Жанболат Мамай: "Биліктің 13,5 млрд долларды қайда жұмсағаны жұмбақ"

Your browser doesn’t support HTML5

Жанболат Мамай: "Билік талабымызды орындамаса, митингіге шығамыз"

Қазақстанда "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай Азаттыққа берген сұхбатында биліктің коронавирусқа байланысты төтенше жағдай кезіндегі қимыл-әрекетін сынап, қиын кезеңде халық жүдеп-жадамас үшін мемлекет қандай іс-шараларды қолға алуы тиіс деп санайтынын айтып берді.

Азаттық: Жанболат мырза, "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантин кезінде биліктің атқарып жатқан іс-әрекетін қалай бағалайды?

Жанболат Мамай: Карантин басталғалы бері биліктің эпидемиямен күрес шараларын да, әлеуметтік-экономикалық бағдарламасын да сынап келдік. Мысалы, 42500 теңгені халыққа таратудың өзі үлкен дау-дамай, айқай-шумен іске асты. Оны біреуге береміз деді, одан кейін бермейміз деді. Жақында [Қазақстан президенті] Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында "коронавируспен күреске 6 триллион теңге бөлдік" деді. Бұл доллардың қазіргі бағамымен есептегенде 15 миллиард АҚШ долларына жуық ақша (Тоқаев ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мемлекеттің пандемиямен күреске 13 миллиард доллар бөлгенін айтқан – ред.). Ал 4,2 миллион адамға 42500 теңгеден және дәрігерлерге көмек берілгені, үш қалада аурухана салынғаны - бүкіл коронавируспен күреске жұмсалған ақшаның бәрін есептегенде шамамен 1,5 миллиард доллардан аспайды екен. Сонда қалған 13,5 миллиард доллар қайда кетті? Қандай салаға жұмсалды? Кімге беріліп жатыр? Тағы да олигархтар немесе жеке меншік банктерге таратылып бере ме? Бұл - ең өзекті мәселе. Билік тарабынан ашықтық көрмей тұрмыз. Сынайтын нәрсе өте көп. Мысалы, АҚШ-та экономиканы қуаттандыруға бөлінген ақшаның әр долларына дейін ашық жазды. Бізде 13,5 миллиард доллар ұшты-күйлі жоқ.

Коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін жаңа аурухананың әуеден түсірілген суреті. Сәуір айы, 2020 жыл.

Азаттық: Сіз үкіметтен елдегі әр отбасыға 200 мың теңгеден үлестіруді және кредиттік амнистия жариялауды талап етіп жүрсіз. Оны қалай жасаудың нақты сипатталған жобасы не бағдарламасын жасадыңыздар ма?

Жанболат Мамай: Әрине. Біз осы коронавирус індеті басталғаннан кейін АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйендік. Қазақстандағы әр отбасына 200 мың теңгеден көмек көрсету қажет екенін айттық. Өйткені адамдар үйінде отыр. Олар азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге заттар сатып алуы керек. Сондықтан ай сайын осы көлемде ақша төлеуді талап еттік. Содан кейін алдағы 3 айдан 6 айға дейін Қазақстанның барлық азаматын, орта және шағын бизнесті түгел салықтан босату керегін айттық. Ең үлкен бағдарлама - бүкіл елге несие амнистиясын жариялауды ұсындық. Сарапшылар жұрт карантиннен шыққаннан кейін экономикалық дағдарыс салдарынан кемінде 2-3 миллион адам жұмыссыз қалады деп отыр. Яғни алда үлкен қиындық келе жатыр. Осындай кезеңде бүкіл халыққа несие амнистиясын жариялау қажет деп отырмыз. Қарапайым азаматтардың жағдайын қалай сақтап қаламыз? Олар материалдық жағынан қиналмауы қажет, азық-түліксіз қалмауы керек.

Мұның өзі елдегі жағдайдың нашар екенін көрсетеді. 42500 теңге әлеуметтік көмек алуға 8 миллион адам арыз тапсырған. 1 миллион адам артық ақшасы болса да тапсырған шығар. Бірақ кемінде 7 миллион адамның материалдық жағдайына көңілі толмайды деген сөз.

42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алу үшін құжат жасатып жүрген тұрғындар. Қызылорда қаласы, сәуір айы 2020 жыл.

Азаттық: Осы айтып отырған бастамаларды құжатқа түсіріп, жоба жасадыңыздар ма?

Жанболат Мамай: Иә. Оны әлеуметтік желіде жарияладық. Одан кейін күнделікті тікелей эфирде ашық айтып отырмыз.

Азаттық: Кредитті кешіру ұсынысыңыз бір айтқанда өте күшті естіледі. Бірақ былтыр Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың несиесінен 300 мың теңге кешірді. Осы кезде "салық төлеймін, несиемді де жауып отырмын, менің төлеген салығымнан басқа адамның несиесін төлеуге қарсымын" дегендер болды. Сіздің ұсынысыңыз да осындай бір қарсылыққа кезігеді деп ойламайсыз ба?

Жанболат Мамай: Керісінше, Қазақстанда несиесіз адам жоқ. Несиені қымбат автокөлік немесе керексіз дүние сатып алуға емес, күнделікті қарызын жабуға алып отырған адам қаншама? Қазір елдегі орташа айлық 200 мың теңге деп жүр. Соның 50 пайыздан астамы азық-түлік сатып алуға кетеді екен. Сонда киім-кешек, тұрмыс техникасын, басқа керек-жарағын сатып алуға жағдайы жоқ. Амалсыздан несие алуға мәжбүр. Бастаманы жұрттың бәрі қолдап отыр. Қарсы сөз айтқандарды көрмедім. Билікке жақын сарапшылар "бұл дұрыс емес" деуі мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мемлекеттен көмек алуы тиіс кәсіпорындар "тізімін" қайта талқыламақ

Екіншіден, 2008 жылдан бері қазақстандық екінші деңгейлі банктерге 5 триллион теңгеге жуық ақша бөлініпті. Ал қазір Қазақстандағы барлық адамның тұтыну мақсатымен алған несиеге қарызы 4,4 триллион теңгені құрайды екен. Сонда 5 триллион ешқандай қайтымы жоқ ақша. Қазынаға, мемлекет бюджетіне 1 теңгесі де қайтпады. Біздің ұсынысымыз осы. Жеке меншік банктерге өлшеусіз көмек бере бергенше, қарапайым халықтың несиесін жабуға әрекет жасасын. Әсіресе, экономикалық дағдарыс тұсында. Қазір халық несиесін бәрібір төлей алмайды. Оның бәрі проблемалық несиеге айналып кетеді. Кеше Тоқаев сұхбатында банктерге тегіннен-тегін көмек көрсетпейміз дейді. Яғни, тағы көмек көрсетпек. Бұл енді тіпті капитализм заңына да қайшы. Неге біз жеке меншік банктерге көмек көрсетуге тиіспіз? Неге біз Нұрлан Смағұлов сияқты олигархтарға көмектесуіміз керек? Несиеден жеңілдеген халық ақшасын басқа нәрсеге жұмсайды. Тағы да несие алады. Бұл да экономикалық қуаттандыруға алып келеді.

Азаттық: Елде жұмыссыздар саны көбейді. Ресми дерек бойынша, 42500 теңге әлеуметтік төлемді 4,2 миллион адам алған. Карантиннен кейін дағдарыстан шығудың қандай жолы бар? Интернеттегі тікелей эфирлердің бірінде карантин ашылса, іске кірісеміз деген едіңіз. Не істейсіздер?

Жанболат Мамай: Егер бізді әлеуметтік желіден естімесе, 50 мың адам қол қойған петициямызға назар аудармаса, елдің жағдайына құлақ асқысы келмесе, біздің бейбіт митингіге шығудан басқа амалымыз қалмайды. Бірінші кезекте, несие амнистиясы, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанның әр отбасына карантиннен кейін тым құрығанда 200 мың теңгеден беру, салықтан босату. Осындай мәселелерді көтеріп, ірі бейбіт жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сөзімізді жеткізетін коммуникация құралын көріп тұрған жоқпыз.

Азаттық: Төтенше жағдай мен карантин кезінде Қазақстан парламенті бірнеше заң жобасын қабылдауға асығып жатыр. Бейбіт жиындар туралы заң жобасы президентке қол қоюға жіберілді. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңдар өзгеріп, парламенттік оппозиция туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл туралы пікіріңіз?

Сайлау туралы, саяси партиялар туралы дұрыс заң болмаса, ешқандай парламенттік оппозиция болмайды.


Жанболат Мамай: Билік төтенше жағдайды демократияға қарсы заңдар қабылдау үшін өз мүддесіне толық пайдаланды. Өйткені, бейбіт жиындар туралы заң демократиялық қағидаларға тікелей қайшы келеді. Бір ғана мысал, заңның бір нормасында митингіні арнайы бөлінген жерлерде ғана өткізуге рұқсат беріледі деп жазылған. БҰҰ-ның комитеті құқық қорғаушы Евгений Жовтистің бастамасымен осыған байланысты мәлімдеме жасады. Саяси партиялар туралы заң да либерализацияға, демократияландыру процесіне алып келмейді. Саяси партияны құрушы бастамашыл топ ретінде соны басымыздан өткердік. 40 мыңнан 20 мыңға түсіру [партия құру үшін қажетті қол жинауды айтады - ред.] принципті түрде ешнәрсені өзгертпейді. Саяси партиялар туралы жаңа заң керек. Парламенттік оппозиция туралы заңды да қарап отырмыз. Онда да оппозициялық күштердің парламентке өтуіне, парламентке енгеннен кейін оппозициялық фракцияларға бірігуіне ешқандай жағдай жасалмаған. Тек қана формалды түрде бірлескен отырыстарда сөз сөйлеуге, ұсыныс жасауға мүмкіндік болады дейді. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы дұрыс заң болмаса, ешқандай парламенттік оппозиция болмайды.

Азат Перуашевтың "Ақ жол" партиясын не Владислав Косаревтің коммунистік халық партиясын парламенттік оппозиция деп айта алмаймын. Ол өте күлкілі жағдай. Сондықтан осы авторитарлы жүйені нығайтуға күш салып жатыр. Біз төтенше жағдайда қоғамның мүддесіне әсер ететін заңдарды талқыламау керек деп ұсыныс айтқанбыз. Парламент бірінші кезекте елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын талқылауы керек. Дәрігерлер жаппай коронавирус дертіне шалдығып, денсаулық сақтау министрлігінде дау-дамай болып жатыр. Соны талқылауы тиіс еді. Басқа мемлекет парламенттерінің бас қайғысы экономика, халықтың әлеуметтік жағдайы, коронавирустың жаппай тарауына жол бермеу. Олар осындай өзекті мәселелерді талқылайды. Ал біздің депутаттардың бір де біреуі халықтың әлеуметтік жағдайы, 42500 теңгенің дауы, несие, бизнеске көмек туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Халықтың күнделікті өміріне қатысы бар мәселелерді талқылауы керек еді. Олай болмады, өкінішке қарай. Өлі парламент. Алдарына не келеді, соны бекітіп қана отырады. Атқарушы биліктің нотариусына айналып кетті.

Азаттық: Қазақстанда өзін оппозициямыз дейтін топтар немесе тұлғалардың бір-бірін айыптауы дәстүрге айналды. Мысалы, сізді де биліктің жобасы деп жатады. Оған не дейсіз?

Жанболат Мамай: Бұған жан-жақты жауап беріп келемін. Осы режимге қызмет ететін оппозициялық партия болса, ол Нұрсұлтан Назарбаевты тікелей сынамас еді. Бүгінгі Назарбаевтың режимін сынап, мінеп, елдік мүдде мәселесін көтермес еді. Мысалы, биліктің жобасы ретінде парламентте отырған "Ақ жол" мен Коммунистік халық партияны атар едім. Біз өзіміздің ісімізбен көрсетіп жатырмыз. Ақпанның 22-іне жоспарланған съезімізді өткізбей тастауы да биліктің бізге қарсы әрекет жасап отырғанын көрсетеді. Жаңаөзенде бес белсендімізге қарсы "Әлеуметтік араздықты қоздыру" (174-бап) айыбымен қылмыстық іс қозғағаны кеше белгілі болды. Біз биліктен жан-жақты қысым көріп отырған саяси күшпіз. Алдағы уақытта халықтың, елдің мүддесін көтеріп үлкен жиындар ұйымдастырамыз. Іспен дайындаймыз, басқа жол жоқ деп есептеймін.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік елді бұл қиындықтан алып шығуға дәрменсіз"