ЕКІ МИНУТҚА ЖЕТПЕГЕН БАЯНДАМА
Үкімет ұлттық қордан ақша алу үшін, тәртіп бойынша, арнайы заң жобасын әзірлеп, оны парламентте қабылдатып алу керек. Заң жылдам қабылданды, депутаттар биылғы жыл бюджетіне Ұлттық қордан 5,3 трилион теңге бөлуге келісті.
30 қазанда премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров парламентте қысқа ғана баяндама оқып, қордан қанша қаражат алынатынын былай түсіндірді:
– Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026, 2027 жылдары барреліне 41 және 39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 триллион теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы - 62,2 миллиард АҚШ доллары, 2026 жылы - 69,9 миллиард АҚШ доллары, 78,7 миллиард АҚШ долларын құрайды, – деді ол. Бұл ақша ұлттық бюджеттің "теңгерімділігін қамтамасыз етеді" деген министр дептутаттарға "қолдауларыңызды сұраймын" деп өтініш айтты.
Бар-жоғы екі минутқа жетпеген баяндаманы депутаттар үнсіз тыңдады. Қарсы пікір айтқан адам болған жоқ. Биліктегі "Аманат" партиясының депутаты Татьяна Савельева ғана үкімет жылда алақан жаятын Ұлттық қордағы қаржының болашағына байланысты алаңдаушылық білдірді.
– Республикалық бюджет жобасынан байқағанымыз, кепілдендірілген трансферттен бөлек, 3,3 триллион теңге көлемінде мақсатты [трансферт] те көзделген. Жалпы Ұлттық қордан респубика бюджетіне жіберілетін трансферттер көлемі 5,3 триллион теңге болмақ. Үкіметтің Ұлттық қор қаржысын пайдалану тәртібін өзгерту, трансферттерді шектеу туралы жыл сайынғы уәждері бос сөз болып қалып отыр. Сондықтан депутаттарды мына сұрақ алаңдатады: үкімет Ұлттық қордың валюта активтерін 2030 жылға дейін 100 миллиард долларға жеткізу жоспарын орындай ала ма? – деп сұрады Савельева.
Министр Байбазаров баяндамасында айтылған болжалды есепті қайталап, алда бес жыл уақыт бар, бірақ ол мұнай бағасына байланысты деп екұшты жауап қайтарды. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын ақша көлемі 5 миллиард долларға дейін азаймақ. Министр қазір Ұлттық қордан "көп мөлшерде алып жатқан" ақша мөлшерін азайту үшін "бюджеттің кіріс бөлігін көбейту керек екенін" айтты. Үкімет бұл бағытта жұмыс істеп жатыр деп сендірді ол.
"Республика" партиясының депутаты Нұргүл Тау жекешелендіруден Ұлттық қорға жыл сайын неге 1 миллиард теңге ғана түсетінін сұрады. Оған қаржы министрі Мәди Тәкиев жекеге сатылатын нысандарда мемлекеттің үлесі аз, сондықтан түсім аз деп жауап берді.
Бұдан соң Ұлттық қордан ақша аударуды қолдаған депутаттар сөз сөйледі. Олар бұл қаражат "бюджет теңгерімділігін қамтамасыз етеді", "экономиканы қолдап, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады" деп, заң жобасын қолдауға шақырды.
Бас-аяғы 8-9 минутта мәжіліс депутаттары заң жобасын қабылдады. Спикер Ерлан Қошановтың сөзінше, жиынға қатысып отырған 93 депутаттың біреуі қарсы болған, ал екеуі қалыс қалған.
Бұдан соң министрлер мен депутаттар алдағы үш жылға арналған бюджетті талқылауға кірісті.
Your browser doesn’t support HTML5
МЕМЛЕКЕТ ӨЗ ШЫҒЫНЫН НЕГЕ ӨТЕЙ АЛМАЙ ОТЫР?
Үш жылдық бюджет заңын қарауды депутаттар "Мемлекет неге өз шығынын өтей алмай отыр?" деген сұрақтан бастады. Парламент үкімет көлеңкелі бизнеспен күресін күшейтіп, салық саясатын өзгертсе де қосымша табыс артпағанын сынға алды. Ұлттық қор қаржысынан бөлек жол салуға ұзақ мерзімді қарыз аламыз деп келген үкімет мүшелері қазынаның толмай қалуын геосаяси жағдаймен байланыстырып, мұнай мен Қазақстан экспортқа шығаратын тауар бағасының төмендеуінен деп түсіндірді.
– Республикалық бюджет әлемдегі шикізат бағасына әлі күнге тәуелді болып отыр. Мұнай баррелі 60 доллар болады деген болжамға сәйкес үкіметте пессимистік жоспар бар. Айтыңыздаршы, мұнай бағасы қатты түссе не істейсіздер? Мәселен, 60 доллардан төмен кетсе ше? Үкіметте елді құтқаратын Б жоспары бар ма? – деп сұрады мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.
Ал депутат Ринат Зайытов әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобаларға ақша аз бөлініп жатқанын айтып шағынды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 400 жайлы мектеп салынуы керек еді. Ол 369-ға түсіп, оның 157-не әлі ақша жоқ боп отыр. 2024 жылдың сәуірінен бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге мөлшерін ұлғайту керек еді. Мұнда да қозғалыс жоқ. 2025 жылға 95 пайыз жергілікті жолдардың барлығы жөнделуі керек еді, бұл да іске асуы неғайбыл екенімен келісетін шығарсыз. Елге берген, бізге берген орындалмаған уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояйын. Осы орайда сұрақ, министрлер кабинетінде сөздің бәтуасы болмауының себебі не? Және сіздің алда қандай жоспарыңыз бар?
"Аманат" фракциясы дерегінше, биыл тоғыз айда экономика өсімі 4-ақ пайыз болған. Ал орта бизнестің экономикадағы үлесі небәрі 7 пайыз. Ел бюджетінің 40 пайызы шикізат экспортына тәуелді. Депутат Еділ Жаңбыршин үкіметтің уәжіне түсіністікпен қарайды. Бірақ үнемдеуге шақырады.
– Біз басқа экономика жасауымыз керек. Екінші, тиімсіз жұмсалып жатқан қаржыларды қарап, оптимизация жасауымыз керек. Мысалы көптеген жоба-сметалық құжатқа жоғары баға қойылатын сияқты. Мүмкін бір жобаларды ықшамдау керек шығар. Ресурстар бар ғой.
– Үкіметтің жұмысы мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Біздің барлық іс-әрекетіміз соған байланысты. Бюджетті қараған кезде бізге 32 трлн теңгеге өтініштер түсті, бірақ қолымызда бар қаражат 15-ақ трлн теңге. Осы қаражат шеңберінде біз барлық жұмысты ұйымдастырып жатырмыз, – деді үкімет басшысы Олжас Бектенов.
"ХАЛЫҚ ЕСЕБІНЕН" КҮН КӨРЕТІН "БІРНЕШЕ АЛАЯҚ"
Ал депутат Ерлан Сайыров коммерциялық банктерді құтқару үшін оларға салынған Ұлттық қор ақшасын қайтару туралы мәселе көтерді:
– Үкімет бюджет тапшылығын бүркеу үшін 4 триллион теңге қарыз алмақ. Бірақ коммерциялық банктерде халықтың жүздеген миллиард теңгесі жатыр. "Халық банктің" өзінде ғана Ұлттық қордың 500 миллиард теңгесі тұр. Өзге жеке меншік банктерде 600 миллиард теңге сақталған. Әлемде жеке банктер үкімет қаржысына өмір сүретін жалғыз оқиға – осы. Неге үкімет бұл қаражатты қайтарып алмайды? Ел бюджеті әлсіреп, халық қиын жағдайда тұрғанда неге бірнеше алаяқ халықтың есебінен қалталарын толтыруы керек? – деді Сайыров.
Премьер-министр Бектеновтің айтуынша, кезінде үкімет қаржы құйып сақтап қалған банктер "қарызды қайтарып жатыр".
– Қарызды қайтару жөнінде бекітілген күнтізбе бар әрі кезінде көмек алған банктер келісімшартқа сәйкес оны уақытында қайтарып жатыр. Сондықтан тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін мұндай оқыс шешім шығару дұрыс болмайды деп ойлаймын. Әсіресе жүйені қалыптастырып отырған банктер қаржы қиындығына тап келсе, тұтас елдің экономикасына әсер етеді. Үкімет ол қаражатты көріп, біліп отыр және мемлекеттің бұл көмегі уақыт өте түгел қайтарылады, – деді премьер-министр.
"АМАНАТ" ҚОЛДАП, "АҚЖОЛ" ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Дегенмен, қатты айтса да, үкіметтің жұмысына күмәнмен қараса да, депутаттар ақыр соңында 2025-2027 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасын қабылдады. Мәжілістегі алты фракцияның ішінен "Ақжол" ғана жобаға қарсы болды, Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия қалыс қалды.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мемлекеттің кірісін тұрақтандыру үшін үш жыл уақыт сұрайды. Ол үшін жоспар бекітілгенін айтады.
– Мемлекеттің кіріс бөлігін тұрақтандыру үшін бізге үш жылдай уақыт керек. Осы үш жыл ішінде біз жаңа салық кодексін қабылдап, айтып өткен үлкен өндіріс ошақтарын іске қосып, өндірісті жандандырып, экономиканы, бизнесті дамыту туралы тапсырманы орындауымыз керек, – деді Қазақстанның ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Үкімет есебінде Қазақстанның үш жылға жоспарланған бюджетінде үш салаға басымдық берілген. Олар – азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, білім беру саласын қолдау және халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Одан бөлек қаржының көп бөлігі тұрғындарды таза сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған.
БҰЛ – ҮКІМЕТ "БІЛІКСІЗДІГІНІҢ" БЕЛГІСІ
Экономист Меруерт Махмұтова бюджет тапшылығының ұлғаюы – үкіметтің дұрыс болжам жасай алмауының, яғни "біліксіздігінің" белгісі деген пікірде.
– Бюджет тапшылығының болжамнан тыс шығып жатуы – қаржы және экономика министрліктерінің болжамды нашар жасауының белгісі. Бұл үкімет қызметінің сапасын бағалайды деп айтар едім, – деді ол Азаттыққа сұхбатында.
Оның болжамы бойынша, Қазақстан үкіметі мына түрімен 2030 жылға қарай Ұлттық қордағы қаржыны 100 миллиард долларға жеткізудің орнына оны мүлде тауысуы бек мүмкін.
– Үкіметтің білігі жетпей тұрғандықтан бюджет тапшылығы жылдан жылға артып жатыр. Бюджетті қарап отырып, орынсыз шығындарды көп байқаймын. Қаржыны жұмсап жатыр, ол ертең экономикаға үлес қоса ма, қоспай ма, бұл – үкіметтің жауапкершілігіндегі мәселе, – деді Меруерт Махмұтова.
Сарапшы сөзіне сенек, салықтың негізгі салмағы орта және шағын бизнеске түсіп тұр, Ресейде соғыс басталғалы олардың ахуалы нашарлап, бюджет жыртығы ұлғайып барады.
– Елде қосымша құн салығын көтереміз деген ұсыныс болды, өз басым оған бірнеше рет қарсы шықтым. Себебі бізде ірі экспортшылар қосымша құн салығын төлемейді. Оны орта және кіші бизнес төлейді. 2022 жылы Ресей Украинада соғыс бастағалы орта және кіші бизнестің де жағдайы мәз емес, – деді экономист.
Меруерт Махмұтова бюджетке деген мұндай көзқарас тұрғанда елде экономика тұрақтанбайды деп есептейді.
– Ұлттық банк инфляция үшін жауапты. Ал үкімет трансфертті қайта-қайта ұлғайту арқылы инфляцияға үлес қосады. Бір жағынан инфляцияны төмендет деп, екінші жағынан бюджет шығысын ұлғайту – бір-біріне кереғар тапсырма. Бұл жағдайда экономика тұрақты бола қоймайды, – деді экономист Меруерт Махмұтова.