Accessibility links

"Бұл - менің айыбым емес". Сот журналист Мұхаммедкәрімді үйқамаққа жібермеді. Отырыс жабық өтпек


Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім
Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім

12 ақпанда Қонаев қаласында журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің соты басталды. Сотқа журналистерді кіргізбеді. Ал судья прокурордың сотты жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды.

Алғашқы отырыста журналистің адвокаты Жалғас Сапарханова судьяға сенімсіздік білдірді. Бұған қоса, қорғаушы сотты ашық өткізуді және іспен толық танысуды сұрады. Думан Мұхаммедкәрім әлі күнге дейін айыптау актісімен де, сот құжаттарымен де таныспағанын айтып, соттан іспен танысуға 15 күн беруді және өзін үйқамаққа шығаруды сұрады. Бірақ сот журналисті үйқамаққа шығарудан бас тартты.

Сот отырысы кезінде Думан Мұхаммедкәрім судьяға қайырылып, "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтты. Ол бұл сотты "цирк" деп атады.

Думан Мұхаммедкәрімнің ашық соты жабық өтетін болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

Ал отырыс біткен соң Мұхаммедкәрім журналистерге "Бұл - менің айыбым емес. Айыппен қосылмаймын. Менің аузымды жабу үшін ойдан құрастырған айып" деді.

Сотқа Думан Мұхаммедкәрімнің ондаған жақтасы келді. Бірақ олардың көбі сот залына кіре алмады. Желіде тараған видеода отырыс өтетін залдың есігінің алдында иін тірескен жұртты полиция ішке кіргізбей жатқаны байқалды.

Белсенді Әсет Әбішев Facebook парақшасында Думан Мұхаммедкәрімнің оннан аса жақтасы залға кіре алмағанын, басқалары көшеде қалғанын айтады. Видеода жиналғандар "Бостандық!" деп айғайлағаны естіледі.

Сот ғимаратына жедел жәрдім шақырылған. Сот алдында автозак пен полиция машиналары тұрды.

Отырыстан соң адвокат Сапарханова Думан Мұхаммедкәріммен кездесіп шықты. Қорғаушының айтуынша, журналисті Қонаев қаласынан Талдықорған қаласындағы қамау изоляторына қайтадан алып кеткен.

"Думанды алдағы уақытта сотқа Талдықорғаннан онлайн қатыстыруы да мүмкін. Думан отырыстың жабық өтетініне, өзін Талдықорғанға алып кеткеніне наразы. Ол "мені сотқа онлайн қосса таң қалмаңыздар" деп отыр, бірақ Думан күресімді жалғастырамын дейді. Бізге Қонаев қаласы полиция департаментіндегі уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері сот 19 ақпаннан 29 ақпанға ауыстырылғанын айтты" дейді Сапарханова.

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына жиналған жұрт. Қонаев, 12 ақпан 2024 жыл.
Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына жиналған жұрт. Қонаев, 12 ақпан 2024 жыл.

"Ne Deidi" Youtube-каналының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Журналист маусымнан бері қамауда отыр.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Қарашаның соңында Думан Мұхамедкәрім қамауда отырған белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Марат Жыланбаевты қолдап, аштық жариялағаны хабарланған.

Мұхаммедкәрімнің қамалғанын Қазақстанның теңқұқықты журналистері федерациясы сынаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG