Қазақстан Еуроодаққа былтырғыдан екі есе көп көмір сатқан. Ал ішкі нарықтың жайын кім ойлайды?

Көрнекі сурет.

10 тамызда Еуропа одағының Ресей көміріне салған эмбаргосы күшіне енді. Бұған дейін төрт ай өтпелі кезең жарияланған еді. Осы уақыт ішінде Еуропа елдері көмір жеткізудің түрлі жолын қарастырып көрді. Eurostat дерегінше, 2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан Еуроодаққа 1,5 млн тонна, яғни 2021 жылдың 12 айындағы көрсеткіштен екі есе көп көмір сатқан. Қазақстан тіпті көмірді қымбат әдіспен көлік жолымен тасымалдауға тырысып көрген. Ал Қазақстанда күз бен қыстағы суықта солтүстік өңірлерде жұрт көмір сатып алуға ұзын-сонар кезекке тұрады.

Жыл басында Қазақстан Еуроодаққа 140-200 мың тонна көмір экспорттаған. Украинада соғыс басталғаннан кейін экспорт көлемі 300-400 мың тоннаға дейін артқан. "Коммерсант" басылымы дерегінше, Еуропа Ресей көмірін Индонезия, Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы мен Колумбияның шикізатымен жартылай алмастыра алады. Балама елдер қатарында Қазақстан, Танзания мен Нигерия да бар.

Соғыс кезінде Еуроодақ Қазақстан көмірінің көп бөлігін теңіз арқылы жеткізген. Тағы 635 мың тонна көмір – теміржол, 90 мың тонна шикізат автомагистраль арқылы тасымалданған. Бірақ Ресейді айналып өту оңай емес.

Сәуірде тау-кен өндірісі және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Николай Радостовец LS басылымына "Бізде әртүрлі жол бар, Балтық елдері, Ресейдің Қиыр шығыс, Қара теңіздегі порттары арқылы сата аламыз. Бастысы – теңізге шықсақ болды. Ресеймен және Беларусь Республикасымен бірыңғай экономикалық кеңістік құрудағы басты мақсатымыз – бұл мемлекеттерді теңізге шығатын транзит аймағы ретінде пайдалану болатын" деген.

Осыған дейін "Қазақстан темір жолы" компаниясы Ресей Қазақстан көмірін Еуропаға жеткізуге кедергі болып отыр деп мәлімдеген еді. Бірақ кейінгі деректерге қарағанда, мәселе шешілгенге ұқсайды.

– 7 айда экспорт көлемі 12,2 пайызға өсіп, 19,6 млн тоннаға жетті. 65 пайызы Ресейге жіберіледі. Мәселе жоқ, бәрі қалыпты жағдайда жүріп жатыр, – деді "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз хатшысы Любовь Подоляк.

Радостовец Қазақстандағы көмір өндірісі тиімді дамып жатыр, экспорт көлемін арттыру жылу электр станцияларын шикізатпен қамтамасыз етіп, коммуналдық-тұрмыс қажетін өтеуге зиянын тигізбейді деп сендірген.

КӨМІР ҮШІН КЕЗЕК, ВАГОН АЛДЫНДАҒЫ ЖАНЖАЛ

Қазақстан көмір экспортында шамасы келгенше Ресейдің орнын басуға тырысатынын айтқан. 2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында Еуропаға 2021 жылдың жалпы көрсеткішінен екі есе көп көмір экспорттаған. Бірақ Қазақстан халқы тағы да көмір тапшылығынан қиналатын болса, экспорттың да берекесі қашуы мүмкін.

Үкімет халықты көмірмен қамтамасыз ету үшін шикізатты шетелге көлікпен тасымалдауға уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр. "Көмір тасымалын реттеу мәселелері туралы" бұйрық "Ашық үкімет" порталына жарияланған.

Жобада "Сараптама нәтижесі көрші елдерге көмір экспорты артқанын көрсетті (Қырғызстан –19%, Өзбекстан – 30%). 2021 жылы Қырғызстанға 1143 мың тонна көмір сатылған, оның 1020 мың тоннасы – темір жол, 123 мың тоннасы автокөлік жолы арқылы жеткізілген. Энергетикалық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеу үшін министрлік 2022 жылдың 1 тамызынан бастап алты айға көлікпен көмір экспорттауды уақытша тоқтатып отыр" делінген. Бірақ бұл бұйрықтың күшіне енгені туралы нақты дерек жоқ. Құжатта сондай-ақ Ресей мен Еуропаға көмір тасу туралы ештеңе айтылмаған.

Алматыда көмір тапшы. 12 қараша 2021 ж.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматы маңайында көмір іздеуші көбейді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриалдық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов "Курсив" басылымының сауалына берген жауабында көмірді шетелге заңсыз тасымалдау ішкі нарықты көмірмен қамтамасыз етуге және шекараға жақын аудандардағы бағаға әсер еткенін айтқан.

"Былтыр қыркүйекте күн күрт суытып, Орталық және Солтүстік Қазақстанда көмірге сұраныс артқан: халық көмірді вагоннан түсіріп үлгермей жатып, сатып алған" деді шенеунік.

Қазақстанда көмір тапшылығы 2017 жылдан бері жыл сайын қайталанатын мәселеге айналған. Жұрт көмір алу үшін күні бойы кезекте тұрады. 2018 жылы Семейдегі осындай кезектердің бірінде дзюдодан Қазақстан чемпионы қазаға ұшырады. 2021 жылы бірнеше күн қатарынан кезекте тұрып, көмір ала алмаған азамат өзін өртеп жібермек болған.

Жылдар бойы әкімдіктер, министрліктер мен басқа да жауапты органдар көмір тапшылығын "көмір, вагон жеткізудегі қиындықтар", "халық арасындағы дүрлігу", "жағдайды пайдалануға тырысқан алыпсатарлар әрекеті" деген сияқты түрлі себептермен түсіндіріп келді.

2017 жылы көмір тапшылығы болған кезде Қарағанды облысындағы алыпcатар компания "Көмірге байланысты дүрбелеңге жеке секторда тұратын азаматтардың бір мезетте көмір алмақ болып, сұраныс артып кетуі себеп болған. Бәрі дәл қазір көмір алғысы келеді. Жұрттың қысқа алдын ала қамдануына бір жаз уақыты болды ғой" деп сынаған.

Көмір алуға кезекке тұрудың тағы бір себебі (билік көмір тапшылығын бірнеше рет жоққа шығарған) – мұнай мен жанармай тапшылығы.

Статистика деректеріне сәйкес, 2017 жылы билік көмір тапшылығының себебін осылай түсіндірген кезде керісінше, сұраныс азайған. Осы тұста "2017 жылы халықтың көмір тұтыну әдеті аяқ астынан өзгерді ме?" деген заңды сұрақ туындайды. Содан бері жыл сайын көмір тапшылығы алдан шығады. Мұның сыры неде?

КӨМІР ЭКСПОРТЫН ШЕКТЕУ ЖӘНЕ КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКСПОРТ

2017 жылы ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин көмір экспортына уақытша шектеу енгізіп, халықты көмірмен толық қамтамасыз етуді ұсынды. Сол кездің өзінде халыққа сатылуы тиіс көмірдің шетелге кетіп жатқаны белгілі болды. Бұл ұсыныс қабылданған жоқ. Билік "елде көмір көп, бәріне жетеді" деп, мәселені елеусіз қалдырды.

Бұл ұсыныстан аз уақыт бұрын сол кездегі мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің бауыры Ерлан Нығматулин "Қаражыра" кен орнын игерумен айналысатын компанияның акционерлер құрамына кірді. 2022 жылдың тамызындағы дерек бойынша, Ерлан Нығматулин Эдуард Огаев және Владимир Жұманбаевпен бірге "Қаражыра" АҚ акционері саналады.

Астанадағы көмірге талас. 28 желтоқсан 2018 ж.

Your browser doesn’t support HTML5

Көмірге талас және "үкіметтің жылуы"

Қазақстанда көмір экспорттаушы компаниялардың мүддесі қорғалып жатқанын Кремльге жақын "Sputnik Қазақстан" сайты да жазған. Бірақ басылым лоббистерді қолдап, "қазір Ресейге көмір бермесек, болашақта оған арқа сүйей алмаймыз" деп түсіндірген.

Қазақстанда биыл Қаңтар оқиғасынан кейін көмір лоббиі әлсірегенге ұқсайды. Кезінде "көмір өндіретін аймақ тұрғындары жұмыссыз қалады" деп, Париж келісіміне қол қоюға қарсы шыққан Нұрлан Нығматулин мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Бейресми деректер бойынша, ол шетелге кеткен, ал бауыры, "Қаражыра" АҚ акционері Ерлан Нығматулинмен екеуіне қарсы рейдерлік туралы қылмыстық іс ашылған.

Дәл осы кезде автокөлікпен көмір экспорттауға тыйым салу жобасы қолға алынған. Ресми дерек бойынша, шетелге автокөлік жолымен тасымалданатын көмір көлемі аз болғанымен, шенеуніктердің сөзінше, экспорттың бұл түрін уақытша тоқтату Қазақстан халқын көмірмен қамтамасыз етуге едәуір әсер етеді.

Энергетика өнімдері нарығының сарапшысы Сергей Смирнов халыққа сатуға арналған көмірдің шетелге жөнелтіліп келгенін айтады.

– Жанармай мәселесіндегідей көлеңкелі экспорт болған. Неге тыйым салып отыр? Көлікпен экспорттауға. Қырғызстан трейдерлер қауымдастығының дерегінше, көрші мемлекетте сатылатын жанармайдың үштен бірі Қазақстаннан келеді. Жанармайды елден пешке арналған отын деген атпен цистернаға құйып, тасиды. Дизель отыны, жанармай сияқты өнімдерді басқа атаумен шекара асырып, шетелге сатады.

2017 жылы Қарағанды облысында көмір табылмай, дүрбелең басталғанда, ішкі нарыққа арналған көмірдің шетелге сатылуына "Шұбаркөл көмір" АҚ компаниясын айыптаған. Бірақ компания бұл ақпаратты жоққа шығарып, экспорт көлемі артпағанын, ал халықтың көмірсіз қалуына "жылжымалы құрамдағы мәселелер" әсер еткенін айтып ақталған.

Алматыда күн суытты. Тағы да көмір тапшы

"КӨМІР ТАСИДЫ, БІРАҚ ҚИЫРШЫҚ ТАС ДЕП КӨРСЕТЕДІ"

Сергей Смирнов халыққа сатуға арналған көмір көлеңкелі жолмен шетелге сатылды, үкімет мұны мойындай алмай, бар кінәні халыққа аудара салды дейді.

– Олар [көлеңкелі экспортты] қалай мойындайды? Шағын бизнес болса, мүмкін, мойындар ма еді, көлемі үлкен экспорттан әлдекімнің қыруар табыс тауып отырғаны белгілі ғой. Олар қатардағы кеден қызметкерлері емес, біздің шенеуніктер. Мұны қалай мойындасын? Тапшылық байқалған жердің бәрінде жемқорлық пен көлеңкелі экспорт жүреді: құжатты қолдан жасап, транзит жолдарын пайдаланып, көмір тасып, оны қиыршық тас деп көрсетеді, – дейді Смирнов.

Көмір тиелген жүк көлігі. Көрнекі сурет.

Экономист Петр Своик жалпы бағытты өзгертпей, мәселені шешу мүмкін емес деп есептейді.

– Мемлекет жауапкершілік алып, мәселені шешсе қайтеді? Әйтпесе үнемі халықты мазақ қылып отырғандай көрінеді. Қазақстан – ірі көмір державасы. Мұндай державада көмір тапшылығы қайдан болсын? – дейді экономист.

Своик көмір тапшылығына бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін кінәлайды.

– Агенттіктің негізгі міндеті – ешкім араласа алмайтын нарықтық бәсеке қалыптастыру. Олар қызметін дұрыс атқара алмай, алыпсатарларды кінәласа, онда айып өздерінде деген сөз. Өйткені агенттік бар жерде, алыпсатарға орын жоқ. Агенттікті басқаратын болсам, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар өндіріс түрлерінің тізімін жасар едім. Бұл салада бәсеке жоқ. Өйткені "Қаражыра", "Майқұдық" кен орындары, темір жол, жүк түсіретін торап сияқты кәсіп түрлерімен бәсекеге түсу мүмкін емес. Мұндай салалар монополия деп жариялануы керек. Вертикал монополия құрып, кен орнынан көмір сататын сарайға дейінгі тізбекті дұрыс қалыптастыру қажет. Осы вертикал монополия аясында мемлекет не өзі қолға алып, не қызметін адал атқаратын операторды белгілеп, бүкіл тізбектің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс.

Көлеңкелі экспорт – Еуразия экономика одағы аясындағы ең үлкен мәселелердің бірі. Мұны одаққа мүше елдердің кеден және салық қызметтері де растайды. Сауда және интеграция министрлігінің есебінше, 2025 жылға қарай көлеңкелі экономика салдарынан бюджетке түспейтін қаржы көлемі 1,2 триллион теңгеге жетеді.

Еуропаның жылу электр станцияларына қазақстандық көмір сапасы жарағанымен, Қазақстан Ресейдің көмегінсіз Еуропаға көмір жеткізе алмайды. Мәселе логистикаға тіреліп отыр. "Коммерсант" басылымының сарапшысы Қазақстан Каспий теңізіндегі Ақтау портын дамытып, көмірді Әзербайжан мен Грузия арқылы экспорттай алады, тек бұған біраз уақыт пен көлемді инвестиция керек деп есептейді.

Қазір Қазақстан әлемдегі он ірі көмір экспорттаушы мемлекеттер тізімінде 9-орында тұр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кеншілер аймағында көмір қымбат