қолға өтіп жатқандықтан оқиға әлі кемі бірнеше апта, ал шетелде сот процестері өтетін болса, тіпті одан да ұзаққа созылуы ықтимал. Сондықтан бұл хикая аяқталған жоқ, тіпті енді ғана басталды деуге болады.

"Назарбаевтың күні батып барады". Депутаттар "Елбасы" заңын өзгертті

Your browser doesn’t support HTML5

"Назарбаевтың күні батып барады". Депутаттар "Елбасы" заңын өзгертті