Accessibility links

АҚШ бұрынғы СССР-дан ағылған арам ақшаны тоқтата ала ма?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ та Еуропаның ізімен жалған компаниялардың соңғы бенефициар қожайындарының тізімін түзуі мүмкін. Ол іске асса, елге келген аса ірі, бірақ күмәнді ақшаның артында кімдер тұрғаны әшкере болмақ. Бұл бұрынғы Совет одағы мен басқа да елдерден келіп жатқан заңсыз қаржы ағынын тоқтата ала ма?

Осыдан бір жыл бұрын Украинаның "Приватбанкі" өзінің бұрынғы қожайыны Игорь Коломойскийді АҚШ-та сотқа беріп, оны Американың Делавэр штатында тіркелген жалған компаниялар арқылы "сорақы ұрлық жасады" деп айыптаған.

Киевтегі банк басшыларының пікірінше, Коломойский мен оның үзеңгілесі Геннадий Боголюбов ұрланған ақшаға АҚШ-та миллиондаған доллардың дүние-мүлкі мен бизнесін сатып алу үшін Делавэрдегі жалған компаниялар арқылы әрекет еткен. Бұл штатта компанияның негізгі қожайынын ашып көрсету талабы тым жұмсақ саналады.

Украиналық олигарх Игорь Коломойский.
Украиналық олигарх Игорь Коломойский.

Делавэр штатының аймақтық сотына 2019 жылғы мамырдың 21-іне берілген талап арызда "Бұл екі адам АҚШ-тағы активтерінің қожайындары мен бақылаушыларын жасыру үшін көп айла-шарғы жасады" деп жазылған.

Қазір АҚШ конгресінде қаралып жатқан екі заң жобасы мұндай "ақша жасырушылардың" шаруасын қиындатып, АҚШ құқық қорғау органдарының жалған компаниялардың иесін тез арада анықтауына, сөйтіп, тергеуді жеделдетуіне жол ашуы мүмкін.

Аты-жөні аталмаған дереккөздерге сілтеме жасаған Daily Beast басылымы былтыр сәуірде АҚШ федералдық тергеу бюросының Коломойский мен Боголюбовтың "қаржы қылмысын, соның ішінде ақша заңдастыру әрекеттерін" тергеп жатқанын хабарлаған.

АҚШ-тың Делавэр, Вайоминг, Нью-Мексико сияқты штаттарында компания ашқанда кітапхананың оқырман билетін рәсімдегеннен де аз мәліметті талап етеді, яғни мекемені тіркеу заңдары тым босаң. Мұндай жағдай Американы күллі әлемнің, соның ішінде бұрынғы СССР-дың қылмыскерлері мен жемқорлары ағылып келетін ірі офшор аймағына айналдырып жіберген.

Ұлыбританияда орналасқан Tax Justice Network құқық қорғау тобы 2020 жылғы зерттеуінде ауқаттылар мен қылмыскерлердің ақша жасыруына "ең көп үлес қосатын" елдер тізімінде АҚШ-ты Кайман аралдарынан кейінгі екінші орынға қойған.

Қазір АҚШ конгресі қылмыстық элементтер мен жемқор басшылар жалған корпорациялар мен жауапкершілігі шектеулі компанияларды (LLC) өз мақсатына пайдаланбауы үшін олардың қожайындарының федералдық дерек базасын түзуге мүмкіндік беретін заң жобасын қарап жатыр. 2016 жылы әлемдік деңгейдегі салық төлеуден жалтару схемасын әшкерелеген құпия құқықтық құжаттар мен қаржылық мәліметтер жарыққа шыққан Panama Papers жарияланымынан соң жаһанда қаржы саласындағы транспаренттікке ұмтылыс күшейді, бұл да сол науқанның жалғасы.

АҚШ-тың өкілдер палатасы "Корпоративті транспаренттік" актісін былтыр қазан айында мақұлдаған. Құжатты парламенттегі қос партияның 249 өкілі қолдап, 173-і қарсы дауыс берген. Жобаны ұсынғандардың бірі, Нью-Йорктен сайланған демократ Кэролин Мэлони бұл заңды биыл конгресс қабылдайды деп үміттенеді.

"Ақша заңдастыру туралы заңдарды, жалған компаниялардағы қылмыстық әрекет жайлы ақпаратты жан-жақты бақылауды жетілдіру" актісі деп аталатын (Improving Laundering Laws and Increasing Comprehensive Information Tracking of Criminal Activity in Shell Holdings Act, қысқартып айтқанда ILLICIT CASH) және бір заң жобасы қазір сенаттың банк, тұрғын үй мен қала мәселелері комитетінде қаралып жатыр.

КІМ ҰТАДЫ?

Бұл екі заң жобасында 20 не одан аз қызметкері бар, жылдық табысы 5 миллион доллар я одан аз компаниялардың бенефициар қожайындарының толық аты-жөні, туған мерзімі, қазіргі тұратын не жұмыс істейтін мекенжайы, АҚШ-тағы не басқа елдегі заңды төлқұжатының нөмірі сияқты мәліметтерді қаржы министрлігіне қарасты Қаржы қылмысымен күрес жүйесіне (Financial Crimes Enforcement Network - FinCEN) өткізу туралы талап бар.

Мұндай компаниялар бенефициар қожайындарының есімін жыл сайын жіберіп отыруы тиіс. Өкілдер палатасы мақұлдаған заң жобасы шетелдік бенефициар қожайындардан төлқұжатының көшірмесін тапсыруды да талап етеді. Бенефициар қожайын – компанияға "елеулі бақылау" жасайтын немесе оның 25 пайыз я одан да көп бөлігіне иелік ететін кез келген адам.

АҚШ-тағы Ресей мен Еуразияны зерттейтін жетекші мекеме – Уильсон орталығының Кеннан институты мамырдың 20-сы күні заң жобасы жайлы өткізген вебинарда Кэролин Мэлони "Біз – дамыған елдердің ішінде мұндай ақпаратты ашып көрсетуді талап етпейтін әлемдегі жалғыз мемлекетпіз. Шынын айтсам, бұл өте ұят" деді.

Еуропа одағының барлық 28 мүшесі ел аумағында тіркелетін компаниялардан бенефициар қожайындары туралы ақпаратты талап етеді әрі ол ақпаратқа халықтың да қолы жетуін түрлі деңгейде қамтамасыз етіп отыр.

Айовадан сайланған сенатор Чак Грэсли 2018 жылы АҚШ конгресінде өткен тыңдауда "Еуропадағы стандарттар қатаңдай түскен соң қылмыскерлер ақшасын АҚШ-қа алып келе бастады" деп мәлімдеген.

Әлемдегі ең ірі аудит компанияларының бірі KPMG қаңтардағы постында тіпті британдық Виргин аралдары, Кайман аралдары, Панама сияқты офшор аймақтардың өзі бенефициар қожайындарды тіркеуге кірісті деп жазды. Британдық Виргин аралдары мен Кайман аралдары 2023 жылдан бастап бұл ақпаратты бұқараға да жарияламақ.

Ал АҚШ-та ұсынылып жатқан заң жобаларына қарасақ, бұл дерек базасын сол мәселеге байланысты іс бойынша тергеу жүргізіп жатқан құқық қорғау органдары ғана аша алады, ал халықтың оны көруге мүмкіндігі жоқ. Қаржы компаниялары да өз дерек базаларын жасайды, бірақ олар бұл үшін компаниялардың рұқсатын алуы керек.

Құқық қорғау ұйымдары мен қаржы институттары бұл заң жобаларын қолдап отыр.

"Мұның барлығы құқық қорғау органдарының қожайындардың тізбегі мен заңды тұлғалар құрылымдарын айқындап, осының басында тұрған ірі тұлғаны анықтауын жеңілдетеді", - деді Вайднер университеті Делавэр құқық мектебінің профессоры, бұрынғы адвокат Лоуренс Хамермеш Азаттыққа берген сұхатбында.

"Бұл көп өзгеріс әкеледі, қылмысқа жақын адамдарды біршама тежейді" деді ол.

Ал кей сарапшылар бұл заңның онша көп әсері болмайды деп санайды.

Нью-Мексикода орналасқан жауапкершілігі шектеулі компанияларды (LLC) тіркеуге маманданған Law 4 Small Business заңгер кеңсесінің директоры Лоуренс Донахьюдің Азаттыққа айтуынша, бұл заң аноним әрі жалған компаниялардың қылмыстық әрекетімен күресте пәрменді бола алмайды.

Оның сөзінше, құқық қорғау органдарының салық пен банк деректерін сотқа алдырту арқылы компаниялардың бенефициар қожайындарын анықтау мүмкіндігі қазір де бар. Компаниялар банктен есепшот ашқанда қаржы институттарына бенефициар қожайындарының аты-жөнін айтуға міндетті. Ал заң бұзуға бейіл адамдар сонда да FinCEN-ге жалған ақпарат жібере алады дейді Донахью.

Аймақтық адвокаттардың ұлттық қауымдастығының атқарушы директоры кіші Нельсон Бунн бұл пікірмен келіспейді. Оның Азаттыққа айтуынша, қазір АҚШ-тың ішкі кірістер қызметі (IRS) бенефициар қожайын туралы ақпаратты тергеуге көмек бере алатындай сипатта жинап отырған жоқ. Оның үстіне, тергеу кезінде IRS-тен ақпарат алу өте қиын, ол үшін федералдық құқық қорғау органдары мен сот жүйесі араласуы керек, бұған тым көп уақыт пен қаржы жұмсалады.

"Бұл тергеуді баяулатады, федералдық құқық қорғау органдарымен байланысуға ресурсы жетпейтін штат және аймақ деңгейіндегі тергеушілерді тежейді әрі штат не аймақ деңгейіндегі барлық прокурорларға салмақ салады. Ол ақпаратты алған күннің өзінде тергеу процесі тұйыққа тірелуі мүмкін" деді Бунн Азаттыққа берген сұхбатында.

ЗАҢДЫ ОРЫНДАУДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР

Вашингтонда тұратын адвокат, ақша заңдастыру мәселелері бойынша сертификат алған маман Росс Дельстонның айтуынша, заңның шынайы әсері болуы үшін FinCEN-нің ресурсын ұлғайтуы керек.

"FinCEN-нің бюджеті мен қызметкер санын едәуір ұлғайтпайынша, бұл заңды орындау қиын болады" деді ол Азаттыққа.

Құқықтық тексеру шарттарына, соның ішінде несие мәліметтеріне қол жеткізу қиын болғандықтан, FinCEN-нің шетелдік бенефициар қожайындары, әсіресе бұрынғы Совет одағының адамдары туралы ақпаратты тексеру мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін.

Кей штат қожайындарын не менеджерлерін ашық жарияламастан компания ашуға рұқсат береді. LLC-ды бірер минуттың ішінде-ақ аша аласың, кейбір штатта бұл процестің құны бірнеше жүз доллар ғана тұрады.

Делавэрде компания тіркегісі келген адам тек билікпен байланысып отыратын кісінің аты-жөні мен мекенжайын ғана жазады. Ол кісінің жаңа құрылған компанияның мүшесі я менеджері болуы, АҚШ аумағында тұруы шарт емес.

АҚШ-тың басқа штаттары компанияны тіркегенде көбірек мағлұмат сұрауы мүмкін, бірақ олардың ешқайсысы алған ақпаратты тексермейді, бұл жалған ақпаратқа жол береді. Оның үстіне көбірек транспаренттікті талап ететін штаттардағы LLC-дың қожайыны Делавэр, Вайоминг не Нью-Мексико штаттарында тіркелген аноним LLC болуы мүмкін.

Активтерді қорғаумен айналысатын Anderson Law Group адвокаттық тобының негізін қалаушы Клинт Кунстың айтуынша, қылмыскерлердің жүйені өз мақсатына пайдалануына жол бермеудің жалғыз жолы - бенефициар қожайынның төлқұжатын тіркеу арқылы оның жеке басын анықтауды талап ету.

"Бұл мәселені шешер еді, бірақ мұны істеуге ешкімнің мүмкіндігі не ақшасы жоқ" деді Кунс.

АРАМ АҚШАНЫ ЖАСЫРҒАНДАРДЫ ӘШКЕРЕЛЕУ

2011 жылы АҚШ азаматтарын өлтіруге астыртын әрекет жасады, террористерге қару сатты деп айыпталып, 25 жылға бас бостандығынан айырылған Ресей азаматы Виктор Бут оншақты жалған компаниясы арқылы АҚШ-та, соның ішінде Делавэрде ақша жасырған.

Ақша заңдастырғаны үшін АҚШ-та түрме жазасын өтеп шыққан Украинаның бұрынғы премьер-министрі Павел Лазаренко да бүкіл әлемдегі компаниялар желісінің, соның ішінде Вайомингте тіркелген жалған компанияның көмегіне сүйенген.

Қазір иелерінің атын құпия ұстау үшін LLC-лар АҚШ-та көбіне жылжымайтын мүлік алуға, соның ішінде Нью-Йорк пен Майамиде элиталық үй алуға пайдаланылады.

Бірақ арам ақшаны заңдастыратын қылмыскерлер мұны өз мақсатына пайдаланып, мәмілені LLC арқылы жасайды. Қаржы министрлігі кей қалаларда осындай транзакцияларды тексере бастаған, ал Нью-Йорк мүліктің қожайыны туралы көбірек ақпарат талап етуге көшті.

Ресейдің Мәскеу облысының бұрынғы көлік министрінің ұлы Денис Кацыв Манхэттендегі 6,25 миллион доллар тұратын кондоминимумды қолма-қол ақшаға сатып алғанын жасыру үшін LLC-ді пайдаланған. АҚШ әділет министрлігі бұл ақшаның бір бөлігі Ресей бюджетінен ұрланған деген тұжырым жасаған.

Аталған заңдардың бірі күшіне енген соң оның ықпалы тек Манхэттен мен Майамиде ғана емес, шетелде де сезіле бастайды. Ол әсіресе жылына 300 миллиард доллар заңсыз ақша жиналып, АҚШ-қа жөнелтілетін бұрынғы Совет одағындағы Мәскеу, Киев сияқты ірі қалалардан да байқалуы мүмкін.

Колумбия университеті Херриман институтының директоры, Орталық Азиядағы ақша заңдастыру туралы кітаптың авторы Александр Кулидің айтуынша, АҚШ-тың қатаң бақылауы бұл елге келетін ақшаның кей бөлігін Таяу Шығыс пен Азияға бұрады, бірақ АҚШ-қа бәрібір жұрт ағылып келе береді.

Дегенмен АҚШ бенефициар қожайындарды тіркеу туралы заңды қабылдаса, бұл әлемде арам ақшаны заңдастыру бойынша тиімді стандарттар қабылдауға жетелеп, аймаққа жанама әсер етеді, басқа елдердің де өз заңдарын жақсартуына ықпал етеді.

"Бұл жақсы жаңалықтың күтпеген салдары болуы мүмкін екенін де естен шығармау керек" деді Кули.

Аймақтағы билеушілер мен олардың отбасылары "космополит өмір салтын паш етіп көрсетуді қаламайды, бұл өте маңызды" деген сарапшы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиенінің байлығына қатысты Ұлыбританияда жүрген тергеуді еске салды. Бұл оқиға Қазақстанда ерекше назарға іліккен еді.

Мамырдың 20-сы күні өткен вебинарда Кеннан институтының директоры Мэтт Рожанский Совет одағы ыдырағанда пайда болған мемлекеттер басшыларының ел ақшасын Батыста "жасырып қалу" мүмкіндігі болмағанда олар мүлде басқаша дамыған болар еді деген пікір айтты.

"Арам жолмен жинаған байлығын елінде сақтауға мәжбүр болса, олардың өз мемлекеттерін қалай басқаратынын елестетіп көріңіз. Олар байлығын АҚШ сияқты юрисдикцияларға тасығанша, сол қаржыны сақтау үшін көбірек заң үстемдігін орнатқан болар ма еді?" - деді Рожанский.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG