Қазақстан Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Дания құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, жанкүйерлерге көптен күткен қуаныш сыйлады. Бірақ сарапшылар Қазақстан құрамасы әзірге ірі турнирлерге шығуға дайын емес дейді.
"Бізде мұндай эйфорияға толы сәт көп бола бермейді". Қазақстан футболшыларының тарихтағы ең үлкен жеңісіне бірер секунд қалғанда, қазақстандық комментатор алаңдағы ойынды осылай сипаттады.
Содан бірнеше минут бұрын шабуылдаушы Абай Айымбетов гол салып, Қазақстанды 3:2 есебімен алға шығарған еді. Ол қуаныштан жейдесін шешіп жүгіргенде, "Астана Арена" стадионы 30 мың жанкүйердің дауысынан жаңғырығып кетті.
Ойын соңына дейін бүкіл стадион демін ішіне тартып күтті. Дания есеп теңестіре алмады. Қазақстан 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде топтағы үздік құраманы жеңді.
Қазақ жанкүйерлері бұл сәтті 20 жыл күтті. Осынша жыл бұрын Қазақстан Азия футбол конфедерациясынан Еуропа футбол қауымдастығына (УЕФА) өткен еді. Бірақ әлі күнге дейін Қазақстан әлем кубогына я Еуропа чемпионатына жолдама ала алмады. Сондықтан Азиядан Еуропаға өту дұрыс болды ма деген сұрақ көбейген.
– Бұл эмоцияның әсері ме, әлде прогреске апарар жол ма? Әзірге бұл жеңістің құнын білмейміз, – дейді спорт шолушысы Есей Жеңісұлы.
Қазақстанның Еуропадағы нәтижесіне көңілі толмаған кейбір саясаткерлер мен спорт маңында жүрген шенеуніктер Қазақстанды Азия футбол конфедерациясына қайтару керегін де айтқан. Бірақ Есей Жеңісұлы шегінерге жол жоқ деп есептейді.
– Азиядағы футбол инфрақұрылымы нашар. Азия футбол конфедерациясы – артта қалған дүние. Ілгері ұмтылуымыз керек. Аз болса да, жанкүйерлерді қуантатын қадам жасадық, – дейді ол.
Қазақстан қазір ФИФА рейтингінде 115-орында, ал Дания 18-орында тұр. Дат құрамасы былтыр Катарда өткен әлем чемпионатына да қатысқан.
Ресей Украинаға басып кіргені үшін Германияда өтетін Еуропа чемпионатына қатыса алмайды.
Ресей футбол одағы УЕФА-дағы әріптестерімен қарым-қатынасы жақын арада түзеле қоймайтынын ескеріп, Азия футбол конфедерациясына ауыстыруды ойлап отыр.
Бұл жағдай УЕФА-ға мүше Израильдің оқиғасын еске салады. Израиль Еуропадан алыс орналасқан, аумақ жағынан алғанда, бұл ұйымға кіруіне еш негіз жоқ. Бірақ 1973 жылғы Араб-Израиль соғысынан кейін УЕФА мүшелері дауыс беріп, Израильді қатарына қосып алды.
Қазақстан УЕФА-ға 2002 жылы мүше болды. Аты аңызға айналған қазақстандық голкипер Құралбек Ордабаев Қазақстан Азия футбол конфедерациясынан кеш шықты деп есептейді.
– Мәселе Ұлттық олимпиада комитетінде болды. Олар УЕФА-ға ауысуды сөз жүзінде қолдағанымен, құжаттарға қол қоймады, – дейді ол.
УЕФА-ға мүше болуға өтінішті Қазақстан футбол федерациясының Ордабаевтан кейінгі басшысы, Назарбаевтың қуғында жүріп, Австрия түрмесінде қайтыс болған күйеу баласы Рахат Әлиев берген.
– Саяси ерік пен жеке байланыстардың арқасында УЕФА-ға қосылу процесі жеделдеді. Назарбаев Испания королімен жақсы араласатын. Ал ол ФИФА-ның [сол кездегі] басшысы Жоао Авеландждың жақын досы еді, – дейді Ордабаев.
Қазақстан УЕФА-ға мүше болғалы Еуропа немесе әлем чемпионатының іріктеу жарыстарында төменгі орындардан көтеріле алмай келеді.
Азия футбол конфедерациясындағы Өзбекстан әлем чемпионатына жете алмай, соңғы сәттерде сүрінгені болмаса, Қазақстанға қарағанда жақсы нәтиже көрсетіп жүрді.
Қазақстан Азияда болса, танымал турнирлерге ертерек жолдама алар ма еді?
2011 жылы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарында Қазақстан бес матч қатарынан жеңіліп қалды. Сол кезде спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетов парламентте Азия футбол конфедерациясына оралуды ұсынды.
Ол кезде бұл мәселеге қатысты пікір екіге жарылғанымен, қазір УЕФА дұрыс шешім болғанын бәрі түсінеді.
– УЕФА – үздік футбол ғана емес, керемет жарнама да, – дейді спорт журналисі, Telegram-дағы "Дядя Ваня" спорт арнасының негізін қалаушы Михаил Васильев.
УЕФА құрамында болудың бір артықшылығы – онда Еуропаның үздік клубаралық турнирлеріне қатысуға болады. Қазақстанның "Астана" командасы Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасында, "Қайрат" клубы Конференция лигасында ойнап үлгерді.
"Астана" 2015 жылы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, бұл турнирдің осы кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық клуб болды.
Васильев "мұндай жетістіктер ұлттық құраманың ойынына да әсер етеді" деп біледі.
– 90-жылдары Қазақстандағы жақсы футбол клубының бюджеті 1,5 миллион доллар болатын. УЕФА-ға қосылғаннан кейін қаржыландыру көлемі бірнеше есе өсті. Осындай турнирлерге қатысып жүріп, Қазақстан шетелден жақсы ойыншылар мен жаттықтырушылар шақырды. Бәсекеге қабілетті болу үшін жергілікті ойыншылар ойын сапасын көтеруі керек, – дейді Васильев.
Қазақстанның 26 наурыздағы жеңісі – футбол құрамасының кейінгі кезде жеткен жалғыз жетістігі емес.
Еуропа чемпионатының іріктеу матчында Қазақстан Шотландия құрамасын 3:0 есебімен жеңген. Осыдан кейін Алекс Маклиш Шотландия құрамасының бапкері қызметінен кетті. Дегенмен Қазақстан бұл топта 10 ойынның үшеуін жеңсе де, бәрібір алты құрама арасынан бесінші орын алды.
Былтыр Қазақстан құрамасы үшін табысты жыл болды. УЕФА-ның Ұлттар лигасы турнирінде Қазақстан Беларусь пен Словакияны жеңіп, топта бірінші орын алды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 2022 жылғы қазақ спортындағы 7 оқиғаСпорт шолушысы Есей Жеңісұлы Қазақстан биылғы іріктеуде өз тобында үшінші орынға ие болса да, едәуір прогресс көрсетеді деп есептейді. Үшінші орын Еуропа чемпионатына жолдама алуға жеткіліксіз, ереже бойынша, топта 1-2 орын алған құрама ғана Еуро-2024 турниріне өтеді.
– 2003 жылғы Португалияға қарсы іріктеу ойынымызды еске алайық. Сол матчта Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы алғашқы ойынын ойнады. Ол кезде Қазақстан ойыншылары доптан қорқатын. Қазіргі ойыншылар әлдеқайда батыл, алаңда еркін қимылдайды, – дейді Жеңісұлы.
Ол футболдың әлеуетін көтеру үшін шетелде ойнайтын қазақстандық ойыншылар көп болуы керек деп есептейді.
Астанадағы Қазақстан-Дания ойынында Қазақстан 0:2 есебімен жеңіліп жатқан. Екінші таймда Қазақстан есепті теңестіріп қана қоймай, жеңіс голын да салды.
– Спортта ғажайыптар болып тұрады, – деді Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшысы Ордабаев. – Данияның қалай босаңсып кеткенін көрдік. Қазақстанға алыс жол жүріп келді. Оның үстіне, біздегі алаңға жасанды шөп төселген. Соған да үйрене алмаған шығар. Бірақ осыдан кейін қарсыластарымыз бізге мұрын шүйіріп қарауға болмайтынын түсінді. Олар енді қазақтарға қарсы ойнағанда соңына дейін барын салу керегін біледі, – дейді Ордабаев.