"Заңсыз митингіге қатысқаны үшін" және "халықты наразылық шарасына шақырғаны үшін" 43 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны Айткүл Қашырбековаға билік жалпы сомасы 1 миллион 300 мың теңге айыппұл салған. Жатақханада тұратын, асханада еден жуатын үш баланың анасы бұл айыппұлды төлеу үшін ішпей-жемей бір жыл жұмыс істеуі керек. "Әділетсіздікке, әлеуметтік теңсіздікке шыдамай, белсенділік жолына түстім" деген ол алаңға шығып, ойын айту – әр азаматтың Конституцияда бекітілген құқығы, сондықтан заңды бұзуға жатпайды деп санайды. Белсенділігінің кесірінен күйеуімен ажырасып, көп кедергіге тап болған ол Қазақстан "билігі халықпен санасатын елге айналғанша күресті жалғастыра беремін" дейді.
ЖҰМЫС ЖОҚ АРҚАЛЫҚТАН – АСТАНАҒА
Жұмыс жоқ, тұрмыс нашар болған соң, 2004 жылдың соңында нәпақа іздеп Арқалықтан (Қостанай облысындағы қала – ред.) астанаға келдім. Мұнда аспаздың көмекшісі, ыдыс жуушы болып жұмысқа тұрдым. Сіңлім екеуміз пәтер жалдадық. 2005 жылы тұрмысқа шықтым. Күйеуім құрылыста жұмыс істеді. Күніне 1000 теңге табатын. Оның 500 теңгесін жолға, 500 теңгесін тамаққа жұмсайтынбыз. Тауықтың сирағын сатып алып, оны бірнеше бөлікке бөліп, бірнеше күн тамақ істеп жейміз. Сол кездері қатты қиналдық.
Қазір қаладағы бургер сататын асханада еден, ыдыс жуамын. Бір күн істеп, бір күн демаламын. Кейде бірнеше күн қатарынан жұмыс істейтін кезім болады. Қасымдағы қыздар көбірек ақша тапсын деп өз кезегін береді. Жұмыс таңғы 8 жарымда басталады. Кешке үйге жеткенше түнгі 10 болады. Күніне 6 мың теңге (14 доллардай – ред.) табамын. Осы ақшаға үйге тамақ, балаларға киім алып, пәтерақы төлеймін.
"БІРІНШІ МИТИНГІГЕ ШЫҒУЫМА ӘДІЛЕТСІЗДІК ТҮРТКІ БОЛДЫ"
2016 жылы "Жер митингісіне" (жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы халықтың наразылық жиындары – ред.) шықтым. Бұл – наразылыққа бірінші шығуым еді. Полиция мені "Самал" шағын ауданында ұстап, автобусқа тиеді. Кілең ер адамның арасында жалғыз әйел екенмін. Бізді астананың Сарыарқа аудандық полиция бөлімінде түске дейін ұстап, ескерту беріп, босатып жіберді. Содан бері митингілерге шыға бастадым. Полицияға бірде ұсталып, енді бірде құтылып кетіп жүрдім.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сол баяғы қудалау, сотқа тарту, тыйым салу. Митинг заңы қалай жұмыс істейді?[Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев халық митингіге шықпасын десе, ең әуелі елдің жағдайын ойлауы керек. Шынымды айтсам, ең бірінші митингіге шығуыма әділетсіздік түрткі болды. Негізі, біздің елде әділетсіздік көп. Біреудің ақшасын жеу, біреуді орынсыз жұмыстан шығару жиі кездеседі. Байдың, бастықтың балалары адам өлтірсе де, оларға ештеңе болмайды. Ал жай кедей адам байқамай заң бұзса, ойын ашық айтса, сол үшін де соттай салады.
Оның үстіне "жерді сатамыз" дегендері жаныма батты. Бізге бұл жердің қандай еңбекпен келгенін білеміз. Жер біреуге сата салатын жай ғана зат емес қой. Судың да сұрауы бар.
ЕКІ ЖЫЛДА – СЕГІЗ АЙЫППҰЛ
2020 жылдан бері полиция мені назарға алып, айыппұл сала бастады. (2020 жылдың ақпанында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза тапқан белсенді – ред.) Дулат Ағаділдің қазасынан кейін белсенділермен бірге марқұмның үйіне барғанбыз. Сол жерде Дулаттың суретін ұстап, жиналғандардың алдында сөйлегенімді полиция суретке түсіріп алыпты. "Назарбаев кетсін! Дулат Ағаділдің түбіне жеткен – сол!" деп айтқанмын. Сол үшін мені Ақмола облысы Ақмол ауданындағы абақтыда екі күн ұстады. 15 тәулікке қамамақшы болды. Балаларым кішкентай болған соң ғана босатты.
Митингілерге шыққаным және оған азаматтарды шақырғаным үшін маған сегіз мәрте айып тағылып, жалпы сомасы 1 миллион 300 мың 720 теңге (3 мың доллардан астам) айыппұл салған. 222 240 теңге болатын алғашқы екі айыппұлды өзім танымайтын жанашыр адамдар төлеп берді. Көмегінен бас тартып едім, бәрібір болмады. Қалған айыппұлды төлеген жоқпын.
Айткүл Қашырбековаға 2020-2021 жылдары салынған және төленбеген айыппұлдар:
- 2020 жылғы 22 ақпанда "WhatsApp мессенджерін қолданып, азаматтарды наразылық жиынына шақырғаны үшін" 132 550 теңге айыппұл салынған (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 488-бабының 3-бөлімі);
- 2020 жылғы 9 тамызда "WhatsApp мессенджерін қолданып, азаматтарды наразылық жиынына шақырғаны үшін" 138 900 теңге айыппұл салынған (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 488-бабының 7-бөлімі);
- 2020 жылғы 31 қазанда "Facebook әлеуметтік желісінде азаматтарды рұқсат етілмеген шеруге шақырғаны" және "бір жыл ішінде бұл ережені қайталап бұзғаны" үшін 194 460 теңге айыппұл салынған (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 488-бабының 12-бөлімі);
- 2021 жылғы 14 қаңтарда "WhatsApp желісі арқылы заңсыз митингіге шақырғаны үшін" 204 190 теңге әкімшілік айыппұл салынған (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 488-бабының 12-бөлімі);
- 2021 жылғы 28 ақпанда "Facebook желісінде жұртты наразылыққа шығуға үндеді" деп айыпталып, 204 190 теңге айыппұл салынған (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 488-бабының 12-бөлімі);
- 2021 жылғы 27 наурызда "WhatsApp мессенджері арқылы халықты "Жастар сарайы" алдына наразылыққа келуге шақырғаны" үшін 204 190 теңге айыппұл салынған (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 488-бабының 12-бөлімі).
"АЙЫППҰЛ САЛСАҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН ҚОЯР ДЕП ОЙЛАЙДЫ"
Үш бала бағып отырған жалғызбасты анамын. Бұл айыппұлды төлеу маған оңай емес. Пәтерге төлеймін, несием бар. Мен сияқты қаншама ана бар. Жарайды, менің он екі мүшем сау. Кей аналардың денсаулығы көтермейді. Мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырғандар бар. Ой-пікірін айтып, құқығын қорғап жүрген оларды қудалап, айыппұл салу дұрыс емес.
Қазір барлық есепшотым бұғатталған. Бұл менің күнделікті күнкөрісіме, несие төлеуіме, ресми жұмысқа орналасуыма, ақша аударуыма кедергі.
Билік мені айыппұлмен басып тастамақшы. "Қаржы жағдайы дұрыс болмаса, отбасында кикілжің болады, жағдайы нашарлап, пәтерақысын төлей алмайды, жұмысқа тұра алмайды. Айыппұл сала берсек, белсенділікті қояды" деп ойлайды. Олар бұл әрекет мені одан сайын өшіктіретінін білмейді.
Күйеуім екеуміз белсенділігіме бола көп түсініспей қалатынбыз. Ол маған "Саясатты, белсенділікті таста, телефонды өзгерт, араласпа, сотталып кетесің немесе өлтіріп кетеді, балалар жетім қалады" деп айтатын. Мен оған: "Кетемін десең, өзің біл. Мен белсенділікті тастай алмаймын" дедім. Ақыры екеуміз ажырасып тындық.
Бірнеше жылдан бері Нұр-Cұлтандағы жатақханада бөлме жалдап келеміз. Кәмелетке толмаған үш балам да менімен тұрады. Белсенділігіме байланысты олар "Мама, өзің білесің, саған қарсы келмейміз, өзің қалай шешсең, солай болады" дейді. Шай үстінде балаларыма елді сүю, тілді құрметтеу, жерді қорғау керек деп айтып отырамын.
Өз ісіме өкінбеймін. Өкінсем, белсенділікті баяғыда қоятын едім. Саясатпен, белсенділікпен айналыса бастағалы көп нәрсені түсіндім. Өз жеріме, ұлтыма деген махаббатым арта түсті.
Халықтың жанайқайы бәрібір естіледі. Үкімет халықпен санасатын күн бәрібір туады. Үкімет бізбен санасуы керек. Олар халықтан төмен екенін, халықтың құлы екенін білуі керек.
"ТОҚАЕВТЫҢ ЗАҢДАРЫ ОРЫНДАЛМАЙДЫ"
Митинг өтетін кездері WhatsApp мессенджері арқылы міндетті түрде халыққа хабарлаймын. Шақырғанда біреуі келеді, енді бірі келе алмайды. "Қолдасаңыз да, қолдамасаңыз да өз еркіңіз" деп айтамын.
Полиция "WhatsApp-топтарда митинг туралы ақпарат таратасың, халықты митингіге шақырасың, неге рұқсат сұрамайсың?" дейді. Талай рет Көлгіновтің (Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов – ред.) атына өтініш жаздым. Бірақ бізге рұқсат бермеді.
Біз митингіге шыққанда жерді жалға беру, несие амнистиясы, саяси тұтқындар мәселелері жайлы ой-пікірімізді айтып, қарсылық білдіреміз. Сол жерде айта алмасақ я Тоқаевтың қабылдауына кіре алмасақ, сонда біз ойымызды қай жерге барып айтамыз? Телеарналарға айтсақ, олар қатты айтқан жерінің бәрін қиып тастайды.
Тоқаев қандай заңға қол қойса да онысы орындалған емес. Митингіге қатысты заң шықты. Бірақ белсенділерді бәрібір қамап жатыр. Оларға айыппұл салып жатыр. Тоқаев заң шығара берсін. Оның заңы орындалмайды. Бәрі өтірік, оған сенбеймін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бәрін Назарбаев шешіп отыр". Белсенділер Тоқаевтың саяси реформасына сенбейді"НАЗАРБАЕВ ПЕН ТОҚАЕВ ЖАСТАРҒА ОРЫН БЕРУІ КЕРЕК"
Билік "белсенділер халықтың арасына іріткі салып жатыр" деген сияқты түрлі жалған әңгіме таратады. Олай емес. Олар белсенділердің билік пен халық арасындағы алтын көпір екенін түсінуі керек. Азаматтық белсенділер – елім деп жүрген адамдар.
Қазір халық ешкімге сенбейтін болды. Сенбейтіндей жөні де бар. Кей жағдайда ел сенімін аяққа таптап, халықты пайдаланып жатқандар көп. Үкіметке жұмыс істейтін адамдар белсенділердің арасына кіріп алып, іріткі салады. Әдейі халықты қарсы қояды. Онсыз да сенбей отырған халықтың сенімін одан сайын таптап тастайды. Болашаққа деген үмітін үзеді.
Қазақстанда тек жақсылық болса екен деймін. Елбасы (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми атағы – ред.), президент Тоқаев, халықпен бірікпесе, халыққа жақсылық жасамаса, орнын босатқандары дұрыс. Жастарға орын беру керек, меніңше. Елім-жерім деген азаматтар бар ғой. Солар билікте болуы керек. Қазақстанда бейбітшілік болса деймін. Балалардың жағдайы жақсы болса екен деймін. Бар арманым – осы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Соғыс кепілдері" немесе белсенділерді қудалау