Қазақстандағы дүнгендердің үйлену тойы

Дүнгендер 18-20 жаста үйленеді. Сортөбеліктердің айтуынша, 24 жастан асқан қыздарға тұрмысқа шығу қиын. Мына суреттегі тұрмысқа шығып жатқан қалыңдық Роза - 18 жаста, ал күйеу жігіт Шафур - 24 жаста. Шафур Қытайда білім алған, қазір мұнай компаниясында аудармашы болып жұмыс істейді.
 

Үйлену тойы екі аптаға созылады. Бұл уақыт ішінде жігіт пен қыздың туысқандары бір-біріне қонаққа барып, танысады. Дүнгендер бұл екі тараптың арасын жақындатады деп санайды. 

Той таңғы сегізде басталып, түскі екіде аяқталады. Тойда қонақтарға ет, сәбіз, ішек-қарын қосылған дүнгендердің ұлттық тағамы - орце беріледі. 

 

Қалыңдықты тойға дайындау сәті.
 

Қалыңдықтың шашын өру дәстүрі дүнгендерде ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Шаш сәндеу бір сағаттай уақыт алады.
 

Қалыңдықтың сәнделген шашына гүл және әшекей тағады. Бұрынғы заманда жағдайы жақсы отбасылардың қызы басына күмістен жасалған әшекей тағатын. 
 

Қалыңдықтың көйлегі. 

Дүнген дәстүріне сай, қалыңдықтың жасауы аулаға қойылады. Әр зат гүлмен және қызыл таспамен безендіріледі. Жасау ішінде ас үй жабдықтары, көрпе-жастық, тоңазытқыш, кір жуатын машина, газ плитка бар. 

Қыз жақ жасауды күйеу жігіттің шаңырағына той өтетін күннен бір күн бұрын әкеледі. Шафурдың әкесі Гащим Джинлир келініне беретін алтын әшекейді ұстап тұр. 

Дүнген ұлттық киімін киген әйел. 

Бүкіл той әр үйдің ауласында өтеді. Той жасаушы жақтың туысқандары мен көршілері қызмет көрсетеді. Тойда ерлер мен әйелдер бөлек отырады. 

Қонақтарға арналған палау көшеде үлкен қазанда дайындалады. Палауды әдетте, ер адамдар басады. Өзбек палауынан ерекшелігі - дүнген палауына ет көп қосылады.

Палауды үстелге қояр алдында үстіне ірі кесек ет салынады.

Дүнген халқының шашуларында теңге емес, Қырғызстанның ақшасы - сом қойылады, себебі Қырғызстан бұл елді мекенге өте жақын орналасқан. Мұндай шашу әдетте, қалыңдықтың үйінде тойға бір күн қалғанда жасалады.

Тойға бір күн қалғанда күйеу жігіттің үйінде кішкентай Мұхаммедтің сүндет тойы аталып өтті. Мұхаммед - Шафурдың туған жиені. Бұл оқиғаның құрметіне түрлі тағамдардан құралған дәмді щи әзірленді.

Дүнген щиі тек қадірлі адамдарға ғана беріледі: әуелі баланың шешесі жағынан келген қонақтарды сыйлайды. Олардан кейін үстелге баланың әкесі жағынан келген қонақтар шақырылады.
- Мұндай щи тек бізде ғана - Қордай ауданында ғана дайындалады. Дүнген щиі ыстық, ащы, тәтті тағамдардан құралады. Тағамдар комплектациясы 13-тен басталып, 18, 24, 28 дейін созыла береді. Бәрі қонақтар саны мен үй иесіні жағдайына байланысты, - дейді қонақтардың бірі Роза Буларова.

Ал бұл кезде Шафур қалыңдыққа баруға жинала бастады. Оның достары костюміне күйеу жігіттің арнайы белгісі саналатын қызыл және жасыл ленталарын тағуға көмектесті.

Күйеу жігіттің ең жақын достарының ерекше міндеттері бар: олар мереке-думанның мүмкіндігінше көңілді өтуіне күш салуы керек. Тойда ән мен биден бөлек, жастар жағы бір-бірінің бетіне күйе жағып, жаңадан кесілген шыбықтармен бір-бірін сабап ойнайды. Тойдан кейін күйеу жігіт міндетті түрде дастархан жайып, тойға көмектескені үшін достарына алғыс айтуы керек.

Қонақтар тойға сыйлықты ақшалай алып келеді. Сыйлық көлемі - екі мыңнан бес мың теңгеге дейін. Сыйлық көлемі және сыйлық берушінің есімі қағазға жазылады. Егер алдағы уақытта сыйлық беруші той жасай қалса, оларға да осынша көлемде ақша апарады.

 

Жігіт жақтың жақындары келінді үйге әкелетін көлікті безендіріп жатыр. 

Шафур достарымен Розаның үйіне келе жатыр. Дүнген дәстүрі бойынша, қалыңдықтың туысқандары қызыл орамалды бұлғағанда ғана жігіт болашақ жарының үйіне кіреді. Қалыңдықтың туысқандары күйеу жігітті сәлем салып қарсы алады. 

Қалыңдықтың үйінде молда неке қию рәсімін өткізеді.
 

Қалыңдық үйінен шығарда бетін орамалмен жабады. Бір орамалды күйеу жігіт алып келеді, екінші орамалды қалыңдықтың анасы береді.
 

Дүнген дәстүрі бойынша қызды үйінен ағасы шығарып салады.

Қалыңдық жігіттің үйіне кіріп келе жатқан сәт. Оны шашумен (тәттілер, өрік, жаңғақ т.б) қарсы алады. Егер қалыңдық болашақта ұлды болам десе жаңғақ, қыз бала қаласа өрік жейді.  
 

Қалыңдықты арнайы дайындалған орынға отырғызады.
 

Қалыңдықты көруге келген қонақтар. 

Қалыңдық жасау ретінде берілген бес әшекей бұйымды тағады. Оның ішінде ұлттық жүзік пен сырға болуы тиіс. Қалған үш әшекей қалыңдықтың таңдауына байланысты сақина, алқа, мойыншақ болуы мүмкін. Дүнгендердің ұлттық әшекей бұйымдарында бақыттың символы ретінде феникс құсы бейнеленеді. 
 

Түскі екіден кейін үйлену тойы аяқталып, кешкісін күйеу жігіттің жақындары ғана қалады. Олар кешкі дастархан басында құран оқиды. Тойдан кейін бірнеше апта бойы екі жас туысқандарының үйіне қонаққа барып, танысады.