Наталья Уласиктің үйіне оралу үміті

Жезқазғандық азаматтық белсенді Наталья Уласик Астананың орталығында наразылық акциясын өткізіп тұр. (Жеке мұрағаттағы сурет).

Психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдеп жатқан 62 жастағы жезқазғандық белсенді Наталья Уласикті осы айда Алматы облысының Ақтас кентіндегі ауруханадан (туған қаласындағы диспансерге ауыстырды. Дәрігерлердің хабарлауынша, науқастың жағдайы «едәуір жақсарған». Ал туыстары жуырда Наталья Уласик үйге оралады деп үміттенеді.

ҮЙІНЕ ЖАҚЫН АУРУХАНАҒА АУЫСТЫРДЫ

Қазақстандық кей азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар жіті бақылап отырған зейнеткер Наталья Уласик ақпанның ортасынан бері "Облыстық психоневрологиялық диспансер» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны Жезқазған бөлімшесінде жатыр. Белсендіні сот шешімімен Алматы облысының Ақтас кентінен Жезқазғанға этаппен апарған. Қыстың аязында бір мың километрден асатын қашықтыққа Наталья Уласик онша қиналмай, аман-есен жеткен.

Туыстары Наталья Уласикті үйіне жақын жерге ауыстырғанына шүкіршілік етеді. Бұрын Наталья Уласикпен жолығуға мүмкіндігі болмаған туыстарының енді оған күн сайын барып тұруына болады. Наталья Уласиктің қызы Юлия Уласик анасын алты айдан кейін үйге босататын шығар деп үміттенеді.

Айтқан әңгімесінің бәрі байыпты. Біз барған кезде жылап алады. Бірақ кісі өлтіргендер және өзге де қауіпті адамдармен бірге отырған Ақтастағы ауруханадан гөрі мына жақта жақсы екен дейді.

- Енді анама күн сайын барып, тым болмаса ас-суын, керек-жарақтарының бәрін апарып тұруға болады деп бәріміз қуанып жатырмыз. Негізі, жағдайы жақсы, ешқандай шағым айтпады. Бірақ жүдеу. Беріп жатқан таблеткалардың әсері шығар деп ойлаймын. Кейде жылап алады, онысы түсінікті ғой. Үйге қайтқысы келеді. Ол жатқан палатадағы науқастар да тыныш жандар емес екен. Сөзіне қарағанда, ешкім жәбірлемепті. Айтқан әңгімесінің бәрі байыпты. Біз барған кезде жылап алады. Бірақ кісі өлтіргендер және өзге де қауіпті адамдармен бірге отырған Ақтастағы ауруханадан гөрі мына жақта жақсы екен дейді. Оңашада асықпай отырып әңгімелесуге болатын жеке бөлме де бар екен. Тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Анама жақсы мінездеме беретін шығар деп үміттеніп отырмын. Алты айдан кейін сот болады. Сонда анамды үйге босататын шығар, - дейді Юлия Уласик Азаттық тілшісімен әңгімесінде.

Оқи отырыңыз: Уласиктің қызы оны босату үшін күресіп жүр- ​

Азаматтық белсенді Наталья Уласиктің жағдайын Қазақстандағы адам құқығы бюросы жіті бақылауында ұстап отыр әрі оған адвокаттық көмек көрсетіп келеді. Бюро адвокаты Уласиктің атынан талай шағым берген, бірақ оның ісінде көпке дейін ілгерілеу болмаған еді. Қазақстандағы адам құқығы бюросы дерегінше, психиатр дәрігерлер комиссиясы ұйғарымынан кейін сот 2017 жылғы желтоқсанда Наталья Уласикке қолданылатын медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды тоқтату немесе оны жеңілдетілген режимге ауыстыру мәселесін қараған. Сот Уласикті Ақтастағы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдеу мерзімін тағы алты айға созған.

Алматы облысының апелляциялық соты Наталья Уласикті тұрғылықты жеріҚарағанды облысына ауыстыру туралы адвокат Жанар Балғабаеваның өтінішін ақыры қарады. Осыдан кейін сот Уласикті тәртібі жеңілдетілген режимге, үйіне жақын маңға облыстық психиатриялық диспансердің Жезқазғандағы бөлімшесіне ауыстырған.

"ЖАҒДАЙЫ ЕДУӘІР ЖАҚСАРҒАН"

Наталья Уласик жатқан диспансер өкілдерінің Азаттыққа клиникаға түскеннен бері науқас тарапынан шағым болған жоқ деді.

Уласиктің жағдайы едәуір жақсарып қалды деуге болады. Өзінің көңіл-күйіне және диспансердегі жағдайына қатысты Уласик тарапынан шағым түскен жоқ.

Азаттықтың сауалына жолданған әрі "Облыстық психоневрологиялық диспансер" директорының көмекшісі Сергей Тё қол қойған жауапта "Н.В.Уласиктің жағдайы едәуір жақсарып қалды деуге болады. Өзінің көңіл-күйіне және диспансердегі жағдайына қатысты Н.В.Уласик тарапынан шағым түскен жоқ. Оны психиатриялық стационардан шығару мәселесі алты айдан кейін ғана қаралуы мүмкін әрі науқастың психикалық жағдайына және соттың мәжбүрлі түрде емдеуді тоқтату қаулысына байланысты шешіледі" делінген.

Оқи отырыңыз: Уласикті мәжбүрлі түрде емдеу мерзімі ұзартылды

2016 жылғы қазанда сот әлеуметтік желілерде билікты сынап жазған постарымен танылған бұрынғы балабақша тәрбиешісі Наталья Уласикті "ақыл-есі дұрыс емес" деп танып, Алматы облысы Ақтас кентіндегі науқастар жіті бақылауда болатын әрі жұрт тәртібі "ең қатал аурухана" деп атайтын арнайы типтегі республикалық психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызған. Сот оны бұрын бірге тұрған ер адамның "жала жапты" және "тіл тигізді" деген жеке шағымы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатып, "созылмалы сандырақ дертіне шалдыққан" деген диагнозбен мәжбүрлі түрде емдеуге қаулы еткен. Туыстары белсендіні ауруханаға қамауға оның әлеуметтік желілерде билік туралы жариялаған ызалы жазбалары түрткі болды деп санайды. Ертеректе белгілі қазақстандық құқық қорғаушы әрі Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис Наталья Уласиктің ісінде "жазалау психиатриясы белгілері бар" деп деп мәлімдеген.