"Манипуляция" һәм "қоғамды Батыспен қорқыту әдісі". Назарбаевтың ассамблеядағы сөзіне реакция

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағалығын қазіргі президент, көп жылдан бергі сенімді серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Назарбаев өзі ел басқарған кезеңде Қазақстан экономикасы күрт жақсарғанын мақтанышпен айтты. Сарапшылар оның бүгінгі күнді 1990 жылдармен салыстыруын "ақпаратты ойнату" деп санайды.

НАЗАРБАЕВ НЕ АЙТТЫ?

Президенттіктен кетсе де Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев 28 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында сөйледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағалығын Тоқаевқа тапсырды

Назарбаев өзі президент болған кезеңдегі Қазақстанның "экономикалық жетістіктерін" тізіп, "тұрақтылықты ұнатпайтын" оппозицияны сынады.

Назарбаевтың сөзінше, "іргелі реформаларды табысты жүзеге асырғандығының арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің және табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің қатарына қосылған".

– Осы жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі он есе өсті. Совет одағы күйреген соң Қазақстанда 1500 кәсіпорын тоқтап, екі миллион адам жұмыссыз қалды. Халықтың 47,5 пайызы кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүрді. Қазір бұл көрсеткіш он пайыздан да аз. Жұмыссыздық 4,5 пайызға дейін ғана. Халықтың табысы тоғыз есе өсті, – деп мақтанды ол.

Назарбаев "Қазақстанның халықаралық резервтегі ақшасы 90 миллиард доллардан асты", "Ұлттық қор Қазақстанды үш ауыр дағдарыстан алып шықты" деп санайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанға ассамблея қажет пе?

Сарапшылар Қазақстан экономикасы отыз жылда шикізатқа тәуелді болып, өзі ешқандай өнім шығара алмады деп жиі сынайды. Шикізатқа тәуелдіктен құтылу мәселесін Назарбаев президент болып тұрғанда да жиі айтатын, бірақ аса үлкен өзгеріс болмаған. Ассамблея жиынында да ол шикізатқа тәуелді болудан құтылу үшін қазір жаппай индустриализация жүріп жатқанын айтты.

Қазақстанның экс-президенті отыз жылда 13 мың шақырымнан астам автомобиль жолы, 2,5 мың шақырым теміржол салғанын да тілге тиек етті.

– Бүгінде қазіргі заманға сай асфальт жолмен кетіп бара жатқандар аталарымыздың қандай жолмен жүргенін ойланбайтын да шығар, – деді Назарбаев.

Назарбаев елде жол сапасы жақсарды дегенімен, Әлемдік экономикалық форумның жол сапасы бойынша 2019 жылғы рейтингінде Қазақстан 137 елдің ішінде 115-орында тұр. Бұдан бөлек, Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан әлемде бойынша жол апаты жиі болатын бес елдің қатарына енген. Елдегі көлік апатының көптігіне жол сапасы да себеп.

Назарбаев ассамблеядағы сөзінде Батыстан қаржы алатын кейбір сайттар мен Telegram-каналдар және Instagram парақшалар Қазақстанның "мемлекеттік құрылысты шайқалтуға" тырысып отырғанын, сақ болу қажеттігін айтты.

Биліктен саяси реформалар жүргізуді және саяси қуғынды тоқтатуды талап еткен бейбіт жиынға қатысушылар. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

– Оппозиядағы кейбір жолдастар мені "тұрақтылық, тұрақтылық, тыныштық деп айта береді" дейтін көрінеді. Тұрақтылықтан артық не бар? Тұрақсыздықтың не екенін көріп отырмыз. Революциядан революцияға, соғыстан соғысқа ұрынып, дамымай, арта қалып жатыр, – деді ол.

Назарбаев "оппозициядағы жолдастарды", Батыстан қаржы алатын сайттар мен каналдарды, парақшаларды нақты атамады.

"ЕЛДЕ НАЗАРБАЕВТЫҢ АВТОРИТАРЛЫ РЕЖИМІ ҒАНА ТҰРАҚТЫ"

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Назарбаевтың кейбір мәліметтерімен келіссе, кейбірімен келіспейді.

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің стратегиялық коммуникация магистратурасын тәмамдаған саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Назарбаевтың ассамблея төрағасы міндетін президент Тоқаевқа тапсыру рәсімі "2019 жылы басталған билік транзитін Назарбаев өз қалауымен жалғастырып, ақсақалдық танытып жатыр" деу үшін жасалғанға ұқсайды" деп санайды.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

– Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағалығынан кеткені өзінің қауіпсіздігіне еш әсері болмайтынын біліп отыр. Ал оның 30 жыл бұрынғы жағдайды қазіргімен қайта-қайта салыстыруы – кезекті манипуляцияның бірі. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстыра алмайды, өйткені мұнай бағасы күрт арзандаған 2009-2010 жылдардан бері Қазақстан экономикасы өскен жоқ, – дейді ол.

Саясаттанушы "қоғамды "Батыспен қорқыту" тәсілі – постсоветтік авторитарлы елдер басшыларының жиі қолданатын әдістерінің бірі" деп есептейді.

– Назарбаев бастаған билік "тұрақтылық" деп "азамат соғысы, конфликт болған жоқ" дегенді меңзейді. Ал қоғам "тұрақтылық" дегенде саяси өмірдегі стагнацияны еске алады. Әрине, билік саяси өмірде стагнация бар деп есептемейді, – дейді сарапшы.

Қазақстанның демократиялық партиясын құратынын жариялап, кейінгі жылдары қарсылық акциясына жиі шығып жүрген оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамай "Қазақстанда тұрақтылық бар" деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне басқаша қарайды.

Жанболат Мамай билікке наразылық акциясында. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

– Қазақстанда Назарбаев құрған авторитарлы саяси жүйе ғана тұрақты. Ал қоғамда, мемлекетте тұрақтылық болуы үшін әділ сайлау, сөз бостандығы, саяси плюрализм болуы керек. Тұрақты дамудың көрсеткіші – осындай демократиялық құндылықтар. Бізде ондай құндылықтар сөз жүзінде ғана бар. Қазақстан бұл құндылықтар жағынан тұрақты түрде арта келеді, – дейді ол.

Жанболат Мамай Назарбаевтың аузынан "оппозициялық күштер Қазақстан қоғамын шайқалтқысы келеді, оларды Батыс айдап салып отыр" деген сөзді бұған дейін де бірнеше рет естігенін айтады.

– Қазақстанның халықаралық резерві деп миллиардтаған соманы көрсеткен жақсы. Бірақ оның қалай жұмсалып жатқаны жұмбақ. Былтыр коронавируспен күреске миллиардтаған доллар бөлдік деді. Бірақ оның қайда, қалай жұмсалғанын айтпайды. Яғни, бұл ақша талан-таражға түспегеніне ешқандай кепілдік жоқ. Індетпен күрес үшін шұғыл салынған ауруханалар құрылысына жұмсалған ақша бойынша қылмыстық іс қозғалғанынан-ақ мемлекеттік бақылаудың деңгейі қандай екені көрініп тұр, – дейді Мамай.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Айман Тұрсынхан: Мемлекет халықтың алдында техникалық дефолтқа ұшырады

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕДЕЙЛІКТІ БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІНЕ КҮМӘН БАР"

Ал "Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы" қорының сарапшысы, экономист Меруерт Махмұтова Қазақстан кейінгі жылдары бюджетке резервтегі ақшадан көп ала бастағанын, "Ұлттық қорды тиімді пайдалану туралы" 2008, 2014, 2016 жылдары қабылданған үш тұжырым да қағаз күйінде қалғанын айтады. Ол Назарбаевтың "шикізатқа тәуелді болудан құтқаратын индустрияландыруды қарқынды жүргізіп жатқанына" да күмәнданады.

Экономист Меруерт Махмұтова.

– Индустриалды инновациялық даму бағдарламасы мен бесжылдықтарын көрсеткенімен, оның қалай орындалып жатқаны жайлы нақты, қорытынды мәліметтер жоқ. Біз әлі күнге экспортымыздың 70 пайызы шикізат екенін көріп отырмыз, яғни, дайын өнімдеріміз өте аз деген сөз. Егер бұл бағдарламалар орындалса, Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында жүруі керек еді, – дейді Махмұтова.

Экономист, профессор Мағбат Спанов "Назарбаев келтірген кейбір мәліметтер шындыққа жақын, оны мүлде жоққа шығаруға болмайды, Қазақстандағы жұмыссыздық 5 пайызға жетпейді деген сөзі қисынды" деп санайды.

Экономист Мағбат Спанов.

– Совет өкіметі құлағанда экономикамыздың қирағаны рас. 1997 жылы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин отставкаға кеткенде елдің алтын-валюта қорын 2 млрд долларға жеткізгенін мақтанышпен айтқан болатын. Оған дейін резерв мүлде болған жоқ. Ал қазір алтын-валюта резерві мен ұлттық қордағы ақшаны қосқанда 90 млрд доллар бар дегені, жақсы ма, жаман ба – факт. Әрине, ол ақшаның қалай жұмсалып жатқаны басқа мәселе, – дейді ол.

Экономист Меруерт Махмұтова Назарбаевтың 1990 жылдары Қазақстан халқының 47 пайызы кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүрді деген сөзімен келіспейді.

– Статистика бойынша кедейлік шегі 1994 жылы ғана тіркеліп, 38 пайызға дейін жетті. Қазір 4,5 пайызға дейін төмендеді дегені де дұрыс емес, өйткені бізде кедейлікті бағалау жүйесіне күмән бар. Үкімет "кедей" деп есептесе, кедейге көмек керек. Кедейлік жоқ болса, көмектің де керегі жоқ. 2005 жылдан бастап Қазақстан үкімет кедейлікті жоюға арналған бағдарлама қабылдауды доғарды, бұрын жылда қабылдайтын, – дейді экономист.

Дүниежүзілік банк 2020 жылғы Қазақстан экономикасы туралы есебінде "пандемияның кесірінен бұл елде 2020 жылы кедейлік 12-14 пайызға дейін ұлғаяды" деп болжаған. Ұйым Қазақстан экономикасы 2021 жылы бар болғаны 2,5 пайызға ғана өседі деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азық-түліктің қымбаттауына "кінәлі" пандемия ғана емес