"ҰН ӨНДІРУШІЛЕР ҚАЗАҚСТАН БИДАЙЫН АЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ"
Биыл қазақстандық шаруалар 11,3 миллион тонна бидай жинаған. Былтыр 15,6 миллион тонна астық жиналған еді. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандырады. Соған қарамастан екінші жыл қатарынан ұн тартатын диірмендер бос тұр. Қазақстанда бидай қымбаттаған тұста, ұн өндірушілер 2021 жылдың күзінен бастап ресейлік шикізатқа көшкен. Оның себебі – Ресейдің ұны арзан.
– Ресейдің бидайы бар салықты қосқанның өзінде 15-20% арзанға түседі. Елден шығарда мемлекеттік төлемнен босатылады. Мысалы, Петропавл мен Омбының климаты бірдей. Бірақ Омбыда астық көп, бидай арзан. Бизнестің міндеті – шығынды азайту. Сондықтан ұн өндірушілер бидайды көрші елден сатып алады. Біздің бидайды алса, ұн бағасы көтеріліп кетеді, нарықта бәсекеге төтеп беру қиындайды, – дейді "Қазақстан бидай өңдеушілер одағы" заңды тұлғалар бірлестігі құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Евгений Ган.
Сарапшы елдегі ұн өнеркәсібін үлгі етуге тұрарлық салаға айналдыруға болар еді деп қынжылады. 2010 жылдан бастап экспорт көлемі азайып келеді. Ганның дерегінше, 2010-2012 жылдары Қазақстан Тәжікстанға – 451 мың тонна, былтыр 63 мың тонна ұн жөнелткен. Өзбекстанға бұрын 1,2 млн тонна ұн сатылатын, былтыр бұл көрсеткіш 427 мың тоннаға дейін азайды. Қазір ұн өндірушілер Ауғанстан есебінен ғана аяқта тұр, өйткені бұл елге ұн экспорты арта бастаған.
– Бұрын Қазақстан ұн экспорты бойынша Орталық Азияда көшбасшы болса, қазір Ресеймен және Өзбекстанмен бәсекелесуге тура келеді. Кей ұн өндірушілер кәсібін тоқтатып жатыр, өйткені Ресейден теміржолмен бидай жеткізуге шектеу бар. Кәсіпкерлер Қазақстан бидайына көшсе, бірінші күні-ақ телефоныма қоңырау шалған журналистерден тыным болмас еді, – дейді Евгений Ган.
Қазақстан темір жолы қазанда елге 150 мың тонна бидай жеткізу туралы өтінішті кері қайтарды. "Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы" ЖШС бас директоры Владимир Петровтың айтуынша, қазанда 341 мың тонна бидай тасымалдауға өтініш берілген, оның 190 мың тоннасы ғана мақұлданған.
Қазақстан бидай одағының өкілі Евгений Карабанов Қазақстан темір жолының көп көлемде бидай жеткізуге қарсы болуы отандық шикізаттың арзандауының алдын-алу үшін жасалған үкімет шарасы болуы мүмкін дейді.
– Бұған бір жағынан үкіметтің қатысы бар тәрізді. Біздің шикізаттың бағасы арзандап кетпес үшін бидай импортын шектеу керек. Биыл шаруалар жаздағы құрғақшылық пен егін орағы кезіндегі жауын-шашыннан зардап шекті. Енді баға төмендесе, шаруалар банкрот болады. Қазір бидайдың бір тоннасы 120-125 мың теңге тұрады. Үкімет бәріне осы баға жайлы деп ойлайды. Үкіметке тиімді, өйткені инфляция болмайды. Ал шаруалар астығын жақсы бағада сатып, шығынын жартылай болсын жабады. Бәрінен де Ресей ұнын алып отырған өндірушілерге қиын. Бірақ бұл жерде ұн өндірушілер мен шаруалардың бірін таңдауға тура келіп тұр, – деді Карабанов.
"БОЛАШАҒЫМА АЛАҢДАЙМЫН"
Павлодар облысында тұратын шаруа, "Ертіс Агро" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Ерлан Тоқтышақов 30 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысады. Содан бері биыл алғаш рет ең аз астық жиналғанын айтады.
– Жыл өткен сайын қиындықтар азаятын шығар десем, керісінше көбейіп келе жатыр. Техникалық жабдық мәселесін түбегейлі шешуге тырыстық: жаңа техника, жақсы құрал-жабдық сатып алдық. Өкінішке қарай, биыл жолымыз болмады. Жазда құрғақшылық болды, астық жиналғанда құйып жаңбыр жауды. Қазір ұсақ, шикі, жасыл бидай жинап жатырмыз. Астық көлемі былтырмен салыстырғанда 5-6 есе азайды. Осынша шығынға қарамастан, бидай бағасы 30 пайыз ғана өсті. Бұл – ең ауыр жыл болды, – дейді Ерлан Шапайұлы.
Биыл жазда Павлодар облысында ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын 200 кәсіпкер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, өңірде төтенше жағдай режимін жариялауды сұрады. Жергілікті шаруалар астық аз шығатынын алдын-ала біліп, несиемізді төлей алмаймыз деп шырылдады.
– Қазаннан бері несиемізді уақытылы төлей алмай отырмыз. Желтоқсанда банкпен сот басталады. Төтенше жағдай режимі болса, несие мерзімін ұзартуға болар еді. Қарызымызды кешірсін деп отырған жоқпыз, тым болмаса, зиянкестерді жоятын гербицид алуға субсидия мен кішкене уақыт берсін деп сұрап отырмыз. Одан бөлек, қазір тұқым сатып алып, техниканы қосып, жұмысшыларға ақша төлеуіміз керек. Шаруалардың табысы 5-6 есе азайды, бірақ міндеттемелері сол күйі қалды. Болашағыма алаңдап отырмын. Қазақстан бүкіл Еуразия құрлығын астықпен қамтамасыз ете алар еді. Жер де, өз ісін сүйетін адамдар да бар. 2016 жылдан бастап не әкімдік, не ауыл шаруашылығы министрлігі сөзімізге құлақ аспайды, – дейді Ерлан Тоқтышақов.
"ШАРУАЛАРДЫ ҚОЛДАМАСА, САЛДАРЫ АУЫР БОЛАДЫ"
Қазақстанға азық-түлікке қажетін өтеуге жылына 2 миллион тоннаға жуық астық жетеді.
– Өз қажетімізді өтеп отырмыз. Бірақ шаруалардың жайы не болады? Ұн өндірушілердің 50 пайыздан астамы Ресей бидайын өңдейді. Қазақстанның солтүстігі мен Қостанай облысында биыл апатты жағдай болды. Шаруаларды қолдау керек. Ұн өндірушілер неге Ресей бидайын алып отыр? Оның жауабы өте қарапайым. Өйткені ол жақта мемлекеттік қолдау жоғары, шаруалар соның арқасында қазіргі заманғы технологиялар енгізіп, техника мен тыңайтқыштар сатып алып, мол астық жинайды. Қазір Ресей соғыс жүргізіп, санкция қысымына ұшыраса да, базалық мөлшерлемесін 8,5 пайыздан 13 пайызға бір ай бұрын ғана көтерді. Ал бізде бұл көрсеткіш – 16,5. Несие мен депозит құны осы базалық мөлшерлемеге байланысты, – дейді Қазақстан бидай одағының өкілі Евгений Карабанов.
Қазақстанның солтүстігінде кей кәсіпкерлер жұмысын тоқтатып, техникасын сатып, өзін банкрот деп жариялауға өтініш беріп жатыр. Ауылды жерлерде негізгі жұмыс беруші – шаруалар. Ауылдағы негізгі кәсіпорын жабылса, халық басқа жаққа көшуге мәжбүр болады.
– Халық жұмыс, баспана, жақсы өмір үшін қалаға көшеді. Қазірдің өзінде Алматы мен Астана миграцияға төтеп бере алмай отыр. Сондықтан үкімет ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жабылмауына мүдделі болуы керек. Шаруаларды қолдамаса, салдары ауыр болуы мүмкін, – дейді Евгений Карабанов.
9 қарашада Қазақстан мен Ресейдің "Ауыл шаруашылығы – мықты экономика негізі" деген тақырыппен өткен XIX өңіраралық әріптестік форумында Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көлеңкелі импортқа қарсы күрес туралы айтты. Оның сөзінше, 2023 жылы заңсыз жолмен бидай тасымалдау көбейген.
– Сондықтан бидайды көлікпен тасымалдауға тыйым мерзімін созып, теміржол тасымалына шектеу енгіздік. Енді бидайдың лицензиясы бар элеваторлар, бидай өңдеуші кәсіпорындар мен құс өсіретін фабрикаларға кетіп жатқанын білеміз. Бірақ бұл шектеу Қазақстан аумағы арқылы басқа елге кететін транзиттік теміржол тасымалына әсер етпейді, – деді министр.
Қазақстан үкіметі 2023 жыл шаруаларға ауыр болғанын мойындайды. Қарашаның басында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан шаруалар қауымдастығымен кездескен. Онда құрғақшылықтан зардап шеккен шикізат өндірушілерді қолдау шаралары талқыланып, қарыз бойынша субсидия беру, несие мерзімін ұзарту мәселесі сөз болды.
– Агроөнеркәсіп кешеніне қойылған міндеттерді орындауға бұл шаралар жеткіліксіз екенін түсінеміз. Сондықтан жеңілдетілген несие, лизинг және субсидия көлемін арттыруға тырысамыз, – деді Серік Жұманғарин.
Жұманғарин үкімет 2030 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамыту конепциясына түзетулер енгізіп жатқанын айтты. Бұл құжатта игерілген жер көлемін кеңейтіп, лизинг көмегімен ауыл шаруашылық техникасын жаңарту қарастырылған.
ПІКІРЛЕР