АҚШ өкілдер палатасының қадағалау комитетінің төрағасы конгрессмен Джеймс Комер сәрсенбі, 9 тамызда президент Джо Байденге қатысы болуы мүмкін халықаралық қаржы операциялар туралы есеп жариялады. 19 беттен тұратын құжатта Байден вице-президент болып тұрған тұста оның ұлы Хантер Байден ресейлік олигарх Елена Батурина мен қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышевтан қомақты қаражат алғаны және вице-президенттің Батурина, Рақышев пен украиналық Burisma Holdings энергетика компаниясының өкілімен бірге кешкі асқа барғаны жазылған.
Бұған дейін осыған ұқсас екі құжат жарияланған. Олар Байден отбасының Қытай мен Румыниядағы ұйымдармен байланысты төлемдерін қамтиды. Комитет өкілдерінің айтуынша, қазір Байден отбасының шетелде жасаған төлем операцияларының құны 20 млн доллардан асады.
"Джо Байден вице-президент болып тұрған шақта Хантер Байден Қазақстан, Ресей және Украинадағы олигархтардан миллиондаған ақша алу үшін оны (әкесінің қызметін – ред. ) "бренд" ретінде саудалаған" деді Комер сәрсенбі күні жарияланған хабарламада.
Бұл жолғы құжатта Хантер Байден негізін қалаған фирмалардың үшеуі - Rosemont Seneca Partners, Rosemont Seneca Thornton және Rosemont Seneca Bohai жөнінде сөз болады.
Құжатқа сүйенсек, Кеңес Рақышев сингапурлық Novatus Holdings компаниясының көмегімен 142 300 доллар қаражатты Rosemont Seneca Bohai есепшотына аударған. Ертесіне дәл осы көлемдегі ақша Нью-Джерсидегі автосалонға Хантердің спорт көлігі үшін аударылған.
Ал сол кезде Хантер Байден мен оның әріптесі Девон Арчер Burisma Holdings басшыларының Burisma, қытайлық компания мен қазақ үкіметі арасындағы үшжақты келісімнің болашағын талқылау үшін 2014 жылы Қазақстанға сапарын ұйымдастырған.
Құжатта бұдан бөлек, Хантер Байденнің ресейлік олигархтармен де байланысына нұсқайтын деректер бар.
Президент Байден ұлының "әке қызметін саудалауына" саналы түрде жол берген бе, жоқ па? 9 тамыз күні Джеймс Комер АҚШ өкілдер палатасының қадағалау комитеті осы сауалға анық жауап алу үшін айғақ-деректер жинай беретінін айтты.
Ал өкілдер палатасындағы демократтар бұл құжатты "жалаң сөз" деп атап, ол Джо Байденнің қандай да бір заңсыздықтарға жол бергенін дәлелдемейді деген қарсы уәж айтты.
"Джеймс Комер бұл зерттеу Джо Байденге қатысты деп қайта-қайта айтады. Бірақ соған қарамастан банк жазбаларының бірде-бірінде Джо Байденнің төлемдері жоқ" деді өкілдер палатасындағы азшылық өкілдері.
РАҚЫШЕВ ПЕН БАЙДЕН
Бұған дейін де бірқатар ақпарат құралдары қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев пен Хантер Байден және оның әріптесі Девон Арчер арасындағы іскерлік байланыстар туралы жазған.
Осыған дейін "Власть" сайты директорлар кеңесінің құрамына Хантер Байден мен Девон Арчер кірген украиналық Burisma Holdings компаниясының 2014 жылы экологтардың алаңдауына қарамастан Қазақстанның Ақтөбе облысындағы шикізат орындарының бірін барлауға ниеттенгенін жазды. Алайда компания түрлі себептерге байланысты өзінің "амбициялық жоспарын" іске асыра алмаған. Нәтижесінде Қазақстанға қарыз да болып қалған.
Басылымның жазуынша, Девон Арчер Burisma Holdings-тің директорлар кеңесінің мүшесі ғана емес, Қазақстан ұлттық қорын басқаратын инвестициялық басқару компаниясының директорлар кеңесінің құрамына да енген. Қазақстан ұлттық банкі басылымның ресми сауалына жауап бермеген.
Ал "Астана" халықаралық қаржы орталығының 2019 жылғы есебінше, Арчер тәуелсіз директор да болған. Қаржы орталығы басылымға Девон Арчер 2019 жылдың күзіне дейін қаржы орталығы әкімшілігінің директорлар кеңесінің құрамында болғанын, бірақ қазір онда жұмыс істемейтінін айтқан.
2020 жылы британдық Daily Mail басылымы да "көптен бері шетелде аса табысты, бірақ этикалық тұрғыда күмәнді бизнеспен айналысып, кейде тіпті Джо Байденнің ресми қызметіне мүдделер қайшылығын туғызып жүрген" Хантер Байден 2012-2014 жылдары қазақстандық "олигарх" Кеңес Рақышевтің АҚШ-қа инвестиция салуына көмектесіп, "делдал" болғанын жазған.
Кеңес Рақышев – Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның бас хатшысы, түрлі жылдары Алматы қаласының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, Астана әкімі, қорғаныс министрі қызметтерін атқарған Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы. Forbes.kz басылымы Кеңес Рақышевтің байлығын 570 миллион долларға бағалаған.
ПІКІРЛЕР