Accessibility links

"Өз мәжілісін жасақтағысы келген" Тоқаев, Ресейдегі шетел компанияларының Қазақстанға "көшуі"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілісті және мәслихатты сайлауда дауыс беріп жатыр. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілісті және мәслихатты сайлауда дауыс беріп жатыр. Астана, 19 наурыз, 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанда шын тәуелсіз кандидаттар парламентке өтпегенін жазды. Сонымен қатар Ресейдегі шетел компаниялары Қазақстанға көшкені рас па деген сұраққа үңілді. Одан бөлек, Ресейдің Украинадағы соғысы Қазақстанда деколонизация процесін күшейткеніне тоқталды.

"Бұл үкіметті сынап, президентті мақтайтын парламент болмақ"

Парламент сайлауының нәтижесін талдаған АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы елде жаңару мен өзгерістер іске асады деген үміт тағы да ақталмағанын жазды.

Бұл жолы 98 депутаттың 69-ы партиялық тізім, қалған 29-ы бірмандатты округ бойынша сайланды. Бірмандатты округтер бойынша сайлауға түскен 435 кандидаттың көпшілігі өзін-өзі ұсынса, 76 адамды партиялар ұсынған. 20 жылдан кейін қайтарылған аралас жүйемен сайлау саяси белсенділерге сайлауға түсуге мүмкіндік берді.

Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбеллоның пайымдауынша, сарапшылар, бақылаушылар, азаматтық қоғам өкілдері мен журналистер кей тәуелсіз кандидаттар парламентке өте алады деп үміттенді, бұл Тоқаевтың "Жаңа Қазақстандағы" өзгерістер жайлы мәлімдемелерін бекіте түсер еді.

Алайда нәтиже басқаша болып шықты. Бірмандатты округтер бойынша парламентке өткен 29 депутаттың 23-і − биліктің "Аманат" партиясының мүшелері. "Сайып келгенде өзін-өзі ұсынған алты кандидат парламентке өтсе де, шын мәнінде тәуелсіз кандидаттардың ешқайсысы депутат мандатына қол жеткізе алмады" дейді автор.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін саяси сахнаға шығатын жаңа саяси партияларға парламентке жол ашылады деп уәде еткен. Сорбелло Тоқаев бұл уәдесін орындамады дейді. Биліктің "Аманат" партиясы партиялық тізім бойынша мәжілістегі 40 орынға және бірмандатты округтер бойынша 23 орынға ие болды. 2021 жылғы сайлаудан кейін алған 76 орынмен салыстырғанда, қазіргі 63 орын аз екені рас, дегенмен конституциялық өзгерістерді мақұлдау үшін қажет көпшілік дауыс депутаттардың үштен екісіне жетеқабыл.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, Тоқаев өз мәжілісін жасақтығысы келеді, парламентке тәуелсіз кандидаттар сол себепті өтпей қалды.

"Тоқаев бүкіл билікті қолына шоғырландырды. Өзінің саяси ықпалын іске асыру үшін оған президентті қолдайтын қуыршақ парламент керек. Авторитар президент ретінде Тоқаев өз мәжілісін жасақтағысы келеді, оның әкімшілігі спикер мен комиссия басшыларының тағайындалуын бақылауда ұстайды" дейді Нұрсейіт.

Автор сайлауда "Алға, Қазақстан" және саясаткер Жанболат Мамайдың "Қазақстанның демократиялық партиясы" тәрізді шын мәніндегі оппозициялық партияларға мүмкіндік қатыстырылмағанын келтіреді.

Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, шынайы оппозициялық партия жоқ жерде парламенттегі партиялар болашақта Тоқаевтың кінәні басқаға аудару ойынын қолпаштайды.

"Мәжіліс барлық заң жобасын бірауыздан мақұлдап, Тоқаев күн тәртібіне қойған дүниелерге қолдау білдіреді. Жаңа мәжіліс үкіметті белсенді сынап, оны саясатта іске аспаған бастамалар үшін айыптайды, сондай-ақ Тоқаевты әлеуметтік-экономикалық саладағы бастамалар үшін мақтайтын болады" дейді саясаттанушы.

Ресейде жұмыс істеген шетел компаниялары Қазақстанға көшкені рас па?

Астана Мәскеу Украинаға басып кіргеннен кейін "Ресейдегі 20 шетел компаниясы Қазақстанға көшті" деп мәлімдеді. Deutsche Welle (DW) бұл қаншалықты рас екенін анықтап көрді.

Кремль Украинаға соғыс ашқан соң, көптеген шетелдік компания санкциялардан қауіптеніп, енді бірі соғысқа қарсылық ретінде Ресейден кетті. 2022 жылғы наурызда Астана Ресейде қызметін тоқтатқан немесе тоқтатуды жоспарлаған 362 трансұлттық компаниямен келіссөз жүргізе бастады. Былтыр желтоқсанның аяғында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 20-дан астам шетел компаниясы Ресейдегі өндірісін немесе кеңселерін Қазақстанға көшіргенін мәлімдеді. DW осы тізімдегі компаниялардың әрқайсысына хабарласып, Қазақстанға көшкен-көшпегенін сұрастырды.

Былтыр наурызда TikTok Ресейдегі қолданушыларды тікелей эфирге шығу мен жазбалар жариялау мүмкіндігінен айырды. Бұған Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 15 жылға дейін түрме жазасын кесетін заң қабылдануы себеп. Сөйтіп, компания Ресейдегі қызметкерлерінің бір бөлігін жұмыстан шығаруға мәжбүр болды. Қызметкерлердің бір бөлігі басқа елдерге көшірілді. Бірақ TikTok "қызметкерлер компанияның ғаламдық және аймақтағы сұранысына сай көшірілді" дегенге сілтеп, олардың нақты қайда қоныс аударғанын айтудан бас тартты. Былтыр қазанда TikTok вице-президенті Тео Бертрам компания Қазақстанда бизнесті дамытып, өкілдігін ашуға дайын деген. Deutsche Welle-нің жазуынша, TikTok өкілі Ресейдегі бизнесін Қазақстанға көшірмейтінін айтты.

Астана тізіміндегі Германияның Knauf Group құрылыс компаниясы әлі де Ресейдегі бизнесін тоқтатпай, жұмыс істеп тұр. DW-ге берген жауабында Knauf Group Қазақстанға көшетіні жайлы ақпаратты растамады. Бірақ компания Қазақстанда 2024 жылы жаңа өндіріс орнын салу жоспары барын жеткізген.

Ал АҚШ-тың Honeywell өнеркәсіп алпауыты былтыр шілдеде Қазақстанда автоматтандыру мен қауіпсіздік бойынша құралдар өндіретін зауыт ашқан. Сыртқы істер министрлігі Honeywell-ді Ресейден Қазақстанға көшіп келетін компаниялар қатарына қосқан. Honeywell расында да Ресейдегі қызметін толық тоқтатқан. Алайда Honeywell-дің Қазақстаннан зауыт ашуы бірнеше жыл бұрын жоспарланған, мұның Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне ешқандай қатысы жоқ. "Алматыда бөлшек өндіретін зауыт ашу жұмысы бірнеше жыл бұрын басталған" дейді Honeywell өкілі.

Астана Австралияның жасыл энергетика және ресурстар саласындағы Fortescue компаниясы да Ресейдегі кеңсесін Қазақстанға көшірді деп көрсетті. Дегенмен Fortescue-нің Мәскеуде еш уақытта нақты кеңсесі болмаған. Fortescue Future Industries компаниясының Ресейде алдын ала жұмыс жүргізген бірнеше қызметкері ғана болған. Соғыстан кейін бөлімше Ресейдегі жұмысын тоқтатты.

Оны былай қойғанда, Fortescue Қазақстанда 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Қараша айында Fortescue мен Астана "жаңартылатын энергия жобаларын және жасыл сутегі өндірісін іске асыру жолдарын" бірлесіп зерттеуге келісті.

Сол тәрізді Жапонияның Marubeni ірі сауда компаниясы Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Компания "Неміс толқынына" жауабында соғыс басталғалы Қазақстан нарығына көбірек көңіл бөліп жатса да, мұны көшу деуге келмейтінін айтқан.

DW Астана тізіміндегі бір компания шын мәнінде Ресейден Қазақстанға көшкенін анықтаған. Ол – АҚШ-тың inDrive таксиге тапсырыс беру қызметі. InDrive Ресейдегі қызметкерлерінің көпшілігін Қазақстанға көшірген. InDrive-тің ең ірі кеңсесі Алматыда орналаспақ, 2023 жылы онда 1000 қызметкер жұмыс істемек.

"Ресейдің Украинадағы соғысы Қазақстандағы деколонизация процесін күшейтті"

"Ресейдің Украинаға басып кіруі Қазақстандағы деколонизация процесін күшейтті" дейді Еуразиядағы геосаясат мәселелерін зерттеуші Камила Әуезова АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу инстиутының сайтындағы мақалада.

Украинаға шабуыл Владимир Путиннің Ресей империясын жаңғырту арманын орындауға жол ашуы керек еді. Бірақ бұл, керісінше, көрші елдерді Ресеймен қарым-қатынасты қайта сүзгіден өткізуге мәжбүрледі, аймақта деколонизация мен деруссификация үндеулері күшейе түсті.

Деколонизацияға талпыныс әсіресе Қазақстанда айқын көрінеді. Автор Астананың былтыр 9 мамыр – Жеңіс күнін мерекелеуден бас тарту туралы шешімі Қазақстан Украинаға басып кірген Ресейді қолдамайтынын көрсетті дейді. Мәскеу Совет Одағының фашистік Германияға қарсы жеңісін мерекелеуді Ресейдегі ұлттық болмыстың негізіне айналдырды. Зерттеушінің пікірінше, сондықтан оны мерекелеуден бас тарту Путин режиміне жасалған соққы болды.

Украина қалаларында зымырандар мен дрондар шабуылы кесірінен жарықсыз қалатын жұртқа көмек беру үшін қазақстандық кәсіпкерлердің бастамасымен "Мызғымас киіз үйлер" тігілді. Әуезова бұл бастама Қазақстан қоғамы Украинаны қолдайтынын анық көрсетті деп есептейді. Бұл Ресейдің ашуын туғызып, Қазақстан билігінен ресми жауап алу талабына ұласты. Бірақ Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл жерде түсіндіретін дәнеңе де жоқтығын мәлімдеді.

Украинаға байланысты Қазақстан ұстанымына Ресейдің лауазымды тұлғалары наразы болды, бұл ақпараттық шабуылдарға ұласты. Режим пропагандисі Владимир Соловьевтің қараша айында шыққан бағдарламасына келген "сарапшы" "Қазақстанда дәл Украинадағыдай нацистік процестер басталуы мүмкін" деді. Бұл Қазақстан қоғамында қызу талқыланды.

"Украинаға басып кіру Қазақстандағы империяға қарсы көңіл-күй мен деколонизация процесін күшейтті. Бұл үрдіс 2023 жылы да жалғасатын тәрізді. География Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасты біржолата үзе алмайтынын көрсетеді, бірақ Украинаға басып кіру Ресейдің елдегі ықпалына айтарлықтай нұқсан келтірді" деп қайырады Әуезова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG