Сот "Қытайдан қашқан" Тәбәрікұлын елде қалдырды. Үкім қалай шықты?

"Қытайдан қашып, шекара бұзған" Тілек Тәбәрікұлы сотта сөйлеп тұр. Жаркент, Алматы облысы, 16 қаңтар 2020 жыл.

16 қаңтарда Жаркент қаласындағы сот "қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті" деп айыпталған Шыңжаң қазағы Тілек Тәбәрікұлына үкім шығарды. Прокурордың Қытай қазағын елден шығаруды сұрағанымен, судья Тілек Тәбәрікұлын Қазақстанда қалдырды.

Судья Динара Құйқабаева сотталушы Тілек Тәбәрікұлын Қылмыстық кодекстің 392-бабымен ("Шекараны қасақана заңсыз кесіп өту") айыпты деп тауып, алты айға бас бостандығынан айырды. Сот Тәбәрікұлының жазасын қауіптілігі төмен мекемеде өтеуге үкім етті. Бұдан бөлек, судья Құйқабаева Тәбәрікұлын Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырды.

Сот айыпталушының түрме жазасы қамауға алынғаннан бастап, яғни 2019 жылдың 22 қазанынан есептелетінін, қамаудағы бір күні екі күнге теңесетінін (Қылмыстық кодекстің 62-бабына сай, қауіпсіздігі барынша төмен түрмедегі жазаның бір күні екі күн болып саналады) жеткізді. Судья Құйқабаева егер сот үкіміне шағым болмаса Тәбәрікұлы үкім күшіне енген соң бостандыққа шығатынын айтты. Сондай-ақ, айыпталушы 25 мың теңге (65 доллар) айыппұл төлеуі тиіс.

Судья үкім шығарарда Тәбәрікұлының қолында Қазақстан берген ықтиярхат барын, оның әке-шешесінің Қазақстан азаматы екенін, айыбын толық мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескерген.

- Тілек қылмыс жасағанда ата-анасына қосылуды мақсат еткені үкім шығарарда ескерілді. Осыны ескеріп, сот оны Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-тармағынан ("Шекараны қасақана заңсыз кесіп өту") елден шығарып жіберу жөніндегі қосымша жазадан босатты. Тілекті елден шығарып жіберсек, ол әке-шешесінен ажырайды, - деді судья сотта.

Сот үкімінен кейін залға жиналғандар шапалақтап, судьяға алғыс айтты. Тілек Тәбәрікұлының ата-анасы да "өте қуанышты" екендерін жеткізді. Адвокат Абдулла Бақберген "Тілек Қытайға барса өлім күтіп тұр еді. Сот әділ үкім шығарды" деді.

Жарыссөз кезінде прокурор Азамат Байсаров соттан айыпталушыны алты айға бас бостандығынан айырып, бес жылға дейін Қазақстаннан шығаруды, ал адвокаты үш ай бас бостандығынан айырып, Қытайға қайтармауды сұраған еді.

Прокурордың сөзінен соң Тілек Тәбәрікұлының шешесі Айса Нәсілханқызы көзіне жас алды.

Тілек Тәбәрікұлының шешесі Айса Нәсілханқызы сотта отыр. Жаркент, 16 қаңтар 2020 жыл.

ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҒЫ ШЕКАРАДАН ҚАЛАЙ ӨТКЕН?

Айыптау актісіне сай, Тілек Тәбәрікұлы 2018 жылы мамырда қазақ-қытай шекарасының Қорғас шекара бақылау бекетінен "заңсыз өтіп кеткен". Оның алдында Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген ол 2017 жылы желтоқсан айында Қытайға "көлік жөндеу жағын үйрену үшін" барып, қайта алмай қалған. Қытайдың құқық қорғау органдары "белгісіз себептермен" шетелге шығатын құжатын алып, қайтармаған. Прокурор Азамат Байсаров Тәбәрікұлы бірнеше айдан соң Қорғас бекетінде туристердің көптігін пайдаланып, Қазақстанға заңсыз өтіп кеткенін айтады. Прокурордың сөзінше, Тәбәрікұлы тергеу кезінде Қытайдағы қудалау мен қамаудан қашып, Қазақстандағы ата-анасына жетіп алу үшін шекараны заңсыз бұзғанын айтқан.

Тәбәрікұлы жарыссөз кезінде өзіне тағылған айыптарды толық мойындады.

- Қытайға барғанымда паспортымды алып қойды. Қазақстаннан келгендердің паспортын жинап алып жатырмыз деді. Бірақ кейін бермеді. "Діни оқу оқыдың ба?", "Қазақстанда басқа қылмыстық топтармен араластың ба?" деп сұрады. Қытайда туған ағамның үйінде тұрдым. Шамамен бес жарым айдай [Қытайда] болдым. Әке-шешемнің Қазақстанда қолқанаты жоқ болғандықтан Қазақстанға өтуді ойладым. Бір жағынан лагерьге қамау қаупі төнді. Сол үшін шекара бұзып, Қазақстанға өттім. Кейін Қарағандыға барып, жылқы бағып жұмыс істедім. Өз еркіммен органдарға барам деген ойым болды. Бірақ Өздері Қарағандыда ұстап, Жаркентке алып келді. Айыпты толық мойындаймын, - деді айыпталушы жарыссөзде.

"Қытайдан қашып, шекара бұзған" Тілек Тәбәрікұлы сотта. Жаркент, 16 қаңтар 2020 жыл.

Тәбәрікұлының адвокаты Абдулла Бақбергеннің сөзінше, полиция ықтиярхаты бар Тілек Тәбәрікұлын 2019 жылы қазанның соңында – "Қазақстан азаматтығын алайын деп жүрген кезде" – ұстаған.

Тілек Тәбәрікұлының шешесі Айса Нәсілханқызы тағы бір баласының бір жылдан бері Шыңжаңнан Қазақстанға өте алмай отырғанын айтады. Сөзінше, Қытай ұлының төлқұжатын алып қойған.

ҚЫТАЙДАН ҚАШҚАН ҚАЗАҚТАР

Тілек Тәбәрікұлы - "Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзған" жалғыз қазақ емес.

2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл "Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын" айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қашып кетпесін". ICIJ Шыңжаң жайлы құпия құжат жариялады


23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот "шекара бұзды" деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген" Ақанның қолында қазір "пана іздеуші куәлігі" бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін" айтқан. 6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Мұсаханұлы мен Әлімұлының соты басталады.

Желтоқсан айының аяғында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім" деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарғанын хабарлаған.

Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да діни азшылықтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған "тәрбиелеу орталығы" деп атаған. АҚШ және Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Қытай билігі барлық айыптауды терістейді.