Сәуірдің 16-сы күні Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго абақтыда жатқан әрі бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары "саяси тұтқын" деп таныған бизнесмен Ескендір Ерімбетовпен (оны бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов БТА Банктен ұрлады деп болжанатын ақшаның "ізін жасыруға" қатысы бар деп айыптайды), азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов (Әблязов құрып, биыл наурызда Қазақстан билігі экстремистік деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдаған) және Кенжебек Әбішевпен (Жұмағұлов сияқты ол да жария түрде терроризм актілеріне шақырды деген күдікке ілінген) кездесті.
Свенчицкий мен Станго қазір Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеде отырған әрі құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атайтын "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевпен де кездесуді жоспарлаған. Бірақ билік Жәкішев шетелдіктерді кіргізуге болмайтын, қатал режимдегі түрмеде отыр деген уәжбен кездестіруден бас тартқан. Жоспары өзгеруіне байланысты Свенчицкий мен Станго Қарағандыға бармай, сәуірдің 17-күні Алматыда баспасөз жиынын өткізді. Сейсенбі күні екеуі елдеріне қайтады.
Азаттық тілшісі Марчин Свенчицкий мен Антонио Стангодан эксклюзивті сұхбат алды
"МЫҢ ӨЛГЕНШЕ, БІР РЕТ ӨЛГЕН АРТЫҚ"
Азаттық: Свенчицкий мырза, Станго мырза, Қазақстанға не мақсатпен келдіңіздер?
Марчин Свенчицкий: Мен Польша Сеймінің депутатымын, адам құқығы комиссиясы әрі Еуропа одағы істері комиссиясы мүшесімін. Бұл жаққа бізге саяси себептермен түрмеде отыр деп айтылатын қазақстандықтардың құқығы қалай қорғалатынын көру үшін келдім. Олардың өздерімен де, адвокаттарымен де, отбасы мүшелерімен де және абақтыдағы тұтқындардың жағдайына жауапты Қазақстан шенеуніктерімен де кездестік.
Азаттық: Қазақстанға қанша күнге келдіңіздер және осы уақытқа жоспарларыңыз қандай болды?
Марчин Свенчицкий: Екеуіміз сенбі күні [14 сәуір] таңертең ұшып келдік. Ал сейсенбі күні [17 сәуірде] кешке қарай елімізге қайтамыз. Біз тек Алматыда болдық. Негізі, Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеге де баруды жоспарлағанбыз. Бірақ ол жаққа баруға рұқсат етпей қойды. Өйткені бізге ол жер қатаң режимдегі түрме және шетелдіктер кіре алмайды деп түсіндірді.
Азаттық: "Саяси" деп танылған тұтқындардың ішінен кімдермен жолығудың сәті түсті?
Марчин Свенчицкий: Алматыда Ескендір Ерімбетов, Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішев сияқты тұтқындармен кездесудің сәті түсті.
Азаттық: Олармен кездесу қандай форматта өтті?
Марчин Свенчицкий: Кездесулер кең форматта өтті. Өйткені кездесуге өзге елдердің депутаттары, біз танымайтын журналистер, ішкі істер министрінің орынбасары, сыртқы істер министрінің орынбасары, бас прокурордың орынбасары және өзге де маңызды тұлғалар, оның ішінде ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы мен Алматы жергілікті билігінің ішкі істерге жауапты өкілдері қатысты.
Азаттық: Кей тұтқындармен оңаша кездесудің мүмкіндігі болды ма?
Марчин Свенчицкий: [Антонио Станго], мен және аудармашы үшеуміз күзетшінің көзінше тек Ескендір Ерімбетовпен ғана оңаша кездестік. Ерімбетовпен және өзге тұтқындармен әуелі ауқымды форматта кездестік.
Азаттық: Оңаша кездесу кезінде Ескендір Ерімбетовпен арада қандай әңгіме болғанын бізге айтып беріңіздер деп қолқаламаймыз. Бірақ ауқымды формат сипатында өткен кездесу кезінде Ерімбетов бұрын билік өкілдеріне және билік шақырған тұлғаларға айтпаған азаптау әрекеттері туралы айтты ма? Өйткені ол ертеректе азаптауға душар болғаны туралы анасына айтып, ол кісі бас прокуратураға шағымданған болатын.
Марчин Свенчицкий: Иә, ол кісі бұл [азаптау] қалай болғанын, қалай азаптағанын айтып берді. Мұны біз ғана емес, оның сөздерін жазып алған жоғары лауазымды шенеуніктер де естіді. Сондықтан біз Ерімбетовті азаптауға қатысты қозғалған тергеу амалдары қайта жүргізіледі деп үміттенеміз. Алғашқы тергеу амалдары тоқтатылыпты, ол бізге істі жабу себептерін айтып берді. Ол желтоқсан айында және қаңтардың ортасына дейін азаптау көргенін, өзінің азаптауға қатысты шағымы бойынша қозғалған қылмыстық істі арнайы прокурор тексергенін айтты. Бірақ арнайы прокурор ештеңе таппай, істі жауыпты. Бұл жерде проблема көп. Өйткені бұрын әлгі арнайы прокурор тергеуге жауапты топта болыпты. Демек, ол бұрынғы әріптестерінің әрекетін тексерген. Сондықтан бұл жерде мүдделер қайшылығы бар деген сөз. Бұл – бір.
Екіншіден, Ескендір Ерімбетовті әбден ұрып-соққан, қорқытқан. Сондықтан ол бүкіл шындықты айтып беруге қорқады. Бұған қоса, "егер соққыға жығылғаныңды айтсаң, өлтіреміз" деп камераластары да әбден қорқытып тастаған. Бұдан кейін ол арнайы прокурорға соққыға жығылдым деп қалай шағымдана алсын?! Өйткені онымен сөйлескеннен кейін камераға оралады ғой. Ал ол жердегілер оның арнайы прокурормен кездескенін біліп отырады. Сондықтан ол бұл жайлы [азаптау туралы] айтуға қорыққан.
Азаттық: Ескендір Ерімбетов бұл жайлы неліктен дәл қазір айтуға бел буғанын түсіндірді ме?
Марчин Свенчицкий: Ақыры батылдық танытып, тәуекелге барып, бәрін айтып беруге бекінген. Ерімбетов мырза "Мың өлгенше, бір өлгенім артық" деп мәлімдеді.
ТҰТҚЫНДАРДЫҢ ТУЫСТАРЫ ЖӘНЕ ШЕНЕУНІКТЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Азаттық: Қазақстандық шенеуніктерде кімдермен кездестіңіздер және олармен не туралы сөйлестіңіздер?
Марчин Свенчицкий: Бізбен ішкі істер министрінің орынбасары, бас прокурордың орынбасары, кездесудің модераторы рөлін атқарған сыртқы істер министрінің орынбасары, ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы өкілі, Алматы қаласы ішкі істер департаменті өкілі, жергілікті қылмыстық-атқару департаменті өкілі кездесті. Олар "тұтқындар санын азайту мәселесінде және өзге көрсеткіштер бойынша ілгерілеу бар. Азаптау әрекеттерінің саны азайып келе жатыр" деді. Олар "кемшіліктер де бар. Оларды сіздермен бірге талқылауға әзірміз" деді. Бұл кездесуге Испания, Румыния парламентінен болса керек, әлдебір депутаттар, шетелдік журналистер қатысты. Олар ұлыбританиялық және чехиялық ғой деймін. Бұған қоса, Қазақстан парламентінің екі сенат депутаты да болды.
Азаттық: Алматыға ұшып келгеннен кейін қамауда отырған тұтқындардың туыстарынан кімдермен кездестіңіздер?
Марчин Свенчицкий: Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесі және оның әйелімен, психиатриялық ауруханаға күшпен жатқызылған, қазір сот шешімін күтіп отырған бір блогердің [шымкенттік Ардақ Әшім] күйеуі және қызымен кездестік. Бұған қоса, Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекевпен және өзге тұтқындардың адвокаттарымен кездестік.
Азаттық: Қазақстанда бұдан бөлек тағы қандай жұмыс бітіріп үлгердіңіздер? Тағы кімдермен кездескілеріңіз келеді?
Марчин Свенчицкий: Баспасөз жиынынан кейін [17 сәуірде] ішкі істер министрінің орынбасарымен жолықсақ деген жоспарымыз бар. Ол кісі әзірше Алматыда, сондықтан бізбен тағы бір мәрте кездесуге келісімін берді. Оған өз ұсыныстарымызды, ең бастысы - өзіміз жолыққан үш тұтқынды [Ескендір Ерімбетов, Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішевті] тергеу абақтысында қамауда ұстауды бұлтартпау шарасының өзге түріне ауыстыруды сұрамақпыз. Мысалы, Ескендір Ерімбетовті кепілмен босатуға немесе үй қамағына ауыстыруға болушы еді.
Ал Мұхтар Жәкішевке келсек, ол кісі жайлы да көп айттық. Біз Жәкішевті қамаудан босатуға кеңес берген БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің шешімін орындауды ұсынғымыз келеді. Өйткені сот процесі кезінде ол кісінің дұрыс қорғану мүмкіндігі болмаған. Бұған қоса, мүгедектік алу үшін оның медициналық комиссиядан өтуіне рұқсат берілсе дейміз және егер комиссия оны мүгедек деп тапса, түрмеден ертерек шығу құқығын алар еді.
Азаттық: Свенчицкий мырза, Польшаға оралғаннан кейін Қазақстанда өткізген кездесу қортындылары бойынша іс-қимыл жоспарыңыз қандай болады?
Марчин Свенчицкий: Әрине, парламентке есеп дайындаймын. Ал ары қарай не істейтінімізді сол есеп негізінде ойластыратын боламыз. Бірақ бір нәрсені анық айтайын, бұл мәселені жарты жолда қалдырмай, бақылауда ұстаймыз.
"КӨП ЖҰМЫС ЖАСАУ КЕРЕК"
Азаттық: Станго мырза, Қазақтанға сапармен келер алдындағы мақсатыңыз қандай болды?
Антонио Станго: Мені досымның бағдарламасы қызықтырды. Бұл жақта екеуіміз көптеген адамдармен кездестік. Мен үшін кездесулер пайдалы болды. Оның үстіне, Қазақстанда үш жыл бұрын болғанмын. Бұл жақта адам құқығы саласында жұмыс істейтін көптеген адамды танимын. Елдегі адам құқығын қорғауға қатысты саяси проблемаларды да білемін. Біріншісі, Қазақстан конституциясы мен өзге заңдарының халықаралық заңдармен үйлесімділігі қандай деңгейде деген мәселе. Халықаралық құқық нормалары ел конституциясына қаншалықты енгізілгенін бақылағым келеді. Италияға оралғаннан кейін, бұл жақтағы жағдай туралы Италия ғана емес, Еуропада да айтамын. Италия парламентінің адам құқығы комиссиясын құлағдар етемін. Бұл проблеманы тереңірек зерттеу үшін Италия парламентінің адам құқығы саласында жұмыс істейтін депутатымен бірге Қазақстанға тағы келемін деп үміттенемін. Мен басқаратын адам құқығы федерациясында италиялық парламенттің депутаты бар.
Азаттық: Қазақстанда адам құқығын қорғау саласында тағы қандай проблемаларды байқадыңыздар?
Антонио Станго: Қазақстандық құқық нормаларына БҰҰ-ның адам құқығы комитеті шешімдерін енгізу мүмкіндігін қызыға бақылап келемін. Қазақстан азаптауға қарсы конвенция хаттамаларының бәрін ратификациялаған ел. Сондықтан бірнеше қазақстандық белсендінің БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағыммен жүгінгенін білемін. Қазақстанда бұл жүйе нақты қалай жұмыс істейтінін, ілгерілеу бар-жоғын білгім келеді. Өйткені халықаралық стандарттар тұрғысынан алғанда, БҰҰ-ның адам құқығы комитеті үлкен рөл ойнауы мүмкін. Женевада БҰҰ-ның адам құқығы кеңесінде талай болғанмын. Сондықтан Қазақстандағы адам құқығы саласындағы ахуалды талдап, ол жақта да баяндама жасай аламын деп ойлаймын.
Қазақстан келешекте адам құқығы саласында халықаралық стандарттарға жақындай алады деп үміттенемін. Бірақ бұл үшін көп жұмыс атқару керек. Қазақстан үкіметі бұл бағытта әлі көп жұмыс жасауы тиіс екенін біледі. Біз, яғни адам құқығын қорғау жөніндегі белсенділер, Қазақстан осы стандарттарға тезірек жетсе екен дейміз.
Азаттық: Свенчицкий мырза, Станго мырза, сұхбаттарыңыз үшін рахмет.