Қазақстанда министрлердің апта сайын үкімет жиынына қатысу тәртібінің өзгеруі журналистердің жұмысын қиындатты. 13 қыркүйектен бастап бекітілген тақырып бойынша есеп беретін бірлі-екілі министр ғана үкімет отырысына келіп, басқасы отырысқа онлайн қосылып жүр. Әдетте тілшілердің үкімет отырысына келген министрлер мен олардың орынбасарларына сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндігі бар еді. Енді осы мүмкіндіктен айырылған журналистер "жаңа ережені қиын сұрақтан қашу әрі ақпарат алуды шектеу" деп біледі. Ал үкіметтің баспасөз қызметі бұдан ешқандай шектеу көрмейді.
"ҮКІМЕТ ҚАНДАЙ ЖҰМЫС ІСТЕСЕ, ТАРАТАТЫН АҚПАРАТЫМЫЗ ДА СОҒАН САЙ"
Күзде, әдеттегідей, Қазақстанның саяси өміріне жан бітеді. Екі ай демалған соң парламент қызметіне кірісіп, үкіметте қарбалас жұмыс басталады. Қыркүйектің басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауынан соң екі жаңа министрлік құрып, кадрлық ауыс-түйіс жасады.
Премьер-министр Әлихан Смайылов пен құрамындағы 26 министр 13 қыркүйекте үкімет отырысына жиналған. Бірақ бұл жолғы жиын бұрынғыдан өзгеше. Отырысқа үкімет мүшелерінің көбі онлайн қатысып, залда күн тәртібінде бекітілген тақырып бойынша есеп берген цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин мен ұлттық экономика министрінің орынбасары ғана болды. "Бұл қалай?" деген журналистер сауалына баспасөз қызметі "бұдан былай үкімет жиынына тек бекітілген тақырып бойынша сөйлейтін үкімет мүшелері келетінін" хабарлады. Міне содан кейін бір айдан астам уақыттан бері министрлер кабинетінің көбі үкімет отырысына онлайн қатысып жүр.
2016 жылдан бері Ақорда, үкімет пен парламенттен ақпарат таратып жүрген журналист Жәния Ұранқаева жаңа форматты естігенде "төбеден жай түскендей" әсерде болғанын айтады. Ол "көп жағдайда тілшілер паркетке (журналистер үкіметтегі, парламенттегі және орталық мемлекеттік органдардағы ресми жиындарды осылай атайды) күн тәртібі үшін емес, қоғамды толғандырған алуан сұраққа жауап алу үшін келетін. Ал үкіметтің мұнысы – ақпарат алу мүмкіндігін шектеп, сөз еркіндігін тежеу" дейді.
– Ақорда үкімет құрамын 80 пайыз жаңартты. Журналистерге де, қоғамға да олардың қандай жоспармен келгені қызық еді. Бірақ үкімет отырыстар осындай жаңа форматта өтеді деді. Меніңше, бұл нағыз – цензура.
Ұранқаева карантин шектеулері алынып, бәрі ашылған тұста үкіметтің ешкімге ештеңе түсіндірместен жаңа форматқа ауысуы жай емес әрі ереженің өзгеруіне министрлердің өздері тікелей қатысты болуы мүмкін деп топшылайды.
– Үкіметтен таратып жатқан жаңалықтарымыз, бәлкім, министрлерге жақпай қалса керек. Кешіріңіздер, елде қандай жағдай болса, министрлер қалай жұмыс істесе, сұрақтарымыз да, беретін ақпаратымыз да соған сай дер едім, – дейді ол.
"ЫҢҒАЙСЫЗ СҰРАҚТАН ҚАШУ"
Журналистердің көбі Астанада жүрген министрлердің үкіметке келмеуін даму емес, кері кету деп бағалады. Олар "бұл формат – қоғамда күйіп тұрған мәселелерге лауазымды тұлғалардан дер кезінде жауап алу мүмкіндігін шектеу" деп есептейді.
– Жақында Азия ойындары аяқталды (Қазақстан бұл жарыста алдыңғы ондыққа ене алмаған – ред.). Күн өткен сайын оның аптығы да басылады. Бірақ журналистер әлі күнге дейін спорт министрін көрген жоқ. Қоғамды алаңдатқан қанша сұрақ жауапсыз қалды. Енді Маржықбаев мырза шыққан күннің өзінде сұрақтардың маңызы азайып, өзекті болмай қалуы ықтимал, – дейді "Orda Life" Youtube-арнасының авторы Серік Жолдасбай.
Оның сөзінше, Қаңтар дүрбелеңінен кейін журналистикада сәл серпіліс пайда болды. Тілшілер кей мәселелер бойынша министрлерге жақпайтын сұрақтар қойып, басқаша жұмыс істей бастады, сондықтан үкімет осындай тәсілге көшуге мәжбүр деп есептейді Серік Жолдасбай.
– Бұл – ыңғайсыз сұрақтардан қашу. Егер әкімдер, министрлер, депутаттар әділ сайлау арқылы жеңіске жетіп, билікке келгенде, біз қойған сұрақтар оларға шыбын шаққан құрлы болмас еді. Түсінесіз бе? Сұрақтардан жалтару, тілшілермен кездесуден бас тарту, үкімет мүшелерінің қандай деңгейде екенін байқатып тұр.
Премьер Маминмен кездесуге тілшілерді таңдап шақырған (16 қараша 2021 жыл)
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев 2019 жылдың ақпанынан бастап үкіметті тура екі жыл басқарған Асқар Маминді қызметінен алып, орнына оның орынбасары болып істеген Әлихан Смайыловты тағайындаған. Екі жылға жуықтаса да, Смайыловтың өзі де ақпарат құралдарына көп шықпаған.
– Билік "еститін үкімет" дегенді жиі айтады. Бірақ, шындығында, Смайылов бастаған министрлер кабинеті бұған кері саясат жүргізіп отыр. Бұлай жалғаса берсе, Қазақстанда цензура күшейіп, сөз еркіндігі тұншыға береді, – дейді Жолдасбай.
Үкімет жиынына қатысу ережесінің аяқастынан өзгеруін Ulysmedia.kz тілшісі Аян Өрібай да құптамайды. Ол да аптасына бір рет журналистердің министрлерге тікелей сұрақ қойып, жауап ала алмай қалуы – ақпаратты шектеу деп санайды.
– Бұрын журналистер министрлерді аптасына бір рет көретін. Енді айына, кейді тіпті екі айда бір рет көретін жағдайға жеттік. Үкімет түзіп берген баспасөз жиыны жоспарын қарасаңыз, дәл солай болып тұр. Яғни, ақпарат алу аясы тарылды. Журналистер премьер-министр Әлихан Смайыловқа сұрақ қоймақ түгілі, министрлерге сауал қоюдан зар боп қалдық, – дейді ол.
"ҮКІМЕТТІҢ ЕЛГЕ АЙТАР ТҮГІ ЖОҚ"
Бұрынғы журналист, қазіргі мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи үкіметтің журналистер мен министрлерге қойған шектеуі амал жоқтан ойлап тапқан тәсілі дейді. Оның ойынша, "қымбатшылық қысып, экономикалық дағдарыс күшейген, бюджет тапшылығы қатты сезілген қазіргі жағдайда министрлер кабинетінде елге қарауға бет қалмаған".
– Журналистер аспандағы айды сұрамайды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға сүйеніп сұрақ қояды. Ал оған үкімет құрамының нақты, тұшымды жауабы бар ма? Жоқ. Сондықтан аптасында бір рет өтетін үкімет жиынының форматын осылай өзгертіп отыр. Кейде тілшілердің сауалынан жалтарып, қашып, іліп-шалып жауап бергендей болады. Бірақ бір айтады, екі айтады, үш айтады... оны қайталай бермейді ғой. Тоқ етері, үкіметтің елге айтар түгі қалмады, – дейді Бапи.
"ҮКІМЕТ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ӘРҚАШАН АШЫҚ"
Ал үкіметтің баспасөз қызметі жиынға қатысу тәртібінің өзгеруі ақпарат алуды шектейді дегенге мүлдем келіспейді. Премьер-министрдің баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов Азаттыққа "бұл формат жұмысты жеделдетіп, мемлекеттік органдар басшыларының қызмет орнында көбірек болуына мүмкіндік жасайды" деп жауап берді. Оның сөзінше, бұл жаңашылдық – цифрландыру дәуірінің талаптарына сай келетін тәжірибе.
Құлшыманов министрлер үкімет отырысына онлайн қосылғанымен, қазір журналистермен баспасөз мәслихаттарына өздері келіп, сұрақтарға жауап беріп жүргенін айтады.
– Үкімет журналистерге әрқашан ашық. Біріншіден, апта сайын үкіметтің әр отырысынан кейін баяндамашылардың бәрі баспасөз конференциясына шығып, журналистердің сұрақтарына жауап береді. Мысалы, кейінгі баспасөз жиыны екі сағаттан астам уақытқа созылды. Журналистер 60-қа жуық сұрақ қойды. Оның ішінде Азаттық радиосының тілшілері де бар, – деді Құлшыманов.
Баспасөз хатшысының мәліметінше, кейінгі бір жарым айда үкімет мүшелері БАҚ үшін 36 брифинг өткізген, кейбір министр брифингке бірнеше рет қатысқан.
– Ал премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет басшысы болғалы бері журналистер қатысқан 7 іс-шарада болып, сұрақтарға жауап берді, – дейді Құлшыманов.
Ал "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова үкімет отырысының регламентін өзгерту туралы шешімнен тек журналистер зардап шекті деген пікірде.
– Кейде жеке әңгімелескенде әріптестерімнің артық кететіні рас, оны мойындаймын. Бірақ біреуге жақпаса да, журналистер айтып, көрсетуі міндет. Үкімет жиынының жаңа форматқа көшуін баспасөз қызметі екі жаққа да тиімді, жұмысты жеңілдету үшін жасадық деп түсіндіруге тырысты. Бірақ ұтылатындар тек қана журналистер дер едім. Екінші мәселе, министрлер сұрақтан жалтарып, қашқақтаса, елдегі бар проблемаға жауапты жалғыз адам – президент болып қалады, – дейді Жаманқұлова.
Ал "Атамекен" арнасының тілшісі Арай Сүгірбай үкімет енгізген "жаңашылдықтан әзірге кемшілігі болмаса, артықшылығын байқамадым" деп отыр.
Угандадан кейінгі орында. Баспасөз бостандығы индексіндегі Қазақстан
Қазақстан бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде 134-орында тұр. Бұл рейтингті халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы дайындайды. Ұйым өкілдері Қазақстанда "ақпаратқа қол жеткізу құқығы шектелген", "үкімет ақпарат кеңістігін бақылауда ұстағысы келеді", "журналистер цензурадан зардап шегіп отыр" деп есептейді.
Ұйымның 2023 жылы мамырда жарияланған есебінде "Билік журналистердің 2022 жылы Қаңтарда болған үкіметке қарсы наразылық сияқты маңызды шаралардан хабар таратуына кедергі жасау үшін ұстап әкету, шабуыл жасау, телекоммуникация желілері мен интернетті өшіру сияқты қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланады. Жекеменшік ақпарат құралдарына пропагандамен айналысқаны үшін ақша төлейді. Ақпарат министрлігі БАҚ өкілдерін бақылайтын орган қызметін атқарады" делінген.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстандағы БАҚ туралы заң жобасына құқық қорғаушылар мен медиазаңгерлер алаңдап отырғанын, мемлекет баспасөзді бақылауды күшейтіп, сөз еркіндігін тағы шектеуі мүмкін екенін айтады.
ПІКІРЛЕР