Сметов алғашқы кездесуінде Индонезия балуаны Мохаммед Лювисті бір минутқа жеткізбей, таза жеңген. Ал екінші белдесуінде Ан Джаенгпен (Cолтүстік Корея) кездесті. Екі балуан бес минут бойы бір-біріне әдіс қолдана алмады. Кейін кездесу Golden Score (бірінші әдіс жасап ұпай алған балуан жеңіске жетеді) кезеңіне ұласты. Қарсыластар бұл кезеңде де үш минут бойы бір-бірінің осал тұсын таба алмай жүрді.
Кейін Солтүстік Корея балуаны Сметовты жағасынан алып иығынан асырған. Бірақ Сметов арқасын татамиге тигізбеу үшін (балуанның арқасы татамиге тисе ұпай беріледі) жанталаса кері айналды. Осы сәттен кейін Сметов оң қабырғасын ұстап татамиде жатып қалды. Қазақстан балуаны орнынан тұрып, кездесуді жалғастырмақ болған. Бірақ еш нәтиже шықпады. Жеңіс Солтүстік Корея балуанынан берілді. Сметов қос бапкеріне сүйеніп, залдан шығып кетті. Қазақстан балуаны қола медаль үшін өткен белдесуге шыққан жоқ. Жеңіс Қытай балуаны Ю Чангке берілді.
Кейін Қазақстан дзюдо құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов Азаттық тілшісіне “Сметовті аураханаға алып кетті. Ол қабырғасын сындырып алған сияқты” деді.
Ал Қазақстан дзюдо құрамасының дәрігері Наталья Кудашова Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне: “Жедел жәрдем Елдосты Джакартадағы ауруханалардың біріне алып кетті. Рентгенге түсіреді. Оң қабырғасын сындырып алған деген күдік бар” деген.
Бірнеше сағаттан кейін Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбек Азаттыққа: "Дәрігерлер тексерді. Елдостың жағдайы бірқалыпты. Қабырғасы сынбаған. Қазір атлеттер қалашығында жатыр. Дәрігерлер бақылауында" деді.
Елдос Сметов – 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 60 келіде алтын жүлдеге ие болған. 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Рио олимпиадасының күміс жүлдегері.
Қазақстан дзюдо құрамасы биылғы Азия ойындарында екі алтын алуды жоспарлаған. Сметов Джакартадағы жарыста 60 келіде негізгі фавориттердің бірі болған.
ОТГОНЦЭЦЭГ ПЕН ЖҰМАҚАНОВ - ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР
Қазақстанға Моңғолиядан келген легионер Галбадрах Отгонцэцэг әйелдер арасында 48 келіде қола медальға ие болды. Ол алғашқы белдесуінде Ю Сун Джонды (Солтүстік Корея) жеңген. Бірақ жартылай финалда жапон Ами Кондодан таза жеңілді. Қазақстан балуаны қола жүлде үшін өткен кездеуде Яао Сиюді (Қытай) жеңді.
Отгонцэцэг 2016 жылы Рио олимпиадасының ширек финалында Ами Кондодан жеңілген. Рио ойындарында Кондо күміс, Отгонцэцэг қола медальға ие болған.
Ерлер арасында 66 келіде қазақстандық балуан Елдос Жұмақанов та үшінші орын алды. Ол жартылай финалда Жапония спортшысы Иошира Маруямиден таза ("иппон") жеңілді. Жапон балуаны Жұмақановтың оң қолын тартып жатып алды. Қолы ауырып кеткен Қазақстан балуаны сол қолымен татамиді соғып, жеңілгенін мойындады.
Жұмақанов қола медальға таласта Аюи әл-Идрисимен (Катар) күресіп, иппон әдісімен жеңді.
Қазір Қазақстан 7 алтын, 9 күміс, 33 қоламен жалпы есепте 12-орында келеді. Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Азаттық тілшісі Джакартадан арнайы жаңалық таратып отыр. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.