Accessibility links

ҰҚК "Қытайдан қашқан" Бағашар Мәлікұлына қозғалған іс қысқарғанын хабарлады


Қытай қазағы Бағашар Мәлікұлы
Қытай қазағы Бағашар Мәлікұлы

"Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім" деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Азаттықтың жіберген ресми жауабында айтылған.

ҰҚК шекара қызметінің хабарлауынша, "шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындаған" Бағашар Мәлікұлының үстінен 23 қарашада Қылмыстық кодекстің "Шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғалған. Осы күні оның Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту әрекетінің анық-қанығын білу мақсатында іс-шаралар жүргізілген.

Шекара қызметі Бағашар Мәлікұлының үстінен қозғалған іс 23 желтоқсанда тоқтағанын мәлімдеді. Орган ресми жауабында Мәлікұлына қозғалған қылмыстық істің қысқартылу себебін, "шекараны заңсыз кесіп өту әрекетін анықтау шараларында" не белгілі болғанын ашып жазбаған.

37 жастағы Бағашар Мәлікұлы өзінің 2017 жылы қаңтар айында Қытайдың Шыңжаң өлкесі Моңғолкүре ауданы аумағынан Қазақстанның Алматы облысы Райымбек ауданына дейін жаяу келгенін, шекарадан заңсыз өткенін Азаттыққа берген сұхбатында айтқан.

"Қытайдан қашқан" этникалық қазақ Бағашар Мәліктің әңгімесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00

Ол 2015 жылы отбасымен бірге Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданына қоныстанған. 2016 жылы Қытайда қалған әке-шешесіне қыдырып барған кезінде жергілікті құқы қорғау орган өкілдері оның жеке бас құжаттарын алып, кері қайтармай қойған. Өзінің айтуынша, жергілікті полиция бөлімшесінде істейтін таныстарының бірі "лагерге қамалатынын" айтқан, содан кейін "Қазақстанға қашуға бел байлаған".

Бағашар Мәлікұлының әйелі мен үш баласы Қазақстан азаматы. Өзі Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, Алматы облыстық көші-қон полициясына арыз түсірген. Ресми орган Шыңжаң қазағының арызын қабылдап алғанын растаған.

Бағашар Мәлікұлы - "Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзған" жалғыз қазақ емес.

2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл "Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын" айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.

23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот "шекара бұзды" деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген" Ақанның қолында қазір "пана іздеуші куәлігі" бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін" айтқан. Қазір Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен тергеу жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG