2022 жылы Қазақстан Пекин олимпиадасында бірде-бір медаль ала алмады. Ал теннисші Елена Рыбакинаның Wimbledon жарысындағы жеңісі, шахматшы Бибісара Асаубаеваның әлем чемпионы атануы, футбол құрамасының "Ұлттар лигасындағы" жетістігі, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің жекпе-жектері жанкүйерлер арасында қызу талқыланды. Азаттық 2022 жылы Қазақстан спортында болған маңызды оқиғаларды ұсынады.
РЫБАКИНАНЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ШУ
"Сені бала кезден бастап мықты бапкер жаттықтырмаса да, кейін жеңіске жетуге болатынын дәлелдедім. Себебі 17-18 жасыма дейін менде мықты команда болмады. Кез келген теннисші қаржы жағдайына қарамастан, кім екеніне қарамастан тамаша жетістіктерге жете алады екен".
Бұл – қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның биыл жазда Grand Slam жарыстары қатарына енетін Wimbledon жарысын (Ұлыбритания ашық чемпионаты) жеңген соң айтқан сөзі. Ол финалда тунистік Онс Жаберден басым түсіп, Grand Slam титулын алған алғашқы қазақстандық теннисші болды.
Ресейде туған теннисші 2018 жылы Қазақстанға миллионер Болат Өтемұратовтың (Қазақстан теннис федерациясының басшысы) шақыртуымен келген. Рыбакина сұхбаттарының бірінде Ресейде жүргенде жаттығуға, жарысқа қатысуға қаржысы да, жаттықтырушысы да болмағанын; кейін карьерасын жалғастыру үшін Қазақстаннан түскен ұсынысты қабыл алғанын айтқан.
Рыбакинаның жеңісі Қазақстан қоғамын екіге жарып, Ресейде де шу туғызды. Қазақстандық жанкүйерлердің бір тобы оның жеңісіне шын жүректен қуанса; кейбірі шетелден келіп, Қазақстанның ақшасына жаттығып, жеңіске жеткенін айтып сынап жатты. Ел ішінде Рыбакинаның екі азаматтығы жайлы да сөздер шықты.
Ал ресейлік жанкүйерлер мен спорт басылымдары Рыбакинаны "Қазақстанға жіберіп қойғандарына" өкініш білдірді. Мәселен, Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпишев "Ол 8 жастан 16 жасқа дейін Ресейде жаттықты. Ресейдің Рыбакинаның жеңісіне қосқан үлесі аз деп кім айтады? Бұл – көрпені өзіне тарту. Қазақстанның да үлесін жоққа шығармаймын, бірақ Рыбакина – біздің өнім" деді.
Wimbledon жарысындағы жеңісінен соң Астанаға келген Рыбакина журналистерге Қазақстан паспортын көрсетіп, "егер Қазақстан болмаса қазір қазір қайда жүрерімді де білмеймін" деген еді.
Қалай болғанда да, Рыбакинаның Wimbldeon жарысын жеңуі Қазақстан спортының 2022 жылдағы ең ірі жетістіктің бірі болмақ.
ПЕКИНДЕГІ ЖҮЛДЕСІЗ ОЛИМПИАДА
Қазақстан ақпанда Пекинде өткен қысқы олимпиададан жүлдесіз қайтты. Ең үздік нәтиже – шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің 500 метрдегі төртінші орны мен шорт-тректен Қазақстан аралас құрамасының эстафетадағы бесінші орны. Пекин олимпиадасы Қазақстанда қысқы спортта резерв жоғын көрсетті. 2014 және 2018 жылғы олимпиадаға қатысқандардың көбі Пекин олимпиадасына да барды.
Қазақстан Пекин олимпиадасына дайындыққа және қатысуға мемлекеттік бюджеттен шамамен 600 миллион теңге жұмсаған. Пекинде жүлде болмаған соң әлеуметтік желіде мемлекеттің ақшасына олимпиадаға барған спортшылардың жүлдесіз қалғанына сын көп айтылды.
Пекин олимпиадасынан соң мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт комитеті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев басқаратын ҰОК-пен спортқа бөлінетін бюджетті игеру бойынша келісім-шартты мерзімінен бұрын үзіп, спортқа бөлінетін қаржыны басқаруды қайтарып алды. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы болғаны да айтылды.
Пекин ойындарынан кейін мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев нәтиже көрсете алмаған шаңғы спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, биатлон, фристайл акробатикадан бас бапкерлерді отставкаға жіберді. Бұған қоса министрлік "көп жылдан бері нәтиже көрсете алмай жүрген" тау шаңғысы мен шаңғы қоссайысын Қазақстанда қаржыландыруды тоқтатуымыз мүмкін деп те мәлімдеді.
Сарапшылар спорт түрлерін қысқартудан, құрамаға бөлінетін қаржыны азайтудан мәселе шешілмейтінін, олимпиададан жүлде алу үшін бұқаралық спорт пен жасөспірімдер спортын дамыту керегін айтып келеді.
40 ЖАСТАҒЫ ГОЛОВКИННІҢ ЖЕҢІСІ МЕН ЖЕҢІЛІСІ
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин араға екі жыл салып, 2022 жылы рингке қайта оралды. 9 сәуірде Жапонияның Сайтама қаласында кәсіпқой бокс кешінде 40 жастағы Головкин 36 жастағы Муратаны жеңді. 9-раундта жапон боксшысы рингте құлап, секунданттары шаршы алаңға ақ орамал лақтырды.
Головкин осы жеңісінен соң IBF, IBO нұсқасы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды және Муратаның иелігіндегі WBA Super белдігін иеленді. Головкин бұл жекпе-жек үшін 5 млн доллар және ақылы телетрансляциядан түскен қаржының 70 пайызын; Мурата 500 мың доллар және трансляциядан түскен ақшаның 30 пайызын алды.
Сарапшылар Головкин Муратаны жеңгенде "40 жасқа толса да, соққылары жойқын" деген еді. Бірақ 18 қыркүйекте Головкин мексикалық 32 жастағы Сауль Альвареспен жұдырықтасып, жеңілгенде жанкүйерлер "Головкиннің жасы келгенін, мықты қарсыластармен бокстасуға қауқары кетіп бара жатқанын" жазды.
Осылайша биыл Головкин карьерасында екінші рет жеңілді. 2018 жылы Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жекте төрешілер шешімімен мексикалық боксшы жеңіске жеткен.
Головкин қыркүйекте Альварестен жеңілсе де, рингке қайта оралатынын айтқан.
ШАХМАТШЫ БИБІСАРА – ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Желтоқсанда шахматтың рапид және блиц түрінен Алматыда өткен әлем чемпионатында 18 жастағы Бибісара Асаубаева блицтен жеңіске жетті. Ол блицтен екі рет қатарынан әлем чемпионы атанды, 2021 жылы Варшавада (Польша) топ жарған еді.
Ал қазақстандық тағы бір шахматшы Динара Сәдуақасова рапидтен күміс медаль иеленді.
Бұған қоса, тамызда Ченнаида (Үндістан) өткен шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдумәлік, Ксения Балабаева, Гүлісхан Нахбаева, Назерке Нұрғали) 5-орын алды. Қазақстан құрамасы бұған дейін шахмат олимпиадасында бестікке енбеген еді.
Шахмат олимпиадасы алдында Асаубаева "Қазақстан шахмат федерациясының басшылары шахматшыларды қайыр тілетпек болды" деп шулы мәлімдеме жасады. Ол "шахмат федерациясы шахматшыларды президент әкімшілігіне ертіп апарып, мемлекеттен 3 млрд теңге сұрады" деді. Шахмат федерациясы Асаубаеваның бұл сөзін жоққа шығарды. Ал Бибісара шахмат федерациясы өкілдерін өтірікті анықтайтын детектордан өтуге шақырды және "қорландық десе абыройын сотта қорғасын" деді. Бірақ шахмат маңында жүрген функционерлер детектордан да өткен жоқ, сотқа да шағымданбады. Федерацияға 3 млрд теңге берілгені де хабарланбады.
ФУТБОЛШЫЛАРДЫҢ "ҰЛТТАР ЛИГАСЫНДАҒЫ" ЖЕТІСТІГІ
Футболдан Қазақстан құрамасы биыл UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) ұйымдастыратын "Ұлттар лигасы" жарысының С дивизионынан деңгейі сәл жоғары В дивизионына өтті.
Қазақстан футболшылары С дивизионының үшінші тобында Әзербайжан, Словакия, Беларусь құрамалары бар топтан бірінші орын иеленді. Қазақстан алты ойынның төртеуінде жеңіп, біреуінде тең түсіп, біреуінде жеңілді.
Бұл – Қазақстан ұлттық құрамасының Азия футбол қауымдастығынан UEFA-ға өткелі алғашқы жетістігі. Әдетте аутсайдерлер қатарында жүретін Қазақстан құрамасы 2024 жылы басталатын "Ұлттар лигасында" Түркия, Грекия, Сербия, Исландия, Украина, Англия, Чехия, Австрия, Черногория құрамаларымен бірге В дивизионында ойнайды.
КЕНИЯЛЫҚ АТЛЕТ ӘПЕРГЕН АЛТЫН
Рыбакинаның Wimbledon-дағы жеңісі елге шетелден спортшы алдыру тақырыбында талқы тудырып жатқанда Кенияда туып, Қазақстан құрамасына ауысқан Нора Джеруто жеңіл атлетикадан Юджинде (АҚШ) өткен әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде алтын медаль алды.
Қазақстан жеңіл атлетикасын 2008 жылдан бері Ольга Рыпакова (Лондон олимпиадасының чемпионы, Пекин ойындарының күміс, Рио ойындарының қола жүлдесін алған) жалғыз сүйреп келген еді. Одан бері Қазақстанда Рыпакованың ізін басатын мықты жеңіл атлет шықпады. Сарапшылар Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы ірі жарыстарда жүлде алу үшін кениялық дайын спортшыларды шақырта салды деп санайды.
Джеруто мен тағы екі кениялық 2018 жылы ШҚО әкімі әрі Қазақстан жеңіл атлетикасы федерациясы Даниал Ахметовтің шақыртуымен Қазақстанға келген. Ал жеңіл атлетика федерациясы кениялық атлеттердің жеңісі елде жеңіл атлетиканың дамуына серпіліс береді деген еді. Бірақ спорт журналисі Аслан Қаженов Азаттыққа "шетелден спортшы шақыру спорттың басы-қасындағы шенеуніктер үшін ғана керек. Ал халыққа мүлде қажеті жоқ. Себебі елдегі балалар жарытып жаттығуға бара алмайды, барайын десе зал жоқ, зал болса бапкер жоқ, бапкер болса бағасы қымбат. Оның бер жағында қаншама әлеуметтік мәселе бар" деген еді.
Кениялық атлеттердің енді 2023 жылы Қытайда өтетін Азия ойындарына қатысуы тиіс. Одан кейін олардың мақсаты 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындар болмақ.
РАХИМОВ РИО АЛТЫНЫН ҚАЙТАРДЫ
Рио олимпиадасында ауыр атлетикадан 77 келіде чемпион атанған Нижат Рахимов Спорттық арбитраж соттың (CAS) шешімімен "рұқсат етілмеген әдіс арқылы допинг ережесін бұзған" деп айыпталды.
Қазақстанға Әзербайжаннан келген Рахимовтің 2016 жылдың 15 наурызы - 2021 жылдың қаңтары арасындағы барлық нәтижесі жойылып, ол 2016 жылы тамызда алған олимпиада алтынын да қайтарып беру туралы шешім қабылданған.
Рахимов 2016 жылы Рио олимпиадасына алтын алғанда батыс басылымдары оның жеңісіне күмән келтірген еді. Риода қола иеленген египеттік Мохаммед Махмуд "допинг тексерістен кейін [медаль иегерлері бойынша] бойынша өзгеріс болуы мүмкін. Допинг шектеуінен оралып, қысқа уақыттың ішінде осындай салмақты көтеру мүмкін емес" деген. Сол кезде Рахимов Азаттыққа Египет атлетінің сөзін жоққа шығарып, "мен тазамын, басқа айтылып жатқан сөздерге сенбеймін" деген еді.
Биыл наурызда CAS шешімі шыққанда да ол әлеуметтік желіде "олимпиада алтынын адал алғанын, допинг ережесін бұзбағанын" айтқан.
Сарапшылардың ауыр атлеттердің допингпен ұсталуы бұл спорттың Қазақстандағы танымалдығына да, дамуына да кері әсер тигізгенін айтады. Мәселен, 2022 жылы желтоқсанда Колумбияда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан бір күміс, бір қола медаль ғана иеленді. Нұрғиса Әділетұлының күмісі мен Алексей Чуркиннің (Қытайдан келген спортшы) қоласы жанкүйерлер арасында көп талқыланбағаны байқалды.
ПІКІРЛЕР