Батыс басылымдары бұл аптада Петропавл қаласында "халық кеңесін құрып, егемендік жариялаған" бір топ адамның артында кім тұр деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай мен Оңтүстік Африка мүше БРИКС ұйымына Қазақстан кіруі мүмкін бе дегенді талдады. Үкімет жанармай бағасын өсіретініне тоқталып, бұған дейін көлік отынын қымбаттату туралы шешім Қаңтар оқиғасына ұласқанын жазды.
ПЕТРОПАВЛДА "ХАЛЫҚ КЕҢЕСІН ЖАРИЯЛАҒАН" ТОПТЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?
Eurasianet басылымы жақында елдің солтүстігіндегі Петропавл қаласында "халық кеңесін құрып, егемендік жариялаған" топтың артында кім тұруы мүмкін екенін талдады.
Бұл жиынның өзі 19 наурызда өткен, бірақ көпшілік бұған бір апта өткен соң ғана назар аударды. Наурыздың аяғында жиынның видеожазбасы интернетте тарала бастады. Мақала авторы жиында "төраға" оқып, іле-шала интернетте жарияланған резолюция үзіндісін келтіреді. Онда өздерін "жұмысшы, еңбекқор еркін халықпыз", Қазақстанды "ұлттық корпорация" деп атаған топ "тәуелсіздігін жариялап, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесін құратынын" жазған.
Видео: Петропавлда бір топ адам "тәуелсіздік" жариялайтынын айтқан. Қылмыстық іс қозғалды (31 наурыз 2023 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Бір қарағанда, мұндай сандырақ сөздерге байыппен қарау қиын, бірақ қайсыбіреулердің ойынша, бұл 2014 жылы Украинаның шығысында болған сепаратистік оқиғаларды еске салады. Басылым бұл сепаратистік қозғалыстарды да бастапқыда совет дәуірін аңсаған маргинал эксцентриктер басқарғанын келтіреді.
YouTube-тегі "Бәсе" арнасы бұл жиынға қатысқандардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылмағанын хабарлап, үкіметті әрекетсіздігі үшін сынады.
Eurasianet бұл сын негізді дейді. Қазақстан билігі әдетте мемлекеттің легитимдігіне күмән келтіретін, заңмен тыйым салынған кез келген саяси іс-әрекетті тез арада тыйып отырады. Мәселен, биліктің қуғындағы қарсыласы Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы "экстремистік ұйым" болып танылды. Осы қозғалыс ұйымдастыратын кез келген наразылық акциясын арнайы жасақ бірнеше минут ішінде таратып тастайды.
Ресей Украинаға басып кіргелі сепаратизмге қатысы бар болып көрінетін кез келген әрекет қатаң жаншылады. Мысалы, былтыр ChatRoulette сайтында бір ер адаммен әңгімелескен Петропавлдағы ерлі-зайыпты "Ресей аймақты қосып алады деп үміттенетінін" айтқан соң, бес жылға сотталды.
"Бәсе" арнасы келесі видеода Ресейде Петропавлдағыдай "халық кеңесі" тәрізді топтар бар екенін, олардың бәрін Ресей күш құрылымдары бақылайтынын мәлімдеді. Бірақ оған дәлел келтірмеді.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Гиперборей" YouTube-арнасына берген сұхбатында Петропавлдағы оқиғаға Ресейдің емес, Қазақстанның күш құрылымдарының қатысы болуы мүмкін деп топшылайтынын жеткізді. Ол Петропавлдағы топтың әлеуметтік желідегі аккаунттары парламент сайлауына бірнеше апта қалғанда құрылғанына назар аударады. Саясаттанушының пайымдауынша, сайлау нәтижесінде биліктің ырқымен жүретін тағы бір парламент жасақталды, ал бұл қоғамның ашуын тудырды.
"Әділетсіз сайлауға, бұрмалауға байланысты Тоқаевтың атына көп сын айтылды. Бұл шуды қалай басуға болады? Аумақтық тұтастыққа қауіп төніп тұр деген үрей тудыру арқылы басуға болады. Бұл ретте ол мақсатына жетті. Әртүрлі саяси ұстанымдағы адамдар бұған қалай ортақ реакция білдіргенін көрдік" деді ол.
Петропавлдағы топтың екі мүшесі артынша тағы бір видео жариялап, жартылай кешірім сұрады. Бас прокуратура тараған видеоға байланысты қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Басылым аяқ астынан пайда болған Петропавлдағы "халық кеңесі" дәл осылайша тез арада көзден таса болуы мүмкін дейді.
ҚАЗАҚСТАН БРИКСКЕ МҮШЕ БОЛУҒА МҮДДЕЛІ МЕ?
Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай мен Оңтүстік Африка мүше БРИКС ұйымының саммиті тамыз айында Оңтүстік Африкада өтпек. Күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – мемлекетаралық ұйымды кеңейте түсу. Орталық Азиядағы геосаясат, қауіпсіздік пен сауда мәселелерін зерттеуші Уайлдер Алехандро Санчес пен Newsography.com сайты жаңалықтар бағдарламасының редакторы Радомир Романов Eurasia review басылымындағы мақалада Қазақстан БРИКС-ке мүше болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздейді.
Қазақстан БРИКС-ке мүше Қытаймен және Ресеймен шекаралас, Үндістанмен жақсы қарым-қатынаста. Бразилиямен және Оңтүстік Африкамен байланыс аз болса да, қарым-қатынасы жылы. Сарапшылардың ойынша, Қазақстан БРИКС-ке қосылуы үшін мемлекетаралық ұйым бірқатар өзгеріс жасауы керек.
Ең алдымен Астана мен БРИКС елдерінің сауда қарым-қатынасы күшеюге тиіс. 2020 жылы Қазақстанның экспорт көлемі 50,9 миллиард доллар болса, президент Тоқаевтың сөзінше, 2021 жылы Қазақстан мен БРИКС арасындағы сауда көлемі 45 миллиард долларға жеткен. Сарапшылар БРИКС Астанамен арадағы сауда көлемін 2025 жылға қарай кемінде 50 миллиард доларға жеткізуі қажет деп есептейді.
Екіншіден, екі жақ арасында мәдениет саласында қарым-қатынас күшейгені жөн. Авторлар БРИКС елдері мен Қазақстан халқы арасында қарым-қатынасты күшейту үшін кинофестиваль, мәдени бағдарламалар, БРИКС фильмдері, Қазақстан музыкасы мен биін, әдебиетін көрсететін іс-шараларды көбірек ұйымдастыруы керек дейді.
Үшіншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынас халықаралық байланысты күшейту үшін қажет. Зерттеушілердің жазуынша, БРИКС Қазақстанда туризмді дамытып, туристік бағыт ретінде таныту үшін бірлесіп жұмыс істей алады.
Бұдан бөлек, ұйымға мүше елдер энергетика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі мен инфрақұрылым жобаларына инвестиция салуды арттыруы қажет. Қазақстан 2025 жылға қарай мұнай өндіруді 100 миллион тоннаға жеткізбек. Сондықтан БРИКС сол жылы елдің энергетика және тау-кен өндіру секторына кемі 10 миллиард доллар салуға талпынғаны жөн.
Сарапшылар Қазақстан БРИКС-ке қосылуға оң көзқарас танытады дейді. Президент Тоқаев БРИКС-тің онлайн конференциясында Қазақстан ұйым мемлекеттерімен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін айтты.
Тамызда Оңтүстік Африка Республикасында өтетін БРИКС саммитінде ұйым жаңа мүшелер қабылдауды дауысқа салады немесе жақында жаңа мүшелерді шақырады деген ақпарат әзірге жоқ. Оның үстіне, БРИКС елдерінің бұл мәселе бойынша ортақ ұстанымы жоқ тәрізді. Пекин, Мәскеу мен Йоханнесбург жаңа мүше тартуды құптаса, қалған екі мүше бұған шек келтіреді. Сондықтан, Санчес пен Романовтың пайымдауынша, Қазақстанның БРИКС-ке мүше болу-болмауы Астананың қалауына ғана емес, ұйым мүшелерінің Орталық Азия елін қабылдауға қаншалықты дайын деген мәселеге де байланысты.
"ҮКІМЕТ ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ БАҒАСЫН ҰСТАП ТҰРА АЛМАДЫ"
Қазақстан үкіметі жанармай бағасын өсіру туралы шешім қабылдады, осылайша ел ішінде бағаны төмен деңгейде ұстап тұру әрекеті нәтиже бермеді дейді Eurasianet басылымы.
12 сәуірден бастап АИ-92 бензинінің бағасы 11 пайыз өсіп, 205 теңгеге жетеді, ал дизель отыны 20 пайыз қымбаттап, 295 теңгеге жетпек.
Смайылов елде дизель отынын тұтыну көрсеткіші жан басына шаққанда жылына 370 литр екенін, бұл Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш екенін айтты. Тіпті энергоресурстарға бай Ресейдің өзінде дизель отынын тұтыну көрсеткіші бізден төмен − жан басына шаққанда жылына 225 литр.
Премьер-министр елде жанар-жағармайға сұраныс артуын көрші елдерге бағытталған көлеңкелі экспорттан көреді. Дизель отыны Ресейде 45 пайыз, Қырғызстанда 64 пайыз, Өзбекстанда тіпті екі есе қымбат. Үкіметтің көлеңкелі экспортты азайту талпынысы нәтиже бермеді. Үкімет басшысының сөзінше, егер бағадағы айырмашылық төмендемесе, елде жанармай тапшылығы туындайды.
"Қазақстан жанар-жағармай бағасын бірқалыпты ұстап тұру үшін көп жыл бойы мұнай өндіруші мәртебесіне сүйенді. 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар бұл келісім бұзылса, арты неге апаруы мүмкін екенін айқын көрсетті. Ел батысында бағаны өсіру наразылық тудырып, ол басқа өңірлерге тарап, жалпыұлттық ірі митингілерге айналды" дейді мақала авторы Алмаз Куменов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Соғыс және қырғыз паспорты. Жаңа азаматтық іздеген ресейліктер назарын Орталық Азияға бұрды"Өз мәжілісін жасақтағысы келген" Тоқаев, Ресейдегі шетел компанияларының Қазақстанға "көшуі"Қытай мен Ресейдің достығы Орталық Азияға қалай әсер етеді?Қазақстан Ресейге реэкспортты жіті бақылауға алмақ. Санкцияларды айналып өту тыйыла ма?Тоқаев жаппай тәртіпсіздіктен қауіптене ме? Путиннің "газ одағы" біртіндеп іске аса бастады ма?