Храпунов пен Әблязов және "стан" елдеріндегі еркіндікке ұмтылған жас буын

Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы шешімді жойып, Әблязов Париж маңындағы түрмеден бостандыққа шыққан сәт. 9 желтоқсан 2016 жыл.

Бұл аптада әлем баспасөзі триллиондаған доллар "күдікті" ақшаны жөнелткендердің арасында болған қазақстандықтарды сөз етті. Бұған қоса шетел басылымдары Орталық Азиядағы жас буынның еркіндікке ерекше ұмтылатынын және Қазақстанның мұнай табысына әлі де тәуелді екенін ескертті.

Дүниежүзінің ірі банктері 20 жыл бойы олигархтардың, қылмыскерлер мен террористердің 2 триллион доллардай күдікті ақшаны әрі-бері жөнелтуіне көз жұма қарап келген. Мұны Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жақында жариялады. Бұл тақырыптың көп құпиясы әлі де ашылмай жатыр.

Құжатта қазақстандық экс-банкир, қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов пен Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматы мен Шығыс Қазақстан облысын басқарған Виктор Храпунов отбасының "күдікті" деп белгіленген ақшаға шетелден дүние-мүлік сатып алғаны туралы айтылады.

"ХРАПУНОВТАР – 89 МИЛЛИОН, ӘБЛЯЗОВ – 666 МИЛЛИОН АУДАРҒАН"

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ FinCEN Files: Әблязов пен Храпуновтар әлемдік банктер арқылы күдікті қаржыны "айналымға салған"

Тhe Diplomat басылымының авторы Паоло Сорбелло АҚШ Қаржы министрлігі жанынан құрылған Қаржылық қылмыспен күрес желісінің (Financial Crimes Enforcement Network – FinCEN) күмәнді ақша ағынын тоқтатуда қауқарсыздығын алға тартады.

"Зерттеуші журналистердің қолына тиген құжаттарға сәйкес, банктер мен брокерлер транзакцияларды арам ақшаны заңдастыру, терроризмді қаржыландыру не басқа да қаржылық қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деп белгілеп, "күдікті әрекет туралы ескертіп" (suspicious activity reports -SARs) отырса да, FinCEN агенттігінің транзакцияларды тоқтату құзыреті болмаған" дейді автор.

Тіпті Интерпол Виктор Храпуновты тұтқындау туралы ескерткеннен кейін де Американың ірі банктері оның миллиондаған долларын көрсеткен жағына аудара берген.

Виктор Храпунов (оң жақта) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге. 2000 жыл.

Храпуновтар отбасының қолынан күдікті деп саналған 89 миллион доллар өткен. "Бұл Әблязовқа қатысы бар, SARs белгісі қойылған 666 миллион доллармен салыстырғанда тым мардымсыз ақша" деп жазады The Diplomat.

Күдікті қаржыны америкалық банктердің көмегімен аударған қазақстандықтар тек Храпуновтар мен Әблязов қана емес болар деп топшылаған автор "FinCEN Files әлі басқа адамдардың есімін атамай отыр" дейді.

The Diplomat "күдікті ақша жібергендер" тізімінде бар басқа қазақстандықтар жайлы сұрап, Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумына (ICIJ) хат жолдаған, бірақ әлі жауап алмаған.

Автордың жазуынша, Қазақстанға келген-кеткен ақшаның көп бөлігі АҚШ-тағы алып қаржы институты – The Bank of New York Mellon арқылы өткен. Қазақстанның ұлттық қорындағы ақшаның сақталуына да осы банк жауапты.

"БҰЛ ЕЛДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ – КӨНБЕГЕНДЕРДІ ЖАЗАЛАУДЫҢ ДА ҚҰРАЛЫ"

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ бұрынғы СССР-дан ағылған арам ақшаны тоқтата ала ма?

"Клептопия: арам ақша әлемді қалай жаулап жатыр?" деген кітап авторы, белгілі зерттеуші журналист Том Бургис те FinCEN Files жарияланымына назар аударған. Британдық The Guardian басылымындағы мақаласында ол бұл оқиғаны "Совет империясының байлығын талан-тараж еткендердің және билікті ақшаға айналдыру оңай елдердің" басындағы жағдай деп сипаттап, "арам ақшаның да жаһанданып жатқанына" назар аударған.

"Совет одағы ыдырайтыны белгілі болған соң оның басшылары жылдамдатып империяның көп байлығын сыртқа тасып әкетті. Билікті ақшаға айналдыру оңай елдердегі, әсіресе мұнай мен шикізатқа бай мемлекеттердегі басшылар да солай істеді. Жаһандану жылдам тарады, сөйтіп Starbucks, миграция және вирустар сияқты арам ақша да жаһандық нәрсеге айналды" дейді Бургис.

Оның айтуынша, жария болған құпия құжатта аты аталатындардың көбі "аса ықпалды клептократтар тұсында байып, жеке империяларын құрғандар" дейді. "Ангола мұнайын ондаған жылдар бойы талан-тараж етіп келе жатқан диктатордың қызы Изабель душ Сантуштың дүние-мүлкі Бразилиядан Португалияға дейінгі аралықта жатыр. Қазақстандық экс-министр әрі банкир Мұхтар Әблязов пен оның туыстары Мәскеудегі "Океанариумнан" бастап, Цинциннатидегі сауда орталығына дейінгі активтерге иелік етеді" дейді журналист.

Бургистің айтуынша, күдікті ақшаны тексеру тетіктері мүлде жұмыс істемейді, оның себебі – "арамы бар, адалы бар бұл ақша шекарадан оңай өтіп кетеді, ал қадағалаушы органдардың құзыры шекара аясында қалады".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстаннан шығарылған миллиондар қалай жұмсалды?

Қарапайым жұрт интернет-дүкеннен бастап, жарнама берушілерге дейін жеке мәліметін беріп жатқанда, бұл жаһандық клептократия бар құпиясын жасырып отыр дейді автор. Оның айтуынша, мұндай режимдер әлемнің барлық түкпірінде кездеседі. "Билігіне қауіп төнгенде олар әлемдік нарыққа да шыға алады" деген Бургис Зимбабвенің бұрынғы диктаторы Мугабені мысалға келтіреді. Ол Уолл-стриттегі хедж-қордың қолдауымен тіркелген лондондық компанияның арқасында елдегі пайдалы қазбаны өндіру жобасына қол қоюдың арқасында 100 миллион доллар алып, тағы он жыл билікте қалды дейді автор.

"Бұл режимдерде жемқорлық – тұқырта бағынышты етудің ғана емес, көнбегендерді жазалаудың да құралы" деген Бургес Әблязов және биліктің арқасында дәулетті болған сол сияқты адамдар "режимге жақпағанымыз үшін қудаландық" деп толық сеніммен айтады дейді.

"ҚАУЛАП ӨСКЕН ЖАС БУЫН ҚАРТ АВТОРИТАР БАСШЫЛАРҒА КӨП ТАЛАП ҚОЯДЫ"

Орталық Азия елдерінде қаулап өскен жас буын совет дәуіріндегі автократиялық режимді қолдамайды. Олардың көксегені – демократия болмауы да мүмкін, олар жай ғана теңдік пен даму мүмкіндігін талап етеді. Әсіресе Қазақстанда жас буынның қарқыны күшті. Шығыс Еуропа мен бұрынғы Совет одағы елдеріндегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеуге бағытталған Emerging Europe басылымында жарық көрген талдауда осындай қорытынды жасалады.

Белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков 2019 жылы 21 сәуірдегі марафон кезінде "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" деп жазылған баннерді ұстап тұр. Белсенділер осы үшін 15 тәулікке қамалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Серік Бейсембаев: Дамыған қоғам мен тоқыраған биліктің қақтығысын көріп отырмыз

Автор Орталық Азиядағы бес "стан" еліндегі ерекше демографиялық дүмпуге назар аударады. Дүниежүзілік банктің 2019 жылғы есебі бойынша, Шығыс Еуропа елдеріндегі демографиялық өсім 0,3-0,7 пайызға әзер жетсе, Орталық Азиядағы өсім әлемдегі орта көрсеткіш – 1 пайыздан да асып түскен. Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш тіпті 2,1 және 2,5 пайыз болған. Сондықтан, бұл елдердегі халықтың басым бөлігі – тәуелсіздік дәуірінде туған жас буын.

Бұл аймақтың Шығыс Еуропадан және бір айырмасы – демократиялық даму жөнінен кенже қалуы дейді автор. "Демократияның түрлі өлшемдері бойынша бұл елдер әлемдегі еркіндік деңгейі ең төмен елдер қатарында аталады" дейді автор. Economist Intelligence Unit зерттеу орталығының 2019 жылғы "Демократия индексінде" бес ел де "авторитарлық режим" санатына жатқызылған, ал Түркіменстан мен Тәжікстан әлемдегі демократиясы ең мешеу он елдің ішіне кірген.

"Кей елдерде жастар үлесінің көптігі қарт басшылар басқаратын авторитар режиміне көбірек талап қояды. Қазақстанда осылай болып жатса керек, Өзбекстанда да солай болуы мүмкін" дейді Emerging Europe басылымына сұхбат берген Орталық Азия жөніндегі британдық сарапшы Джон Хизершоу.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бір елде "оянғандар" екі түрлі Қазақстанды көрді

"Күшті азаматтық қоғам болмағандықтан, қалыптасқан вакуумның орнын көбіне жастар басқаратын "Оян, Қазақстан" сияқты тәуелсіз платформалар басып жатыр. Олар көмекке мұқтаж халыққа тікелей көмек көрсетіп, реформа мен жауаптылықты талап етіп келеді" дейді Хизершоу.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЛЫҚ ЖҮЙЕСІ МҰНАЙДАН ТҮСЕТІН ТАБЫСҚА ТЫМ ТӘУЕЛДІ"

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЕЫДҰ) 24 қыркүйекте жарық көрген есебінде Қазақстанды мұнайдан түсетін табысқа тым тәуелді салық жүйесін әртараптандыру жөнінде кеңес берді. АҚШ-тағы және әлемдегі салық жаңалықтарын сараптайтын Law 360 Tax Authority сайты осы құжатты шолып шыққан.

Сайттың жазуынша, мемлекет елдің мұнай индустриясын қолдап, мұнайдан тыс бюджет дефицитін жабу үшін ұлттық қорды пайдаланып отыр. "Бірақ бюджетке жасалған соңғы трансферттер Ұлттық қорға түсетін салық түсімдерінен көп. Бұл үкіметтің 2050 жылы әлемдегі экономикасы ең ірі 30 елдің қатарына кіру мақсатына сай келмейді" дейді сарапшылар.

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін ұстап тұру үшін әлеуметтік салықты арттырып жатыр, бірақ бұл ел зейнетақыны салықтан босатып, зейнетақы жинағын мұраға қалдыруға рұқсат беретіндіктен базасы тым аз. Елдегі корпоративтік табыс салығы төмен, әрі ең ірі 10 компания осы салықтың 99 пайызын төлейді.

Аталған есепте сарапшылар Қазақстанды салықты көбейтудің орнына оның базасын ұлғайту керек деп кеңес береді.

Сондай-ақ сарапшылар Қазақстандағы 12 пайыздық қосымша құн салығы ЕЫДҰ-ның басқа елдерінен төмен деп, оны көтеруді ұсынады әрі компанияларды корпоративтік және мүлік салықтарынан босатуды "шектен тыс жомарттық" деп санайды. "Арнайы салық режимі өзін өзі жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкерлерді ынталандыру үшін жасалады, ал бұған компанияларды қосу пайдадан гөрі зиянын көп тигізеді" дейді сарапшылар.

"ОҒАН БАР ҚЫЗ ҒАШЫҚ". МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ БҮРКІТШІ

АҚШ-тың CNN телеарнасы Моңғолияның Баян өлгей жеріндегі саятшылықты кәсіп еткен Жеңісбек Серіктің өнері мен аймақтың 90 пайызын құрайтын қазақтардың ежелгі дәстүрінен сыр шертеді.

Ата-бабасынан келе жатқан кәсіпті меңгерген 26 жастағы Жеңісбек түрлі жарысқа қатысып, жүлде алып жүр, тіпті Дубайдағы көрмеге де барып келген.

Жеңісбек Серік.

"Моңғолияның қиыр батысында жатқан Баян Өлгей аймағындағы жартылай көшпелі өмір сүретін қазақ үшін шетелге бару – басқа ғаламшарға барумен тең. Жылтыраған Дубай тіпті өзге галактика сияқты болар" дейді мұндағы ғасырлар бойы сақталған дәстүр-салтты сипаттаған автор.

Бүркітшілік Шыңғыс хан заманынан келе жатыр деген ол ХХ ғасырдың басында Совет одағы мен Қытай екі арадағы шекарасын бөліскенде сыртта қалған қазақтар елге қайта алмады дейді.

"Олар Моңғолияның батысында жартылай көшпелі тұрмыс кеше берді, ондағы бүркітшілік сияқты салт-дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Қазақстанда мұндай дәстүрге қысым болғандықтан, Баян Өлгей спорттың осы түрінің негізгі ошағына айналды" дейді CNN тілшісі.

"Қою қара қасты, ат жақты жігіт. Еңсегей бойы мен қарулы денесіне қарап қыздың бәрі ғашық болады" деп әзілдейді гид. Басқа бүркітшілердің қасына барып тұрғанда ғана оның тұлғасын бағалай түстім" деген автор ұлттың дәстүр-салты мен тарихы Жеңісбек Серіктің бойында қаймағы бұзылмай сақталып қалған деген ой түйеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Батысқа танымал болған бүркітші қыз