Ресей көрші Беларусь жеріне тактикалық ядролық қару орналастырады. Бұл туралы 25 наурызда Ресей президенті Владимир Путин айтты. Ол бұл қимыл ядролық қаруды таратпау туралы келісімді бұзбайды деп есептейді. Сонымен тактикалық ядролық қару дегеніміз не? Ресейдің бұл қаруға қатысты саясаты қандай?
БҰЛ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?
АҚШ әлемге 1962 жылғы Кариб дағдарысынан бергі ең үлкен ядролық қауіп төніп тұр деп мәлімдеді. Вашингтон Путиннің Украинадағы соғысқа қатысты айтқан сөздерін меңзеп отыр. Мәскеу әлем елдері позициямызды қате түсінді дейді.
Киев пен оның Батыстағы одақтастары Путиннің соғыста қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланамыз деген уәдесін меңзеп, Ресей тактикалық ядролық қаруды майданда қолдануы мүмкін деп қауіптенеді.
ТАКТИКАЛЫҚ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ДЕГЕН НЕ?
Ғалымдар мен қару-жарақты бақылау туралы келіссөзге қатысушылар жылдар бойы тактикалық ядролық қарудың анықтамасына бас қатырып келді. Тактикалық ядролық қару – АҚШ немесе Ресей қаласын жойып жіберуге емес, майданда тактикалық жетістікке жету үшін қолданылатын қару түрі.
Ресейде қанша тактикалық ядролық қару барын ешкім білмейді. Өйткені Қырғиқабақ соғыстан бері мұндай ақпарат құпия сақталады.
Дегенмен тактикалық ядролық қаруға келгенде, АҚШ пен НАТО-ға қарағанда Ресейдің сан жағынан басымдығы бар. АҚШ есебінше, Ресейде 2 мың тактикалық ядролық қару бар. Бұл Вашингтонның қорынан 10 есе көп.
Ядролық оқтұмсықтарды әртүрлі зымыран, торпеда, теңіз не құрлық күштерінің гравитациялық бомбалары арқылы жеткізуге болады. Жай ғана бір ауданға апарып, сол жерден жарып жіберуге де жарайды.
АҚШ-та 200-ге жуық тактикалық ядролық қару бар. Оның жартысы Еуропада орналасқан. Қуаты 0,3-170 килотоннаға дейінгі 12 футтық B61 ядролық бомбалары Италия, Германия, Түркия, Бельгия мен Нидерландтағы алты әскери базада сақтаулы тұр.
1945 жылы Американың Хиросимаға тастаған атом бомбасының қуаты 15 килотонна болған.
ЯДРОЛЫҚ БОМБАНЫ ҚОЛДАНУҒА КІМ БҰЙРЫҚ БЕРЕДІ?
Ресейдің ядролық доктринасына сәйкес, ядролық қару қолдану туралы шешімді президенттің өзі қабылдайды.
1991 жылы Совет Одағы тараған кезде Ресейде 22 мың, АҚШ-та 11 500 тактикалық ядролық қару қалды. Олардың көбі жойылған немесе жойылудың алдында тұр.
Қалған ядролық қару 30-ға тарта әскери база мен шахтада сақталады. Нысандарға қорғаныс министрлігіндегі Игорь Колесников басқаратын 12-бас басқарма жауап береді. Ол тікелей қорғаныс министріне бағынады.
Тактикалық ядролық қарумен шабуыл жасау үшін Путин Қауіпсіздік кеңесіндегі жоғары шенді тұлғалармен ақылдасады. Содан кейін ғана бас штабқа оқтұмсықты зымыранға жалғап, ұшыруға дайындауға бұйрық береді.
Путин АҚШ-тың қалай жауап беретінін білмегендіктен, Ресейдің ядролық позициясы өзгереді: суасты қайықтары ашық теңізге шығады, зымыран күштері әскери дайындық позициясына көшіп, стратегиялық бомбалаушы ұшақтар ұшуға дайын тұрады.
ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ОРНАТУ
1991 жылы Совет Одағы тарағаннан кейін АҚШ Беларусь, Украина, Ресей мен Қазақстанда қалған ядролық қаруды қайтаруға көп күш жұмсады.
90-жылдардың басында қару-жарақ қайтарылғаннан кейін Ресей шет мемлекет аумағына ядролық қару орнатқан жоқ.
Сенбі күні Путин Беларусьпен арадағы келісім ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық келісімге қайшы емес екенін айтты.
Кезінде Совет Одағы қол қойған ядролық қаруды таратпау туралы келісімде "Бірде-бір ядролық державаға басқа мемлекетке ядролық қару немесе технология беруге болмайды" деп жазылған. Бірақ өз бақылауымен басқа мемлекет аумағына ядролық қару орнатуына болады. Мысалы, Еуропада АҚШ-тың ядролық қаруы бар.
ПІКІРЛЕР