Жиілеген форумның шығыны жарияланбайды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин өңіраралық ынтымақтастық форумында. Петропавл, 8 қараша 2018 жыл.

2018 жыл Қазақстанда түрлі тақырыптағы форумдардың көптігімен ерекшеленді. Сарапшылардың пікірінше, билік осындай шаралар, әсіресе халықаралық жиындар ұйымдастыру арқылы сыртқы имиджін жақсартуға тырысқанымен, олардың тиімділігі аса сезілмейді.

"АСПАННАН ФОРУМ ЖАУҒАН ЖЫЛ"

Жыл соңына қарай әлеуметтік желілер мен баспасөзде Қазақстанның түрлі өңірлерінде өткен форумдардан естелік фотолар көбейді. Бұған назар аударғандардың бірі Дина Елгезек әлеуметтік желідегі парақшасында "биыл аспаннан форум жауған жыл болды" деп сипаттайды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Дина Елгезек алуан түрлі экономикалық және медиа форумдар көбейгенімен, "экономикамыз бен сөз бостандығымыз жақсарып кеткен жоқ, қызыл сөзді сапыру болып қалды" деп есептейді.

- Билік халықаралық форумдар ұйымдастырып, шетелден сарапшылар шақырады. Бірақ, олардың ішінде бұрын ықпалды болса да, қазір билікте жоқ адамдар жиі кездеседі. Оларға берілетін сый-сияпат пен қонақ етіп күтудің шығынын есептейтін билік жоқтай көрінеді, - дейді ол.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев (оң жақта) пен Ресей үкіметінің жетекшісі Дмитрий Медведев «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумында. Алматы, 2 ақпан 2018 жыл.

​2018 жылы Қазақстанда түрлі деңгейдегі билік өкілдерінің қатысуымен өткен форумдар жайлы интернеттегі ашық деректерде шараны өткізуге қанша қаржы жұмсалғаны көрсетілмейді. Ресми БАҚ бетінде "кей форумдарды өткізуге бюджеттен ақша жұмсалған жоқ" деген пікір кездеседі. Сонымен бірге форумды билік ұйымдастырса да, шараға жеке компаниялардың демеуші болғаны айтылады. Форум өткізгендердің бірқатары ол жайында Азаттыққа нақты ақпарат беруге құлықсыз болды.

Азаттық тілшісі Қазақстанда 2018 жылы өткен халықаралық және республикалық, облыстық, бірнеше аудандық форумдарды санап шықты. Олардың жалпы саны 73-ке жетті: ақпанда 1 форум, сәуірде - 8, мамырда - 12, маусымда - 5, шілдеде - 4, тамызда - 3, қыркүйекте - 9, қазанда - 8, қарашада - 16 және желтоқсанда әзірге 7 форум өткен. Бұлардың қатарына жеке компаниялардың бизнес форумдары мен азаматтық белсенділер ұйымдастырған шаралар енбеді. Халықаралық конференция және өзге атаулармен өткен басқа да жиындар есепке алынған жоқ.

Осы 73 форумның барлығына билік өкілдері қатысқан, кейбіріне тікелей ұйымдастырушы болған. Бұл тек интернеттен Азаттық тілшісі байқаған шаралар болғандықтан, олардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін.

БІР КҮНДЕ ТӨРТ ФОРУМ

73 форумның арасында Қазақстан ресми орындарының шетелде өткізген шаралары да бар. Мұндай форумдарға Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінен өзге қазақстандық жоғары лауазымды қызметкерлер де жиі қатысқан.

​Әсіресе, қараша айында кейде бір форум, кей күндері бірнешеуі қатар өткені байқалады. Мысалы, қарашаның 9-ы күні Астанада энергия үнемдеу жөніндегі Бірінші халықаралық форум өтсе, сол күні Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы (екі күндік) ашылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан мен Ресей туризмді дамытуға "бірігіп күш салмақ"

​Қарашаның 15-і күні төрт форум өткен. Қазақстан Бас прокуратурасы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты форум өткізсе, Астанада ашылған Қазақстан-Словакия бизнес форумына премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қатысқан. Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен 20 елден келген 300-ге жуық банкирдің қатысуымен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі өткен. Дәл сол күні Берлинде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша "Қазіргі қазақстандық мәдениет пен әдебиет" туралы халықаралық форум басталған. Оны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жазушылар одағы және Ұлттық кітапхана ұйымдастырған.

Қазақстанда ұйымдастырылған ірі халықаралық форумдар арасында мамырдың 17-і мен 19 -ы аралығында өткен Астана экономикалық форумы бар. Ашық ақпараттарға қарағанда, жиынға әлемнің 24 елінен қонақтар шақырылған. Олардың арасында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, Эстонияның бұрынғы президенті Тоомас Ильвес, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун болған. Сайтындағы дерекке сүйенсек, 2008 жылдан бері осы форумға 150 елден барлығы 43 мыңнан астам делегат қатысыпты.

"ҰПМ және ұлттық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп азаптаудың алдын алу" форумы. Астана, 26 сәуір 2018 жыл.

Астана экономикалық форумы аяқталысымен мамырдың 22-і мен 24-і аралығында Алматыда Еуразия медиа форумы өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, Сенат депутаты Дариға Назарбаева ұйымдастыру комитетін басқаратын бұл форум да жыл сайын өткізіліп келеді.

Қарашаның 12-і мен 13-і күндері Астанадағы "Назарбаев орталығында" Astana Club форумының төртінші отырысы өтті. Оған 33 елден шақырылған 50 спикердің арасында бірнеше шет мемлекеттің бұрынғы басшылары да бар.

"АҚЫЛ-КЕҢЕС ЖЕТКІЛІКТІ БОЛДЫ"

Азаттық тілшісі Қазақстанда жиі өтетін форумдар туралы бірнеше сарапшыдан сұрастырды. Сарапшы Мақсат Халық 2000 жылдардың орта шенінде экономиканы кластерге бөліп дамыту бастамасына шетелдік сарапшының қандай рөл атқарғанын есіне алды.

- Экономиканы кластермен дамыту мәселесіне байланысты Қазақстанға Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Портер де келген. Біз экономика саласы бойынша барлық материалды жиып ұсындық. Ол соған қарап, "сіздерде жеті кластерді дамытуға болады екен" деді. Сол кеңесіне өте көп ақша алып кетті. Кейін оңтүстікте мақта өңдеп, киім шығара бастағаны болмаса қазір сол кластерлер ұмытылуға айналды, - дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға турист неге аз келеді?

Мақсат Халық мемлекеттік органдар форумды "ақпарат құралдарында көрсету үшін ғана өткізетіндей көрінеді, нақты шешім айтылып, жүзеге асса жақсы ғой" деп қынжылады.

Тағы бір сарапшы Мақсат Жақау шетелдерде халықаралық ұйымдар үлкен жиындарда кедей елдерге қаржы бөлу, босқын мәртебесі тәрізді нақты іспен айналысатынын айтады.

- Ал бізде мемлекет өткізетін көп форумның сапаға көшуі қиын. Ол үшін азаматтық ой-пікірлерге көбірек мән беру керек, ал оған мемлекет дайын емес. Өйткені форумға қатысатындар тізімін билік жасайды. Ашық қоғамдық форумдар аз. Ашық қоғамдық қорда азаматтық секторға көбірек мән береді, - дейді ол.

Қазақ-өзбек бизнес форумына қатысушылар. Шымкент, 22 мамыр 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

​Мақсат Жақау "билік форумдар арқылы сыртқы имиджін жақсартқысы келеді, бірақ айта қаларлық жетістігі жоқ. Осындай форумдардан кейін Батыстың танымал басылымдары Қазақстан имиджін әрі қарай іліп әкететін жоба жасағанын көрмедім" дейді.

- Форум мен саммит өткізетін уақыттан өттік. Ақыл-кеңес жеткілікті болды, сөзден іске көшу керек, - дейді ол.

Мақсат Жақаудың айтуынша, форумға бөлінетін қаржы - жабық коммерциялық мәселе. Бизнес саласындағы мүдделері болса, жеке компаниялар да демеуші болуы мүмкін. Бірақ олар өздеріне қатыссыз тақырыптарға ықыласты емес дейді сарапшы.

"МЕДИА ФОРУМДАҒЫ ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫП"

Қазақстанда жиі өтетін шаралардың бірі – медиа форумдар. Халықаралық деңгейден аудандық деңгейге дейін бірнеше сатыда кездесетін форумдар қазақстандық журналистердің кәсіби біліктілігін көтеруді көздейді деп санайды ұйымдастырушылар.

Журналист Бауыржан Карипов Қазақстанда өтетін медиа форумдарды бірнеше түрге бөледі.

- Халықаралық Еуразия медиа форумында сарапшылар соңына қарай тегін шеберлік класын өткізеді. Соңғы форумда Ксения Собчак гендерлік саясаттағы мораль мәселесін қозғап кетті. Одан гөрі сөз бостандығы, БАҚ -тың бейтараптығы туралы айтылуы керек еді, - дейді ол.

Журналистика тақырыбына өткен форум. Алматы, 5 сәуір 2018 жыл.

Бауыржан Карипов "Орталық Азиядағы интернет" жайлы форумның пайдалы жағы да байқалғанын айтады.

- Діни экстремизм, ксенофобия мәселесі жайлы зерттеулер бар. Қазақ сайттарын дамытуға арналған Қазфорум да жаңа медианы қолдану, конвергентті журналистиканы үйретуге тырысады. Аймақтық медиа форумдар жергілікті журналистердің біліктілігін дамытуға жақсы. Оны әкімдік ұйымдастырса да пайдалы жайттар айтылады, - дейді ол.

Бауыржан Карипов медиа форумдардың барлығында сөз бостандығы – жабық тақырып болып келе жатқанын айтады.

- Сөз бостандығы бойынша әлемде Қазақстан нешінші орында, оны жақсартудың жолы қандай? Жыл сайын қанша журналист жәбір көрді, қай тақырыптар бойынша қысымға ұшырады? Мысалы, 2016 жылы "жер шерулерінен" кейін көп журналист қамалды. Ол да талқыланған жоқ, - дейді ол.

Сарапшы "Қазақстан сыртқы имиджге көп мән береді, тек форум ғана өткізбей, өзіне тікелей қатысы жоқ халықаралық мәселелерді шешуге атсалысқысы келеді" деп санайды.

Бауыржан Карипов қай саладағы форум болса да соңынан сараптамалық зерттеу жасалуы керек екенін айтады.

- Билік форумға кімді шақыратынын өзі біледі. Форумдар өте қымбат қонақ үйлерде өтеді. Жол шығыны, сый-сияпатын қаншаға келісетіні белгісіз. "Жеке компаниялар демеуші болды" дегенді жиі байқаймыз, бірақ ол компанияларға қандай пайда келгені туралы да сараптама жоқ, - дейді ол.