Қараша — совет диктаторы Иосиф Сталин кезеңіндегі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу айы. Совет билігі бұл науқан кезінде өздері “халық жаулары” деп санаған адамдардың көзін жоюға тырысқан.
1926-1956 жылдары Совет Одағында миллиондаған адам ұсталып, түрмеге тоғытылды, жер аударылды немесе атылып кетті.
Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері КГБ архивтерін ашып, Сталин репрессиясынан зардап шеккен саясаткер, белсенділер мен ереуілшілерді ақтау шарасын қолға алған.
Бұл бастама Ресейге ұнамайды. Кей шенеуніктер аймақ елдерін Совет Одағының беделіне нұқсан келтірді деп айыптап отыр.
КГБ КАРТАЛАРЫ
18 қыркүйекте Қазақстанның бас прокуратурасы КГБ архивінде жатқан 2,4 миллион карта деректері жарияланады деп мәлімдеді. Онда қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөні жазылған.
Қазақстан шенеуніктерінің сөзінше, Совет Одағы тұсында қолдан құрастырылған айыптармен түрмеге жабылған 700 мыңнан астам адам ақталады деп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жазушылар одағы Мағжанның ақталғанын қабылдамады". Қудалау мен қаралаудың ақырыЖақында жарияланған КГБ құжаттарына қарағанда, 1920-1956 жылдары түрмедегі азаптау, ату жазасы, аштық пен әртүрлі аурудан Орталық Азияның бірнеше миллион тұрғыны көз жұмған.
Британдық-америкалық жазушы Роберт Конквест “Үлкен террор” кітабында сталиндік қуғын-сүргін салдарынан қаза тапқан адамдар саны 12 миллионнан асатынын жазады.
Орталық Азиядағы советтік иерархия белсенділерден бөлек, ағартушылар мен саясаткерлерді де түрмеге жауып, ату жазасына кескен.
1937-1938 жылдары Қазақстаннан — 25 мың, Қырғызстаннан — 10 мың, Өзбекстаннан — 13 мың, Тәжікстаннан 15,7 мың ағартушы “ұлтшыл”, “пантюркист” (19-ғасырдың соңы 20-ғасырдың басында СССР-де тұратын, түркітілдес зиялы қауым өкілдері арасында құрылған саяси қозғалыс) деген айыппен атылған.
“Халық жауы” атанған азаматтардың жақындары еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберілген. Олар СССР-дің әр қиырындағы лагерьлерде аштық пен азаптан, әртүрлі індеттен қайтыс болды.
Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев жақында ашылған қазақстандық КГБ архивіндегі деректер бұрын құпия болып келген объективті тарихи ақпаратқа жол ашады дейді.
— 35 жылдан бері КГБ материалдарымен жұмыс істеп келемін. Бұл құжаттардың қалай жасалғанын білемін. Онда нағыз айғақтар бар. КГБ халық бір-бірі жөнінде ақпарат беріп, сатқындық жасаған деген аңыз құрастырды. Бірақ олай емес. Не қазақтар, не қырғыздар ондайға бармаған. КГБ мұндай қауесетті не үшін таратты? Олар этникалық топтарды айыптап, өз қызметін ақтап алғысы келді. Дегенмен мұны растайтын бірде-бір дәлел жоқ, — дейді Қойгелдиев.
ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ "ҚАРЖЫ ҚИЫНДЫҒЫ"
2022 жылы ақпанда Қырғызстан Жоғарғы соты 1930 жылы қудалауға ұшырап, Өзбекстанға жер аударылып, сол жақта қайтыс болған ақын Қазыбек Қазалшыны ақтады. Сот жақында ашылған, ақынның Қытайға тыңшы болғанын жоққа шығаратын тарихи деректерге сүйенген.
Танымал халық әншісі Тоқтобек Асаналиев Қазыбек туралы архивтен дерек жинап, тарихи зерттеу жүргізген топ құрамында болған.
— Қазыбектің қырғыздың дәстүрлі әншісі Бұғашымен түскен суретін тауып алдық. Бұл сурет екеуі күштеп жер аударылған Орынборда түсірілген. Сотқа осы суретті ұсынып, Қазыбектің тыңшы емес, Сталин репрессиясының құрбаны болғанын көрсеттік, — дейді Асаналиев.
Әншінің пікірінше, коммунистік шенеуніктер ақынға бай әулеттен шыққаны үшін де шүйліккен болуы мүмкін.
Қырғызстанда сталиндік қуғын-сүргіннен жалпы қанша адам зардап шеккені туралы расталған дерек жоқ. Кей сарапшылардың есебінше, 1937-1939 жылдары Қырғызстан территориясында 40 мың адам қаза тапқан.
Қырғызстан парламенті қазанда 1918-1953 жылдары Совет Одағы саяси және діни көзқарасы үшін түрмеге жауып, жер аударып немесе ату жазасына кескен азаматтардың құқықтары туралы заң қабылдады.
Совет Одағынан қалған архивтегі жүздеген мың құжатты зерттеуге қажетті қаржы болмағандықтан, бұл заңның қабылдануы біраз кешеуілдеді.
Қырғыз тарихшысы Жұмагүл Байділдеев Қазақстанда ашылған КГБ құжаттарынан өз елінің азаматтары туралы да деректер табылар деп үміттенеді.
— Қазақстан Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан мен Қарақалпақстанда қуғын-cүргін көрген азаматтар туралы деректер тауып, екі тарихи кітап шығарды. Өкінішке қарай, Мәскеудегі КГБ архивіне қол жеткізе алмай отырмыз. Ол жақтан Сталин кезінде атылған қырғыздар туралы көп дерек табылар еді, — дейді тарихшы.
"РУСОФОБ" ДЕГЕН АЙЫП
2022 жылы қаңтардың басында Өзбекстан Жоғарғы соты Совет Одағына қарсы бас көтерді деп айыпталған 120 көтерісшіні, оның ішінде басмашылар көтерілісі көшбасшыларының бірі Ибрагимбек Чакабаевты да ақтады.
1919-1931 жылдары Чакабаев Орталық Азиядағы мыңдаған адамның күшін біріктіріп, Совет режиміне қарсы күрескен. Басмашылар Ауғанстанға да барған. Совет Одағы Чакабаевты “террорист” деп айыптап, 1931 жылы маусымда ату жазасына кесті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей озбырлығы жайлы фильмді көрсетуге әлі рұқсат жоқБасмашылар қозғалысы “террористік ұйым” деп танылғанымен, 2021 жылы Өзбекстан соты 1936-1938 жылдары сталиндік репрессияға ұшыраған топтың жүздеген мүшесін ақтады. Өзбекстанда жалпы саны 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргін құрбаны болған.
— Жоғарғы сот қараған қылмыстық істерде бірде-бір сот үкімі жоқ. Көп адамға үштік сот шешімімен ату жазасы берілген немесе түзету лагерьлеріне жіберілген, — делінген Өзбекстан Жоғарғы сотының мәлімдемесінде.
Әзірге Өзбекстанда 500-ге жуық адам ақталды. Қуғын-сүргін құрбандары туыстарының өтінішімен бұл тізім артып келеді.
Өзбекстан мен Қырғызстан Совет Одағы тұсында атылған азаматтарын ақтап, Қазақстан КГБ архивін жариялаған тұста, Ресей өткеннің құпиясын ашқысы келмейді.
РЕСЕЙДІҢ СТАЛИНДІК КЕЗЕҢДІ ЖАҚТАУЫ
2021 жылы Ресейдің Жоғарғы соты сталиндік репрессия құрбандарын ақтаумен айналысатын “Мемориал” ұйымын “Шетел агенттері туралы” заң талаптарын бұзғаны үшін жауып тастады.
Кейінгі 10 жылда Ресейде Сталинге ондаған ескерткіш қойылған. 2014 жылы Мәскеудегі Орталық ГУЛАГ мұражайында сталиндік репрессия құрбандарының тарихи картасы өртелді.
Ресейдің кей ақпарат құралдары Өзбекстан сотының қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы шешімін сынап, мұны “Ресейге қарсы акт” деп қабылдады.
Орталық Азиядағы деколонизация тақырыбын насихаттап жүрген қырғыз журналисі Миржан Балыбаев ресейлік ақпарат құралдарының ықпалы мен Кремльдің экономикалық-саяси қысымынан өңір мемлекеттері сталиндік террордың жай-жапсарын ашып, зерделей алмай отыр дейді. Журналист пікірінше, бұл процесс өңірдің тарихи болмысын айқындап, тәуелсіздігін нығайтар еді.
— Архивпен бірге тарихтың бұрын айтылмаған, белгісіз парақтары ашылады. Бұл Орталық Азия халқы кенже қалған, оларда мәдениет, әліпби мен білім болмаған деген аңызды жоққа шығарады. Кремльдің тілі мен мәдениеті ұқсас Орталық Азия халықтарын бір-біріне айдап салу жолындағы саясаты әшкере болады. Қазіргі су, шекара мәселелерінің тарихи себебін түсінеміз. Сонда даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік туады, — дейді журналист.