МУРАТАҒА ШАПАН, ГОЛОВКИНГЕ ҚҰРМЕТ
9 сәуірде Жапонияның Сайтама қаласында кәсіпқой бокс кешінде 40 жастағы Головкин 36 жастағы Муратаны жеңді. 9-раундта жапон боксшысы рингте құлап, секунданттары шаршы алаңға ақ орамал лақтырды.
Алғашқы раундтарда екі боксшы тең дәрежеде бокстасқанымен, төртінші раундтан бастап Головкин соққыларды үдетіп, басымдықты оз қолына алды. 8-раундта GGG (Головкиннің бокстағы лақап аты) шабуылдар сериясына көшіп, Мурата қорғанумен болды. Ал 9-раундта Головкиннің қатты соққылары тіпті күшейіп, Муратаның ешқандай шабуыл жасауға мүмкіндігі болмады. Раунд ортасында Мурата рингте тәлтіректеп құлады да, шаршы алаңға ақ орамал тасталды. Ақ орамал - қарсылас тараптың жеңілісті мойындауы.
Жекпе-жектен кейін Головкин "шамасы келгенше аяғында тұрған" Муратаға, жанкүйерлерге, Қазақстаннан арнайы келген фанаттарға, бокс кешін ұйымдастырғандарға алғыс айтты. Бұған қоса, Головкин Муратаға рингке киіп шыққан шапанын сыйға тартты.
Әдетте Головкин өз шапанын қарсыластарына сыйлаған емес. Кәсіпқой бокста әдетте қарсыластар бір-біріне атылып, бір-бірін көзбен де, сөзбен де ататын. Бұл жолы бәрі басқаша. Салмақ өлшеу рәсімінде Мурата мен Головкиннің көзбен атыспады, қайта бір-біріне құрмет көрсетіп, бас изеумен (жапон мәдениетінде бас изеу - құрмет көрсету белгісі) болды. Кеше, 8 сәуірде Головкин 40 жасқа толғанда да жапониялықтар мен Мурата оған құрмет көрсетіп, сый-сияпат көрсеткен еді. Осылайша Головкин мен Мурата боксқа дейін де, бокстан кейін де бір-біріне құрметпен қарап, жанкүйерлер кәсіпқой бокста сирек кездесетін мәдениетке куә болды.
Головкин осы жеңісінен соң IBF, IBO нұсқасы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды. Ал Мурата өз иелігіндегі WBA Super белдігін Головкинге берген. Бірақ кейін Головкин белдікті де Муратаға қайтарып, "бұл белдік сенде өмір бойы қалуы керек" деді (белдік Муратада болғанымен, WBA Super чемпиондық атағы Головкинге өтеді).
Бұдан бөлек, Total Sport сайтының мәліметінше, Головкин бұл жекпе-жек үшін 5 млн доллар және ақылы телетрансляциядан түскен қаржының 70 пайызын алады. Мурата 500 мың доллар және трансляциядан түскен ақшаның 30 пайызын иеленеді.
Жекпе-жектен кейін бокс сарапшылары мен фанаттар Головкиннің 40 жасқа келсе де әлі тың екеніне назар аударып жатыр.
"Головкин 40 жасқа толса да, соққылары жойқын. 40 жасында тағы бір белбеу алды" деп жазды америкалық ESPN телернасының бокс шолушысы Майк Коппингер твиттерде.
Ұлыбританиялық спорт менеджері Эдди Хирн "Неткен жекпе-жек! Головкин 400 күн рингке шықпай, бірақ күшін біртіндеп үдетіп, Муратаны Жапонияда құлатты да, тағы бір белбеу иеленді" деп жазды.
Головкин осымен 44 кездесу өткізіп, 42-рет жеңіске жетіп (36 жекпе-жекті нокаутпен жеңген) отыр. Ол бұрын мексикалық Сауль Алвареспен бір рет тең түсіп, бір рет жеңілген еді. Ал Мурата 19 рет рингке шығып, үшінші рет жеңілді. Жапониялық боксшы 16 жекпе-жекте (13 матч нокаутпен) жеңген.
Головкинмен кездесу алдында Мурата The Sun басылымына берген сұхбатында жеңісіне өте сенімді болған еді. Ол "Головкиннің мықты кезі артта қалды" деген. Ал бокс сарапшылары Мурата 40 жасқа толған "ардагер" Головкинге лайықты қарсылық көрсетіп, прессинг пен соққылар жасап, жеңіске жетуге тырысады деп болжаған. Бірақ жекпе-жек алдында букмекерлік кеңселер Головкин жеңіске жетеді деп бағалады.
Головкин араға 16 ай салып рингке оралды. Ол бұған дейін 2020 жылы желтоқсанда польшалық Камил Шереметаны уақытынан бұрын жеңген. Ал Мурата 2019 жылдың желтоқсанынан бері алғаш рет жекпе-жек өткізді
ГОЛОВКИННІҢ КҮШІНЕ КҮДІК ПЕН ЕНДІГІ КАРЬЕРАСЫ
Головкин үшін Муратамен жекпе-жек өте маңызды болған еді. Егер GGG Муратадан жеңілгенде мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (57 жеңіс, 1 тең, 2 жеңіліс) үшінші рет рингке шығу мүмкіндігінен айырылатын еді. Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек биыл қыркүйекте өтуі мүмкін. GGG мексикалық боксшыдан бір рет жеңіліп, бір рет тең түскен.
Бұған қоса, кейінгі уақытта бокс сарапшылары мен жанкүйерлер Головкинді "ардагерлер" қатарына қосып, Головкиннің жасы келді, күші қайтты деген күдік көбейген. GGG ұзақ уақыт рингке шықпай кеткен соң эксперттер Головкин мексикалық Сауль Альвареспен үшінші рет кездессе (бір рет тең түсіп, бір рет жеңілген), жеңіске жетуге мүмкіндігі аз деген пікірлер де айтып жүр.
Ал Головкин Муратамен кездесудің алдында "күдік келтіргіштерге, басқа да адамдарға да ештеңе дәлелдеуге міндетті емеспін" деген еді.
Бұдан бөлек, қазақстандық боксшы Boxing Scene сайтына берген сұхбатында жақын уақытта бокстан кетпейтінін меңзеп, "мені әлі де рингтен көретін боласыздар" деді.
- Мурата әуесқой бокста жүргенде 2012 жылы Лондон олимпиадасында 75 келіде чемпион атанған, ал Головкин 2004 жылы Афины олимпиадасында 75 келіде күміс жүлде иеленген.
- Қарағандыда туған Головкин – Қазақстаннан шыққан ең танымал кәсіпқой боксшы. Оның жекпе-жегін елде миллиондаған жанкүйер күтіп, оның бокс матчтары елдегі телеарналарда жоғары рейтинг көрсетеді.
ПІКІРЛЕР