Бұған қоса, сот Думан Мұхаммедкәрімге үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Адвокат Ғалым Нұрпейісов үкімге келіспейтіні жөнінде шағым түсіретінін айтты.
"Міндетті түрде апелляцияға береміз. Қазір Думанды Талдықорғанға әкеткелі жатыр", – деді адвокат Азаттыққа.
ЖАБЫҚ СОТТЫҢ ОНЛАЙН ШЫҒАРҒАН ҮКІМІ
Сот үкімі онлайн оқылды, оған БАҚ өкілдері мен Думан Мұхаммедкәрімнің жақтастары қатыса алмады. Сот процесіндегі тараптардың өздері үкім оқылған сот отырысына Zoom қосымшасы арқылы қатысқан.
Бұған дейін прокурор журналисті жеті жылға бостандығынан айырып, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраған еді.
Бір күн бұрын, 1 тамыздағы сот отырысында Думан Мұхаммедкәрім соңғы сөзін айтқан. Жабық өткен сот отырысынан шыққан соң Мұхаммедкәрімнің адвокаты Төлеген Бердіқожа журналистерге: "Думан сөзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, кінәсі дәлелденбегенін, ешқандай заң бұзбағанын айтып, наразылық білдірді" деген.
Сот журналист Думан Мұхаммедкәрімге үкім шығаратын күннің қарсаңында екі белсенді қамалғаны белгілі болды.
1 тамызда Қонаев соты белсенді Абзал Достияров пен Бекзат Мақсұтханды 20 және 10 күнге қамады. Бейсенбі күні полиция Достияровты Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан жолда ұстап, хаттама толтырған. Ізінше Қонаевқа жеткен кезде ұстап әкеткен, кешке сот өткен.
Дәл сол күні түске таман Бекзат Мақсұтханды полиция үйінен алып кетіп, хаттама толтырған. Кешке сот оны да әкімшілік жазаға тартқан.
ЖУРНАЛИСТ, БЛОГЕР, БЕЛСЕНДІ
46 жастағы журналист Думан Мұхаммедкәрім 20 жылдай мемлекеттік арналарда, шамалы уақыт Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып жұмыс істеген. 2021 жылы YouTube желісінде жеке сұхбаттар жүргізе бастады.
Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.
Билік Думан Мұхаммедкәрімді "Экстремизмді қаржыландырды" және "Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алған.
Құқық қорғаушылар "саяси астары бар" деп атаған журналистің ісі бойынша сот процесі биыл ақпанда басталған кезде Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты "жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтып, сотты "цирк" деп атады.
– Бұл менің аузымды жабу үшін ойдан құрастырған айып, – деп мәлімдеді журналист.
Бұдан кейін судья сот процесін жабық өткізуді сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырған. Журналистің жақтастары, белсенділер соттың жабық өтуіне қарсы болды.
Қылмыстық іске журналист Мұхаммедкәрімнің көп жылдан бері шетелде тұрып жатқан оппозиционер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.
Думан Мұхаммедкәрім Қаңтар оқиғасынан кейін журналистік жұмыстан бөлек, саяси белсенді ретінде де көзге түсе бастады. Ол мыңдаған адам көретін тікелей эфир хабарларында билікті ашық сынап жүрді. Сондай хабарларының бірінде журналист 2022 жылғы қарашадағы кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында саяси науқанның "заңсыз өткелі жатқанын" айтып, жұртты бейбіт митингіге шығуға үндеген. Осы әрекеті үшін ол "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 7-тармағы) деген айыппен 15 күнге қамалды.
Мұхаммедкәрім былтыр наурызда Қазақстанда кезектен тыс өткен парламент сайлауы кезінде де белсенділігімен көзге түсті. Өзі тұратын Алматы облысынан мәжіліс депутаттығына кандидатурасын ұсынды. Бастапқыда аумақтық сайлау комиссиясы оның "сегіз ай бойы еш жерде тіркеуде болмағанын" желеу етіп, үміткер ретінде тіркемей қойған. Алайда комиссиямен соттасқан журналист ақыры кандидат куәлігін алып, сайлауға түсті. Бірақ Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысы бойынша, ол мәжіліске өте алмады.
Ресми қорытынды жарияланған соң Мұхаммедкәрім сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтып, наразылық митингісіне шығатынын мәлімдеді. Ол өзге адамдарды да қарсылық білдіруге шақырды. Осыдан кейін журналист 25 күннен үш рет қамауда отырып шықты.
Your browser doesn’t support HTML5