Тән жарасы мен жан азабы. Зауытта зардап шеккен жұмысшының күресі

2022 жылы Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытында жарақат алған жұмысшы Сұңғат Тоңтаев.

Қарағанды ферроқорытпа зауытында жарақат алған жұмысшының денсаулығына келген зиян үшін өтемақы төлеуді талап етіп жүргеніне үшінші жыл. Ол кәсіпорынға иелік ететін компанияны сотқа берген, ал кәсіпорында жақында тағы да төтенше оқиға болып, кісі өліміне әкеп соқты.

33 жастағы Сұңғат Тоңтаев "Исаева" ЖК деп аталатын шағын компанияда қара жұмыс істейтін. 2022 жылғы 12 мамыр күні жеке компанияны мердігерлік жұмысқа тартқан YDD Corporation ферроқорытпа зауытында балқыту пешінің қоршауын сырлап жатып, өндірісте жарақат алған.

– От лап ете түсті, – деп еске алды Сұңғат. – Бізге оттан қорғанатындай каска, арнайы киім де берген жоқ. Өндірісте жарақат алдым, бірақ соны дәлелдей алмай жүрмін.

Қатты күйіп қалған жұмысшы беті мен қолынан ауыр жарақат алады. Құлағын, иығы мен бөксесін де күйік шалған. Қымбат пластикалық операция жасатуы керек, бірақ оған ақшасы жоқ.

Тоңтаев жұмыс беруші компания мен оны жалдаған кәсіпорыннан өтемақы талап етуге тырысқанымен, сот процесі сиырқұйымшақтанып кетті деп шағынды.

СОТ ШЫРҒАЛАҢЫ

Өндірістегі төтенше жағдайдан кейін құрылған комиссия болған жайтқа 80% жұмыс беруші кінәлі, ал жұмысшының кінәсі 20% деген қорытындыға келген. Тоңтаев "өрескел абайсыздыққа" жол берген болып шықты. Өндірісте жарақат алған жұмысшы комиссияның ол тұжырымына келіспейді.

– Тоңтаевтың әрекетінде қайдан өрескел абайсыздық болуы мүмкін? Оған басқа да жұмысшылармен бірге пештің қоршауы мен қабырғасын сырлауға пәрмен берген, – деді сотта жәбірленушіні қорғаған заңгер Саят Жақсылықов.

Заңгер YDD Corporation зауыты сырлау жұмысы жүріп жатқан уақытта кен балқыту пештерінің жұмысын тоқтату керек еді, сонда Тоңтаев та зардап шекпес еді деп санайды. Сотта ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің өкілі бекітілген технология тәртібі бойынша, пеш жұмыс істеп тұрғанда кен материалын басуға және өңдеуге қатысы жоқ адамдардың балқыту цехында болуына "қатаң тыйым салынғанын" айтты.

Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдай салдарынан беті мен екі қолы қатты күйген Сұңғат Тоңтаев ауруханада отыр.

2023 жылдың қыркүйек айында шешім шығарған сот "шағымданушы денсаулығына келген залалдың мөлшерін дәлелдей алмағанын" алға тартып, Тоңтаевтың залалды өтеу туралы арызын қанағаттандырмады. Ал моральдық өтемақыны екі миллион теңге деп бағалап, YDD Corporation компаниясын ақша төлеуге міндеттеді. Сот шешіміне келіспеген Тоңтаев шағым түсіргенмен, апелляция алқасы оның арызын қанағаттандырмады.

Мұнымен қатар басқа соттар жүріп жатты. 2023 жылы сот Тоңтаевтың кәсіпорындағы төтенше жағдайды "оқыс оқиға" деп бағалаған арнайы зерттеу актісін заңсыз деп тануды талап еткен арызын қанағаттандырмады. Жауапкерлер қатарында YDD Corporation мен "Исаева" ЖК, еңбек инспекциясы басқармасы, ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті және аудан прокуроры болды. Олардың бәрі жәбірленушінің талабына келіспейтінін білдірді. Одан кейін Тоңтаев сотқа тағы бір арыз беріп, төтенше жағдайға кәсіпорынның технология талабын бұзуы негізгі себеп болған деп тануды сұрап, қосымша шешім шығаруды талап етті. Сот арызды Тоңтаевты қатыстырмай-ақ қарап, бұл талабын да қанағаттандырмады.

Сұңғат Тоңтаев апелляциялық шағым түсірді. Облыстық сот оның шағымын ішінара қанағаттандырды: арнайы зерттеу актісін заңсыз деп санап, жаңадан зерттеу жүргізу жөнінде қаулы шығарды. Бұған қоса сот жұмысшы Тоңтаев YDD Corporation үшін жұмыс істеді, осы компанияның тапсырмасын орындады, сөйте тұра қауіп деңгейі жоғары нысанда жұмыс істеу үшін арнайы дайындықтан және оқудан өтпеді, оқыс оқиғадан сақтандырылмады деген қорытынды шығарды.

2024 жылдың тамыз айында жәбірленуші сотқа тағы бір арыз түсірді. Онда Тоңтаев арнайы зерттеу актісі мен оқыс оқиға туралы актінің күшін жоюды сұрады. Жауапкерлер қатарында YDD Corporation компаниясы, арнайы зерттеу комиссиясына жетекшілік еткен мемлекеттік еңбек инспекторы және осы комиссияның басқа да мүшелері бар, жәбірленуші комиссия қорытындысына келіспейтінін айтты.

2022 жылдың маусым айында полиция "Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан қауіпсіздік техникасы ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бір жылдан кейін тергеу тоқтады. Полиция департаменті бұл істі "қылмыстық жауапкершілікке тартуға ескіру мерзімі өтіп кетуіне байланысты" тоқтатқан. Прокуратура қарсы болған жоқ.

Ол барлық сатыдан өтті: полицияға да, прокурорға да шағымданды, бармаған жері жоқ. Содан кейін осылардың бәрінен екеуміз тағы бір өттік. Түгелі қол қусырып қарап отыр. Қарапайым адамның құқығын қорғау деңгейі осындай. Енді сот арнайы зерттеуді қайта жүргізуге міндеттеді. Қазір біз оқыс оқиға туралы акті мен арнайы зерттеу актісіне қарсы шағымдану кезеңіндеміз, – деді Азаттыққа заңгер Жақсылықов.

Тоңтаев пен оның өкілі компания төтенше жағдайды жасырып қалу үшін кен балқыту пешінен жалын шығатынын өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне хабарламаған деп санайды. Биліктегілер бұл апат емес, сондықтан департаментке хабарлаудың қажеті болмаған деп отыр.

Жәбірленуші зауытқа жоспардан тыс тексеру жүргізуді сұраған, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті екі рет өтінішті қабылдамай, ал кейін "ешқандай заң бұзу дерегі жоқ" екенін айтқан. Тоңтаев пен оның өкілі Қарағанды облысының прокурорына арыз жазып, тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап отыр. Олардың айтуынша, Тоңтаев қана емес, тағы бір жұмысшы зардап шеккен, алайда оның аты-жөні арнайы зерттеу актісінде жоқ. Жәбірленуші тарап, сондай-ақ, 2021 жылы дәл сол пештен жалын шығып, жұмысшы Досаман Мұздыбаевтың қаза тапқанын еске салды. Бұл ақпаратты сот шешімі де растайды.

Территория завода феррросплавов YDD Corporation в Караганде. 23 июля 2024 года

Кейін олар облыс прокурорына тағы бірнеше шағым жолдап, өтініштеріне прокуратураның назар аудармай отырғанына шара қолдануды сұраған. Тоңтаевтың Бас прокуратураға жазған шағымы аймаққа қайтып келген, ал олар төтенше жағдай дерегі бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанын құптайды және Тоңтаевтың құқығы бұзылып отыр деп санамайды.

ЕКІ ЖЫЛ ІШІНДЕГІ ЕКІНШІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

YDD Corporation компаниясы Сұңғат Тоңтаевтың талап арызын мойындамай отыр, себебі өзін тиісті жауапкер санамайды. Компания жауапкершілік Тоңтаевты кәсіпорынға алып келген мердігер компанияның мойнында деп есептейді. 2024 жылдың ақпан айында компания оқыс оқиғаны зерттеу актісін жасап, онда кінә жапа шеккен жұмысшының өзінен деп көрсеткен.

YDD Corporation Тоңтаевқа моральдық өтемақы ретінде екі миллион теңге өндіріп беру туралы сот шешіміне келіспейді. Компания талапкер денсаулығына келген зиян мөлшерін растайтын дәлел ұсынған жоқ дегенді алға тартты. Бұған қоса зауыт иесі пеш түбіндегі жұмысты атқаруға Тоңтаев өзі барған деген уәж айтты.

"Талапкердің әрекетінен қасақана істегені көрінеді, жазбаша түрде №1 кен балқыту пешінің қабырғасы мен қоршауын сырлау туралы нұсқау болғанына қарамастан, ол №3 пештің жанындағы қоршауды сырлауға барған, ал ол пеш тиісті режимде жұмыс істеп тұрған", – деді Тоңтаевтың арызына жауап берген YDD Corporation компаниясы.

Ферроқорытпа зауыты мен "Исаева" ЖК арасында жұмысшы тарту туралы келісім болған, зауыттағы жағдайдан кейін "Исаева" компаниясын "еңбек заңнамасын сақтамағаны үшін" әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салған. Мемлекеттік кіріс басқармасының дерегіне қарағанда, бірнеше айдан кейін компания кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан. ЖК өндіріс орнында жапа шеккен жұмысшыға ешқандай төлем жасамаған.

Тоңтаевтың YDD Corporation мен "Исаева" ЖК компаниясына талап арызын басқа соттар да қанағаттандырған жоқ. Тағы бір жауапкер – еңбек инспекциясы басқармасы да жәбірленушінің талабын орындамауды сұраған.

Тоңтаевтың қатысы бар төтенше жағдайдан кейін екі жылдан астам уақыт өткенде YDD Corporation ферроқорытпа зауытында тағы да пештен от шықты. Биыл 20 шілдеде компания "штаттан тыс жағдай" деп атаған оқиға салдарынан сегіз жұмысшы күйіп қалды. Олардың төртеуі – балқыту цехының механигі Дмитро Адамчук, бас механик қызметінің бригадирі Төлеген Жетпісбаев, технолог Ерұлан Қазкен және пеш басшысы Мұзафар Исмайылов аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Екі адам ауруханада әлі емделіп жатыр.

Төтенше жағдайды зерттеген арнайы комиссия негізгі кінә жұмыс берушіде деген қорытындыға келді. Қайтыс болған және зардап шеккен жұмысшылардың ішінара кінәсі бар-жоғын комиссия нақтылаған жоқ.

"Кәсіпорын жұмысшылардың жарақат алу факторларына орай шұғыл шараларды тиісті деңгейде қолға алмағаны, тиісінше қауіпсіз еңбек етуге жағдай жасамағаны анықталды", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

Зауыт екі жыл бұрын болған төтенше жағдайдан кейін сабақ алмағанын сол кезде зардап шеккен Сұңғат Тоңтаев та айтып отыр.

– Мұндай қауіпті жағдай қайталанбаса деймін. Өз басымнан өткен жайтқа екі жыл болды, міне, зауытта енді кісі өліміне әкеп соққан төтенше жағдай болып жатыр, – деді Сұңғат.

Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауыты тұсынан өтетін жол бойындағы белгі. 23 шілде, 2024 жыл.

Полиция "Екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген еңбек тәртібін бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Бірақ күдіктілер мен ұсталғандар туралы ақпарат әлі де ашық айтылған жоқ.

YDD Corporation жақында болған төтенше жағдайды зерттеу нәтижесі туралы ештеңе демеді. Азаттық тілшісі нақты осы жағдай мен Сұңғат Тоңтаевтың басынан өткен оқиға туралы сұрақ жолдағанмен, компания жауап қатпады.

YDD Corporation құрылтайшылары қатарында Қазақстанға танымал адамдар бар. Атап айтқанда, бұрынғы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сыңары Ерлан Нығматулин. Нұрлан Нығматулин әр жылдары түрлі ықпалды қызметте болған адам, Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде президент әкімшілігінің жетекшісі, Қарағанды облысының әкімі қызметтерін атқарды.

Қарағандыдағы зауыттың тағы бір құрылтайшысы – Жармұхамед Аппаз, ол Нұрлан Нығматулиннің құдасы, қазақстандық Forbes тізіміндегі кәсіпкер Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы. Қаңтар оқиғасынан кейін Нығматулин көптің алдына шыққан жоқ деуге болады. Қазақстандық БАҚ оның шетелге кетіп қалған деп жазған.