"Диалогтар" – Азаттықтың қазіргі заманғы журналистикаға арналған жобасы. Бұл – журналистермен кәсібінің қыр-сыры, ақпарат құралдарының билік және қоғаммен қарым-қатынасы, елде болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғалар жөнінде болған сұхбаттар сериясы.
"СӨЗ ЕРКІНДІГІНІҢ ОРНЫН ПРОПАГАНДА БАСТЫ"
– Кейінгі кезде қазақстандық журналистикаға айтылатын сын-пікір көбейіп кетті: біреулерді Бишімбаевты "ақтады" деп жазғырды, "Хабардағы" тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел қатысқан атышулы ток-шоуды сынады, қоғамға белгілі болмаған ұсақ-түйек жанжалдарды айтпағанның өзінде, журналистикадағы көптеген мәселелер қызу талқыға түсті. Осы оқиғаларға қарап отырып, көкейімізде Қазақстанның медиа саласындағы бедел институтына не болған деген сұрақ туады. Ол жалпы бар ма?
– Бұл құбылыстардың бәрі аталған институттың қалыптасу жолындағы оң процестер деп ойлаймын. Өйткені әлеуметтік желі пайда болғалы қоғамның қарсылығы ашық айтылатын болған. Бұрын журналисті тек жұмысына қарап бағалайтын, оның өзінде оқырман газетке хат жазып қана ой-пікір білдіретін, ал қазір әлеуметтік желінің арқасында ашық қарым-қатынас пайда болды.
Әрине, оның жағымсыз жағы да жоқ емес. Себебі тобыр эффектісі көзге түсіп қалып жатады: кейде тіпті әлеуметтік желідегі қоғам сынына қалған адамды қолдау ыңғайсыз, қолайсыз көрінетін әсер қалдырады әрі өз беделің үшін қауіпті болып шығады. Меніңше, бұл кезеңнен өтуіміз керек, ол біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс. Қалай дегенмен, енді сонымен өмір сүруге, болашақта осының бәрін ескеруге мәжбүрміз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Серікжан Мәулетбай: Біздің елде кез келген белсендіні аңдуы мүмкін– Сонымен бірге ауқымды, маңызды жұмыстар атқарып жүрген журналистерді қаралау науқаны басталғанда әлеуметтік желі теріс ықпал етіп жатады. Біреулерді "грантқұмар", Қазақстан билігін даттау үшін шетелден ақша алады десе, енді бірін сенімсіз ақпарат таратады деп жазғырады. Мұның бәрі қауесет деңгейіндегі әңгіме болуы мүмкін, бірақ аудиторияны өз ырқына көндіруге осының өзі жетіп жатыр.
– Біздің қоғам халықаралық ұйымдар беретін гранттарға жаппай қарсы шығады деп ойламаймын. Құдайға шүкір, Қазақстанның өзінде де грант беретін әртүрлі қорлар көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның үстіне, грант алғанның несі айып? Пропаганда үшін министрліктен ақша алғанша, халықаралық қорлардан грант ұтып алған әлдеқайда жақсы ғой. Қорлардан ақша алу да оңай емес, ақша бермес бұрын олар саған мың сан сұрақ қойып, жан-жақты зерттейді.
Сондықтан "грантқұмарлар" туралы өзім оқыған ақпараттың бәрі тапсырыспен жазылған. Мұндай науқанды әдетте ресейліктер ұйымдастырады. Содан болар, ақпараттар көп жағдайда нақты емес. Өз басым олардың бізде дайындалмағанын бірден аңғарамын. Өйткені Қазақстанда жағдай мүлде басқаша.
– Сонда қалай?
– Адамдар ара-тұра жарияланымдары үшін ақша алады, жағымсыз науқандарға қатысады. Егер ол даулы мәселе болса, түптің-түбінде ашылып қалады. Мен жайында да Forbes рейтингіне қосу-қоспау үшін ақша алады деген қауесет тарады. Айтып-айтып, ақыры қойды. Өйткені қауесеттің артында қандай да бір факт, негіз болу керек қой. Сондықтан әлдеқандай бір журналист немесе қандай да бір БАҚ біреуді ақтауды немесе даттауды көздеген ақылы науқанға қатысса, ерте ме, кеш пе, жұрт оның кім екенін біліп қояды: біздің елде адам өте аз және көпшілігі бір-бірін таниды.
Мәселен, қазір журналист Думан Мұхаммедкәрімді соттап жатыр. Басында ол ақылы посттар жазады, ақша бопсалайды, тағысын-тағы деген қауесет тарады. Бірақ медиа ортада ол жайында ешкім естімеген. Әдетте біреу үнемі ақылы науқандарға қатысса, журналистер ортасында оны бәрі таниды. Ең бастысы, материалдың қалай жасалғанына қарап, жұмыс барысын бірден түсінуге болады.
Айтар болсам, қазір қазақстандық журналистикада болып жатқан құбылыс – 1990 жылдары БАҚ-та сөз еркіндігін шектей бастаған кездегі процестердің салдары. 1990 жылдары тәуелсіз басылымдар пайда болды, олар цензурадан арылып, табыс таба бастады. Содан кейін қысым басталып, тәуелсіз БАҚ қалмады, сөз еркіндігінің орнын қандай да бір тараптың үгіт-насихаты басты. Яғни, мемлекеттік те, оппозициялық та БАҚ – біреулері көбірек, кейбіреуі аздап пропагандамен айналысты. Талдау материалдарда екі немесе үш бір-біріне қайшы пікір болуы міндетті деген талап жайына қалды. Ал әлеуметтік желілер дами келе, журналистердің көбі блогерге айналып шыға келді. Бірақ олар журналистика принциптерін блогерлікке көшірудің орнына, журналистиканы блогерлікке айналдырып жіберді. Әрине, лайықты медиалар абыройын сақтап тұр, бірақ жалпы айтсақ, әлеуметтік медиа мен кәсіби БАҚ арасында шекара жойылып бара жатыр.
БИШІМБАЕВ ІСІ ЖӘНЕ "БIРАҚ…" ТОК-ШОУЫ
– Азаматтық некедегі зайыбы Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотынан біраз бұрын қазақстандық медиакеңістікте "жағдай біржақты емес", ол "жазатайым оқиға" деген сарындағы ақпарат тарай бастады. Әсіресе El Media YouTube-арнасындағы шығарылым ерекше назарға ілінді. Журналист Гүлжан Ерғалиева айыпталушының адвокаттарынан сұхбат алып, олар жауап алған кезде Бишімбаевтың "сүйікті жарынан айырылып", әлі ес жия алмай отырғанын мәлімдеді. Сұхбат екіұшты шыққандай көрінді және Ерғалиеваның өзі де, арнасы да қоғам тарапынан қатты сынға ұшырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси тоқырау кезеңі ондаған жылға созылуы да, әп-сәтте өзгеруі де мүмкін"– Facebook-те [Бишімбаевтың] адвокаттарына қарсы пікірлер айтыла бастағанда мен "осы адамдар қызық, адвокаттардың да көзқарасы болуы керек қой, неге сонша ашуланады?" деп ойладым. Содан кейін сұхбатты қарап шықтым. Гүлжан Ерғалиева – тәжірибелі журналист, мен оның қалай жұмыс істейтінін, қалай сұхбат алатынын көрдім. Ал бұл жолғысын басқаша түсіну мүмкін емес деп ойлаймын: журналист шындықты ашуға тырыспады да, сөз ойнатып отырғаны анық байқалды. Бұл El Media үшін қалай аяқталғанын білмеймін, бірақ ол өзіне-өзі оқ атқандай әсер қалдырды. Мүмкін ол қазіргі кезде әлеуметтік желілер арқылы бадырайып көрінетін жаңа тенденцияларды аңдамай қалды ма, бірақ қайткен күнде бұл журналистік жұмыс деуге келмейді және тәжірибелі адамның мұндай қателікке қалай жол бергенін білмеймін.
Егер бір ғана медиа солай істесе, бұл күмәнді ғой дер едім. Алайда бір сөзді әртүрлі адамдар, блогерлер қайталай бастағанда [Бишімбаевты қорғайтын] қандай да бір науқан жүріп жатқаны айқын болды. Дегенмен өте өрескел, көзге қораш көрінетін жұмыс жасалып жатты. Осының бәрі қоғамның ашу-ызасын тудырғанына, "ол шын сүйді", "екеуі ішімдік ішті", "әйел өйтті, бүйтті" деген әңгімелер өтпей қалғанына қуандым. Бұл жерде қатыгездікпен кісі өлтіруден басқасы маңызды емес! Науқаншылар аудиторияның көңіл-күйін сезіне алмады. Адамдар көп жағдайда соған ызаланды. Егер Бишімбаевтың адвокаттары өздері шығып, кезекті сұрақтарға жауап берсе, ешкім бұлай қарсылық білдірмес еді деп ойлаймын. Өйткені өзіне жүгінген адамды қорғау адвокаттың міндеті екенін әркім жақсы түсінеді. Бірақ адвокаттармен сөйлескен адамдардың, яғни журналистер мен блогерлердің іс-әрекеті халықтың ашуын оятты.
– Халық Бишімбаевтың сотынан кейін іле-шала "Хабар" арнасының ток-шоуына шүйлікті. Бағдарлама жүргізушілері эфирде бірнеше жыл бойы зәбір көріп келген әйелді бұрынғы күйеуімен табыстырмақ болған. Ақыры әйел тура камера алдында бұлқан-талқан болып ашуланды. Бұл тұста көпшілік ток-шоуды жүргізушілерге кінә артып отыр. Бірақ ток-шоуды эфирге шығаруға бүкіл команда атсалысты емес пе?
– Біріншіден, солай. Ал екіншіден, "Хабар" арнасында басшылықтың рұқсатынсыз шыбын да ұшпайды. Арнадағы кез келген контент бірнеше талқылаудан өтеді. Біздің мемлекеттік арналар үгіт-насихат жүргізуге қабілетсіз, ондағы ойын-сауық контенті де түкке жарамсыз. Халықтың көңіл-күйін ойлап жатқан ешкім жоқ. Қазіргі кезде өтірікке адамдардың еті үйреніп кеткен. Бір тақырыпта өтірік айтатын адам екінші тақырыпта шыншыл болады деп ойлайсыз ба?
"АҚОРДАНЫҢ ШАМЫНА ТИЕТІН ТАҚЫРЫП"
– "Ақтау-қаралау" тақырыбына тұздық ретінде анонимді Telegram-каналдар туралы да айта кеткенді жөн көріп отырмын. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның ақпарат кеңістігінде мұндай каналдар тым көбейіп кетті. Бір шетінен күн тәртібіндегі саяси мәселелер туралы ақпарат таратып отыр. Мысалы, Ақордадағы мәжілістен тыс әлдебір жаңалықтарды елден бұрын жариялауы мүмкін. Ал, екіншіден, азаматтық белсенділерді, тәуелсіз журналистерді немесе тұтас БАҚ-ты қаралап, пост жариялап жүрген де дәл осы каналдар емес пе?
– Менің ойымша, белгілі арнайы қызмет органдары мұндай каналдың атын жамылып, солардың атынан жұмыс істейтін сыңайлы. Олар өз алдына жеке бастама көтермейді.
– Бірақ ол жерде кәсіби журналистер жұмыс істейтін секілді ғой. Мұны олардың жазу стилінен-ақ аңғаруға болады.
– Біздің барлық БАҚ-та журналистика факультетін бітірген журналистер жұмыс істейді. Мысалы, 2022 жылғы қаңтарда мемлекеттік арналардан қаншама екіұшты ақпарат берілді, жазылып та жатты. Сіз мемлекеттік БАҚ-тың қалай жұмыс істейтінін бір кісідей жақсы білесіз: тапсырманы қалтықсыз орындайды. Тіпті журналист өзі қалағанын жасады делік. Бәрібір монтаж жасағанда ол сюжетті қиып тастайды немесе мүлдем эфирге жібермейді. Журналистің өзі бұл жұмыста ұзақ қалмайды. Мемлекеттік БАҚ-та журналистерді іріктеу қатаң тәртіппен жүргізіледі. Егер әлдебір журналист бұл ережеге бағынбаса, онда оған қош, жолың болсын дейді.
Енді мынаны қараңыз, мемлекеттік БАҚ қаншама ақпарат кеңістігін қамтып отыр, қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Мемлекеттік медиаға көп иек артатын елде іс жүзінде тәуелсіз журналистика болуы мүмкін емес. Барлық арна мемлекетке тиесілі болып, мемлекеттік ақпарат саясаты іске асып жатқанда әзірге БАҚ еркіндігі туралы айтудың өзі артық. Әрине, Қазақстанда тәуелсіз БАҚ та бар. Бірақ саны өте аз. Оларды үнемі аяқтан шалып, жұмысына кедергі келтіріп отырады. Мемлекет тұрғанда медиа саласының еркіндігі туралы бірдеңе айту мүмкін емес.
БАҚ еркіндігі (блогерлер туралы емес, журналистиканың өзін айтып отырмын) мәселесіне келер болсақ, бұл саладағы жаңа қазақы жүйенің бұрынғыдан еш айырмасы жоқ, кей мәселелерде тіптен қатаң. Әсіресе, қазіргі президентке қатысы бар кейбір тыйым салынған тақырыптар қозғауға. Соның бірі Қаңтар оқиғасы – президент аппаратының шамына тиетін ең жанды жері. Ал екінші мәселе – Тоқаевтың жақындарының Қазақстан бизнесі мен экономикасына ықпалы.
– Сонда Тоқаев бұдан өзге мәселелерге мән бермейді дегіңіз келе ме? Мысалы, Тоқаев ешқандай да реформатор емес, Назарбаевтан еш айырмасы жоқ, сыртқы саясатта Ресейдің ығына жығылып отыр деген сөз де шамына тимей ме?
– Меніңше, дәл осы тақырып, керісінше, қауіпсіздеу. Бұл туралы көп жазылып, айтылып жүр. Тақырыптың қаншалықты қауіпті екенін анықтау үшін оның зардабы кімге тиді, қай журналист қамалып, сотталды дегенді ескеру керек деп есептеймін. Міне, жаңағы айтылған екі тақырыпта ешкімнің еркін көсілуіне мүмкіндік берілмейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстанды жауапты адамдар басқаратын күн де туар"Мысалы, қазір [Алматыдағы] әуежайды басып алуды ұйымдастырды деген айып тағып, Әйгерім Тілеужанды төрт жылға қамап тастады. Тергеу ұзаққа созылды, барлығы оқиға хронологиясын жақсы біледі, әуежайдан күзетті алып тастағандарды соттамағанын, оның орнына Тоқаев Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін шақырды деп барған адамдарды соттап жібергенін де біледі.
Әскер шақырғанын естігеннен кейін әрине, алаңдағылар қарсылық танытып, әуежайға барған. Олар әскердің басқа әуежайға қонатынын білген жоқ қой. Мен мұны "басып алу" деп есептемеймін. Наразылық шеруі десе болады.
Бірақ олардың соңынан арнайы оқу-жаттығудан өткен адамдар барып, әуежайда ойран жасады. Сол кездегі кадрларға қарасақ, дүкен сөрелерін үстіне бірдей қара күрте киген адамдар қиратып-бүлдіргенін көреміз. Олардың сырт келбеті [Алматыдағы] алаңда болған бұзақылар мен Сәтбаев көшесіндегі дәмхананы қиратқан адамдарға қатты ұқсайды.
ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АУЫЗБІРШІЛІК ҚАЖЕТ ПЕ?
– Журналистер қауымының өз бетімен әрекет ететіні Қазақстандағы сөз еркіндігіне ықпал ете ме? Журналистердің кез-келген мәселеде, тіпті олардың кәсіби құқықтары мен бостандығы, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң мәселесінде болса да, даусы бірге шыққанын көрмейсің.
– Журналистер тату, ауызбірлігі мол болса дегеніңіз әрине, тамаша идея. Бірақ Қазақстанның нақты қазіргі ақпарат аясында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істеу мүмкін емес. Мәселен, әлгі ток-шоуды жүргізген "Хабардың" журналисімен сізді не біріктіруі мүмкін немесе екеуіңізге ортақ не болуы мүмкін?
– Үнемі ынтымақта болудың қажеті де жоқ. Бірақ журналистер өзінің құқы мен еркіндігі жөнінде сөз болғанда бас біріктіргені жөн деп ойлаймын.
– Медианарықта тәуелсіз БАҚ-тың саны артқан жағдайда ғана солай болуы мүмкін. Ал әзірше мемлекеттік БАҚ-тың үлесі көп. Басқа БАҚ-ты президент әкімшілігі мен басқа да мемлекеттік мекемелер сатып алған. Журналистердің бірігуі мүмкін емес. Егер адам қожайынының айтқанын жазатын болса, сол қожайынның сойылын соғатыны анық. Кім қаржыландырса, сол – қожайын. Бізде жарнама есебінен күн көретін БАҚ өте аз. Тіпті сол жарнаманың ақысын тірнектеп жинайды.
– Сол себепті мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алады…
– Егер мемлекет тұрмыстағы зорлық-зомбылық, ұлттық мәдениет, тіл сынды көкейкесті тақырыптар бойынша түрлі БАҚ-қа арналған мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа конкурс жарияласа, содан кейін үкімет осы тақырыптар бойынша толымды ақпарат жариялайтын БАҚ-ты таңдап, оған қаржы бөлуге әзір болса, бәрі де дұрыс болар еді деп ойлаймын. Бір кездері тура солай болған. Кейін "Хабар" мен "Егемен Қазақстан" мемлекеттік ақпараттық тапсырыс есебінен қаржыландырылатын болды.
Егер саяси еркіндік болса, мұның бәрін де реттеуге болады. Әзірге саяси еркіндік жоқ. Президент Тоқаевтың айналасындағы БАҚ еркіндікті мүлде қажетсінбейді.
– Қазақстан журналистикасы енді он жылдан кейін қандай күйде болады деп ойлайсыз?
– Бұл он жылдан кейін Қазақстанның қандай болатынына байланысты. Ешқандай журналистика мемлекеттік саясаттан тыс өмір сүрмейтіні сияқты, жеке басқа табынатын автократтық елде тәуелсіз журналистика болмайды.
Барлығы да 2029 жылғы сайлаудың алдында Конституцияға енгізілетін өзгеріске байланысты болады. Егер Тоқаев уәдесінде тұрып, шынымен биліктен кететін болса, онда біз тәуір қоғам мен оңды ақпарат саласындағы ұзақ сапарға жол бастағалы тұрмыз. Ал егер Тоқаев сөзінде тұрмаса, онда бұл елде не болатынын болжаудың өзі қиын. Қазақстандағы көп нәрсе Украинадағы соғыстың немен аяқталатынына да байланысты. Егер Путин режимі осы қарқында күшейіп, Ресейдегі жағдай осы күйінде қалып қойса, біздің де халіміз мүшкіл болмақ. Біздің дамуымыз тежеліп қана қоймай, Ресеймен бірге кері кетеміз. Ал Ресей жеңіліске ұшыраса, әрине, тәуекелге бел бууға тура келер, бірақ ең болмағанда, қоғам биліктен неліктен коллаброционистік ұстанымда болдың деп қатаң сұрайтын болады.