Қытай Қазақстанның маңызды минералдарына қызығушылық танытып жатыр, оған кәсіпкер Кеңес Рақышевтің қатысы қандай? Қазақстан үкіметі мен молдовалық кәсіпкер Анатол Стати 14 жылға созылған арбитраж дауынан кейін келісімге келді. Қазақстан ел ішінде электр энергиясы тапшы бола тұра Еуроодаққа қалайша жасыл энергияны экспорттамақ? Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды.
МАҢЫЗДЫ МИНЕРАЛДАРҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ: КЕҢЕС РАҚЫШЕВТІҢ ИНВЕСТИЦИЯСЫ МЕН ҚЫТАЙ МҮДДЕСІ
АҚШ-тың New York Times газеті Қазақстанның маңызды минералдары шетел инвесторлары мен оны бақылауда ұстағысы келетін кәсіпкерлердің назарын аударғанын жазды.
Мақалада Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі, кәсіпкер Кеңес Рақышевтің никель өндіруге ондаған миллион доллар инвестиция құйып жатқаны айтылады. Никель электромобильдер мен экологиялық таза энергетика технологияларында қолданылады.
44 жастағы Рақышевтің «Қазникель» компаниясы Шығыс Қазақстандағы Абай ауданында кобальт пен никель өндіріп жүр. Бұл жоба қарапайым ауыл шаруашылық учаске тәрізді, Индонезияда никель өндірілетін ашық кареьрге мүлде ұқсамайды. Алқапта ұңғымалар әр-әр жерде шығып тұр.
Әлем жаңартылатын энергия көздеріне көшіп жатқандықтан, бұл никель, мыс, литий мен өзге де маңызды минералдарды көп көлемде талап етеді. Қазақстанда осы минералдардың мол қоры бар, ал электромобиль мен аккумуляторларды ең көп өндіруші іргедегі Қытай оны сатып алуға ынтық.
«Бәрі Қытайға кетеді» дейді Рақышев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай, Батыс пен Ресейдің "үлкен ойыны" Орталық Азияға қауіп төндіре ме?Қытай − Қазақстанның сирек қазба байлығын ең көп сатып алушы ел, Пекин оны күн панельдері, аккумулятор мен электромобиль өндірісінде қолданады.
Соңғы жылдары Қазақстан Еуроодақ және Ұлыбританиямен маңызды минералдар саласындағы серіктестік туралы келісімге қол қойды. Биыл АҚШ Орталық Азиядағы елдермен маңызды минералдар бойынша келіссөз жүргізді.
Қытайдың Қазақстаннан қалайтыны − тек маңызды минералдар емес. Пекин «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында өз тауарын Еуропаға тасымалдау үшін елдің теміржолы мен инфрақұрылымына миллиардтаған доллар инвестиция салды. Мақала авторы Дайсуке Вакабаяши елде Қытайдың экономикалық ықпалы айқын дейді. Алматыда Қытай электромобильдерінің салондары ашылып жатыр. Қытай басшысы Си Цзиньпин таяуда елге жасаған сапарында екі тарап сауданы тезірек екі есеге арттырып, маңызды минералдар өндіру саласындағы серіктестікті күшейтуге келіскенін жеткізді.
Әлемдегі тау-кен өндіруші компаниялар көп жыл бойы Қазақстанға бюрократия, ашықтықтың жоқтығы мен жемқорлық үшін инвестиция құюдан аяқ тартып келді. Қазақстан бұл салада проблема барын мойындап, 2018 жылы Австралиядағы тау-кен өндіру ережесін үлгі ретінде пайдаланып, өз ережесін қайта жазып шықты.
Бірақ инвесторлар ағыла қоймады. Әуелі оған коронавирус пандемиясы кедергі келтірді. Артынша 2022 жылдың басындағы Қанды Қаңтар оқиғасы әсер етті.
40 жастағы австралиялық кәсіпкер Алекс Уокер елдегі маңызды минералдарды барлауға келген. Ол ұлттық «Тау-кен Самұрық» компаниясымен серіктестікте геологиялық барлауға лицензия алған. Бірақ 2022 жылдың қаңтарында ол өз компаниясын Лондон қор биржасындағы листингке дайындаудан бірнеше күн бұрын Қаңтар оқиғасы болды. Уокер оған қарамастан бірде-бір инвестор акцияларды орналастырудан бас тартпағанын айтады. Уокердің өзі де маңызды қазба байлығын Қазақстаннан іздеу дұрыс шешім болды деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конгресс комитеті: Кеңес Рақышев Джо Байденнің ұлына қымбат көлік сыйлағанБиыл Қазақстанда геологиялық барлауға берілген лицензия саны алдыңғы алты жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Шығыс Қазақстанда никель өндіруге инвестиция салған Рақышев тау-кен саласындағы ұлттық компаниямен серіктес емес, бірақ газеттің жазуынша, «оның әрекеті елге көлеңке түсіреді». Газет бұл ретте 2015 жылы Кеңес Рақышев пен сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Вашингтондағы мейрамханалардың бірінде сол тұста вице-президент болған Джо Байден мен оның ұлы Хантер Байденмен кездескенін еске салады. Осы кешкі ас пен қазақстандықтардың Хантер Байденнің компаниясымен байланысы 2023 жылдың соңында АҚШ президенті Джо Байденге импичмент бойынша зерттеуге ұласты. Тергеу 2014 жылдың сәуірінде Рақышев Хантер Байденге қатысы бар Rosemont Seneca Bohai компаниясына 142 300 доллар аударғанын анықтады. Байденнің бұрынғы бизнес серіктесі Девон Арчер бұл ақша автосалонға Хантер Байденге көлік сатып алу үшін аударылғанын айтты.
Рақышев басылымға берген сұхбатында Арчермен Қазақстанда танысып, оның компаниясымен тау-кен және жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істеуді жоспарлағанын жеткізді. Ол көлікті жаңа кәсіпорынның АҚШ-тағы кеңсесі үшін сатып алғанын айтты. Рақышев Хантер Байданмен іскерлік байланысы жоқтығын, кешкі асқа «Қазақстанның ресми делегациясының» құрамында қатысқанын мәлімдеді.
СТАТИ МЕН ҚАЗАҚСТАН МӘМІЛЕГЕ КЕЛДІ
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қазақстан үкіметі мен молдовалық кәсіпкер Анатол Стати 14 жылға созылған арбитраж дауынан кейін келісімге келгенін жазды.
«Стати ісі» 2010 жылы басталған. Сол жылы Стокгольм сауда палатасының жанындағы арбитраж трибуналы алғаш рет Анатол Стати мен оның ұлы Габриэль Статиге тиесілі компаниялар тобының Қазақстан үкіметінің үстінен бизнесті заңсыз тартып алу бойынша шағымын қараған.
2013 жылы арбитраж соты Қазақстан Статилерге 500 миллион доллар мен сотқа кеткен шығынды өтеп беруі керек деген шешім шығарды. Бірақ Қазақстан үкіметі мұны орындаудан бас тартып, инвестиция тарту үшін қабылдаған энергетикалық хартия туралы келісімнің принципін бұзды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Статидің Маңғыстаудағы даулы мүлкін кім иеленді?Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбелло Статилер Қазақстанмен бірнеше юрисдикцияда соттасып, 2017 жылы АҚШ-тағы банк Ұлттық қордың 22,6 миллиард доллар активін бұғаттағанын келтіреді.
Былтыр маусымда Швециядағы апелляциялық сот Қазақстанды Статилерге 75 миллион доллар төлеуге мен сотқа кеткен 1,5 миллион доллар шығынды өтеуге міндеттеді.
«Әділет министрлігінің мәміле жайлы мәлімдемесінде егжей-тегжейлі ақпарат берілмеген, бірақ талап етілген сома төленбегені меңзеледі», дейді Сорбелло.
«Қоғам мүддесін ескеріп, осы келісім қабылданды және оған бюджет қаржысы жұмсалмайды», дейді әділет министрі Азамат Есқараев.
Стати құрған Tristan Oil компаниясының облигацияларын ұстаушы Argentem Creek Partners арбиртаждан түскен соманың 70 пайызын алуға тиіс болған, бұл сома 530 миллион долларға жеткен. Бірақ Argentem Creek Partners те мәмілеге көңілі толатынын мәлімдеді.
Argentem Creek Partners-тің директоры Дэниел Чепмен өз мәлімдемесінде «президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа Қазақстан” құру бастамасы мен реформаларын қолдайтынын» ерекше атап өтті.
Автор бұл мәлімдеме кінәні «ескі гвардияға» аударатын кредиторлардың сөзімен үндес екеніне назар аударады. Статидің активтері Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаев басқарған тұста бұғатталды.
Билікке Тоқаев келгелі бері Қазақстан Статимен соттарда бірнеше рет жеңіске жетті. Статимен сот дауындағы басты тұлғалардың бірі – әділет министрлігін 2016 жылдан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарған Марат Бекетаев. Қанды Қаңтар оқиғасынан соң қызметінен алынған ол бір жылдай премьер-министрдің кеңесшісі болды. Кейін Бекетаев Bolashak Consulting Group компаниясымен «қызмет көрсетуге келісімшарт жасау арқылы пайда көріп, мемлекетке шығын келтірді» деген күдікке ілінді. Дереккөздердің айтуынша, компания Статидің ісі бойынша да кеңес берген. Былтыр қазанда бас прокуратура Бекетаев Қазақстаннан қашып кетпек болғанда ұсталғанын хабарлады. Қазір ол жемқорлық ісі бойынша өтетін сотты күтіп отыр.
Сорбелло енді Бекетаев пен «ескі гвардияның» бірнеше өкіліне Статидің ісі бойынша айып тағылуы мүмкін дейді.
ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНА ЗӘРУ ҚАЗАҚСТАН ЕУРООДАҚҚА ҚАЛАЙША "ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯ" ЭКСПОРТТАМАҚ
Eurasianet басылымы Қазақстан ел ішінде электр энергиясы тапшы болғанына қарамастан, Баку және Ташкентпен бірлесіп электр энергиясын экспорттау бойынша жобаны дамытып жатқанын жазды.
Энергетика министрлігі Әзербайжан және Өзбекстанмен жасыл энергия саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімнің жобасын қоғамдық талқыға шығарды.
Үш ел «жасыл энергияны» Еуроодаққа жеткізбек. Ресей Украинаға басып кірген соң, Еуроодақ Ресейге қарсы санкция салып, Еуропа елдері электр энергиясының тапшылығы мен тасымалдың қымбат бағасынан зардап шегіп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін". Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікіріҚазақстан, Өзбекстан мен Әзербайжан мамырда қол қойған меморандумға қарағанда, үш ел Каспий теңізінің түбімен жоғары вольтты электр желісін жүргізбек.
Қазақстан жасыл энергияны қарқынды дамытып жатқанымен, елдегі электр энергиясының небәрі 6 пайызы ғана жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Бұл ретте көмір энергетикасының үлесі − 80 пайыз.
Елде электр энергиясы жетпей жатқанда Қазақстан экспортқа сонша электр энергиясын қайдан алады деген сұрақ туындайды. Президент Қасым-Жомарт күзде атом электр станциясын салу бойынша референдум өтетінін хабарлаған. Мақала авторы Алмаз Куменов АЭС ішкі сұранысты жауып, су мен желден өндірілетін энергия экспортқа шығаруға болар еді дейді. Кейбір сарапшылар Қазақстан АЭС салса, оны салу келісімшартын Ресейдің «Росатом» компаниясының жеңіп алу мүмкіндігі жоғары деп есептейді. Алайда автор Франция, Оңтүстік Корея, тіпті Қытай салатын нысанға қарағанда, Ресей салатын атом электр станциясына халық көбірек қарсы болуы мүмкін деп түйіндейді.